Жаңалықтар

Азиада чемпионы – Дмитрий Алексанин

Спортшы жайлы не білеміз?
Азиада чемпионы – Дмитрий Алексанин
20.08.2018 11:16 3171

Димтрий Алексанин 1991 жылдың 18-желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстандық семсерлесуші халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Ол семсерлесу спортымен 2002 жылдан бері шұғылданып келеді. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Валерий Димовтың шәкірті.

Дмитрий 2012 жылы өткен Олимпиадаға қатысып, сәтсіз өнер көрсетті. Лондонда жалғыз кездесу өткізген спортшы венесуэлалық Силвьио Фернандеске 12:15 есебімен ұтылып қалған болатын.

2018 жылы Қытайдың Уси қаласында семсерлесуден өткен әлем чемпионатында Дмитрий ширек финалда Франция өкілі Янник Борельге есе жіберген еді. Француз жарыс қорытындысы бойынша турнирді жеңіп алды. Қазақстандық шпажист өз кезегінде 6-орыннан көрініп, бұрын-соңды еліміздің семсерлесушілері қол жеткізбеген нәтиже көрсетті. Дмитрий бұған дейін 2013 жылғы әлем біріншілігінде 7-орынды қанағат тұтқан болатын. Янник Борельге дейін ол Италия, Венгрия, Израиль елдерінен келген спортшыларды жарыс жолынан шығарып тастаған еді.

Индонезияның Джакарта мен Палембанг қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында Дмитрий Алексанин ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Ол чемпиондық жолда 6 спортшының жолын кесті. Алғашқы кездесуде жергілікті Дерри Сиханды 5:2 есебімен тізе бүктірсе, одан кейінгі қарсыластары тайлық Коракот Чайды 15:9, қырғыз Роман Петровты 15:10, вьетнамдық Дэн Пхуокты 15:7 есебімен жеңген еді. Финалдық жолдама үшін таласта 2012 жылғы Олимпиада жүлдегері Чжин Сан Чжунгты 15:12 есебімен ұтып кетті. Осы жылдың маусым айында Дмитрий Чжинмен Азия чемпионатының финалында жолығып, ұтылып қалған еді. Ал бұл жолы қазақстандық спортшы қарсыласынан есе қайтарды. Финалдық кездесу 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Сан Йонг Пакқа қарсы болды. Атақты корейлік спортшыны Дмитрий үш кезеңге созылған тартысты жекпе-жекте 15:12 есебімен қапы қалдырды.

Дмитрий Алексанин – 2012 жылы өткен Әлем кубогының, 2013 жылы жалауы желбіреген Универсиданың қола жүлдегері. Сондай-ақ, оның қоржынында 2014 жылы өткен Азия ойындарының қола медалі, Азия чемпионатының (2012, 2016, 2018) күміс жүлделері бар. Дмитрий 2013, 2015 жылдары Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан. Ал биыл Азия ойындарында алғаш рет чемпион атанып отыр. Азиадада алған алтыны үшін ол мемлекеттен 10 мың $ көлемінде сыйақы алады.

Дмитрий Алексанин спорт мектеп-интернатын тәмамдаған соң, Қазақ туризм және спорт академиясына оқуға түскен.

Спортшы, керемет жеңісінен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, өз эмоциясымен бөлісті:

Барлығы керемет болды. Осы жүлдеге жету үшін қаншама жұмыс атқарылды. Өз жаттықтырушыларым Альберт Валентинович пен Алексей Борисовичтерді ерекше атап өткім келеді. Барлығымыз бірге осы жеңіске ұмтылдық.  Жартылай финалда және финалда олимпиада жүлдегерлеріне тап болдым. Бұл қос спортшыға қарсы ерекше дайындалдым. Екеуінің біреуі міндетті түрде финалға шығатынына сенімді болдым. Қарсыластың осал тұсын іздеп, міне, өздеріңіз көріп отырғандай осы жеңіске жетіп отырмын. Кездесу оңай болған жоқ. Жеңісімді барлық қазақстандықтарға және қайғылы жағдайда қаза тапқан Денис Тенге арнаймын! Алға, Қазақстан!

Еске сала кетейік, Азия ойындарының алғашқы күні Қазақстан құрамасының қоржынына бір алтын, бір күміс, екі қола медаль келіп түсті. Күміс медаль еркін күрес спорт түрінен Данияр Қайсеновтың еншісінде. Ол финалды өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Ал қола жүлделер 65 келі салмақта өнер көрсеткен тағы бір еркін күрес спортының өкілі Саятбек Оқасов пен 86 келі салмақта сынға түскен Әділет Давлумбаевтың еншісінде. Қазақстан құрамасы жалпы есепте 4 медальмен 5-орында келеді.

Фото: reuters

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға