Жаңалықтар

Тоқта баурайындағы тұнық көл

Алакөл атауы туралы аңыздар не дейді? Алакөлде әлемдік қызыл кітапқа енген қандай құстар бар?
Тоқта баурайындағы тұнық көл
25.04.2019 09:20 9905

Туризмнің туын тіксек...

Бюджеттің түсімін арттыру үшін еліміз экономикасын әртараптандыру көптен бері айтылып келе жатқан мәселе.  Бұл межені еңсеру үшін арнаулы мемлекеттік маңызы бар құжат та қабылданған болатын. Сол бағдарламаларда  аталатын негізгі саланың бірі – туризм.

Туризмнің тынысын ашу қажеттігін Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да ұдайы назарда ұстаған. Екі жыл бұрынғы бір сөзінде былай деген-ді: «Біз туризмді дамытуды мықтап қолға алуымыз керек. Дүниежүзінде әлемдік экономиканың 10 пайызын туризм құрайды. Біздің елде туризм саласы тым кенжелеп қалып отыр. 2025 жылға қарай экономикалық пайдамыздың 8 пайызын туризм саласынан табамыз деп жоспар қойып отырмыз». Одан бөлек,  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-қадамында да «туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторларды тарту» керектігін баса айтады.

Расында да туризм тілін таба білгенге орасан пайданың қайнары. Неге? Өйткені ол шикізатты талап ететін зауыт, фабрика емес. Жаратқанның берген сыйы, табиғаттың тамашасын туристер төтеден жол салғандай жиі келетін көрікті орынға, ғажайып мекенге айналдыра білсең жеткілікті. Біздің елде ондай орындар, табиғаттың қынына ештеңе шендесе алмайтын тамаша тартулары жетерлік. Соның бірі – Алакөл. Жалғанды семсерімен сескентіп, қаһарымен қаймықтырып уысында ұстаған Шыңғыс ханның өзі шырайлы өңір, шұрайлы жер деп ат шалдырған Алакөл – маңдайымызға бұйырған бағымыз.     

Жақсыға да жарнама керек

Туризмді дамытудың басты әдісі – жарнама. Осыны жадына мықтап тұтқан үкіметіміз ұлттық компания да құрды. «Қазақ туризм» деп аталатын ұлттық компаниясын құрудағы мақсат – еліміздегі туризмнің күретамырына қан жүгірту. Еліміздің туристер қызығатын көрікті мекен, әсем жерлерін әлемге паш ете насихаттап, қомақты ивеститция тарту. Біздің елдің ландшафтына, табиғи кереметтеріне, климатының тұрақтылығына қызығушы шетелдік инвесторлар қаржысын құйып, кәсібін жүргізуге қашанда әзір отыр. Өйткені әлемнің алпауыт мемлекеттері турзим саласы қыбын тапсаң қыруар қаржының қайнары екенін әлдеқашан біліп, ерекше көңіл бөліп, дамытып әкетуге бейіл. Алыстағы араб елдерін, қиырдағы Еуропаны тілге тиек етпей-ақ қойымыз аралас, қорамыз қоңсылас қырғыз ағайынның Ыстықкөлімен-ақ ырыздығын айырып отырғанын айтсақ жеткілікті. Содан да ғой «Ыстық көл – елдің берметі» деп байкелердің келген туристке жік-жапар болып қызмет көрсетіп, бәйек болатыны.

Алда жаз маусымы жақын қалды. Сервисі әлемдік стандартқа сай, халықаралық талаптың үдесінен шығатын қызмет ұсынатын демалыс аймақтары туристердің нысанасына алдымен ілігетіні сөзсіз. Әйтпесе талай елге туристерді топырлатып жинап беретін Жерорта теңізінің суы Алакөлден артық емес. Тек судан иен байлықты сүзіп, туризммен-ақ еңсесін тіктеп отырған елдер адамзат баласын жан рақатына бөлейтін сервистік қызмет екенін ерекше түйсініп, меңгеріп алған.  

Тәнге шипа, жанға рақат

Қазақстанның туристік аймақтарының қаймағы саналатын Алакөл – табиғаттың бізге тартқан орасан байлығы. Сол байлықты игілігімізге жарата алмау – елдігімізге сын.

Жаратқанның тамаша сыйы айдынды көлдің бауырына бүккен, қойнауына тыққан құпия сыры мен талай дәуірлердің көшіндегі шежіресі жетерлік.

Жоңғар шарқыншылығы кезінде қазақтың  жасауыл басы бектері мен батырлары қанды қырғында қылыш қиып, шоқпар тиіп, сойылға жығылған, көбесін сұр жебе тескен жаралы жауынгерлерін осы Алакөлдің тұмадай тұнық суымен жуып, батпағын тартып, емдеген деседі. Қаракерей Қабанбай да суыт жүрістен оралғанда жасағын осы көлдің жиегіне тоқтатып, суына түсіріп, жаралы сарбаздарын сауықтырған дейді.

Ағынсыз суымен ерекшеленетін Алакөлдің қасиеті неде? Туристерді де ынтықтыратыны – мөлдір суы. Арқаның шөлейтті даласынан жүйтки соғатын  желмен жететін құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқылмен үйлесім тауып, жаныңды рахатқа бөлейді. Минералды ресурсқа өте бай судың құрамында йод, тұз секілді  химиялық элементтердің бірнеше түрі кездеседі.

Кеңес Одағы кезінде айдынды көлдің жағасында көпшілік ғарышкерлер үйі деп атайтын демалыс кешені болды. Ғарышқа ұшып, түрлі зерттеулер жүргізіп жерге табаны тиген ғарышкерлерді алдымен осы пансионатқа әкеліп, Алакөлдің суына түсіріп, бойындағы радиациядан тазарту процесін жүргізген. Тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, әлемнің аспанға ұшқан  турисі де, ғарышкері де Алакөлге шомылып, бойындағы дел-салдықтан арылған.

Судың құрамындағы минералдар тыныс алу жолдары, сүйек, бұлшық ет, жүйке жүйесі, тері ауруларына таптырмас ем. Суының құрамы жағынан Алакөл Қара теңіз бен Өлі теңіздің суымен бірдей.

Алакөлдің суының құрамында хлоридті натрий, хлоридті-сульфатты натрий көп. Сондай-ақ фтор мен бромның да көрсеткіші жоғары.

Жалпы Алакөлге тынығуға барған туристер жағалауының климаты шұғыл континенталды екенін  қаперінде ұстауы тиіс. Солтүстігінде желдің жылдамдығы кейде секундына 40-50 метрге дейін ұйытқиды. Оңтүстік-шығыс һәм орталығы да желден кенде емес. Бұл аймақта да жел көтерілсе скундына 50-60 метрге дейін  гуілдейді.     

Айдынды Алакөл – құс базары

Еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан Алакөл теңіз деңгейінен 340 метр биікте тұр. Алакөлге жердің астынан бұрқ-сарқ қайнап шығатын қайнарлар да құяды. Емдік қасиеті мол сондай тұма бастаудың бірі – Барлық минералды бастауы. Теңіз деңгейінен 579 метр биіктен шығатын қасиетті бастаудың суы да Алакөлдің даңқын үстей түскендей.

Алакөлдің айналасын 269-дан аса құстың түрі ұя басып, тұрғылықты мекеніне айналдырған. Реликті шағала, дуадақ, қарабасты күлегеш, бұйра һәм қызғылт түсті бірқазан, бізтұмсық шағала, ақбас үйректің қалың шоғыры осы маңды мекендейді. Алакөлде реликті шағала деген әдем құс бар. «Қызыл кітапқа» енген реликті шағала Алакөлдің символы іспеттес. Әлемде Швеция елінде һәм осы Алакөлде ғана мекендейтін сирек құс та туристердің көз тойдырып қызықтар нысанасы болатыны анық.

Алакөлдің туризміне тек суға шомылу ғана емес, Жоңғар Алатауының қолат-қолат шоғыларынан асып, Балқаштың маңына дейін созылған шөлді аймақты аралап, ландшафтық аймақтың флорасы мен фаунасын қосуға болады.

Табиғаттың тамаша тартуын қорғау, сақтау үшін 1998 жылы қорық құрылды. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының территориясындағы Алакөлді, Жоңғар Алатауын, Үлкен, Орта, Тасты аралдарынан басталатын Тентек өзені енетін аумақты біріктірген бүгінде қалыпты жұмыс істеп келеді.

Қорықшылардың басты мақсаты айдынды көлге аялдайтын, пана тұтып тоқтайтын құстарды оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, айрықша күтімге алынған, тұқымы құрудың аз-ақ алдында тұрған өгізбас шағала, жалбағай, сұңқылдақ аққу, ақбас үйрек, ақбас тырна, аққұйрық субүркіт секілді құстардың түрі қорғаушылардың қырағы назарында жүреді. Алакөлдің қамысты жағалауларында қарамойнақ шағала да тұрақтап, ұя басып, ұрпағын өрбітеді. Қарамойнақ шағала – табиғатты қорғаудың Халықаралық одағына тиесілі Қызыл кітапқа енген ерекше құс. Ерекше болатыны әлемде өте сирек кездеседі. Орнитолог мамандар жыл мезгіліне сай қоныс ауыстыратын құстардың басты аялдайтын мекені осы Алакөл дейді. Өйткені мұндай "көші-қон" кезінде Алакөлге 5 миллионға дейін құс жиналып, көлдің бетін базарға айналдырып жібереді.

2013 жылы қорыққа ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты деген мәртебе берілді.

Тарихы терең, ғымыры ұзын өлке

Археолог ғалымдар Алакөлдің маңындағы ерте орта ғасырлық қалашық саналатын Асусай сынды тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде айдынды шалқардың тарихы тым тереңге бойлайтынына көз жеткізген. Шығыстанушы ғалымдардың ғылыми тұжыруы бойынша Алакөлді орта ғасырда «Гаган» деп атаған екен. Бұл атауды арабтың географы Идириси ХІІ ғасырларда ғылыми жазбасында атаған.

Бүгінде Алакөлдің ұзындығы 104 шақырымға жуықтайды, ені 40 шақырым деп айтылып жүр. Өткен ғасырдың 70-жылдары мамандардың жүргізген зерттеуінде көлдің ұзындығы 165 шақырым деп жазылған. Араб саяхатшысы Идирисидің де ХІІ ғасырдағы жолсапар жазбасында «Гаганның» (әл Идириси көбіне «Қимақтар теңізі» деп те атапты) о шеті мен бұ шетіне жету үшін алты күн жол жүретінін, енін басып өтуге бір жарым күн кететінін жазған.

Алакөлдің жағалауына кімдердің табаны тимеген. ХІІІ ғасырдың орта тұсында, яғни 1246 жылы еуропалық саяхатшы Плано Карпини келіп, қарасаң көзің талатын шалқарды «оншалықты үлкен емес» екен деп қомсыныпты. Шығыстан соққан желдің өтіне шыдамаса керек, ауа-райын аса жақтырмай, көңілі қоңылтақсып кетіпті. Карпиниден кейін араға жеті жыл салып француз Гильом Рубрук те ат шалдырып аялдап, суы мөлдір аралға қызыға қарап, жолжазбасына түртіп алады.           

XIV ғасырдағы зерттеушілердің жазбаларында бұл көл Итішпес,  моңғолдың көне жазбаларында Гургенор, орта  ғасырға дейінгі уақытта зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбегінде «Алактагол», «Алатеңіз», «Алакта» деген атаумен тасқа басылыпты.

Жалпы Алакөлді зерттеуге, тамашалап саяхаттауға әлемнің әр қиырынан келушілердің қатары мол болған. ІХ ғасырда мысырлық саяхатшы Саламант Тортуманың табаны тиген өңір туралы соқталы жолжазбасын қалдырған.  Алакөл жайлы зерттеу еңбектерін жазған ғалым, зерттеушілердің алдыңғы шоғырында Григорий Карелин, Александр Шренк, Томас Аткинсон, Александр Гумбольд, Семенов Тянь-Шанский, Прежевальскийлердің есімі ерекше аталады. Әйгілі Жакив Кусто Алакөлдің бетіндегі қақ жарған жолаққа қарап көлдің қасиеті ерекше екенін таңдай қаққан деседі.    

Алакөл атауы көнедегі түркі моңғол зерттеулерінде «ұлы көл», «таулы көл» деп те аталған. Көлдің мөлдір суына тесіле қараған адам судың түсін бірден айыра алмайтындықтан тосылып қалатыны ақиқат.

Жібек жолы керуен жолы да Алакөлді айналып өткендіктен саудагерлер де, сауда-саттыққа мал айдап, мүлік-мұкамал әкелуге аттанған керуеншілердің арасында науқасқа шалдыққандары осы емдік қасиеті орасан көлге аялдап, суына түсіп, сырқатынан сақайғаны деректерде жиі айтылады.

Қазіргі күнде Алакөл атануына көлдің аумағында бірнеше ұсақ көлдердің суының әркелкі реңк беруінде болса керек. Өйткені Сасықкөлдің түсі көгілдір, Қоржынкөлге барсаңыз алдыңыздан қанын ішіне тартып сұрланған адамдай суы сұрғылт түсті көл шығады, Қылытұздың суы сары.   2696 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Алакөлде шағын аралдар өте көп. Көлдің ең терең тұсы 54 метр болса, орта жері 22 метрге тереңдейді.

Аңыздар желісі Асан қайғы бабамыздың желмаясын желдіртіп жерұйықты іздеп жүріп, Алакөлге маңдай тірегенде «Тоқта» деп іркіліпті деседі. Бүгінде Алакөлді бауырына алып жатқан тау Тоқта деп аталады. Асанқайғы күн салып төңіректі терең шолып қарап: «жері жер-ақ екен шіркіннің, бірақ ұрыстың иісі келеді»,– депті. Расында да Алакөлдің айналасында жаугершілік заманда адам қаны судай ақты. Шығыстан бабасының атын ұрандап шапқан жау Жоңғар қақпасынан аттаған соң-ақ Алакөлді бетке алып, сүргінді бастап отырған. Тағы бір аңызда таудың Тоқта аталуын әйгілі қолбасшы, жүрекжұтқан батыр қаракерей Қабанбайдың ерлігімен астасып, бойжеткеннің қос бұрымындай қатар өреді. Тұтқиылдан лап берген жоңғардың жырынды қолы  ауылды шауып, үйірлі жылқыны дүркірете айдап кетеді. Жаудың соңынан жылқысын қайтармаққа Ерасылдың ағасы Есенбай жалғыз шабады. Жасы он алтыға толған Ерасыл да ағасының ізінен қуып, бір өзі  аттанады. Күн мен түнді алмастырып дамылсыз жортқан батырдың құлағына «тоқта, тоқта» деген дыбыс келеді. Атын іркіп тыңдаса, қойтастың түбінде жаудың жебесі кеудесіне қадалып, жараланған ағасы жатыр екен. Ерасыл ағасының жүрек тұсына қадалған жебені суырып алғанда бауырының соңғы демі үзіліп, жүрегі тоқтапты. Содан бастап сол тау Тоқта аталыпты. Қайсы аңыздың болмасын астарында ақиқат жатқаны шындық.       

Инфрақұрылым жөнделуде

Елбасы Н. Назарбаев Алакөл жайлы келелі мәселе көтеріп: «Қазақстанға қызығушы туристердің көптеп келетін орны болуы керек»,–деп айтуы тегіннен-тегін емес. Расымен де Аллланың пейілімізге берген інжу-маржаны Алакөлдің айдынын тиімді пайдаланып, еліміздің экономикалық әлеуетінің жандануына туризм арқылы да үлес қоса аламыз.

Алакөл туралы айтылғанда ең алдымен аталатын түйткілді мәселе – күре жол. Рас, тура жағалауына табаныңды тигізер әуе қатынасы, теміржол байланысы жоқ. Пойызға отырсаңыз да тіке апармайды, көлге жетуге шыққан жолаушы Алматы облысына қарайтын Алакөлдің оңтүстік жағына баратын болса Көктұма станциясынан түсіп, ары қарай көлікке мінеді. Алакөлге автокөлігін сайлап шыққан демалушыларды демалыс аймағына жеткенше ойқы-шойқы жолдар қажытып жіберетін. Жолдың нашарлығы туристерді тартуға кедергісін тигізгені де рас.    

Алдағы уақытта Алакөлге көлікпен қатынаудың қиындығы шешіледі. Автокөлік магистралінің құрылысы аяқталса, сөз жоқ, туристердің қатары күрт артады. Үшарал қаласында әуежай да жұмысын бастап, теміржол бағыттары іске қосылып, жұмыс жанданып келеді. Мұның барлығы да Алакөлдің даңқын асыру мақсатында әлемнің әр қиырынан туристер тартудың жолындағы игілікті істер.

Рас, Алакөлге барып, ой сергітіп тынығып,  шомылуға барғысы келетін туристердің алдымен берекесін қашыратыны – жол. Өйткені ойдым-ойдым шұңқырлар,  көліктің доңғалағын алып қала жаздайды. Бірақ Алакөлге тура жетпесеңіз де жақындап теміржол өтеді. Пойызбен барсаңыз да болады. Бірнеше жыл бұрын Үржардан әуежай ашылып, Семей, Өскемен бағыттарына ұшақтарын ұшырып-қондырып жатыр. Яғни  қалтаңыз көтерсе, ұшаққа билет алып Үржарға дейін жетіп, ары қарай көлікпен Алакөлге бару аса ауырлық туғызбайды.

Жергілікті әкімдік үшін Алакөлдің жағажайында демалушыларға қолайлы сервис жасау мақсатында жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторларды жұмылдырып, инфрақұрылымдарды жаңалап, туристік қызмет көрсетудің сапасын жақсартып, туризм  саласын қарқынды дамыту басты мақсат болып отыр. Өйткені табиғаттың тартуы суы мөлдір көлдің жағажайын заманауи талапқа сай жабдықтап, туристердің талғамынан шығатын қонақүйлер соғып, саяжайлар салып, қажеттілікті өтесе, Анталияға ағылған жұрттың аңсары Алакөлге де ауатыны сөзсіз.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанның территориясына қарайтын Алакөлдің жағажайы адам танымастай өзгеріп, жайнап, жақсарып келеді. Алматы облысына тиесілі жағажайда да тіршілік жанданып, туризмнің тамырына қан жүгірту мақсатында мемлекеттік бюджеттен де, жекелеген инвесторлардан да қаржы бөлініп,  инфрақұрылым дамып, жаңарып, Алакөлдің айдынына шомылушылар үшін барлық жағдай жасалуда.    

Көнерген, тозығы жеткен ескі қонақүйлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан зәулім қонақжайлар салынып, автокөлік жолдары тегістеліп, Алакөлге келушілердің талабына тату үшін жергілікті әкімдік те аянып қалып жатқан жоқ. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов туризм кластерін дамыту арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін жақсартудың төте жолын табуға болатынын айтқан бір сөзінде. «Алакөлдің суын аңсап жеткендерге қолайлы жағдай, жоғары сапалы сервис ұсыну мақсатында 4,5 миллиард теңге бөлініп, жағажайдың абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Келушілерге Семей, Өскемен теміржол вокзалдары арқылы пойызбен де Алакөлге жетуге мүмкіндік жасалды. Алматы, Астана, Семей мен Өскеменнен ұшақпен ұшып келуге де болады. Әлі де туристерді көптеп тарту үшін атқарылар шаруа шаш-етектен. Сондықтан бар қажырымызды салып еңбек етуіміз керек» деген облыс басшысы  Даниял Кенжетайұлы.

Соңғы жылдары Алакөлдің суына қызығушы шетелдіктердің қатары артқан. Әсіресе, Ресейден келушілердің шоғыры қалың. Сонымен қатар Финляндия елінен де келушілер көбейген. Алакөл туралы мағұлмат іздеп, тұнық суы мен шипалы батпағын көруге ынтызар финляндиялықтар Алакөлге жетудің қиындығы шешілсе деген өтініш айтыпты. Алматы мен Нұр-Сұлтанға жеткен соң, бері қарай, Алакөлге аяқ суытқанға дейін жолдың қашықтығы, кейде тіпті Үржарға дейін ұшып келгенге билеттің болмай қалатыны қиындық тудырса керек. Жергілікті билік келешекте бұл мәселенің де түйінін шешуді қарастырып отыр.

О шеті мен бұ шетіне жету үшін күншілік жол жүргізетін Алакөлдің пайдасын елдің игілігіне жарату – экономикамызға қосар орасан үлесіміз. Тұрақты жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарады. Шеттен келген бір турист екінші рет екеу болып келсе – Алакөлдің абыройының артқаны. Алакөлді әлемнің білені – Қазақ елін ғаламның танығаны.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға