Жаңалықтар

«Сигмадан» алған соққы

«Қайрат» жеңіліп қалды
«Сигмадан» алған соққы
11.08.2018 13:59 3761

«Сигма» (Оломоуц, Чехия) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 2:0 (1:0)

Гол салғандар: Сладки, 22, Пиларж, 50.

«Сигма»: Бухта, Сладки, Штерба, Емелка, Вепрек, Пльшек (Юнис, 85), Калвах, Пиларж (Хала, 64), Хоуска, Фалта, Нешпор (Заградничек, 75).

«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Бато, Политевич, Сүйімбаев, Хуан Фелипе, Элек, Исаэль, Исламхан (Иличевич, 79), Аршавин (Қуат, 53), Эсеола (Эппель, 59).

«Сигманың» негізгі құрамына бапкер жалғыз өзгерту енгізгенді дұрыс деп тапқан секілді. Оң қапталда өнер көрсететін Томаш Заградничектің орнын Вацлав Пиларж басқан. Oрта алаңда Пльшек–Калвах–Хоуска үштігі тер төкті. Ал сол қапталды команда капитаны Вепрек берік ұстауға тырысса, шабуыл шебінде Мартин Нешпор жүрді. Ал «Қайрат» жаттықтырушысы Карлос Феррер «Сигманың» күшті, мығым қарсылас екенін айта келе, қорғаушыларды былай ораналастырыпты: Бато–Политевич орталық қорғаныста, оң қапталда Вороговскийді Лунин алмастырса, сол жақты Сүйімбаевқа тапсырған. Төреші ысқырығы естіле сала, алаң иелері жергілікті жанкүйерлерден қуат алып алға ұмтылды. Таң қаларлығы, «Сигма» Чехиядағы ішкі чемпионаттың енді басталағанына және Еуропа лигасындағы ойындарын үшінші кезеңнен бастап жатқандарына қарамай, өздерін жақсы жағынан көрсетті.  Допқа таласта қонақтардан басымдықты тартып алып, қорғаушыларды біраз әбігерге салып қойды. Әрине, қақпаға бағытталған нақты соққы болмаса да, олардың жылдам қимылын бақылаудың өзі көңілге қорқыныш ұялата бастады.  Десе де, чехтар «Қайраттың» ойнауына да мүмкіндік беріп жатты: Исламханның пасы ашық аймақта жүрген Эсеоланы тапты, Дариннің ұмтылысы пайда әкелген жоқ. Одан кейін Аршавин орта алаңнан ойқастап келіп, жер бауырлата форвардқа доп шығарды. Эсеола Емелкимен таласа жүріп, қақпаның оң тұсын көздеуге тырысқанымен, дәлдік жетіспеді.  Сол қапталдан чех қорғанысын бұзып-жарып келген Исламханның тепкен добы, қақпаның сыртқы торына барып жанасты. «Қайраттың» қарымта шабуылы өткірлеу басталған, алайда уақыт өте келе қарқынын жоғалтып алды.

Нешпордың орта алаңдағы допқа таласы өз пайдасын әкеле бастады. Сондай сәттің бірінде, қарсыластың қақпанынан алматылық футболшы Политевич әупірімдеп жүріп, құтылған еді. Бірақ, ізін ала, чех тағы да шабуылға шығып кетіп, допты қақпаға бағыттап көрген. Оның әлсіз соққысы Плотниковтың қолынан табылды. Бұл алаң иелерінің тарапынан туындаған алғашқы қауіптің «белгісі» деп түсінуге болатын шығар. Алматылық команданың аяқдопшылары Исаэльдің шеберлігінің арқасында бір шабуылдың шетін шығарған. Бразилиялық хавбектің дриблингін жақсы бағалауға болады, бірақ қорғаушылар жолына кесе-келденең тұрып, соққы жасатқан жоқ. Жылдам қарымта шабуылға шыққан Филта (Пиларжбен доп алмасқан) оң қапталдан сол аяғымен алыс тоғыздықты көздеуге тырысқанымен, Плотников қателікке бой алдырмады. Дегенмен, екі минуттан соң, алматылық кипер қанша секіргенімен, өз командасын голдан құтқарып қала алмады. Қорғаныста жүрген Жуан Фелипе допты Элекке жеткізбек болған, Акоштың тізесіне тиіп кейін серпілген доп «Сигманың» қорғаушысы Мартин Сладкидің аяғынан табылды. Ол тамаша соққымен Плотниковтың тоғыздығына допты топ еткізді. Спорттық снарядтың ұшу траекториясында мін жоқ. Есеп 1:0.

«Қайрат» гол жіберіп алған соң, бірден алға ұмтылды. Исаэль орта алаңға ойысып, орта дистанциядан соққы жасады. Бухта әрең дегенде, допқа жеткен («Сигма» қақпашысы Чехия біріншілігінде Стохтың осындай соққысына тосқауыл бола алмаған еді). Қонақтардың қарқыны осымен бәсеңдеп қалды, себебі чехтар үлкен күшпен екінші голды салу үшін алматылықтардың айып алаңына ойысып алған еді. Пиларждың өткір пасынан кейін қақпашымен бірге-бір шығып бара жатқан сигмалықты Сүйімбаев шалып жығып, төрешіден оңбай жаза алды. Италиялық қазы Иррати қалтасынан бірден қызыл қағазды алып шықты. Ғафуржан өзінің бұндай жаза алуға апармаған тәртіпсіздігін түсіндіруге тырысқанымен, төрешілер ешқашан өз шешімін өзгертпейтіні белгілі. «Қайрат» мұндай оқиға желісін күтпесе керек. Айып нүктесіне келген Пльшектің соққысы маңдайшадан биік кетіп, жүрегімізді орнына түсірді. Бірінші таймның соңы алматылықтар үшін аса ауыр болды. Сан басымдығына ие болған чехтар есепті одан әрі еселеу үшін жан аямады. Олардың ұмтылыстары бірінен соң бірі қауіпті болып, қорғаушыларды әбден қипықтатты.  Бас қазы Иррати негізгі ойын бөлігіне қосымша екі минут қосқан. «Қайратқа» кері жұмыс жасап жатқан минуттардың үшіншісі өткеніне қарамай, төреші ойынды тоқтатуды есіне де алмағандай. Тіпті, алаң иелеріне корнер ұруға мүмкіндік берді.

Екінші таймда «Қайраттың» ойын схемасы біраз өзгеріске ұшырады. Сүйімбаевтың орнын Исаэль басып, бразилиялықтың позициясы Аршавиннің қолына көшті. Ал Исламхан ресейлік футболшының жұмысын атқаратын болды. Осылайша, алматылықтар 5-3-1 ойын өрнегін таңдап алды, алайда одан қайраттықтардың жүрісіне шапшаңдық қосыла қоймады. Хоусканың корнерден келген допты қақпаға бағыттауы сәтсіз шықты, бірақ оның екінші соққысы әлдеқайда қауіптірек болған, Плотников қиындықпен кері қайтарды, ал киперден қайтқан допты қақпаға Нешпор бағыттап, гол да салды. Бірақ, офсайд! Келесі голды көру үшін көп уақыт кетпеді. Оң қапталдан келген пасты Пиларж керегіне жаратып, Плотниковтың осал тұсын тауып кетті. Қақпашы соққыға сәл кешігіп секірді. Қорғаушы Лунин де абдырап тұрып қалды. Ал қаншама қайраттықтың ортасынан келген пасты айтсаңшы... Қорғаныстағы түсініспеушіліктің кесірі осылай екінші доптың соғылуына алып келгендей. Таблодағы көрсеткіш 2:0-ге жетті. Есептегі басымдық алаң иелерінің аздап бәсеңсуіне итермелегендей. Тек Калвах орта дистанциядан Плотниковты сан соқтыруға тырысқаны болмаса, қауіпті шабуылдар алматылықтардың тарапынан орындала бастады. Бірнеше корнер беруге мүмкіндік алған қонақтар Исламхан мен Исаэльдің көмегімен «Сигма» қорғанысын сөгуге ұмтылған. Бірақ, бәрі керісінше шықты. Алаң иелері бір емес қос қарымта шабуылға шығып, үшінші голдың орын алуына асыққандай. Біздің бағымызға орай, бәрі қалыпты аяқталды. Карлос Феррер ойынды құтқару үшін жаңа нұсқау берді. Ендігі Исламхан шабуылдың тереңнен бастау үшін қорғанысқа қарай жылжи түсті.

Нәтижесінде Исаэль–Эппель–Лунин үштігі жақсы шабуылға шыққан, соңғысының соққысы Бухтаның қолынан табылды. Көп ұзамай төреші, алаңдағы ойыншылар сан теңестіріп қойды. Вепрек Исаэльді шалып жығып, екінші сары қағаз алды да, алаңнан қуылды. Стандартты нүктеге келген Жуан Фелипе дәл бағананы көздеді. Қақпа тіреушісінен қайтқан допты Қуат қайта бағыттаған, бірақ тым биік. Келесі бұрыштаманы орындаған Исламхан допты қақпашыға ұстата салды. Соңғы он бес минуттықта қос команда ашық футболға көшті. Бұл әрине, жанкүйерлерге ұнағанымен, қос бапкердің көңілінен шықпағаны анық. «Қайрат» алаң иелерінің аздап шаршап қалғанын біліп, гол салу үшін барын жасады (ол голдың құны сөзсіз жоғары болар еді). Шапшаң қонақтар тыңнан қосылған футболшылардың арқасында Плотников қақпасына тағы да қауіп төндіре бастады. Плотников іске араласып, бір емес екі бірдей қауіпті соққылардың бетін қайтарып, бар шеберлігін ортаға салды. «Қайратта» тағы тамаша мүмкіндік орын алды. Сол қапталдан Исламбек Қуат өзі қақпаға соққы жасамай, артында келе жатқан Баторикке пас қалдырды. Жартылай қорғаушының жойқын соққысы маңдайшадан биік ұшты. Өкінішті! Қонақтарда тағы бір гол салатын сәтті жіберіп алды. Корнерден келген доп, торға кірмей, айналшықтап, кері серпілді. Исаэльдің қақпа алдына шығарған пасын керегіне жаратар теңбіл допшы табылмады. Стандарттан да бразилиялықтың тепкен добы қиыс кетті. Келесі пас Қуаттан келген, оған алаңға тыңнан кірген Иличевич қанша ұмтылғанмен, жете алмады.

Чехияда тіркелген 2:0 есебі «Қайраттың» келесі кезеңге өту мүмкіндігін тым әлсіретіп жібергендей. Десе де, одан да ірі есеппен ұтылуымыз мүмкін еді. Алаң иелері өздеріне берілген мүмкіндіктің жартысын орындай алды десек, алматылықтарға сәттілік жетіспеді. Жақсы шабуылдар болды, бірқ түйіндейтін футболшы жоқ. Жуан Фелипенің маңдайшаға тиген соққысының өзі неге тұрады. Ендігі, Карлос Феррер шәкірттеріне қарымта кездесуде алғашқы минуттардан жылдам гол соғып алу міндеті жүктеледі. Бүгінгі ойын олардың қолынан келетінін көрсетті. Чехтар да қонақта бір гол соғып алып, өз жағдайларын жеңілдеткісі келетіні белгілі. Алматының орталық стадионында жанкүйерлердің қызу қолдауымен «Сигманың» қорғанысын бұзып-жаруға мүмкіндік болатынына кәміл сенеміз. Олар кездесу басынан тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жылдам шабуылдың арқасында жақсы нәтижеге жетіп отыр. Оған футболшылардың сан басымдығын қосыңыз. Алматыда олардың күшін тезірек сарқып,ойынның тағдырын жылдам шешуге тырысқан жөн. Бастысы, «Қайрат» гол жіберіп алмаса игі. Әйтпесе, қорғанысқа толықтай көшкен командаға төрт гол салу тым қиын жұмыс болмақ.

«Қайраттың» бас бапкері Карлос Феррер матч соңынан кейін өз ойымен бөлісті.

– Матч сәтсіз басталды. Алғашқы минуттарда жақсы ойын өрнегін көрсете алмасақ та, уақыт өте допқа көбірек иелік етіп, үстемдік жүргізе алдық. Он минуттықтан соң, қос команда бір деңгейде қимылдай бастады, сол сияқты алаң иелерінің ойыншысы қызыл қағаз алғаннан соң да осы теңдікті байқадым. Сүйімбавтың алаңнан кетуі жағдайымызды қиындата түсті. 1:0 -ден кейін ес жиып, жақсы ойнай бастағанымызда осындай қатты соққы алдық. Бұл нәтижені барынша ұмытып, Алматыда тек жеңіске ойнайтын боламыз. Таблодағы көрсеткіш біздің жақта болмаса да, өз голымызды салуға тырысамыз. Біз АЗ-дың қақпасына қос допты тулатқан едік. «Сигманың» да осал тұсын таба аламыз. Әрине, «Қайраттың» келесі кезеңге өту мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Алматының орталық стадионы қарымта матчта жанкүйерлерге лық толады деп үміттенемін. Олардың бізге сенгенін қалаймын. Жанкүйерлер біздің алға ұмтылуға итермелейтін басты факторымыз болады. Өз алаңымызда жеңіске жететінімізге толық сенімдімін. Сіздер де сенсеңіздер екен!

«Сигма» командасының бас бапкері Вацлав Илекөткен кездесу турасында былай деді:

– 2:0 жақсы нәтиже. Бұл біздің келесі кезеңге өтуімізге жақсы мүмкіндік деп болжауға болады. Сол секілді қос голда да бізге сәттілік серік болды. Матчқа жақсы еніп кете алдық, алайда ойынның кей бөлігінде қарсыласымыз доппен қалай жүру керектігін көрсетіп берді. Әдемі гол соғып алған соң, сан басымдығына ие болдық. Екі ғана емес, одан да көбірек гол сала алатын мүмкіндіктеріміз болған еді. Өзіміздің футболшымыз алаңнан кеткені кері әсерін тигізді. Төреші эпизодты дұрыс бағамдай алмады деп ойлаймын. Үшінші голды соға алмағанымыз өкіншті. Алда атқарар жұмысымыз көп.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға