Жаңалықтар

АҚШ-ты бағындырған гольфшы қазақ

Дональд Трамптың мәртебелі мейманы болған Дәулет Төлеубаев Стэнфорд командасында өнер көрсетеді
АҚШ-ты бағындырған гольфшы қазақ
18.12.2019 12:23 3658

Дәулет Төлеубаев есімі  - гольф ойнауды ұнататын қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. 20 жастағы отандасымыз соңғы бірнеше жылдан бері АҚШ-та білім алып жатыр. Оқумен қатар ол гольфті бір кісідей меңгеріп, үлкен жарыстарда топ жарып келеді.  Стэнфорд командасының сапында өнер көрсететін ол биыл АҚШ пен Канаданың жоғары оқу орындары мен колледждері енген Ұлттық университеттік спорт қауымдастығының яғни NCAA чемпионы атанды. Бұл жарыста гольфтан топ жару – Стэнфорд университеті үшін соңғы 12 жылда болмаған оқиға!  


Дәулет – Алматы қаласының тумасы. Сегізінші сыныпқа дейін оңтүстік астанамыздағы Халықаралық үздіксіз білім беру колледжінде білім алған. Ал 2014 жылы АҚШ-тың Нью-Гэмпшире штатындағы Филипс академиясына оқуға түскен. Арада екі жыл өткен соң  гольфшы Стэнфорд университетіне жақын  Калифорнияның Harker деп аталатын мектебіне ауысқан.

- Өзімнен жеті жасқа үлкен Әсел есімді әпкем бар. Ол қажырлы еңбегінің арқасында АҚШ-тың Милтон академиясына 9-шы сыныпқа оқуға түсті. Осылайша әпкемнің арқасында Америкаға маған да жол ашылды. Өзім төрт жасымнан шахмат ойнадым. Тіпті белсенді түрде айналыстым. Жаттықтырушым танымал халықаралық гроссмейстер әрі әлем чемпионы Гарри Каспарованың тәлімгері Евгений Юрьевич Владимиров еді, - дейді гольфшы Дәулет Төлеубаев.

Жеті жасында шахматтан үлкендерге арналған разрядтың нормасын орындағаннан кейін Дәулет назарын біртіндеп  гольфқа бұрған. Нақтырақ айтқанда, ол сегіз жасында арнайы таяқпен допты соғу арқылы ойнайтын гольфпен танысқан. Кішкентай Дәулеттің спорттың ең ежелгі түріне қызығушылығының артуына үйіндегі әкесі де  себепкер болған. Өйткені Мақсат Төлеубаев бос уақытында гольф ойнауды ұнатқан. Содан демалыс күндерінің бірінде баласын да арнайы алаңға апарып, бірге ойнап, ережелерін түсіндіріп, үйретіп отырған. Осылайша, әкесінің арқасында Дәулеттің   бұған қызығушылығы артқан.

- Әлі есімде, жазғы демалыстардың бірінде Испанияға бардық. Содан қаланың ішін аралап жүріп, кенеттен гольф заттарын сататын дүкенді кезіктірдім. Сол кезде бірден әкеме қоңырау шалып,  гольф таяқшаларын сатып алғым келетінін айтып, қандай түрін алуға болатыны жайлы кеңес сұрадым. Жалпы менің гольфтағы мансабым осылай басталды деп айтуға болады.

Сөйтіп, 12 жасынан бастап ол спорттың осы түріне толықтай ден қойған. Жас спортшының айтуынша, гольфта үлкен жетістіктерге жетуге шахматтың тигізген пайдасы көп. «Өз стратегиямды дұрыс жоспарлауға шахматтан жинаған тәжірибем көп көмектеседі» дейді өзі. Тіпті, шахматтан да қол үзбей, ара-тұра достарымен сынға түседі.

- Ата-анам АҚШ-та гольф ойнауды жақсы үйрететін  арнайы академия барын білді.  Болашағымды осы саламен байланыстырғым келетінін білген соң, сол жаққа барып, оқуымды жалғастыруым керектігін айтты. Содан  Американың Флорида штатына алғаш рет 8-9 жасымда барып, бірнеше ай  тәжірибе жинап қайттым. Сол кезде ағылшын тілінен деңгейім орташа болған. Әңгімешілдігімнің арқасында ағылшын тілінде сөйлеу деңгейімді тез көтеріп алдым. Осыдан кейін жыл  сайын жаз кезінде барып, тәжірибе жинап тұруды дәстүрге айналдырдым. Ал 9-шы сыныпта оқуға түскеннен соң, тұрақты түрде гольфпен шұғылданатын болдым.

Қазір Дәулет Калифорниядағы Стэнфорд университетінің «Бағдарламалау» мамандығы бойынша екінші курсында оқиды.

- Сабағымыз өте қызықты өтеді. Оқуымның алғашқы жылында қай бағыт бойынша білім алу жайында біраз ойландым. Әрине, мен кәсіби гольф ойыншысы болғым келді. Бірақ бұл үшін уақытымның көп бөлігін арнауым қажет. Әлбетте өзім де бұған дейін аз уақыт арнамаған едім.  Әлемнің ең мықты гольфшылары алаңда күніне бес сағаттан жаттығады, спорт залдарға барып, денесін шынықтырады. Бұлардың негізінен сабақ кестесі ыңғайлы жасалған. Мысалы, алаңда жоғары нәтиже көрсететін үздік гольфшылардың көбісі Оклахом университетінде білім алады. Олар тек оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін ең төменгі межедегі бағаны алса, жеткілікті.

Бірақ та, Дәулеттің «бағдарламау» мамандығы көп оқуды талап етеді екен.  

- Білім мен гольфты қатар алып жүру өте қиын. Осыны білгендіктен жаттықтырушыларым игеруге жеңілдеу мамандық таңдауды айтқан болатын. Десе де, бұл мамандық мені қатты қызықтыратынын түсініп, осыны таңдадым. Мен оқумен гольфта да деңгейімді арттырып отыру үшін өз уақытымды дұрыс жоспарлап отырамын.

Жалпы Дәулет мұнда гольфтан командалық жарыстарда 9-сыныптан бастап өнер көрсетіп келеді. Және ол өзге штаттарда өткен үлкен турнирлерде топ жарған.

- Біз командамен күн сайын дайындаламыз. Турнирлер кезінде өзге ойыншылардың алаңдарына барып, ойын ойнаймыз. Менің күн тәртібім былай өтеді: Таңнан түске дейін сабақ, түстен кейін шамамен 13:35-тен 17:00-ге дейін гольф ойнап жаттығамыз. Біздің жаттықтырушымыз күн сайынғы дайындығымыздың әртүрлі өтуі үшін түрлі әдістерді  көрсетеді. Соған машықтандырады. Сонымен қоса, мен сенбі-жексенбі күндері де өзім үшін әрі үй жұмысын орындау үшін дайындаламын. Жалпы гольфқа күн сайын кем дегенде үш сағат жұмсаймын, жетісіне үш-төрт рет спортзалға барып тұрамын. Командамызда он бір ойыншы бар. Турнир алдында бізде іріктеу өтеді. Одан жақсы өнер көрсеткен бес-алтауы  ғана жарысқа барады.

Биыл АҚШ-та гольфтан өткен NCAA чемпионаты  жерлесіміз үшін жемісті болды. Өйткені ол университет командасының сапында АҚШ пен Канаданың жоғары оқу орындары мен колледждері енген Ұлттық университеттік спорт қауымдастығының чемпионатында топ жарды. Жеті күнге созылған бұл жарысқа 350-ге жуық университеттен отызға тарта команда қатысты. Тартысты ойында қазақстандық гольфшының шешуші соққысы сәтті шығып, нәтижесінде матч жеңімпазы атанады. Тіпті, оның бұл жеңісі турнирдің сенсациясы болып тіркелген екен.

- Сол кездегі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай сезімді бұрын-сонды кешпеген едім. Әлбетте, бұған дейінгі  түрлі турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп келдім, бірақ  олар жеке жеңістер болған. Ал бұл командалық жеңіс... Команда мүшелерімен түрлі қиын жаттығуларда бірге дайындалдық, түрлі асуларды  бірге өттік. Командалық еңбектің нәтижесінде жеңімпаз болу бұл өте ерекше сезім. Жалпы үздіксіз жаттығулардың нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетуге болады деп ойлаймын.


Осылайша топ жарған Стэнфорд командасы АҚШ Президенті Дональд Трамптың мәртебелі мейманы болу құрметіне ие болды. Гольф ойынына жанашырлық танытатын мемлекет басшысы бұл ойынды жіті бақылап отырады екен. Қазіргі кезде өзінің жеке жиырма шақты ойын алаңы бар президент Стэнфорд командасының бұл жеңісіне тәнті болған. 

- Бұл кездесуде NCAA чемпионатында гольфтан бөлек өзге де спорт түрінен жеңімпаз атанғандардың барлығы болды. Дональд Трамп біздің команданың қасына келіп, шамамен бес минуттай сөйлесті. Әңгіме барысында бізді жеңісімізбен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, алдағы жоспарларымыз жайында сұрады. Өзі де гольфты ұнататындықтан әңгімеміз бірден жарасып кетті. Тіпті бізді Калифорниядағы алаңында бірге ойын ойнауға шақырды. Әңгіме соңында командамызбен естелікке суретке түсті. Бұл кездесуден алған әсерім өмір бақи есімде қалатынына сенімдімін.

Гольфтан еліміздің атын әлемге танытуға өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан жерлесіміз келешекте кәсіби гольф түріне ауысуды жоспарлайды. Бұл үшін оған алдағы бірнеше жыл спорттың бұл түрінен жоғары нәтижелер көрсетуі қажет.

- Ал егер де бұдан нәтиже шықпаса,   бағдарламаумен айналысамын. Осындағы достарыммен белгілі  бір өнім құрастыру ойымда бар. Жалпы біз бос уақытымызда өзіміздің идеяларымызды ортаға салып, талқылап тұрамыз.

Гольфтан АҚШ-та үлкен белестерді бағындырып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген отандасымыз келешекте міндетті түрде елге оралатынын айтады. Сол жақта алған білімі мен тәжірибесін  елдегі гольф ойынының дамуына жұмсауды көздейді.
 

(Суреттер Яков Корденнен алынған)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға