Жаңалықтар

Қызылордадағы көне қалалар

Кие тұнған Қазақстан
Қызылордадағы көне қалалар
31.05.2018 16:18 14132

Қызылорда – еліміздегі тарихи ескерткіштерге бай өңірлердің бірі болып есептеледі. Қазақстанның киелі нысандар тізіміне 12 ескерткіш осы облыстан енуі соның анық айғағы. Олардың қатарында небір зұлмат заманды басынан өткеріп, бұл күндері жер бетінен жойылған, тарихи маңызға ие Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жент қалалары бар.

Сығанақ қаласы

Сығанақ – бірнеше хандықтың орталықтары болған қала. Атап айтар болсақ, Қыпшақ хандығының, Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығының, кейіннен Қазақ хандығының астанасы болған. Шамамен VІ- ХVІІІ ғасырлар аралығында гүлденген қаланың қазіргі орны Қызылорда облысына қарасты, Жаңақорған ауданы, Төменарық темір жол станциясынан 8 км жерде, бес бұрышты төбенің алып жатқан жер көлемі жиырма гектар болса, жалпы қаланың аумағы үш жүзден аса гектарға жеткен. Бұл қала бірінші рет «Шығыстан батысқа дейінгі әлемнің шекаралары» атты авторы анықталмаған кітапта «Сунах» деген атаумен жүр. Ол еңбекте Қимақ хандығындағы елді-мекендер жайлы айтылған.

Бұл қаланы зерттеу жұмыстары жүргізілгенде ақбөкеннің қаңқалары көп табылған. Оның мүйізінің сырт қабығын сылып алып,  өзегінен дәрі-дәрімек жасағандарын анық аңғаруға болады. Ол «мускус» атауын алған. Соған қарағанда, Сығанақта медицина жоғары деңгейде дамыған. Сығанақ қаласы тарихи деректерде тыныштығы берік, адамның өмір сүруіне ыңғайлы қала болғандығы айтылады. Бейбітшілік орнаған жерде өмір сүрген халықтың басым бөлігі қазақтар болған. Қала ішінде садақ асынған, тыныштық күзетуші әскери адамдар жүрген. Бұл қаланың атын төрткүл дүниеге жайған осында құйылған – теңгелер. Олардың тек Қазақстан жерінде емес, әлемнің түкпір-түкпірінен табылуы Сығанақтың сауда-саттық орталығы болғандығын аңғартады. Осындай маңызға ие болған қаланы басып алам деушілер көбейіп, оқтын-оқтын шапқыншылықтар жүргізіліп тұрған. Күйреп қайта қалпына келу кезеңін бірнеше рет бастан өткерген қала жоңғар шапқыншылығына төтеп бере алмады. Ол ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар болатын. 1801 жылы жарық көрген «Сібірдің сызба кітабында» Сығанақ қаласы Қазақстанның Сырдария алабына кіретін бір қаласы деп айтылып кетеді. Ілгеріде айтып кеткендей, қазіргі орны он гектар жерді алып жатқан 5 бұрышты төмпешік. Ал оның айналасында көптеген үйінділер мен су жүргізілген құрылыстың ізін байқауға болады. 

Жанкент қаласы

Жанкент – мемлекеттік маңызға ие археологиялық нысан. Қазалы ауданына қарасты, Өркендеу елді-мекеніне жататын биіктеу келген төбеде VІІ-ХІV ғасырлары жайнап тұрған Жанкент қаласы болған. Қаланың жойылуы аңыз бойынша Қарабура әулиенің қаһарына ұшыраған Санжар сұлтанның кінәсінен делінеді. Бегім анаға сенбей, оны зынданға тастатқан Санжарға әулие қатты ренжіп, қаланы ордалы жылан жұтсын деп теріс батасын беріп кетеді. Міне, содан кейін қала толығымен тарих сахнасынан жойылған. Ал тарих беттерінде басқаша деректер кездеседі. Оның бірінде 1219 жылы монғолдар шабуылдап қаланы түгелімен өртеп кетіпті. Осындай жалын отқа оранып жатқан қаланың үстімен Жошының өзі сәйгүлігімен шауып өтіпті. Монғолдар соққысынан кейін араға бірнеше ондаған жылдарды салып, қала қайта тіріле бастады. Тек толығымен ХІV ғасырда қалпына келіп, мұсылман мәдениетінің нағыз орталығына айналады. Бірақ, ол қуаныш та көпке созылмай, жүз жылдан соң, қала мәңгіге жойылып, төмпешіктерге айналды.

Қаланың жойылуына тек шапқыншылық емес, басқа да себептер болғандығы рас. Мәселен, бұл қала Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттық қарқынды жүргізілген қаланың бірі болған. Азия мен кәрі құрлықты жалғастырушы қаладағы керуен жолдары қысқарып, халықтың өмір сүруі қиындай бастайды. Соның кесірінен, Сырдария, Жаңадария бойында тұрғызылған Жент, Жанкент, Күйіккескен секілді қалалардың тұрғындары басқа тіршілікке қолайлы аймақтарға қоныс аудара бастаған. Оған әрине, Жанкент халқының монғол, қалмақ шапқыншылығынан көз ашпағанын қосыңыз. Туған жерлерін тастаған мыңдаған халық қазіргі Өзбекстандағы Ташкент, Бұхара, Самарқанд пен Хорезмге түбегейлі көшіп кеткен.

Тарихшылар мен археологтардың айтуынша, Жанкент сауда жолындағы ірі орталықтардың бірі болған. Онда арнайы хан сарайы орын тепкен. Қаланың өзіне тән өндіретін заттары болған, мысалы түс кілем, түскиіз, жылқының саймандары, соғыс құралдары, садақ пен жебе, сауыттар жасалынып, басқа да орталықтарға жеткізілген. Қаланы алғаш рет қазып, зерттеу жүргізген орыстың ғалымы П.Лерх еді. Ол келіп, зерттеуге кіріскенде қалада әлі де архитектура, көшелердің орны айқын көрініп тұрған. Жалпы қала аумағы төртбұрышты болып салынған және жаудан қорғану мақсатында үлкен қамалмен қоршалған. Ал қамалдың қалыңдығы алты метрге дейін жеткен. Ең жақсы сақталған жері оңтүстік беттегі қабырғасы болып есептеледі. Ол қатар тізбектелген, сол сияқты биік мұнаралары, оқ атуға арналған тесік көздері бар. Мұнарының ең биік жері оңтүстік-батыс бетінде орын тепкен. Қаланың қақ ортасында айналасы қоршауланған көне сарайдың орны табылған. Онда ел билеушілері өмір сүрген. Ал үйінді астындағы үйлерге қазба жұмыстары жүргізілгенде көптеген тарихи дүниелер табылған. Қызғылт шынымен жабылған көзе тақта, сынықтар, араб жазуымен көркемделген сауыт, қабырғаға салынған ғажап суреттер қаланың өмірінен сыр шертеді.

Жанкент қаласының орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде түрлі заттар жасайтын шеберханалардың орны табылған. Олардың көбісі Дешті Қыпшақ дәуірінен хабар береді. Сол сияқты қаладан ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын теңгелерді қазып алған. Бұл тарихи маңызға ие болған қаланы кеңес заманында да көптеген ғалымдар мен археологтар келіп арнайы зерттеу жүргізді. Қазір де жергілікті оқу орындарының ғалымдары мен Мәскеуден арнайы келген мамандар зерттеп келеді. Қаланың орны - Қазақстанның киелі нысандарының қатарына кіріп отыр.

Шірік-Рабат қаласы

Шірік-Рабат қаласы сақ заманынан бері келе жатқан құнды тарихи орын. Оның орналасқан жері де ерекше болған. Оңтүстік-батысын парсылар мекен етсе, батысында Ресей, ал оңтүстік-шығысында Қытай жұрты шекаралас болған, ең бастысы, ол Ұлы Жібек жолында тұрған қала.

Қаланың қазіргі орны Қызылорда шаһарынан оңтүстік-батысынан 300 км, Көмекбаев ауылынан оңтүстік бағытқа қарай жүз шақырым жерде. Нақтырақ айтқанда, Жаңадарияның ескі арнасынан сол жағаға қарай басқа төбелерде бөлектеу тұрған табиғи төбенің орны. Қаланың қорғанысы мықты болған. Сол төбелердің төменгі тұсында арнайы қазылған ор бар. Оның қазіргі тереңдігі шамамен бес метрге жуық, ал ені қырық метрге жетеді. Ал топырақтан тұрғызылған қабырғаның қалған биіктігі үш метр, ені он метрге жетеқабыл.

Бұл қала сақ дәуірінен бастап, Парсы мен Хорезм мемлекеттерімен байланысу Жаңадария арқылы болғандықтан, шекарадағы бекініс ретінде танылған. Сол сияқты ХVІІІ-ХІХ ғ. патшалық Ресейдің елімізді отарлау кезінде Хиуа хандығы аралығында тірек бекеті қызметін атқарған. Шірік-Рабат қаласының тарихы тереңде жатыр. Мәселен, ол алғашқы қоныстану кезеңінде тайпа көсемдері ғана ғұмыр кешіп, тек солар жерленетін орын болса, кейіннен жалпы халыққа ортақ мекенге айналған. Қаланың сол жағында сақ дәуірінен қалған ескерткіштер болса, оң жағында орта ғасырларда тұрғызылған үйлердің орындары қалған.

Шірік-Рабаттың сыртқы саудамен жақсы айналысқаны туралы көптеген деректер бар. Қазба жұмыстары кезінде табылған заттар оның анық айғағы болады. Күншығыс елдері мен батыс аймақты байланыстырған қала арқылы Жібек Жолының бір тармағы өтуі мүмкін. Парсы тілінде «шарех» сөзі бар, оның мағынасы «негізгі, дара жол» дегенге келеді. Соған қарап та, Шірік-Рабаттың көпшілік жүретін негізгі жолдың бойында орналасқанын байқау қиын емес.  

Жент қаласы

Бүгінгі күні Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының қарамағында бірнеше ежелгі және орта ғасырдағы қала мен мекендердің орны бар. Соның бірі Қазақстанның киелі нысандарының қатарына кіріп отырған – Жент қаласы. Ол ілгерідегі ауданға қарасты Аққола елді-мекенінің оңтүстігінен әрі 16 шақырым жерде орналасқан.

Жент қаласының орны қырық гектар аумаққа созылып жатыр. Қазба жұмыстары кезінде табылған материалдар әртүрлі ғасырларға жатқызылады. Женттің солтүстігінде арық жүргізілген, ал солтүстік-батысында Хиуа хандығы кезінде салынған үйлер мен мұнаралардың дуалдары қалған. Қаланың бас қақпасы оңтүстік-батысында орын тепкен. Ал қаланың ортасындағы цитадель, күзет үшін салынған мұнара мен қала сыртының айналасында арнайы қазылған орлар да ХVІ-ХVІІ ғасырларға жатқызылады. Цитадель кесектерден тұрғызылып, ортасы арқылы жүрген дәліз оны екі бөлікке бөледі. Олардың әрқайсысында 8-10 бөлмеден бар. Күзет мұнарасы сегізқырлы пішінді, биіктігі жеті метрге жетеді.

Бізге жеткен мәліметтерде бұл қалада ІХ-ХІІ ғасырлар аралығында ислам дінін ұстанған оғыз бен қыпшақ тайпалары өмір сүрген. Сол дәуірдегі Сырдарияның төменгі бөлігінде орын тепкен Жанкент, Баршынкент, Сығанақ, Асанас қалалары барлығы Жент өлкесі болып саналған. Сол кезеңде бұл қаланың жанданғаны соншалық Арал теңізін Жент көлі деген деректер де кездеседі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға