Жаңалықтар

«Қошқар ата» өзені – жанға шипа, дертке дауа

Шымқаланың кереметтері
«Қошқар ата» өзені – жанға шипа, дертке дауа
Фото: Әйгерім Бегімбет 31.08.2017 11:15 34639

Иә, Шымкентті қақ жарып, қаланың ішін бойлай ағып жатқан «Қошқар ата» өзенінің денсаулыққа тигізер пайдасы мол. Әсіресе буыны ауырып, балтыры сыздағандар мен сүйек, ас қорыту мүшесі мазалағандарға бұлақтың суы  таптырмас ем. Сондықтан болар, бұл жерде жылдың төрт мезгілінде де адам аяғы үзілмейді. Ал жаздың аптап ыстығында ине шаншар бос орын болмайды. Демалыс аймағына кіру ақысыз болғандықтан жас та, кәрі де, бала-шаға да осында. Бұлақтан бастау ағып жатқан мұздай суға түсіп, мәз-мейрам.

Алдымен аңызға үңілсек. Қаратау өңірінде дүниеге келген Қошқарата  XI ғасырда өмір сүрген деседі. Азан шақырып қойған есімі – Қылыш. Төртінші атасы Арқар деген асқан батыр адам болған екен. Сол «сен енді Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп жанама ат қойыпты. Кішкентайынан алғырлығымен, зеректігімен көзге түседі. Талабын ерте байқаған ата-анасы оны жеті жасында Бұқараға оқуға жібереді.

Ол жақта да Қошқарата ерекше дарынымен, қабілетімен ұстазының көңілінен шығады. Ұстазы оны өзгелерден оқшаулап, ықылас-ілтипатпен қарайды екен. Бұл басқа шәкірттердің ашуын тудырады. Ұстазының қой деген сөзін ұқпай, басқалар оған үнемі тиісіп жүреді. Бір күні ұстаз шәкірттердің бәрін отын алып келуге жұмсайды. Сол кезде Қошқаратаның қасиетіне өзгелер де куә болсын деп өзеннің арғы бетіне жібереді. Сонда ол судың бетімен жүріп өтеді. Табаны судың бетін сырып қана арғы бетке батпай жетеді. Таң-тамаша болған айналасындағы адамдар содан кейін ғана оның қасиетін мойындапты. 

Көзі ашық, ілімді Қошқарата оқуын аяқтаған соң, Оңтүстік өңірге қайтып оралады. Мешіт, медресе ашады. Халықтың діни сауаттылығын көтеруге атсалысады. Алланың берген қасиетінің арқасында көптеген бұлақтардың көзін ашып, суландырумен айналысқан деседі.

«Қошқар ата» өзенінің айналасында бұлақ көп болған. Сондықтан да Мыңбұлақ деп те аталған екен.  Бұл өзен бастауын Қазығұрт тауының төменгі тұсынан алады. Екпінді ауылына келіп су жерге сіңіп кетеді де, қайтып осы Шымкенттегі қазіргі «Қошқар ата» өзенінің бастауынан шығады.

Әлемде қаланың дәл ортасынан бастау алатын өзендер өте сирек кездеседі. Соның бірі осы – «Қошқар ата» өзені. Қаланың ылғалдылығын сақтап қана қоймай, тосқауылға тап болмаса 600 гектарға жуық жердi суландыруға қабiлеттi.

Бұдан біраз жыл бұрын «Қошқар ата» өзенінің айналасы күл-қоқысқа толып, үй-күйсіз жүргендер мен маскүнемдердің тұрақты орынға айнаған еді. Сондай-ақ, өзеннің айналасына орын тепкен тұрғындар қоқыс қалдықтары мен шайынды суларын өзенге төгетін. Бұл мәселе облыс, қала әкімдігінің басты назарына алынып, айналасын абаттандыруға көп күш пен қаржы жұмсалды.

Қазір «Қошқар ата» өзені қала тұрғындары мен қонақтарының жиі баратын, әдемі демалыс аймағына айналған. Қайта жаңғырту жұмыстары барысында киім ауыстыру орындары мен орындықтар қойылды. Адамдарға суға түсуге ыңғайлы болу үшін өзеннің сағасын тастармен бекітілді. Көпірлер орнатылды. Тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қошқар ата» өзеніне күзетші мен учаскелік полицей бөлінді. Сондай-ақ, спортты жаны сүйетіндер үшін арнайы жаттығу алаңшасы да салынды.

Сонымен қатар екі жылдан бері Наурыз мерекесі қарсаңында өзеннің маңайында «Қошқар ата сейілі» өтуде. 100 жылдан кейін қайта жаңғырған көктем мерекесінде бұлақ көздері тазаланып, асық ату, қазақ күресі, қошқар көтеру сияқты қызықты жарыстар ұйымдастырылып, жиналғандардың көңілін серпілтеді.

«Қошқар ата» - бойыңа күш-қуат дарытатын, тәнің мен санаңды сергітетін өзен. Бұлақ басынан атқылап шығып жатқан мұздай суды бір сімірсең, жан сарайыңды ашады. Барды бағалап, тазалық сақтап, «Қошқар атаны» қастерлейік!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға