Жаңалықтар

Болашақ жеңіл атлетика чемпиондарын қалай тануға болады?

Балаңызды қай спортқа беруді білмей жүрсеңіз...
Болашақ жеңіл атлетика чемпиондарын қалай тануға болады?
21.01.2019 14:50 8588

«Спорттың патшайымы» саналатын жеңіл атлетика физикалық белсенділіктің қарапайым түрі. Кей бала тәй-тәй баса бастағанда-ақ жеңіл түрлі трюктерді жасай бастайды. Болашақ чемпионды қалай тануға болады? Жеңіл атлетиканың пайдасы қандай? Балаңызға бұл спорт не береді?

Жеңіл атлетика қандай балаларға лайық?

Болашақ атлет өз ортасында, достарының арасында белсенді, көп қимылдап, тіпті өзара сайыстар ұйымдастыруға бейім келеді. Өзінің көшбасшылық қабілетімен ерекшелене біледі. Десе де, тым белсенді балаға бір нәрсеге зейін қою қиын болса, бұл спортпен шұғылдану ауыр соғатынын айта кету керек. Егер балаңыз дисциплинаға бағына алмай қиналса, секцияға жазылуды аялдата тұрыңыз. Өте белсенді баланы жеңіл атлетика сабасына түсіреді деп есептесеңіз, қателесесіз.  

Тым белсенділік – физикалық емес, психологиялық ерекшеліктің түрі. Бұл спорт бір іске назар салуы қиын балалардың жағдайын одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Себебі, жаттығу барысында бала спорттық құмарлықты сезініп, күшті эмоция мен тым қызбалыққа ұрынады.

«Жеңіл атлетика шыдамды, сабырлы, байсалды балаларға лайық. Себебі, бұл спорт түрінде бір жаттығуды жиі-жиі қайталай беруге тура келеді. Ал тым белсенді балаларға бір істі жасай беру қызықсыз көрінуі мүмкін», – дейді білікті спорт педагогы Айбек Нұғұспанов.

Жаттығуды қашан бастау керек?

Бала өз эмоциясын бақылауда ұстап, назар аударуды дамытып, алдына нақты мақсат қоя білген уақытта ғана секцияға апарған дұрыс. Жеңіл атлетика – тек жүгіру мен секіру емес,  мақсатқа талпынып, қарсыласпен нағыз күрес жүргізу өнері.

Тәжірибелі жаттықтырушылар жеңіл атлетика қарапайымдылығына қарамай, мектепке дейінгі балаларға арналмағанын айтады.

Көптеген ата-аналар үйірмеде төрт жасар бала жаттыға алады деп ойлайды. Иә, жай ғана жүгірудің қиындығы қандай? Бірақ, олар өзінің де, бапкердің де уақытын желге ұшырмақ. Себебі, олар бір старт жасауды жарты жылда меңгереді. Кей балалар, сызықты басып тұрса, кейбірі ысқырық естілмей жүгіріп кетеді, тіпті біреулері старт берілсе де орнынан қозғалмайды. Осыған орай, бірінші сыныптан келген бала, бұл әдісті үшінші жаттығуында-ақ үйреніп кетеді.

Бұл сұраққа Айбек Нұғұспановтың өз айтары бар: «Баланың өз қалауына қалдырған дұрыс. Тіпті, жеңіл атлетикаға 15 жасында келсе де кеш емес деп есептеледі. Тек қабілеті болса жеткілікті. Десе де, қазіргі уақытта спорт «жасарып» келеді. Отыз жастағылар «спорт ордасын бұзып», ендігі жас таланттарға орын беріп жатады. Сол секілді жеңіл атлетикада да жастайынан келу – жақсы жетістіктерге жеткізуі мүмкін».

Сонымен, баланы үш жасында-ақ секцияға беруге болады, бірақ одан келер пайда шамалы. Жеңіл атлетикамен айналысатын ең қолайлы жас – 7-8 жас. Балғын спортшы үшін жаттығулар тек көңіл көтеретін уақыт ғана емес, қағидаларға шын ден қоятын сәт. Бірінші сынып оқушысы желаяқтарға тән қасиеттерді бойына сіңіріп, жолсызықтағы әрбір секундты бағалап, стартты бірден қабылдап, финишке жетер кезде жылдамдық қосуды тез меңгеріп алады. Ал үш жасар бала секундомерге оңай «ұтылуы» ықтимал.

Желаяқтар мен жақсы секіретін балаларды дене шынықтыру сабағында байқаған ұстаздар секцияларға қатысуға итермелейтін оқиғалар да жиі кездеседі. Көптеген үйірмелер бас тартатындығына қарамай, спорт бапкері айтпақшы бұл спортты 13-15 жастан бастау да кеш емес.

Үш қарғып секіру, жүгіру немесе ядро лақтыру?

Мектептегі дене шынықтыру сабағында бала жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен сынақ тапсырады. Секцияға немесе спорттық мектепке жазылар кезде балаңыз жеңіл атлетиканың қай түріне баратындығын нақтылау керек болады:

    Кедергілерден өтіп жүгіру;
  •  Әртүрлі секіру;
    Снаряд лақтыру;
  •  Көпсайыс;
  •  Эстафеталар;
  •  Спорттық жүріс.

Бұл жерде баланың пкіріне де құлақ асқан дұрыс. Дене шынықтыру сабағынан кейін, ол өзінің қай бағытта үздік екенін айтып келеді. Сонымен қатар, баланың физикалық формасы да маңызды рөл ойнайды.  

Жас спортшының аяғы ұзын ба? Онда секіру спортына жол сілтеңіз.

Балаңыздың бойы қысқа болғанына қарамай, денесі тығыршықтай болса, жүгіру дисциплинасы сай келеді.

Күшті әрі жасына қарамай салмағы көбірек балаларға снаряд лақтыру спорты дұрыс.

Бала командада өзін жақсы сезініп, әрдайым көшбасшы болуға ұмтылса, эстафетаға барсын.

Жеңіл атлетиканың пайдасы қандай?

Бұл спорт түрі баланың физикалық дамуына жақсы әсер ететіндігін барлығымыз жақсы білеміз. Кішкентай атлет өз қатарластарынан жылдамдығымен, күштілігімен, шымырлығымен ерекшеленетін болады. Бұған қоса, жеңіл атлетиканың бірнеше артықшылығы бар:

- қолжетімділік, жаттығулар қарапайым спорт залдары мен мектептің жанындағы алаңқайларда өте береді, арнайы жабдықталған орынның еш қажеті жоқ;

- тәжірибелі жаттықтырушыны да табу аса қиын емес, бокстағы секілді жоғары квалификациялы бапкердің ешқандай қажеті жоқ, тіпті мектеп мұғалімі де жеке жаттықтырушы бола алады;

- атлеттердің жарақат алу қаупі төмен, тау шаңғысы, футбол, гимнастикамен салыстырғанда жеңіл атлетикада қауіпсіз спорт түрі боп есептеледі;

- жақсы кроссовка мен спорттық костюм – барлық экипировка осымен шектеледі, қымбат коньки немесе шлем алып әуре болмайсыз.

Балғын спортшыға жақсы аяқ киім алып беру – жауапты жұмыс. Дене шынықтыру сабағына кез келген мата кеды жарай берсе, жеңіл атлетикамен айналысу «кәсіби» аяқ киімді талап етеді. Олардың атауы – жеңіл атлетикаға немесе жүгіруге арналған кроссовка. Спорттық аяқ киімді шығарушы фирманың маңызы жоқ, тек буындарға көп салмақ түсірмесе болғаны.

Чемпион бола ма?

Жеңіл атлетикада жоғары жетістікке жету қиынның қиыны. Ол командалық спорт секілді жақсы деңгейге шығармауы мүмкін. Тек жүзден жүйріктер ғана суырылып ел намысын ірі додаларда қорғайды. Десе де, бала жеңіл атлетикаға қызығып, осы спортпен «ауырса» бетінен қақпаған дұрыс. Сол секілді мамандар «сен әрдайым бірінші болуың керек» деген сөзді мүлде айтпауға кеңес береді. Себебі, жеңіліс бала психологиясына  қатты әсер етуі мүмкін. Оған ата-ананың «қамшылауы» ауыр соққы болмақ.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға