Жаңалықтар

Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені

Кие тұнған Қазақстан
Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені
11.06.2018 21:09 10733

Еліміздің оңтүстігіндегі Жамбыл облысына қарасты, Мерке ауылынан қырық шақырымдай әрірек орналасқан жерде тарихи орын бар. Ол Мерке түркі ордасы аталып жүр. VIІ-VІІІ ғ. жататын Батыс Түрік қағанатының басты ордасы болған, сол заманнан бүгінге дейін сақталып келген баға жетпес мұра «ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының» тізімінде тұр. 

Бұл – орта ғасырларға жататын түркілердің мәдени-ғұрыптық орталығы. Мұндағы мұралардың қатарына қорғандар мен олардың айналасындағы қоршаулар, тастан жасалған мүсіндер, балбал тастар, жартастарға салынған суреттер, ру белгілері, сондай-ақ, қойтастардағы ерекше ойылған жазулар кіреді.  Көптеген уақыт бойы Меркеде жүргізілген зерттеу жұмыстары бұл жерден табылған тас мүсіндерден тұратын ғұpыптық еcкеpткіштеp икoнoгpафиялық мүсіндер тобына кіретіндігін дәлелдеді.  Бұл жердегі түркі ғибадатханасы тарихы сонау тереңде жатқан, жүздеген жылдарды артқа тастап бізге жеткен асыл қазына. Табиғаты да көрген көзді талдыратын тым сұлу. Мен мұндалаған Алатаудан аққан бұлақтар Меркенің солтүстігіне дейін келіп, құмды өлкеге сіңіп, көзден ғайып болады. Қос өзен Мерке мен Қорағаттың қақ ортасын алып жатқан орын бағзы заманнан халықтың құтты мекені болғандай. Егін егуге де, мал бағуға да мұндағы табиғат жағдайы келісіп тұр. Ұлы Жібек жолын мекен еткен өлкеде сауда-саттық ықылым заманнан жақсы жолға қойылған. Сол үшін де көне дәуірден бастап осы жерді жаулап алып өз қарамағына қосқысы келетін хандықтар жеткілікті болған. Тарихы тым тереңде жатқан Баласағұн мен Тараз қалаларына шабуыл жиі жасалып отырған. Сол үшін болар, қала билігі Меркеден әрірек жиырма шақырым жерден Аспара атты мықты қорғаныс бекетін тұрғызған екен. Ол қамал жайында да тарихи деректер жетіп артылады.

Кіндіктас аталатын таудың солтүстік-батысындағы далалық өлкеде орын тепкен бірнеше ғұрыптық, сол секілді жерлеу құpылыcтаpы, тау жарларында салынған сурет пен рулардың белгілерін қамтитын Жайсан ғибадатханасы бар. ХХ ғасырдың басында жүргізілген археологиялық жұмыстардың барысында петроглифтердің қоры мен осы бір тарихи маңызы жоғары киелі жердің аумағы белгіленді. Яғни, жалпы көлемі 77000 га жерді алып жатыр. 

Тас мүсіндер арқылы олардың қай ғасырға жататандығын анықтау қиындық туғызбайды. Оларға салынған заттар мен әшекейлер нақты қай ғасырларда тұрғызылғанынан хабардар етеді. Сол арқылы Жайсандағы тарихи ескерткіштердің VІІІ ғ. ортасында Шу өзенінің аңғарын мекен еткен шығыстық түркі тайпаларының өлкесі болғанынан хабардар етеді. Жайсандағы жерлеу оpындapы мен тастардың қоршаулары ата-бабалардың аруағын құрметтеп, құрбандық шалуға ыңғайланып салынған, сол сияқты түркілердің көкке табынған орны болған. Ал жартастарға салынған әртүрлі суреттер ғұрып жоралғыларын жасайтын, ай көрсеткіштерімен байланыстырылған, сол сияқты түрлі мейрамдарды атап өтетін мекен болғанын аңғаруға болады.

«Талас және Шу өңіріндегі түркі дәуіріндегі Қазақстан ескерткіштерінің зерттелуі тарихы» атты зерттеуде Н.Кәдірімбетова көптеген мәліметтер келтіре кетеді.

«Қазақстан аймағын мекендеген түрік көшпенділерінің басты шоғырланған жері Шу өзенінің алқабы. Онда түрік дәуірінің маңызды ескерткіштері Мерке-Жайсан ғұрыптық мемориалды кешені бар. Мерке түрік ордасы Мерке өзенінің жоғарғы ағысындағы биіктеу тау альпілік шабындығында орын тепкен, ал Жайсан ғұрыптық кешені болса, Мерке ғұрыптық-мемориалды кешенінің солтүстігінен 120-140 шақырым жерде Кіндіктастың баурайында орналасқан» – дейді ғалым.

Бұл тарихи орындарды бірнеше жылдар Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттің «Түрік мұрасы» аталатын бөлімінің ғылыми қызметкерлері херттеу жұмыстарын жүргізген. Сондай жұмыстардың барысында 1980 жылдардан бері бірнеше орта ғасырға жататын түрік тайпаларының әр алуан типтегі тарихи мұралары табылып, зерттеліп келеді. Олардың бір жүйеге келтірілген құжаттары әзірленіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ал Жайсан түркі ғұрыптық кешенін зерттеу 2001 жылы басталды. Н.Кәдірімбетованың айтуынша, 2008 жылғы деректерде бұл ғибадатханада 40-қа жуық ғұрыптық-мeмopиалды кешендер ашылған екен. Олардың әрқайсысына оннан көп жерлейтін орындар мен тас мүсінді құрылыcтap, жартастарға салынған суреттер және ру белгілері кіреді. Ал Мерке кешенін зертеу Жайсанға қарағанда ертерек басталған. Ол шамамен 1987 жылы еді.

Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерінің зерттеуінде «Батыс Түрік қағанатының орталығы болған Мерке ғибадатханасы көптеген ғұрып ескерткіші, мазмұндық жағынан бір-біріне ұқсай бермейтін тастан қаланған қорғандардан тұрады. Қазіргі уақытқа дейін 100-ден аса осындай құрылыстар бізге жетіп отыр. Бұл орындағы табылған шексіз жерлеу орындары, ғұрыптық ескерткіштер Меркені басқа өңірден ерекшелендіре түседі, киелі екендігін түсіндіреді. Бұл ғибaдaтхананың oн oқ бyдyн жұртының, сол сияқты олаpдың мұpaгepлерi түpгeштep аймағының астанасында, Шудың аңғарындағы өңірлерде орын тебуі – Мерке кешенінің, Батыc түpкi қaғaнaтының аймағын мекен еткен түркі тайпаларының жеріндегі басқа кішкентай ғибадатханалармен салыстырғанда ерекше орталық болғандығынан хабардар етеді.

Шудың алқабын мекен еткен түркілердің жерінде Мыңбұлақтың болуы жайында жаңа дерек жапон түркологы Такаши Осава зерттемесінде айтылады. Оның еңбегінде көрсетілгендей түріктің қағаны Істеми Византия елшісін жазғы ордасына шақырады. Ол жер Алтай тауы емес, Алатаудың алқабында болған. Батыс Түрік қағанатының бірінші билеушілері Жұлдыз даласын мекен етсе, кейін таққа келген Тон яғбу билеуші басты орданы Мыңбұлаққа әкеледі. Ал ол жер бүгінгі Жамбыл жеріне кіретін Мерке елді-мекенінің аумағында екен.

VІІІ ғасырларда он оқ жұртының аймағына шығыс түріктік халықтың қаптап келуіне орай, Мерке ғибадат орнымен бірге Жайсан маңына тас мүсіндер қаланып, қызмет ететін жаңа орынға айналды. Ол орын Меркеге қарағанда ғұрыптық құрылыстар мазмұны басқаша мифалогилық концепцияға жатады.  Мұнда жүргізілген ұзақ жылдарға созылған зерттеу кезінде көптеген құнды заттар қазып алынды. Археолог ғалым А.Досымбаеваның айтуынша, ғибадатханадағы мұраларда кезігетін ромб тәріздес таңба әшекейден бөлек, бойтұмар болып та қолданылған екен. Сол ромб белгісіндей бойтұмар тағу бұл күнге дейін сәнде бар. Олар сондағы киелі орынның шекарасын анықтау үшін қызмет еткен болуы мүмкін.

Мерке-Жайсан ғұрыптық кешені неше ғасырларды бастан өткерсе де, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Түркілердің қасиетті мекенін көзіміздің қарашағындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Бұл мекен мемлекеттік қорғауға алынған және Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне енгізілген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға