Жаңалықтар

«Әлем барысы» әділ өтті ме?

Астанада өткен «Әлем Барысы-2017» турнирінде екі балуанымыз жеңіс тұғырынан көрінді.
«Әлем барысы» әділ өтті ме?
11.09.2017 10:26 8684

Күні кеше ресми түрде жабылған Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында бірнеше спорт түрінен әлемдік деңгейдегі жарыстардың өткені баршамызға белгілі. Әсіресе, ойласаң қаның қызып, куә болсаң делебең қозатын халқымыздың төл спорт түрлері қазақ күресі, көкпар, ат үстіндегі өзге де ойындар қашан да жүрегіміздің төрінен орын алары сөзсіз. Бір ғана «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қос турнир ұйымдастырса, соның бірі жуырда ғана өтті. «Әлем барысы-2017» турнирі несімен есте қалды, айтулы сәттерді шамамыз келгенше тізіп шығуды жөн көрдік.

     Әлгінде-ақ Арман Шораев бастаған «Қазақстан Барысы» қазақ күресін қолдау қоры бас-аяғы екі айдың ішінде екі ірі жарыстың жаршысы болғанын айта кеттік. Шіліңгір шілденің басында биыл алғаш рет «Барыс-Аренада» өткен «Қазақстан Барысы-2017» турнирінің кезекті жарысы күні кешегідей көз алдымызда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 32 балуан жанкүйер атаулыға туысындай көрініп, жаңа әрі сәулетті спорт кешенін толтырған көрермен қауым барлық спортшыға бірдей болысқан еді. Ал, қыркүйектің 8-і күні дәл сол спорт сарайында қазақ күресінен өткен «Әлем барысы» абсолюттік чемпионатында жанкүйерлердің аздығына «әттеген-ай» дестік. Әйтпесе, қырыққа жуық мемлекеттен келген балуандардың басы бір кілемде түйіскен турнир тұтас ТМД-ға тарайтын «Матч! Планета», «БОКС ТВ» және түркиялық әйгілі «ТRT AVAZ» арнасынан тікелей эфирде көрсетілген болатын. Қош, жанкүйерлердің аздығына жарыстың аптаның соңғы жұмыс күніне дөп келгенін себеп қылып, апайтөс балуандардың бәсекесіне беттедік.

      Жарыс биылғы «Қазақстан Барысы» Еламан Ерғалиев пен тәжірибелі балуан Ержан Шынкеевтердің іріктеу кезеңіндегі жеңістерімен басталса, финалдық кезеңге Айбек  Нұғымаров, Айбат Сейтен және Дәурен Нұралиевтер тікелей өткен болатын. Сөйтіп, 40-қа жуық мемлекеттің спортшылары қатысқан турнирдің ақтық сынында ең мықты 32 балуан бозкілемде белдесті. Алғашқы айналым Дәурен үшін ғана сәтсіз болды демесеңіз, қалған төрт күресшіміз білгенінен жаңылмады.

Тіпті, Еламан Ерғалиев өзінен 12 жасқа үлкен Оңтүстік Кореядан келген Бионгва Лидің жауырынын 8 секундта жерге тигізіп, жарыс жолынан шығарған болатын. Сондай-ақ, осы кезеңде Жаңа Зеландиядан келген сумошы, салмағы 175 келі тартатын жарыстың ең ауыр балуаны Зико Реремоана ең жас қатысушылардың бірі латвиялық Никита Бондарсқа есе жіберіп қойғанын айта кетейік.

       Турнирдің шүбә келтірген сәттері 1/16 финалда басталды. Алдымен, бір-бірімен етене таныс Айбек Нұғымаров пен өзбек балуаны Мухсин Хисомиддинов арасындағы жекпе-жек көпшіліктің күмәнін тудырса, Айбат Сейтен мен грек балуаны Тенторе Масманидис белдесуі өте ұзаққа созылып кетті. Абсолютті салмақ дәрежесіндегі Қазақстан чемпионы Айбат жекпе-жек уақыты белортадан асқанда жарақат алып қалды. Ереже бойынша үш минутқа жетпей дәрігерлердің көмегі көрсетіліп, күресуге қайта рұқсат берілгенде таблодағы уақыттың қайтадан 5:00 минутты көрсетуі жиналғандарды түсініксіз жағдайда қалдырды. Әрине, кейін ұйымдастырушылар мен төрешілер тарапынан кешірім сұралып, тоқтаған жерден белдесу қайта жалғасты. Жарақатына қарамастан барын салған Айбат есепті тең нәтижеде ұстап тұрды. Жеңімпазды анықтау үшін қоян-қолтық белдесу өтіп, Айбат тізгінді Тенторенің қолына беріп қойды.

Ал, ұпай санымен ширек финалға жолдама алған Айбектің жеңісі көпке дейін әділетсіз деп танылғанын айта кетейік.    

«ЕУРАЗИЯ БАРЫСЫ» НЕГЕ РЕНЖІДІ?

      

     Басында бесеу қатысқан «Әлем барысының» ширек финалында үш балуанымыз ғана төбе көрсетті. Онда да Еламан мен Айбек қарсылас атанып, өзара кім мықтыны анықтады. Алғашқы минуттан-ақ, аңдыспай-ақ белдескен қос бірдей қазақ балуанның жекпе-жегі қызықты әрі тартысқа толы болды. Екі жамбас ұпайымен алға шыққан Еламан соңғы минутта ғана есе жіберіп, Айбек жартылай жеңіс ұпайымен келесі кезеңге өтті. Десе де, Еламанның төрешілерге деген наразылығы анық байқалды. Бір қызығы, Айбектің жартылай финалдағы белдесуі де жанкүйерлердің улап-шулауына сеп болды. Осы турнирдің чемпиондығынан үмітті 2014 жылғы «Еуразия Барысы», Моңғолиядан келген қандасымыз Серік Бердімұрат өзінің жеңілгенін мойындамай, бозкілемде біраз жүріп алды. Өйткені, бұған дейінгі белдесулерінде бүк ұпайын көп иеленген Серік те, финалда өнер көрсетуді мақсат тұтқан Айбек те бір ұпайды еншілеген болатын. Сөйтіп, кездесу соңына қарай, ешқандай әдіссіз-ақ Айбек тағы бір бүк ұпайын алып, жеңіске жетті. Әрине, таблодағы көрсеткіштің іле-шала өзгеріп кетуі басында әділетсіз көрінген. Мұның себебін жарыстың бас төрешісі Шалқар Жоламанов былай түсіндірді:

     -Қазақ күресінің ережесі бойынша қамшы тастаған тараптың қарсылығы қанағаттандырылмаса, қарсыласына бір ұпай беріледі. Жекпе-жектің соңына қарай Серіктің бапкері ортаға қамшы тастап, уәжін жеткізген болатын. Бірақ, оның айтқаны негізсіз болғандықтан Айбекке бір ұпай бердік. Бұл бұрыннан түсіндіріліп келе жатыр. Бәріміз куә болғандай, Серік өзінің наразылығын білдірді. Бірақ кейін бапкерлерімен бірге ымыраға келіп, кешірім сұрады.  

      Біз де Серік Бердімұратпен сұхбаттасуды жөн санағанбыз. Бірақ, оның бапкері Бақыт Одынайұлы алдағы айда Астанада өтетін әлем чемпионатына тағы келетінін, сол кезде сұхбаттасатынын жеткізді.

ГУРАМ ТУШИШВИЛИ: ҚАЗАҚ КҮРЕСІН ҮЙРЕНУ ҚИЫН ЕМЕС!

     Моңғолиялық қандасымыз қола жүлдеге талас үшін бозкілемге қайта оралып, Гурам Тушишвилиден ғана жеңілген Ержан Шынкеевпен белдескен болатын. Қарағандының тумасы жуырда ғана дзюдодан өткен әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтқанын ескерді ме, не де болса тәуекелге бел байлап, жекпе-жектің соңына дейін белсенділік танытты. Өз-өзін жұбатпақ ниетпен бозкілемге қайта шыққан Серік Бердімұрат та Моңғолияға жүлдесіз қайтпауды жөн санаған-ды. Дегенмен, бұл жолы ол ұпай санымен болса да айқын жеңілді. Ал, Е.Шынкеевті жартылай финалдық кездесудің соңғы секундында сан соқтырып кеткен грузин балуаны Гурам Тушишвилидің финалда жолы болмады.

Айбек Нұғымаровтан таза жеңілген дзюдодан Еуропа чемпионы (2017) журналистерге берген сұхбатында:

     -Қазақ күресі шын мықтылар ғана айналысатын спорт түрі. Сыртқы көрінісі дзюдоға, грузин күресіне қатты ұқсайды. Сондықтан, бұл күрес түрін үйрену маған қиындық туғыза қойған жоқ,-дейді.

     Айта кетейік, «Әлем барысы» турнирінің финалына екінші мәрте шыққан Айбек өзінің бұрынғы қателігіне түзету енгізіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сонымен бірге, ол –өзі қатысқан ірі турнирлердің барлығынан жүлдесіз қайтпай жүрген нағыз бабындағы балуан. Бұл жолы А.Нұғымаров турнирдің чемпионына тиесілі алтын белбеуден бөлек 15 миллион теңгені қанжығасына байласа, Г.Тушишвили 5 миллион, Ержан Шынкеев 3 миллион теңгені иеленді. Ал, үздік ондыққа кірген балуандарға да арнайы номинациялар және орындар бойынша ақшалай жүлделер бұйырды.

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға