Жаңалықтар

Татулығы жарасқан Жүгенбаевтар отбасы

Татулығы жарасқан Жүгенбаевтар отбасы
20.06.2019 12:51 5155

Адамзат қоғамы социумда өмір сүреді. Оның күретамыры әр адамның отбасысы болып табылады. Еуразиялық кеңістікті еркін игерген көшпенділердің ұрпағы ретінде  қазақ халқы – ата-бабаның өмір сүру философиясын қазіргі заманауи болмысқа сай жеткізіп келе жатқан отбасылардың бірі – Жүгенбаевтар. Олар «Мерейлі отбасы» байқауының Маңғыстау өңірінде өткен облыстық кезеңінде нағыз татулық пен бірліктің мысалын көрсетіп, жеңіске жетті.  

Үйдің отағасы Саламадин Жүгенбаев 1943 жылы 5 наурызда, Маңғыстау өңіріндегі Қолтық ауыл шаруашылық артелі, Сығынды ауыл советінде (қазіргі Ақтау қаласы) кедей шаруа отбасында өмір есігін ашады.

«Өзім халқымыздың өткен ғасырдағы кеңестік саяси-экономикалық модернизациясының зардаптарын көрген отбасының орнында қалған жалғыз тұяқ боп ер жеттім. Отбасындағы 6 баланың кенжесі болған  әкем Жүгенбай Ербосынов 1943 жылы неміс фашизміне қарсы соғысқа алынып, майданнан қайтпады. Шешем кеңестік идеологияның жемісі – мемлекеттің тегін жұмыс күші болып колхоз жұмысына жегіліп, 38 жасқа  толар-толмаста көз жұмды. Ол кезде менің жасым бар болғаны 17-де еді. Бұдан соң, күнкөріс қамымен қол еңбегін қажет ететін жұмыстармен айналысып, ауыл шаруашылығына белсене араластым», – дейді Саламадин ата.

Ол ата-анасынан осылай тым жас қалса да, қазақ отбасының бұлжымайтын қағидасы бойынша қара шаңырақты сақтауға тырысады. Бозбаланың өмірлік ұстанымы – адал еңбек ету мен өмір сүруге құлшыныс болды. Саламадин Жүгенбайұлы Маңғыстау өлкесіне белгілі көрегенді ақсақал ел басқарған Бектеміс Жары Серікбаев Балықбайдың қызы Ағияны салт-дәстүр бойынша айттырып, 1962 жылы 22 тамызда шаңырақ көтерді.

«18 жасында қосылған жарым Ағия Балықбайқызы «жерде жетім жыласа, көкте періште мұңаяды» деген анасының ақылын өсиетке балап, артымнан ерген қарындастарым 3 жасар Бибатпа, 5 жасар Күмісхан мен 7 жасар інім Саламатты бауырына  тартып, өсіп-өнгізді. Ағайын-туысқа, тумалас-бауырға кеңдік пен кішіпейілдікті көрсетіп, халықтың алғысын алған  тәрбиелі келін атанды. Қазақ халқының қолөнерін, киіз үйдің барлық жасау-жабдықтарын жасап, ісмерлікпен айналысып, жастарға үйретуге тырысты», – дейді отағасы.

Отанасы Ағия Балықбаева 1944 жылы 16 желтоқсанда «Путь к коммунизму» колхозы Шевченко ауданы, Орта еспе ауыл советінде балықшы жанұясында дүниеге келген. Әке-шешесі қарапайым балықшы болған.  

«Форт-Шевченко қаласыннан 8-сыныпты бітіргесін ата-анама көмекші болдым. Кішкентайымнан қолөнер шебері болып, дәстүрлі ағаш үйдің жасаулары бау-басқұр, ши орау, түрлі оюлармен қию қиып, көрпе құрау, киім пішіп, көйлек тігу сияқты басқа да қолөнер өнімдерін жасап, ауыл-аймаққа ағайын-тумаларға қайырымдылық таныттым. Әкем Бектеміс Жары Серікбаев Балықбай халқына сыйлы, ұлағатты, өнегелі, өсиетті ел басқарған парасатты азамат болған. Анам Айшықан Жаманқара Иса болыстың ұрпағынан тараған. Инабатты, ибалы, иманды қарапайым шебер, ақыл иесі болған. Менің шеберлігім анамнан көрген өнегем деп білемін. Жүрек қалауымен 1962 жылы Саламадинмен отбасы құрдым. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша құда түсіп, ұзатылып,  ата-анамның рұқсатымен келдім. Келсем енем де қайтыс болыпты. Соғысқа кеткен атамның екі ағасы бар еді, олардың да жолдастары өмірден өткен. Келген үйімде 3-4 жаста екі қыз бен 7 жастағы бір ұл бар екен. Келін боп түсе сала, белді буып, білекті сыбанып, балалардың бабын жасап, ораза айында сәрі шәйін қайнатып, кірін жуып алғысын алдым. Анам келген сайын: «Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады» – деген мақалды айтып, «бұларды жылатпай, өсіріп, тәрбиеле» деп құлағыма құятын», – дейді Ағия Балықбайқызы.

Отбасын құрған Жүгенбаевтардың жағдайы түзеле бастайды. Саламадин мен Ағия 1964 жылдың күз мезгілінде мал отарлап жатқан уақытта комсомолдық жолдамамен Ералиев атындағы колхозда бас шопан болып 2 жыл қой бағады. 1969 жылы колхоздар бірігіп, Ералиев атындағы совхоз болып құрылады.Оның орталығы –  Сенек- Аққұдық боп белгіленді.

«1966 жылдан 1972 жылға дейін жүргізуші болып істедім. Ал келесі жылы осы совхоздың комсомол  ұйымын басқарып, комсомол хатшысы болдым. Одан кейінгі еңбек жолым автоклуб меңгерушілігіне ауысты. 1981 – 1986 жылдар арасында Ералиев атындағы совхозда қол еңбегін жеңілдету инженері болып қызмет жасадым. 1982 жылдан бастап, Атырау қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында сырттай оқып, зоотехникалық мамандығын алып шықтым. Бітіргесін 1986 жылы сәуір айынан бастап, 2007 жылдың ақпан айына дейін мал шаруашылық саласында зоотехник болып абыройлы қызмет жасап зейнеткерлікке шықтым», – дейді Саламадин Жүгенбайұлы.

Жүгенбаевтардың отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп келе жатқандарына биыл 57 жыл.

«Балаларымның барлығы үйлі-баранды, өсіп-өнді. Олардың кешегі  кеңестік құндылықтар мен идеологияның мүлдем өзгерген кезеңінде, нарықтық экономикаға өтудің сапырылысқан жанбағыс тұстарында күйзелмей, өмірден өз орындарын табуына отбасындағы қазақы ұлттық құндылықтарға негізделген тәлім-тәрбие барынша ықпал етті деп ойлаймын», – дейді отанасы.

Бес қыз, үш ұлдың ішінен педагогтар, ғалымдар, мұнайшылар, есепшілер және кәсіпкерлер шықты.

«Үлкен балам тұңғышым Күләш Саламадинқызы 35 жыл ағарту саласында қызмет етіп, Президент Қ.Тоқаевтан Құрмет грамотасын алды. Сол 35 жылдың 15 жылын мектеп директоры болып өткерді. Екі рет Жаңаөзен қалалық маслихат депутаты болды. Екінші қызым Гүлжан Саламадинқызы маңғыстаулық жасөспірім оқушылардан «Гүлдәурен халықтық би ансамблін» құрып, шетелдерге (Испания, Болгария, Түркия, БАӘ, Ресей,т.б.) шығып, ұлттық өнерді насихаттап, жүлдемен оралып, «мәдениет қайраткері» атанды.Үшінші қызым Гүлбану Саламадинқызы тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Кандидаттық диссертациясын Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевқа арнады. Қазақтың тұңғыш техника маманы туралы жазған монографиясы М.Әуезов атындағы ғылым саласындағы сыйлыққа ие болды. Докторлық диссертациясында қазақ халқының тарихи жады «Мұрын жырау жырлаған Қырымның қырық батыры» эпосын зерттеді. Ауызша дамыған рухани мұраларды талдау арқылы, халқымыздың бай тарихи өткенін ғылыми таным тұрғысынан пайымдап берді. Батырлық жырларымыздың жазба дәстүр мұраларына телінетін заңдылықтарға, хронологиялар мен межелерге бағынбайтын өзгеше қасиетін дәлелдеуге еңбектерін арнап келеді.Жоғары мектепте ұзақ жылдар дәріс оқып,  ҚР БҒМ Алғыс хатына ие болды, ғылыми зерттеу жобаларына жетекшілік етеді», – дейді зор мақтанышпен Ағия Балықбайқызы.

Саламадин ата мен Ағия әже балаларынан 29 немере, 9 шөбере көріп отыр. Немерелерінің арасында Санжар Назарбаев университетінің студенті болса, жиен немересі Айғаныс Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің үздік студенті, шетелдік тағылымдамаларды жеңіп алып, Оңтүстік Корея, Польша жоғары оқу орындарында білімін тереңдетіп келген. Ал Ақжол мен Елдос әскери қызметтерін президенттік полкта абыроймен өтеп келіпті.

«Үйде немере-шөберелерге өнерлерімді үйретіп, жақсы тәрбиелік әңгімелерімді айтып отырамын. Көрпе құраймын, ұршық иіріп, балаларға шұлық, қолғап тоқимын. Үйде қарап отырғым келмейді. Арасында  түйеде сауа қоям. Үш келінім бар, үшеуіде қазақтың салт-дәстүрі бойынша әдет-ғұрыпты сыйлап жүретін ибалы, инабатты, кішіпейіл ата-енесінің өсиеттерімен жүретін, көрші-қолаңға, ағайын- тумаға жағымды, бала-шағаларына үлгілі тәлім-тәрбие беріп, өз ортасына сыйлы болып жүр», – дейді "Алтын алқа" иегері Ағия ана.

Жүгенбаевтар отбасында қазақтың негізгі салт-дәстүрлері сақталған. Тіпті бүгінгі күнге дейін түрлі мереке-жиындарда алты қанатты қазақы киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылады.  

«Сол киіз үйді барлық жабдықтарын анам өз қолымен тікті, тоқыды. Қолымыз қалт ете қалған уақытта бізді отырғызып, қалай тоқып, тігуді үйретті. Жаз бойы оюланған текемет басып, әсем өрнектелген алашалар тігетін едік. Үйдегі басты мерекенің бірі – айт мейрамы. Сонау кеңестік дәуірден құрбандық шалып, ол күнді атаусыз өткізбейтін едік. Сонымен қатар, батыс өңіріне тән ­– Амал мерекесін де өз деңгейінде тойлатамыз. Барлығымыз уақыт тауып, қара шаңыраққа барып, ата-анамызбен бірге өткізуге тырысамыз», – дейді қызы Гүлжан.

Қыздарының айтуынша, Ағия ана бала тәрбиесінде білім алуға, еңбектенуге ерекше мән берген. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуларын қадағалаған.

«Сонымен қатар, анамыз әкені құрметтеуге үйретті. Әкем біраз уақыт шаруашылықта қызмет еткендіктен, апталап, он күндеп, үйге келмейтін. Ал келер уақытында біз тәтті тағамдар дайындап, ерекше күтіп алатынбыз. Әкем өз уақытында оқуға  түскенмен, белгілі себептермен оны аяқтай алмай қалған. Сол себепті, бізді-балаларын оқу-білім жолына түсіруге барын салды», дейді қыздары.

Балалары әкесі мен анасының жанжалдасқандарын ешқашан көрмегендерін айтады. Татулығы жарасқан ұядан қанат қаққан ұл-қыздары да бірлік туын биік қойып, бір-бір босағаны берік ұстап отыр.

«Ұлттың ұйтқысы отбасы және оның ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген құндылықтары екенін өз ортамда айтып отырамын. Отбасы, қоғам және мемлекет тең тарихи сабақтастықта ғана жүйелі дамып, біртұтас организмге айналатыны аксиомалық шындық. Өзімді-өзім ұдайы қамшылап, білімімді кеңейтуге, оқып-үйренуге ұмтылыстың арқасында, адал еңбекпен қазіргі күніме жетіп, ұрпағымды тәрбиелеп, елімнің амандығын, қоғамның дамуы мен беталысын байсалдылықпен, парасатпен болжай алатыныма тәубе етемін. Еліміз аман болып, ұрпағымыз өсіп-өнсін деймін. Отбасы құндылығын дәріптеп, қазақ елінің демографиясының өскенін  қалаймын. Тәуелсіздіктің баға жетпес қадір-қасиетін, ұлттық дербес мемлекеттіліктің құдіретін жас ұрпақтың санасына құя беремін», – дейді 76 жастағы қазыналы қария С.Жүгенбаев.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға