Жаңалықтар

10 құндылықты берік ұстанушы  – Хамитовтер әулеті

10 құндылықты берік ұстанушы  – Хамитовтер әулеті
30.06.2019 21:07 4463

«Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған жанұяның бірі – қарағандылық Хамитовтер әулеті. «Берік отбасы ­ – мемлекеттің тірегі» дегенді ұстанатын отбасы мүшелерімен El.kz интернет-жобасы әңгімелескен болатын.

Әулеттің отағасы Хамитов Қайрат Амангелдіұлы 1973 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Көп балалы отбасынан шыққан Қайрат Амангелдіұлы алғаш еңбек жолын құрылыс саласында қызмет етуден бастаған.

 «Менің атам Төлеухан Хамитов география пәнінің мұғалімі болған әрі Ұлы Отан соғысының ардагері, ал әжем үй шаруашылығымен айналысқан. Ал 1946 жылы дүниеге келген әкем Амангелді Хамитов 30 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Анам Сәния Хамитова Қарқаралы аудандық емханада 45 жыл дәрігер болып қызмет етті» дейді Қайрат Амангелдіұлы.

Кейін Қарағанды политехникалық институтына «Инженер-автомобилист» мамандығы бойынша оқуға түскен. Содан студенттік кештердің бірінде болашақ жары Айнагүл Қайырбекқызымен танысады. Сөйтіп, алғашқы кездесудің соңы үлкен махаббатқа ұласып, қос ғашық  төрт айдан кейін мәңгілікке бірге болуға шешім қабылдайды.

«Сол кезде менің жасым небәрі 18-де болды. Содан жолдасымның ата-анасына Қарқаралыға аттандық. Болашақ ата-енем және туыс-туғандарым бізді құшақ жая жақсы қарсы алды. Сөйтіп 1994 жылы сол кездің соңғы сән үлгісімен  брезенттен жасалған палаткада тойымыз өтті» - дейді отанасы Айнагүл Хамитова.

Ал Қайрат Амангелдіұлының жұбайы Айнагүл Қайырбекқызы 1975 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Алты балалы отбасында тәрбиеленіп өскен Айнагүл Хамитова 1998 жылы Қарағанды техникалық университетін «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі кезде жолдасы Қайрат Амангелдіұлымен   бірге отбасылық кәсіппен айналысып жүр. Бүгінде келіншегі білім беру саласындағы тұңғыш франшиза «Дарынды бала» көшбасшылықты дамытудың балалар орталығының құрылтайшысы. Сонымен қоса,  «Дарынды ана»  коворкинг орталықтарының желісі «ChiefExecutiveOfficer» (CEO) басшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Айнагүл Хамитова Қарағанды облысына қарасты «Атамекен» ӨКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, кәсіби ментор және коуч ретінде көп балалы аналар арасында өз ісін ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға оқытады.

«Дарынды бала» балабақшасы желісінің негізін біз 2014 жылы қаладық. Сол орталыққа балаларын әкелген аналармен де біртіндеп байланыс орната бастадық. Уақыт өте  аналардың  саны артып, біз бала тәрбиелеудің ортақ үлгісін жасау үшін академия  құрдық. Көпшілікке  ана өмірінің бүгінгі көрінісін көрсету үшін «Дарынды ана» форумын өткізуді қолға алдық. Содан биыл көктемде Қарағанды қаласында «Дарынды ана» алғашқы форумын өткіздік. Мұндай форумдарда біз оларға ана стиліндегі өмірді, әйелдер қауымына жасампаз стратегияны құруға көмектесеміз. Әрі өзінің ұнататын саласын табуға және соған сай өз қабілетін қолдануға бағыттаймыз, Бұл орталықта тіпті шаңырағы шайқалуға жақын қалған некелерді де сақтап қалуға да көмектескен болатынбыз» - дейді А.Хамитова.

Жұмыс барысында  Айнагүл Қайырбекқызы бала тәрбиесімен үйде  отырып,  депрессияға душар болған аналармен де нәтижелі жұмыс атқарғанын  айтады.  

«Өз перзентіне дұрыс тәрбие бере алмауда деп отбасының отанасын  кінәлаған бір жанұя бізге жүгінді. Өйткені баласының өзгелерге қарағанда ойлау санасы ерекше дамып келе жатқан көрінеді. Анасы шарасыздықтан не істерін білмей әбігер болған. Нәтижесінде үй-ішінде аздаған келіспеушіліктер де орын алған. Содан біз бала мен оның ата-анасын арнайы диагностикадан өткізіп, тиісті мамандарға жібердік. Расымен де баланың диагнозы расталды. Ақыр соңында ата-анасы баласына деген қарым-қатынасын түп-тамырымен өзгертті. Отағасы баласына көмек керегін түсініп, алдағы уақытта арнайы мамандардан кеңес алуға жазылды. Арада бір ай өткен соң, бұл жанұя бізге  бір-бірімен қол ұстасып,  жақсы көңіл-күйде келді. Сөйтіп, біз оларға баласының келешекте дұрыс жетілуне сай стратегиясын жасап беруге атсалыстық» - дейді А.Хамитова.

Осылайша мұндай мәселенің түйткілін шешуге келетін отбасы мүшелерімен жеке-жеке іс шаралар жүргізіп отырады.

«Әртүрлі шаралар  барысында біз жанұяның отағасыларын  ұлы перзенттердің ұлы әкелері екендігін, ал отаналарын дарынды ана  болып жүргендігін әркез естеріне салып отырамыз. Және соған сай бірқатар жұмыстар атқарамыз» - дейді орталықтың басшысы Айнагүл Хамитова.

Осындай отбасылық кәсіппен айналыса жүріп, 25 жылдан бері бірге өмір сүріп жатқан ерлі-зайыпты Хамитовтер әулеті бүгінде жеті бала өсірген тату-тәтті шаңырақ. Үйдің тұңғышы Ерлан Қайратұлы 1994 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, 2012 жылы  «Business Administration» мамандығы бойынша Канаданың Ванкувер қаласына оқуға түсіп,  оны 2017 жылы тәмамдап, елге оралған. Бала кезде елдерді саяхаттауды армандаған ол  «Sweatberry.tours»  саяхаттау компаниясының негізін қалап, жастардың ел  көріп, жер аралауына себепші болып жүр. Осылайша қазіргі кезде жастарға арналған халықаралық туризм саласында бизнеспен айналысады. Бос уақытында Ерлан  хоккей ойнап, тауға шыққанды ұнатады. Сонымен қатар, өз парақшаларында қызықты ойларымен жазбаларымен бөлісіп тұратын ол әлеуметтік желілерде де белсенділік танытып жүр. Былтыр сүйген қызы Айжанмен отбасын құрған.  Қазір ол жылу электр орталығында  инженер болып қызмет етеді.

«Екінші баламыз Айдана 1997 жылы дүниеге келген. 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы  Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы колледжін тәмамдап, кейін сол өнер ордасының «Қобыз сыныбы» бойынша оқуын жалғастырған. Осы уақытқа дейін Құрманғазы, Ахмет Жұбанов,  «Шабыт» конкурстарының лауреаты және әртүрлі өнер байқауларының жеңімпазы атанып жүр. Еуропаның сахналарында өнер көрсетіп жүрген қызымыз қазіргі таңда  күз айларында  өтетін алғашқы жеке концертіне әзірленіп жатыр. Айданадан кейін 2006 жылы дүниеге келген қызымыз Айзада  қазір 6-сыныпты аяқтады. Қызымыз, әсіресе, шығармашылыққа өте жақын. Әкесінің сурет салу және сызу дарыны осы қызымызға дарыған. Тіпті, үйдегі және компаниямыздағы жиһаздарды талғаммен қоюға жаны құмар.  Қазір интерьер-дизайн саласын меңгерумен қоса, ағылшын және корей тілдерін де қатар үйреніп жүр.  Өйткені ол жапон мен корей халықтарының мәдениетіне де қызығушылық танытады.  Сонымен қоса, тазалықтың сақшысы Айзада  «Магическая уборка» атты кітапты оқып, КонМари әдісін меңгеріп алды. Соны үй шаруашылығында ұстанады» - дейді анасы А.Хамитова.


 

Үйдің төртінші баласы Әмина 2008 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Сегіз жасынан бастап фортепиано музыкалық аспабын үйрене бастаған ол,  биыл елордада өткен халықаралық конкурста II орынға ие болыпты.  Бос уақытында Әмина кітап оқығанды жақсы көреді. Ал Әминадан кейін 2009 жылы дүниеге келген Елдана қазір тайм-менеджментке қызығады. Күн сайын барлық ісін уақыт бойынша жоспарлап жүреді. Әрі күнделік жүргізеді. Екі жыл бойы Қазақ ұлттық өнер университетінде қобызды меңгерсе, қазір жеңгесі әрі үйдің келіні Айжан  Елданаға гитарада ойнауды үйретіп жүр. Ал 2014  және 2015 жылдары дүниеге келген Ясмина мен Еламан қазір «Дарынды бала» балабақшасына барып жүр.  

Ынтымағы жарасқан Хамитовтер отбасы балаларын тәрбиелеуге үлкен  жауапкершілікпен қарайды. Сонымен қоса, перзенттерінің көзі ашық, көкірегі ояу, еліміздің саналы азаматтарымен азаматшалары болып өсуі үшін бар күш-жігерін салып келеді. Бастысы олар балаларының өмірде өз орнын табуға баулиды.

«Біз отбасы ретінде өзімізге 10 құндылықты анықтап алдық. Және қазіргі таңда солармен тұрақты жұмыс істеп келе жатырмыз. Әуелі, салауатты өмір салтын ұстанамыз. Бос уақытымызда отбасымызбен велосипед тепкенді ұнатамыз. Өзіміз өмір сүретін қоршаған ортаны әрі табиғатты аялауға әркез белсенділік танытамыз. Яғни сенбі күндері жүгіреміз әрі қолымызға пакет ұстап, жолымызда кездескен қоқыстарды  жинап жүруді дағдыға айналдырдық. Отбасымен бақшада көкіністер егеміз. Үшіншісі, әлеуметтік мәртебесіне, ұлтына, жынысына қарамастан адамдарға сый-құрметпен қарау қағидатын ұстанамыз. Төртіншіден, көлік жүретін жолдар мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын қатал ұстануды еш ұмытпаймыз. Бесіншіден, үнемі түрлі кітаптар оқып, өз-өзімізді жетілдіріп, таным-көкжиегіміді кеңейтіп отырамыз. Алтыншыдан, кез-келген жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Жетіншіден, уәдеге берік болып, сөзде тұру мен мойынға алған міндеттемені орындауға берік болуды ұмытпаймыз. Қайырымдылықпен айналысу мен әрқашан оптимист болып, позитивті ойлау қабілетін дамытып отыру үшін өз-өзімізді шыңдаймыз. Ең соңғысы, өмірде өз ойыңды батыл айта білу қағидасын әркез ұстанамыз» дейді отағасы  Қайрат Амангелдіұлы.

Жақында Хамитовтер әулеті Қарағандыда «Дарынды бала» атты төрт балабақшасын ашқан. Сөйтіп, қаладағы балабақшалардағы орын жетіспеушілік мәселесін шешуге өз үлестерін қосқан. Сонымен қоса, арнайы бір топ ғалымдармен «Дарынды бала» арнайы оқыту бағдарламасын дайындаған. Бұл бағдарлама балалардың жоғары шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік. Өйткені, бұл баланың аналитикалық,  интуиция мен алдын-ала болжау  қабілетін дамытады, адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларына баулиды.

«Жаратқан Алланың бойымызға дарытқан қасиетін, талантын өмірде жан-жақты ашуға қажымай үздіксіз еңбектену қажет деп ойлаймыз. Ең бастысы  соған жету жолында күнделікті өмірде  адамда тәртіп пен еңбекқорлық болу қажет. Және үйде әрі қоғамдық жерлерде адамдармен тез тіл табысып кететін ашық мінезді, мейірімді болу да артық етпейді. Әрқашан өзгелерге кешірімді бола білу қажет және өзгенің жіберген қателігін өз тәжірибесінде жасамауға тырысу керек. Сонымен қоса, табиғатты аялап, жан-жағындағы адамдардың өмірін жақсартуға да өз үлесімізді қосуымыз қажет деп ойлаймын»  дейді Ерлан Қайратұлы.

Хамитовтер әулетінде ұлтымыздың негізгі салт-дәстүрлері бүгінгі күнге дейін сақталып келген. Олардың шаңырағында шілдехана, бесік той, тұсау кесу сынды өзге де қазақи дәстүрлер өткізіледі. Ал Наурыз сынды үлкен мерекелерде  ақ дастархан жайылып, құтты қонақтар шақырылып тұрады.

Енді, олар алдағы республикалық ақтық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғамақ.

(Суреттер  Хамитовтер отбасының жеке мұрағатынан алынды)  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға