Жаңалықтар

Мәди Манатбек: Қоғам сыншысы емес, белсендісі бол

"Қазақ радиолары" ЖШС директоры Мәди Манатбекпен сұхбат
Мәди Манатбек: Қоғам сыншысы емес, белсендісі бол
29.08.2017 11:49 8393

Әдетте қаланың кептелісінде тұрғанда, ұзақ жолға шыққанда жаныңды жадыратар ән мен құлағыңның құрышын қандырар әңгіме тыңдайтын, 96 жылдық тарихы бар Қазақ радиосы соңғы уақыта бір ерекше сілкініске жасағанын байқап жүрміз. 28 тамыздан бастап «Жаңа маусымға аяқ бастық» деп жариялаған еліміздің үнжариясы – Қазақ радиосына құттықтай кіріп, «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Мәди Манатбек мырзамен аз-кем сұхбат құрған едім. Радионың бүгінгі жаңалықтары туралы басталған әңгіме болашақ жоспарларға ұласып, біраз көкейкесті мәселелердің тығыны ағытылды. 

- Жаңа маусым құтты болсын! Жаңалықтарыңыз бар екен,  атауларыңызды латын әрпіне көшіріп жатырсыздар. Заты қалай?

- Атына заты сай болады. Біз республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясы төрағасымен, басшылығымызбен ақылдасып отырып 96 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосы» деген атауды, брендті негізге алып, құрамына төрт радио кіретін мекемені «Қазақ радиолары» деп атауды жөн көрдік. Бұған дейінгі атауымыз «Республикалық радио» болатын. Бірақ елдер бұл жаңа радио ма деп шатаса бергесін, атауымызды мазмұнды етіп өзгертуге шешім қабылдадық.

- «Қазақ радиолары»  мен «Қазақ радиосының» айырмашылығы не?

- Қазақ радиолары компаниясына  «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана радиосы» және «Classic» кіреді. Айырмашылығы осында. Осы төрт  радионың басын біріктіретін заңды мекеме ол – «Қазақ радиолары».

- Мұрамызды саралап, рухани жаңғырудың басты қадамдарының бірі латын қарпіне көшу екенін Елбасы атап өткен болатын. Сіздер де алғашқылардың бірі болып логотип өзгертіп, бұқараға бұл істің маңыздылығын жеткізіп отырсыздар.

Әрине, латын қарпі біздің болашағымыз екені айтпаса да түсінікті. Біз сол арқылы әлемдік ақпаратқа да есік ашамыз. Рухани жаңғыру көзбен көретін, қолмен ұстайтын дүние емес, бұл әр қазақтың кемелденуі, ұлт дәрежесінде өсіп, мемлекеттігіміздің нығаюы.

- Осы себептен мазмұнын да  ерекшеледік. Біз радиомызда саяси, қоғамдық, әлеуметтік бағытқа басымдық беріп отырмыз. Өйткені, уақыт сұранысына сай болып, еліміздегі әр тыңдарманның қалауын тапқымыз келді. Қазір сылдыр сөзбен алдарқатудың, құр мақтанның уақыты өткен. Жұрт өзіне керегін, қажетін талап етуді біледі. Бірақ өкінішке қарай қазіргі талап құлқынның, әрі кетсе әулеттің қажетінен аспай отыр. Мысалы, қазақ тілі дамысын дейміз де, ана тіліміздің кеңінен қолданысқа енуіне үлес қоспаймыз. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелерде де солай. Біз ең алдымен  ұлтты тәрбиелеуіміз керек, сана трансформациясын жүзеге асырумыз керек,  ал тәрбие құқық құралы. Сондықтан қоғамдық маңызды мәселелерге назар аудартсақ дейміз.

Айталық «Жан жылуы» бағдарламасын  аштық, осы жерде екі бүйрегі семіп қалған төрт жарым жастағы Әнел деген қызымыздың операциясына 14 млн теңге тауып бердік. Қызылорда облысындағы көп балалы анаға 3 бөлмелі пәтер алып беруіне септігіміз тиді. 50 мың, 100 мың, 500 мың теңге, бір миллион деп көрсетіп жатқан көмегіміз ол өз алдына. Осы жоба арқылы қазақ қоғамын мейріміділкке шақырып, бір бірімізге қол ұшын созу санасын қалыптастырғымыз келді, ол ойымыз жүзеге асып жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Біз рухани байлығымызды материалдық табыстан жоғары қоюды үйренуге тиіспіз.

- Бұл әлеуметтік жағы. Саяси жағынан бұқаралық ақпарат құралындарында ашық талдауға қаншалықты дайынбыз? Қоғам оған дайын ба?

- Шынын айту керек көп басылым мен БАҚ құралдары саясат десе жөні осы екен деп ағаш атқа теріс мінгізіп жібереді. Саясаттың бәрі нашар деуге болмайды. Анаған тәуелдісің, мынадан қорқасың деген сияқты өсек әңгіменің маңайынан шыға алмай қаламыз. Содан біз дайын емеспіз деген әңгіме де шығады. Мысалы латын қарпін енгіземіз дегенде басталған шу әлі басылар емес. Уысынан шығарғысы келмейтін өзге елдердікі бір жөн, өз азаматтарымыздың қарсы болғанына қынжыласың. Дербес мемлекет ретінде Қазақ деген елдің өз бағыты, өз жолы барын ұғынсақ етті. Бір жағынан бұл пікірдің сан алуындығы. Сол пікірлерді жеткізу мақсатында «Кезең» деген бағдарлама аштық. Дүйсенбі, сәрсенбі күні эфирге шығады. Елімізде болып жатқан қоғамдық, саяси мәселені сол мезетте айтып талқылайды.

- Жоқ, енді бізде бір саяси бағдарламалар телевизида бар, радиода да, газет те өзінше жазып жатады. Бірақ салмағын анықтайтын спикерлер емес пе?

- Эфирге маңызды спикерлерді шығаруға тырысамыз. Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты ресми қызметтен министр келе алмауы мүмкін, бірақ вице-министр, комитет төрағалары, департамент, басқарма жетекшілері міндетті түрде келеді. Ал жұма күні осы елімізде болған саяси қоғамдық оқиғаларды таразылап, сараптама жасап отыратын «Алаң» деген бағдарлама аштық. Қоғам өз ішінде болып жатқан құбылыстарға сырттан ғана бақылаушы болмай ішінен де араласуы керек. Сол кезде әр азаматтың санасында қоғам алдындағы жауапкершлігі пайда болады. Бұл да біздің рухани жаңғырғанымыздың бір белгісі болмақ.  

- Әдетте осындай бағдарламаларға шығуға болмайтын адамдардың бір бейресми тізімі болады екен...

- Біз ешкімнің түсіне, жүзіне, ұстанамына қарамаймыз, маңыздылығын ескереміз. Бұл заманның талабы, уақыт талабы. Әміржан Қосанов келді эфирге. Мұхтар Тайжан шықты. Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, қайта ол азаматтар тұшымды ой айтып кетті. Әміржан Қосановтың рухани жаңғыру мақаласы туралы осы радио эфирінде айтқан «Президент пе, оппозиция ма, билік пе, бизнес өкілі ме ұлтты ұйыстыру жолында біз бірігуіміз керек» деген сөзі есімде қалды. Шындық дегеннің өзін шыңғыртып көбіне жалаңаш күйінде шешіндіріп жеткіземіз де, ешкімге жақпаймыз. Киіндіріп жеткізсе де түбінде айтар ойыңды білдіруге болады емес пе?

Сосын сары майдай сақтап отырған «Алашнама» атты бағдарламамыз тамыздан 28-нен бастап эфирге шықты.  Ерекшелігі сол, «Алашнамада» халқымыздың шығу тегі, тарихы туралы баяндалады. Осы хабарымыздың барысында ауызша, жазбаша деректерге сүйене отырып, төл тарихымыз талқыланады. Хабарға тарихшылар, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатысады. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы өте маңызды бастама деп бағалар едім. Осы уақытқа дейін тарихымызды біраз бұрмаладық, көп қателестік. Қазақ деген ұғым 1465 жылы ғана қалыптасқан сияқты. Бірақ Әбілхайыр ханнан бөлінгеннен кейін қалыптасқан жоқ қой қазақ деген ұлт, оның алдында да қазақ болдық. Жалпы «Қазақ» деген сөздің қалыптасуы соңғы 30 ғасырда бар. Оны енді  біз нақты айта алмаймыз, ал ғалымдар ғылыми негізге салып студияда айтып береді.

- Байқағанымыз радиода бағдарламалар мазмұны ғана емес, дауыстар да өзгере бастаған сияқты. Бұрынғы кеңес өкіметі кезіндегі эталон болған Левитанның ресми даусынан кетіп, қазақи қоңыр үнге келген сияқтымыз?

- Дауысқа назар аударып отырмыз. Кеңестік калькадан өзіміздің табиғи үнге келдік. Бұдан бөлек қазақ радиоларына жаңа лого жасап, атауын қазақы қалыпқа келтіріп, видеоролик жасап, фотоколлаж әзірлеп, өзімізді барынша танытуға, жарнамалауға тырысып жатырмыз. Әлеуметтік желіге ерекше назар аударып отырмыз. Сол үшін де компаниямызда радионы стратегиялық дамыту қызметін аштық.

- Ғаламтордың соңғы уақыттарда ақпарат тарату бағатында үлкен белсенді күшке айналғанын байқаймыз. Сіздерге  ғаламтор, әлеуметтік желі қаншалықты маңызды нәрсе? Радио деген қарап отырсақ үйде қосып қойып тындайтын нәрсе сияқты.

-  Иә, бәріміз солай ойлап келдік. Сөйтсек қателесіппіз. Алдымен бүкіл нарықты зерттедік.  Қай елде  радионы көп тыңдайды, соны білдік. Бұл бір. Екіншіден қазір интеллект, интеллектуалдар заманы. Мысалы, сенің теледидар көруге, не газет оқуға уақытың жоқ, бірақ үнемі автобуста, таксиде, жалпы көлікте жүресің. Немесе көп уақытың мен назарың мына смартфонда, мобильді құрылғыда.  Сондықтан да қазір интеллектуалды азаматтар барлығы радиоға қайтып келіп жатыр. Осы мүмкіндікті біз пайдалануымыз керек.

- Радио қазіргі адамдар үшін мобильді құрал ғой?

- Иә, мобильді құрал. Енді осы радионың ішінде ең мобильді ақпарат жеткізуші құралы - подкаст дегенді бастаймыз. Әлеуметтік желі, мессенжерлерді енді енгізіп жатқанда көпшілік үшін подкаст дегеннің не екенін түсіну қиындау. Кезінде «Wikibilim» әзірлеген "Дұрыс сөйлеу" деген аудиобағдарлама бол,ан. Осыны біз келісім арқылы алып, өзімізге подкаст жасап жатырмыз. Айталық, «құлағыңа алтын сырға» дегенді назар аудар, саған айтылған деген мағынада түсініп жүрміз. Жоқ, «құлағыңа алтын сырға» деп біз үлкендер әңгімелесіп жатқан кезде келін кіріп келсе, «Құлағыңа алтын сырға» дегені «Сен шыға тұр айналайын, біздің өзара әңгіме» деген ишараны білдіреді. Немесе, тойға келеміз де «Тастай бат та, судай сің» деп тілек айтамыз. «Тастай бат» деу қарғаудың, өлім тілеудің бір түрі. Біз қазақ оны қалай айтқанбыз? «Балдай бат та, судай сің», міне дұрыс тіркес осы. Яғни балдай ақырындап, барған ортаңа сіңісіп кет деген үлкен бата жатыр артында. Осындай әдемі сөздерімізді ыңғайлы аудио форматта шығару арқылы жастарымызға, жалпы тыңдарманымызға рухани азық беріп, әдемі де шұрайлы ана тіліміздің қаймағын таңдап бергіміз келеді. Ескірген сөздерге жаңа дем беру рухани жаңғырудың басты мақсаттарының бірі деп есептеймін. Міне, подскаст дегеніміз осы.

- Соңғы кезде байқағанымыз радионы қазір тындау ғана емес, көру де мүмкін иә?

- Мүмкін ғана емес жүзеге асырылып та жатыр. «Радионы қалай көреді?» деген сұрақ туындайды. Ол жаңағы әлеуметтік желіден шығады. Болашақта радиоларымызға кәсіби  бейнекамералар орнатпақшымыз. Бірақ олар қымбат,  қаржылық жағдайымыз жоқ. Дегенмен қазір минимализмнің заманы, сондықтан мекемелеріміздің құрамына кіретін әр студияға екі смартфоннан қойып қойдық. Біреуі инстаграммның тікелей эфиріне шығады. Сол мезетте, екіншісі фейсбуктің тікелей эфиріне қосылады. Қазақ радиосы еліміздің 89 пайыз аумағын қамтиды. Яғни, осы қамту аумағына кіретін тұрғындар біздің радиоларды тыңддай алады. Ал мобильді құрылғы арқылы біз бүкіл әлемге шығып отырмыз. Бұл біздің заманға сай төселгеніміз. Енді қазақ радиолары қазақтың үнін күллі әлемге таратып отыр. Бір алақандай телефонмен бүкіл әлемге шығып отырмыз. Ол ісімізге қуанамыз. Ал жақын болашақта әрбір студияға смартфоннан бөлек 4-5 кәсіби бейнекамерадан қоямыз. Сонда ел бізді ресми сайтымыздан телеарна сияқты көреді.

- Ол бейнежазбаларды сайт арқылы таратсыздар ғой?

- Сайтымыз қазір бар. Оны қазір жаңадан жасақтап жатырмыз. Жаңарған сайттың ерекшелігі - подкаст болады. Тыңдаушы сол мезетте тікелей эфирден бөлек, басқа бір бағдарлама тыңдағысы келсе подкастқа кіреді де бақасын таңдай алады. Мәселен, ән немесе басқа бір хабар тыңдағысы келген адам тікелей эфирдің жүріп жатқанына қарамастан, қазақ поп, қазақ лирик, алтын қор немесе басқа дайын хабарларды өз қалауынша тыңдай алады.

- Иә, әнге келдік ақырындап. Әндер қалай тыңдалады?  Жоғарыда айтып отырған саяси-әлеуметтік бағдарламалар негізінен орта буынға арналған. Бірақ қазақ радиосын жастар да тындау керек қой.

- Иә. Оны біз оны ақылдаса отырып шештік. Жалпы біз төрт радионы бөлдік. Бұрын Шалқар мен Қазақ радиосы бірдей еді. Адамдар ажырата алмайтын. Қазір Шалқар таза ұлттық-рухани бағытта жұмыс істейді. Қазақ радиосы қоғамдық-саяси, әлеуметтік һәм әмбебап. Ол жерде  де ән орындалады, күй шертіледі, терме айтылады, бірақ елімізде болып жатқан ақпараттық, саяси шешімдер, қоғамдық, әлеуметтік мәселелер кеңінен  талқыланады. Classic ол классикалық музыка. Сосын Астана радиосы да Қазақ радиосына ұқсап кеткен еді, ол жерде де саясаттан бастап барлығы бар болатын. Енді Астана радиосы таза Астана тақырыбына, жастарға арналған.  Музыкалық саясатқа келетін болсақ, әр сағаттың 20 минутында музыка беріледі. Өйткені бірінші кезекте радио – ол музыка. Сосын ойын-сауық. Қазақ радиосында таңғы жеті мен онның арасында үш сағат адамның жұмысқа келетін уақытында ешкімнің басын ауыртпаймыз, ешкімге ақыл айтпаймыз, ол жерде адамның ұйқысын ашатын, жұмысқа жетелейтін, көтеріңкі көңіл сыйлайтын динамикалық музыка, хабарлар болады. Сол үшін біз таңғы эфирге сен тұр, мен атайын деген жалындаған жастарды, мәселен Шахаризат Сейдахмет деген әншімізді шақырып отырмыз. Өзі от ауызды, орақ тілді жігіт, әнші. Ел сыйлайтын, сөзі өтетін, аузы дуалы азаматтарды да эфирге шақырып отырамыз. Мәселен бізде «Қауырсын ғалам» деген әр бейсенбі сайын шығатын түнгі оннан он бірге дейін поэзия сағаты болады. Оның жүргізушісі – Қалқаман Сарин. Қалқаман елге шыға алмай жүрген жас ақындарға осы радио эфир арқылы жол ашады. Бұл таланттар үшін үлкен жаңалық. Оның шығармасының тұсауын жәй адам кеспейді, Қалқаман Сарин кеседі! Бұл шығармашылық, шабыттың адамы үшін, әсіресе жастар үшін қандай стимул береді, ойлап көріңізші?! Сонымен қатар, қандастарымызға арналған «Нұрлы көш» деген хабарымыз бар. Хабар тізгінін Ауыт Мұқибек беріп отырмыз. Ол шетелден келген біздің қандасымыз – бір, еліміздегі көші-қон туралы заңды жасауға етене араласқан адам – екі, қазақ еліне көшіп келгісі келетін жандарға құқықтық кеңес беретін азамат. Осы ауырртпалықтың бәрінен өткен Ауыт Мұқибекті сол үшін таңдап отырмыз.

- Демек радионың әрбір бағдарламасын өзіндік сол саланы білетін, танымал тұлға жүргізеді ғой?

- Танымал тұлға, оның ішінде жаны ашитын маман жүргізеді. Айналып келгенде радио бұрынғыдай тек жұмыс беруші мекеме емес, радио – ғылыми орталық, ақпарат орталығы, насихат орталығы.

Одан бөлек футболдан тікелей трансляция жасай бастадық. Бұл да соңғы 10-15 жылда қолға алынбаған мәселе. Ал енді біз қазір тексердік, Ермұхамед Мәуленді эфирге шығардық, жүргізгені керемет қой. Ермұхамедтің даусына ел қызығады. Адам тыңдау арқылы да ақпаратты толыққанды, оның ішінде тіпті футбол ойынын да әдемі қылып жеткізуге болатынына көз жеткіздік. Одан бөлек «Онлайн», «Пенальти» деген футбол хабарын аштық. «Ойзерек» деген жастардың интеллектуалдық сайысын өткізіп жатырмыз. Басында көпшілік тіксіне қарады. Ағылшынша сөйлейді деген сын да естідік. Менің ойымша онда тұрған ештеңе жоқ. Грузияға, Әзірбайжанға барсаң қазіргі жастар ана тілін жақсы біледі және ағылшынша еркін сөйлейді. Біздің ешқандай тілді шеттететін ойымыз жоқ, бірақ қазақ жастарының бүкіл әлемдік ақпаратқа біреудің тілі арқылы емес тікелей шыққанын қалаймыз. Және де «Ара» деген сатиралық хабар ашып жатырмыз.

- Бұрынғы «Ара» ма?

- Иә, бұрынғы «Ара» журналы. Енді ол радиожурнал болып шығады. Бұл хабарды не үшін аштық? Өзіміздің айта алмайтын ащы шындықтар болады. Айта алмайсың. Ыңғайсыз. Болмайды деген сияқты. Бірақ қазақ айта алмаған шындығын астарлап, әзілмен жеткізген емес пе?! Ал бізде сатираның қазіргі ақсақалы, астарлы әзілдің шебері кім? Ол белгілі сатирик Көпен Әмірбек. Ол еліміздің еңбек сіңірген қайраткері. «Араны» өзі жүргізеді. Біз жауынгерлердің өмірінен сыр шертетін хабарға да кезек беріп отырмыз. Сарбаздың елін, ата-ана, бауырларын сағынғанын жеткізетін, қарулы күштердің жаңалығын айтатын хабар «Сарбаз» деп аталады. 28 тамыздан бастап эфирге шықты. Жүргізушіс Мәдина Махамбетқызы. «Сүйінші» деген хабарымыз шыға бастады. Біз кілең негативке үйреніп қалдық. Анау атып кетті, қашып кетті, жанып кетті, жарып кетті деп. Дұрыс енді, айту керек те болар. Бірақ неге жақсыны көрмей қала береміз, жақсылық жоқ па елімізде? Міне «Сүйінші» хабарының жүргізушісі Гүлжазира Берікқызы елімізде, қалаларда, ауылдарда, ашылып жатқан кәсіпорын, мектеп, монша, мешіт, салынып жатқан жолдар, соның бәрін сүйіншілеп жеткізеді. «Тілсақшы» деген хабарымыз бар. Мұнда қазақ тілін қате қолдану фактілерін анықтап, фото-бейнеге түсіріп аламыз. Радио эфирге шығарып айтып отырамыз. Бірақ ешқандай агрессия болмайды. Қателікті түзетіңіз деп ескерту жасап отырамыз. Сондай-ақ  ғылым мен білімге арналған тақырыптар да қалып жатқан жоқ. «Үй тапсырмасы» деген бағдарламамыз бар. Аптасына бес рет шығады. Онда үй тапсырмасын орындауға, есебін шығара алмай қалған оқушыларға  көмектесеміз. Үйде баласымен сабақ оқып отырған ата аналарға да жақсы көмек. «Балдәурен» атты балаларға арналған базарлығымыз да бар. Бұрынғы алтын қордағы ертегілерді пайдаланамыз, жас буынды фольклормен сусындатып отырамыз. Олар рухы биік, санасы таза болып өсуі үшін осындай дүниелерді көптеп насихаттау керек!

Біз радиоға келгенде «мен не тыңдағым келеді, қандай хабарлардың болғаны абзал, осы елдің тұрғыны ретінде өзіміз не іс атқара аламыз, деген сауалды өзімізге қойдық. Міне осы сауалдардың жауабын «Қазақ радиоларының» эфирі арқылы көпшілікке ұсынып отырмыз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға