Жаңалықтар

"Еңбекшіл қазақ" газеті латын графикасы туралы: Мұхтар Мұрзалыұлы       

"Еңбекші қазақ" газетінде жарияланған мақалалар
"Еңбекшіл қазақ" газеті латын графикасы туралы: Мұхтар Мұрзалыұлы       
12.09.2017 13:00 7682

Қазір талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. ХХ ғасырдың жүзжылдығында 3 бірдей қаріп ауыстырған біздер үшін бұл жолғы өзгеріс түбегейлі бетбұрыс болуға тиіс. Осыдан 90 жылдай ілгері, дәлірегі, 1920 жылдың соңғы бесжылдығында латын графикасына ауысу басылым беттерінде қызу талқыланып, өткір жазылғанын ескерсек, олардың қорытқан ой-тұжырымдары мен көзқарас-пайымдарынан өнеге алу қажетті-ақ. Редакция  осы мәселеге байланысты арнайы айдар әзірлеп, ескі газет-журналдардан материалдарды қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмақ.  Ендеше, өткен тарихта латын әліпбиіне көшу несімен өзекті  болды,  қандай мәселе туындап, оны  қалай шешу ұсынылды осы және өзге де  сұрақтарға жауап табасыздар деген сенімдеміз. 

Латын белгілерін алу жайында қосымша

«Жас қазақ» журналының 4-санында басылған «Дыбыс белгілерін негізінен өзгерту керек» деген мақалада біз латын белгілерін алудың керектігін ғана сөйлеп, жобаның өзін тек шет-пұшпақтап қана айтып, мәністемей кетіп едік. Өйткені біздің Қазақстан азаматтарының көзқарасы салқын болғандықтан нақ бүгін-ертең шешіле қоятын әңгіме бола қоймас деген ой еді.

Жақында Мәскеу, Ташкент  азаматтары бұл мәселеге шұғыл кірісіп, өздерінше жобаларын тартып отыр. Сол себептен біз де осы күнге шейін шыққан жобалармен қатар өз жобамызды да түсіндірмекшіміз. Мәскеуден гөрі Ташкент жобасы біздікіне жататын секілді. Ташкенттің бізге қосылатыны:

  1. Белгілерді ұлы, кішіге бөлмеу;

  2. «Қ» мен «К», «Ғ» мен «Г» - ге бір белгі қолдану;

  3. «Ұ» мен «ҰУ»-ларға бір белгі қолдану. Әуелгі екі белгі («Қ-К», «Ғ-Г») туралы өткен мақаламызда айтылып кеткендіктен соңғы екі белгі, яғни, «У», «ҰУ»-ларға бір белгі қолдану жайынан ғана айтып өтпекпіз. Бір белгіні, мысалы, «У»-ды «ҰУ» орнына алсақ, сол белгіні «У» деп оқуға болады. Оның үшін ұзын «И» дауысты дыбыстардың соңынан жарты (шолақ) дауысты дыбыс болып оқылады деген ереже болмақ. Бұл ереже латын тілінде бар ереже, біздің қазаққа дәл келеді.

Мәскеу, Ташкент біздің жобаларымыздың қай-қайсында болса да латын қаріптерінің қазақ дыбыстарына үндес келетін белгілерінде айырма жоқ. Айырма тек латын тілінде жоқ болған қазақ дыбыстарына латын қаріптерін арнауда.

Бұл жақтан қарағанда Ташкент жобасы Мәскеудікінен гөрі бізге жақынырақ. Өйтсе де бізге қосылмайтыны бар. Сол себептен әлде де болса Ташкент азаматтарына ескертетініміз мынау: қаріптердің астыңғы белгілерін қоя тұрып, үстіңгі белгілерінен қашуға болмайды. Өйткені «і», «j»-лардың үстеріндегі ноқаттарынан қашып отырғанымыз жоқ, оның бер жағында үндес қаріптерге негізгі бір белгі алып, айырма белгілерін көрнекі қылып алу керек. Олай болу үшін айырма белгілері негізгі белгілердің астыңғы жағында я ішінде  болулары тиіс емес. Өйткені оқуға қолайсыз, кедергі болмақ.

Осы айтып өткен реттерге қарап, «Ң», «Ұ», «Ы» белгілері жайында мынадай белгілердің алынуларын жөн көреміз: «n», «û», «î».

Бір дыбысқа бірнеше белгіні құрастырып, жаңа екінші бір дыбысқа белгі қылу Еуропа халықтарының тілдері дами келе амалсыздан қолданып кеткен бір қолайсыз әдістің бірі. Біздің оны үлгі қылуымыздың жөні жоқ. Сол себептен «Ч»-ны жалғыз «Һ» мен белгілеуіміз жөн. Латында «К» «С» болмақ және «К»-дан гөрі «С»-ның жазуы да оңайырақ, сондықтан «Қ» – «С» болмақ.

Енді дәйекшіге келсек, оның да көрнекті болып тұруы тиіс. Және қаріптермен пішіндес болып тұруы лайық. Бұған орыстың «Ь» алынуы жөн. Оқу ретінің жеңілдігіне қарағанда дәйекшінің сөз басында жазылуы жөн болар еді. Жазу ретінен аяғынан (соңынан) тұруы қолайлырақ. Қайткенмен де дәйекшінің орнына талас шамалы болуға тиіс.

Осы айтқандарды ескеріп, Түркістан, Қазақстан бір қаулыға келген болса, қазақ әліппесіне латын белгілерін алу мәселесі даусыз шешілгенге саналар еді. Бұдан кейінгі жұмыс тек іс жүзінде қолдану шаралары болып қана қалар еді. Оның бер жағында өз бетімен қолдана береміз деген азаматтар да үйреніп қолдана берер еді.

Сонымен біздің әлде де болса ұсынатын әліппеміз мынау:

А – а

Б  – б

Д – d

E –  e

Ғ –  g

И –  i

Ы – î

Ж – j

Қ –  c

Л – l

М – m

Н – n

Ң – n

О – o

У – u

Ұ – û

П – p

Р –  r

С –  s

Ч –  h

Т –  t

З –  z

дәйекші – ь


Мысалдар:

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт  қайда бар?

Алда көрген артта жоқ,

Мысқыл өсек айла бар.

                                         Абай                                                                              

Мұрзалыұлы Мұхтар                                                1924- ші жыл. 18 май

Cajimas dos calicta joc

Ainîmas sert caida bar?

Alda corgen artta joc

Mîscîl osec aila bar.

                                  Abai                                                                                 

 Mîrzaulî Muctar                                                           1924 nhî jîl maidîn 18

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға