Жаңалықтар

Қапал-Арасанның 5 кереметі

Таңдай қақтырар Қапал-Арасанның әсем табиғаты 
Қапал-Арасанның 5 кереметі
Фото: Елдос Тоқтарбай 09.10.2017 14:42 11620

Желмаяға мініп алып, Жерұйық мекенді іздеген Асан-Қайғы Жетісу жерін көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының әр бұтағы жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс» деп тамсанады. Ежелден жер жәннаты саналатын Жетісу өлкесіндегі Қапал-Арасан ауылын көрген кез келген жан әрбір тастың өзіне үңілмей кетуі мүмкін емес. Бір жағынан шипажай аймағы саналатын Арасан өңірінің 5 кереметін оқырман назарына ұсынбақпыз.

Ұйқыдағы ару

Анықтап қараған адамға Қаратаудың қатпарымен ұйқыда жатқан ару бейнесі көрінетін табиғаттың әсем көрінісін ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов:

Домбырамда  күй  тұнған,

Жанымнан  толқып  жыр  туған.

Бір  әуен  айтып  берейін,

Ояншы  сәулем  ұйқыңнан,-деп жырлаған екен.

Шоқпар тас

Бүйен  өзенінің   оң  жағалауында  орналасқан  «Шоқпар тас» та кезіккен адамды тамсандырмай қоймайды. Осы өңірдің тума таланты, ақын Қанатай  Құдайбергенов туған жерінің ғажап табиғатын былайша суреттейді:  

Қаратау  қалқа  болған  Алатаумен,

Бүйеннің  салқын  соққан  самалымен.

Шоқпар  тас  қия бетте  құламай  тұр,

Қойғандай  Баян  қыздың  қалауымен...

Бүркіт тас

Бұл тасты бес жасар баланың өзі бүркітке ұқсатары сөзсіз. «Бүркіт тас» – Арасан-Қапал ауылындағы адамның қолымен ойылып қойылмағаны көрініп тұратын ерекше тас.

Тасбақа тас

«Бүркіт тас» секілді «Тасбақа тас» та атауына ешкім бас қатыра қоймайтын табиғи «мүсін». Иә, мұндай табиғаттың тылсым көрінісіне таңдай қақпау әсте мүмкін емес.

Арасан сулары

Қапал-Арасанның тағы бір байлығы немесе кереметі – шипалы арасан сулары. Бағзы замандарда осы өлкенің биі Маман Дөсетұлының сырқат адамдарды ыстық сумен емдегені жөнінде деректер бар. Бүгінгі ғылым емдік қасиеті мол арасан суларының адам ағзасына өте пайдалы, дертке дауа екенін дәлелдеп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға