Жаңалықтар

Қуаныштың ерлігі – көпке үлгі

Парыз – өжеттік баспалдағы 
Қуаныштың ерлігі – көпке үлгі
29.05.2018 14:56 8525

Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік» деген керемет мәтелі дәл осы Қуаныш сынды әрекеті азаматтық борыштан, ерлікке ұласқан балалардың батыл әрекетіне бағытталғандай. Қуаныш Мейрамбекұлы – Алматы қаласындағы №130 орта мектептің оқушысы. Қуаныш 2016 жылы жаздың жәймашуақ күндерінің бірінде кішкентай қыз балаға қорлық көрсетуге ниеттенген арам пиғылды педофильден құтқарып қалған еді.

Қуаныштың бұл батыл әрекеті сол кезде баспасөз беттерінде жазылған еді. Бізге батыр баламен жүздесудің сәті Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен өткен салтанатты жиында түсті. Бұл жолы ведомоство басшысы әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 баланы марапаттау мақсатында жинаған еді.

– Қуаныш, бұл оқиға қашан және қайда болған еді?

– Бұл оқиға алдыңғы жылдың жаз айында Алматы қаласында болды. Біз достарымызбен алаңсыз футбол ойнап жүрген едік. Кенеттен қыз баланың айқайлаған үрейлі дауысын естідім. Жалма-жан дауыс шыққан жаққа қарай жүгіргенімде жас шамасы елуді еңсерген, жалаңаштанған бейтаныс ер адамның кішкентай қыз баланы қолынан сүйреп бара жатқаныны аңғардым. Қыз баланы шашынан тартып, бір қуысқа беталғанын көре салысымен оның арам ойын бірден түсіндім. Тез арада сол маңдағы тұрғындарды көмекке шақырып, араша түстім. Көмекке келген адамдар оқиға орынына полиция қызметкерлері келгенше жаңағы еркекті тырп еткізбей ұстап тұрды. Осылайша күдіктіні полицияның қолына тапсырдық. Кейіннен сол кісінің 15 жылға бас бостандығынан айырылғанын естідім.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Қуаныштың әкесі құқық қорғау саласында қызмет етеді екен. Әке жолын қуып, болашағын әскери қызметпен байланыстырып, Президент күзет қызметі сапында жұмыс істегісі келетін батырымыз таэквондомен шұғылданады.  

Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Парыз – өжеттік баспалдағы. Парыз – ерлік рухы. Парыз – ар-ождан іргетасы. Парыз – абырой қорғаны». Ал, батыр атамыздың «Қорқақтық болмаса – ерлік те болмаған болар еді»,- деген тамаша тәмсілі Қуаныштың батыл қадамын суреттеп тұрғандай. Қуаныштың батыл қадамы – парыз атты ұлы ұғымнан туындаса, қорықпай басын қатерге тіге отырып, әрекетке баруы – ерлікке ұласты.  

«Бұл әрекетімді ерлік деп санамаймын, бір-бірімізге қол ұшымызды созу –  парыз. Бәріміздің де әпкелеріміз, қарындастарымыз бар. Қазіргі қоғамда осындай қылмыс туралы көп айтылады, жаман пиғылдан туған қылмыс та аз емес. Мен қыз баланы қорлауға ниеттенген арам пиғылды адамды көргенде еш әрекетсіз қалсам, менің азаматтығыма сын болар еді. Кішкентай қыз баланың өміріне араша түскенімде ойымда тек оған көмектесу болды. Және қоғамда бір қылмыскердің болса да жаман ниеті әшкере болып, темір торға тоғытылғаны мен үшін қуанышты жәйіт. Неге десеңіз, әлі мектеп жасындағы кішкентай ғана қарындасымның болашағы не болар еді, екінші қырынан тағы қаншама жанға зиянын тигізер еді»,- дейді Қуаныш.

Мейрамбек Альдиев, Қуаныштың әкесі:

– Балам Қуаныш өте салмақты, орнықты бала. Мектепте жақсы оқиды, спортпен шұғылданады. Мен құқық қорғау саласында қызмет жасаймын, баламның тәрбиесіне жұмысымның белгілі бір дәрежеде әсері бар деп ойлаймын. Екі бала тәрбиелеп отырмыз, Қуаныш тұңғышым, қарындасы бар, ол 8 сыныпта оқиды. Үйде үнемі балаларымның бойына адами қасиеттерді сіңіру мақсатында жақсылық жасау, мұқтаж адамға қол ұшын созу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету туралы айтып отырамын. Отбасымызды тәртіп деген ұғым бірінші орында, тәртіп бар жерде тәрбие бар. Құқық қорғау саласында қызмет жасайтындықтан жұмыста болған жағдайларды балаларыма сабақ болсын деген оймен айтып, бөлісіп отыруға тырысамын. Балам әкесі сияқты әскери салада қызмет еткісі келеді. Десе де оны уақыт көрсете жатар. Қуаныш мектебін жақсы аяқтап, ел қатарлы жоғары білім алып, әскери борышын өтеп, еліне елеулі азамат болса деген әкелік тілегім бар. Балам ақылды, болашағынан тек жақсылық күтемін.

Бүгін де Қуанышты қатарластары мен ұстаздары «батыр» деп мақтан тұтады екен.

«Тағы осындай оқиға кездессе, ойланбастан көмектесемін»,- дейді батыр бала көздері жалын атып.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 баланы марапаттау мақсатында өткен жиын «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында ұйымдастырылған еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ондағы мақсат – өскелең ұрпақты азаматтық, ар-намыс және патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамда батыр балалардың ерлік істерін баяндауға мүмкіндік жасап, кішкентай батырларға алғыс білдіру.

Осы салтанатты жиында сөз алған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Мен сіздерге үлкен құрмет көрсете отырып, Астана қаласына қош келдіңіздер деймін. Еліміздің жүрегі – Астана биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Елбасы саясатының арқасында бүгінде Астана – тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналды. Астана тек қана еліміздегі қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығы емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің жүрегі саналады», – деген еді.

Балаларды жігерлендіріп, қанаттандырған министр мырза жиналған бүлдірішндерге денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, рухы биік, ержүрек қалыптарын сақтап, тек биік шыңдардан көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Осы шарада ерлігімен ерекшеленген барлық балалар «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді. Әрине олардың арасында Қуаныш Мейрамбекұлы да бар.

Суреттерді түсірген Арман Мухатов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға