Жаңалықтар

Головкиннің ізінен ерген кәсіпқой боксшылар кімдер?

Кәсіпқой бокстағы қазақ жігіттері
Головкиннің ізінен ерген кәсіпқой боксшылар кімдер?
31.10.2018 11:04 5746

Бүгінде Қазақстанның кәсіпқой боксшыларымен әлемдегі кез-келген жұдырықтасу өнерінің шеберлері санасатын дәрежеге жеткен. Қазақ боксын ондай деңгейге көтерген былғары қолғап шеберлерінің алғашқысы Василий Жировтың есімімен тікелей байланысты. Одан кейін Марат Мәзімбаев, Қанат Ислам, Бейбіт Шүменов сынды қазақ жігіттері шықты. Ал Геннадий Головкиннің орны бөлек. Бокс сүйер қауымның бәрі GGG-дің атын жатқа білетініне дау жоқ. Бұлардан кейін де осы спорт түрін жанына серік етіп, әлемдік деңгейде лайықты бокс кештерін өткізіп жүрген, көптеген шетелдік промоутерлік компаниялар сенім артып отырған азаматтар жеткілікті. Сонымен, олар кімдер екен?

Али Ахмедов (23 жаста)

12 кездесу: оның барлығында жеңіс

Али – болашағынан мол үміт күттіретін боксшылардың бірі. Әуесқой бокста көп жүрмеген жігіт өз бақытын кәсіпқой бокстан іздеуге кетті. Әрине, ол салмақта Әділбек Ниязымбетов сынды спортшы барда, Алиге Қазақстан құрамасынан үміттенудің пайдасы аздау. Кәсіпқой бокста әзірге Ахмедов өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Бүгінге дейін 12 кездесу өткізген жойқын жұдырық иесі Қазақстанның бокс мектебі түгесілмегенінен хабардар етуде. Алғашқы 4 кездесуін 2016 жылы Қазақстанда өткізген ол Еуропа рингін де көріп қайтты. Одан кейін АҚШ-ты алуға аттанып, WBC-дің жастарға берілетін белбеуін иеленді, сосын Солтүстік Американың NABF Junior нұсқасы бойынша чемпион атанды.

 Айдар Шәрібаев (27 жаста)

8 кездесу өткізіп, 1 рет жеңіліс тапқан

Айдар талантын әуесқой бокста көрсете алмаған спортшылардың бірі. Ол АҚШ-қа аттанып, бокстың «жілігін шағып, майын ішуде». Оның болшағына бағыт-бағдар берген досы Қанат Ислам болған. «Қазақ» 2014 жылы Шәрібаевты спарринг-әріптес болуға шақырады. Бұл шақырту оның кәсіпқой бокста өзін сынап көрудің алғышарты болды. Айдар Доминикан елінде өткізген алғашқы кездесуде-ақ қарсыласын 3-раундта сұлатып түсірді. Осылайша, жеңіліссіз келе жатқан қазақ баласы биылғы жылы Эндрю Канчиодан ұтылып қалды. Өз сөзінде спортшы: «Салмақты дұрыс қумағандықтан ба, әлсіздік бойымды билеп кетті. Алайда, мен үшін «жеңіліс» деген сөз жоқ, барлық нәрсе ол – «сабақ», – деген еді. Сол жеңілісіне қарамастан, талантты қазақ жігіті кәсіпқой бокста өз атын жазып қалдыратынына сенім мол.

Мадияр Әшкеев (30 жаста)

10 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен

2014 жылы Әшкеевке Нью-Йорктағы Fight Promotions компаниясынан кәсіпқой мансабын бастауға ұсыныс түскен еді. Бірақ, келісімшарт орын алған жоқ. Араға бір жыл салып, Мадияр өз қаржысымен АҚШ-қа аттанып, танымал менеджер Эгис Климасты табады. Өз кезегінде Эгис ресейлік, қазақстандық бірнеше танымал боксшылармен бірлесе жұмыс жасап жүрген-тін. Ол Мадиярға 1-2 бокс кездесулерін ұйымдастырып беріп, Main Events компаниясымен келісімшарт жасасуға көмегін тигізді. АҚШ-тың Колифорния штатында жаттығатын Мадиярдың командасында тағы бір қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов та бар. Әшкеев алғашқы кездесуін 2015 жылдың 12 желтоқсанында афроамерикандық Тэворус Тигаға қарсы өткізіп, қарсыласының кездесуді жалғастырудан бас тартқанына байланысты жеңіске қол жеткізді. Үш жылдың ішінде 10 кездесу өткізген Әшкеевтен табысты спорт мансабын күтеміз.

Мейірім Нұрсұлтанов (25 жаста)

9 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен

Өте талантты қазақ жігіті кез келген американдық промоутер командасын күшейтетіні анық. Мейірімнің артында әуесқой бокстағы үлкен тәжірибе жатыр. Ол «Астана арландарының» сапында жүріп, өзінің талай жеңістерімен жанкүйерлерді қуантқан еді. Нұрсұлтанов 2016 жылы кәсіпқой боксқа өтіп, Кэти Дува басқаратын Main Events компаниясымен келісімге отырды. Бүгінде, ілгеріде айтып кеткен қазақстандық тағы бір талантты боксшы Мадияр Әшкеевпен бірге жаттығып келеді. Мейірім алғашқы кездесуін 2016 жылдың 19-қарашасында Сергей Ковалев пен Андре Уордтың андеркартінде Генри Бекфордқа қарсы өткізіп, әділ қазылар шешімімен жеңіске жетті. Содан бері Нұрсұлтанов жеңіліс тапқан жоқ. Осы бетінен таймаса былғары қолғап шебері біраз белесті бағындыруы әбден мүмкін.

Батыр Жүкембаев (27 жаста)

14 кездесу: барлығында жеңіс

Әуесқой бокста 225 кездесу өткізіп, соның 220-да жеңіске жеткен Батыр 24 жасында кәсіпқой боксқа бет бұрған еді. Бірақ, ол алғашқы кездесуінде-ақ, қарсыласымен сәтсіз соғысып, аяғын ауыр жарақаттап алды. Біршама ауруханада ем алған Батыр рингке бір жылды артқа тастап барып, оралды. Жүкембаевты канадалық жанкүйерлер өте жақсы таниды. Себебі, ол барлық кездесуін осы үйіңкі жапырағы елінде өткізіп келеді.  Промоутер Анна Реваның командасында ең беделді боксшы әзірге өзіне артқан сенімді ақтап жүр. Әрі қарай да қазақ жігіті канадалық бокс сүйер қауымның сүйікті боксшысы болатынына күмән келтірмейміз.

Данияр Елеусінов (27 жаста)

4 кездесудің барлығында жеңіске жеткен

Рио олимпиадасының чемпионы өз болашағын кәсіпқой бокстан көріп, осы жылдың 5-наурызында Matchroom Boxing промоутерлік компаниясымен үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Осылайша, Данияр алғашқы кездесуін келесі айда-ақ, 28-сәуірде Ноа Киддпен өткізді. Ол Даниэл Джейкобс пен Мацей Сулецкидің андеркартінде орын алды. Қазақ боксшысы 3-раунда-ақ қарсыласын нокаутқа түсіріп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Оның екінші кездесуі Лондондағы көпке белгілі бокс залы Йорк-холлда өткен болатын. Венгр Золтан Шабоға қарсы өткен кездесуде жинаған ұпайы басым болған Данияр екінші жеңісін тойлады. Осылайша, кәсіпқой бокстағы мансабын сәтті бастаған Олимпиада чемпионы тағы да екі қарсыласынан айналып өтіп, бір жылдың ішінде 4 рет жеңіске жетті. 5-кездесу 24-қарашаға жоспарланып отыр. Елеусіновтің бұл бокс кеші Польша жерінде өтпек. Жерлесімізге сәттілік тілейміз.

Жәнібек Әлімханұлы (25 жаста)

3 кездесу: 3 жеңіс

2013 жылы Жәнібек әуесқой бокстағы ең табысты жылын өткізді. Қазақстан қоржынына әлі де талай додаларда медаль салатын спортшы олимпиададағы сәтсіздігінен соң, кәсіпқой боксқа кетуді жөн санағандай. Әлем чемпионы, Азия чемпионы 2016 жылы кәсіпқой бокстағы алғашқы жүздесуін колумбиялық Милтон Нуньеске қарсы өткізіп, 1-раунда-ақ нокаутқа түсірген еді. Осы жылдың мамыр айында Әлімханұлы менеджер Эгис Климас пен американдық промоутерлік компания Top Rank-пен келісімшартқа отырды. Оның жаттықтырушысы болып, Бадди МакГирт сайланды. Ал АҚШ-тағы алғашқы кездесуін 28-қыркүйекте өтікізіп, жеңіске жетті. Бірақ, бокс сарапшылары қазақстандық боксшының кем-кетігін айтып, сынға алған болатын. Талантты қазақ жігіті кәсіпқой боксқа өз атын жазып қалдыратынына сеніміміз мол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға