Жаңалықтар

Әлемдегі кісі есіміне байланысты 9 астана

Әлемдегі адам аттарымен аталатын 9 астананы білесіз бе?
Әлемдегі кісі есіміне байланысты 9 астана
09.07.2018 09:50 10474

Қала-қалашықтар мен аймақ-облыстарды белгілі бір тұлғаның атымен атау әлемнің көптеген елдерінде бар дәстүр. Десе де бұл үрдіс Кеңестер Одағында мейлінше белең алыпты. Ленинград, Сталинградтан басталатын қалалардың тізімін тағы басқа градтармен жалғастыруға болады. Елімізде де патшалық Ресей кезеңінен қосарланып келген Павлодар мен Петропавлды айтпағанда, басқа да адам аттарымен аталатын өңірлер аз емес.  Жамбыл облысы, Сәтпаев қаласы, Абай, Байғанин аудандары сол тізімнен табылады. 

Астананы тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен атау – соңғы кезде көп айтылып жүрген ұсыныстың бірі. Осыған дейін парламент депутаттары бірнеше мәрте бастама көтерді. Бірақ Елбасының өзі оң рай танытпағаннан кейін әзірге тек ұсыныс ретінде үстел үстінде жатыр. Бір қызығы оқтын-оқтын көтеріліп тұратын бұл бастаманы шетелдік саяси тұлғалардан да қолдайтындар бар. 2009 жылы Әзербайжанның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Лятиф Гандилов Астананы «Сұлтан-Атаға» өзгертуді ұсынса, күні кеше 2018 жылдың 6 шілдесінде Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Валентина Терешкова да осы сыңайдағы ұсынысын ортаға салды. Сондықтан көптің ықылас-ниетімен Астана болашақта «Нұрсұлтан», «Нұр-Астана» немесе «Назарбаев» қаласы деп аталып жатса, оның бастауы арыда деп білерсіз.

Ал бұл жазбада біз сіздерге әлемдегі адам аттарымен аталатын 9 астананы назарларыңызға ұсынбақпыз. 

Вашингтон

Америка Құрама Штаттарының астанасы осы елдің тұңғыш президенті Джорж Вашингтонның құрметіне аталған.  АҚШ-та Вашингтон аттас штат та бар болғандықтан, астанасын Вашингтон Колумбия округі деп те атайды. 1790 жылы негізі қаланған қала, әуелі, «ұлы құрылықты» ашушы Христофор Колумбтың атымен аталған еді. Тұңғыш президентінің ел тарихындағы елеулі еңбегін ескеріп, АҚШ халқы елордасын Вашингтон деп атауды ұйғарыпты.

Париж 

Нью-Йорк, Лондон, Токио қатарлы әлемдегі ең үлкен 4 мегаполистің бірінен саналатын Париждың кем дегенде 15 ғасырлық тарихы бар дейді зерттеушілер. Жаңа эраның 4 ғасырында негізі қаланған қаланың атауы неге  Париж дегенге келсек, сол дәуірдегі дәстүр бойынша қаланың атауы  ержүрек, батырдың құрметімен аталады екен. Содан қала тұрғындары өз шаһарына Паристің есімін беріпті. Парис – ежелгі грек аңыздарында Спарта патшасы Менелайдың әйелі – Еленаны алып қашып, Троя шайқасының тұтануына себеп болатын машһүр кейіпкер. Аңыздарда батырлығымен, ерлігімен көбірек әспеттеледі. Жаңа эраның 6 ғасырынан бастап ел орталығына айналған Париж қаласы содан бері Француздардың астанасы атанып келеді.

Сантьяго

Чили астанасы Сантьяго (немесе Сантьяго де Чили) теңіз деңгейінен 540 метр биіктікте орналасқан. Чили халқының үштен бірі мекендейтін қаланы жан-жағын айнала мұзарттар қоршаған. Бұл сипатымен ол біздің Алатау бөктеріндегі Алматымызға көбірек ұқсайды.

Қала тарихы 1541 жылдың 12 ақпанынан ресми бастау алады. Оның негізін қалаған 1532 жылы Еуропа майданынан Оңтүстік Америкаға жіберілген испаниялық қолбасшы Педро де Вальдивия. Ілгерінде-кейінді Перу, Чили, Венесуэлаға отарлық шапқыншылық жүргізген ол 1540 жылы Испания патшасы тарапынан Чилидің тұңғыш губернаторы болып тағайындалады. Ал қала аты Испания әскерінің рухани қорғаушысы, миссионер Сантьягоның құрметіне қойылған екен.

Сан-Марино

Сан-Марино – тау бөктерінде орналасқан мемлекет. Италия құрсауындағы ол – дүние жүзіндегі шағын мемлекеттердің бірі. Жер көлемі жағынан есептесек, еліміздің Ақтау қаласынан да кіші. Мемлекет әрі астанасы осы елдің қазығын қаққан Марино атты адамның құрметіне қойылған. Ал «Сан» кейіннен жалғанған, қасиетті деген ұғымды білдіретін титулды атауы.

Аңыз бойынша христиандық діни сеніміне байланысты қудалау көріп, Далмациядан бас сауғалаған Марино Апенин тауына келеді. Мұнда ол тас шебері болып еңбек етті. Түпкі мұраты дүниелік ләззаттан бездіріп, Монте-Титано тауында құдайға жақындаудың, ақиқатқа жетудің  жолына түсірді. Осылайша осы тауда өзін оңашалап, өзге әлемнен оқшауланады. Құдай жолындағы пірадарлығы оның жанына өзі тектес көптеген діни мүриттерді топтастырды. Олар 301 жылы өздеріне арнап шіркеу соғып, сыртқы әлеммен байланысын үзді.  1600 жылы алғашқы конституциясын қабылдады. Бір жылдан соң Рим папасы да олардың тәуелсіздігін таныды.

Осылайша, діни сипатта қалыптасқан ел бүгінге парламенттік республикаға айналды. 30 мың тұрғыны ғана бар ел жылына 2 миллион туристі қабылдай алатын бақуатқа ие.

Джорджтаун

Гайана Оңтүстік Америкада орналасқан, жерінің 90 пайызын джунгли ормандары көмкеріп жатқан ел. 1498 жылы Колумб құрлықты ашқаннан кейін, Еуропадан қоныс аударушылардың легі толастамады. Онан кейінгі 300 жылдықта ілгерінді-кейінді Ұлыбритания, Нидерланд, Франция елдерінің отары ретінде талауға тсүті. 1814 жылы үш отарлаушы елдің өзара келісімінен кейін Гайана ресми түрде Ұлыбритания меншігіне айналды. 1966 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді.

Гайана астанасы Джоржтаунның қазығы 1781 жылы қағылды. Әуелгіде голландықтар иемденіп, Нидерландтың Оңтүстік Америкадағы негізгі әкімшілік орталығы ретінде пайдаланды. Кейіннен Ұлыбританияның осы елді басы бүтін меншіктеуімен 1812 жылы астанаға ағылшын патшасы Джорж ІІІ-тің аты берілді. Күні бүгінге дейін ел астансы Джоржтаун аталады.

Коломбо

Колумбтың есімімен байланысты тағы бір мемлекет – Шри-Ланка. Бұл да Гайанамен тағдырлас ел. Бастапқыда 1517 жылы португалдар тарапынан отарланып, кейіннен 1656 жылы голландықтар, одан соң 1796 жылы ағылшындарға бағынышты болған. ХХ ғасырда Ұлыбританияның алапаты қайтқаннан кейін өзге отар елдер сияқты 1948 жылы тәуелсіздігіне қол жеткізді.  

Коломбо Шри-Ланканың астанасы ретінде өте ескіден келе жатқан портты қала. Мұнда 8 ғасырда қытай және араб саудагерлері теңіз саудасын дамытқан. Ал Еуропаға ашылуы 16 ғасыр басында португалдардың келуімен байланысты. Португалдар Италияда туып, Португалияда өмір сүрген теңіз саяхатшысы Колумбтың атына ескерткіш ретінде қаланың атын Коломбо деп атады. Содан бері Коломбо шаһары Шри-Ланканың астанасы болып келді. Тек 1982 кейбір әкімшілік мекемелерді Шри Джаяварденепура Коттеге көшірді.

Валлетта

Валлетта – Жерорта теңізі аймағындағы арал мемлекет Мальтаның астанасы. Мальта ұзақ уақыт гректердің, римдіктердің, Византияның, Араб халифатының билеуінде болған арал. Жерорта теңізінің дәл ортасындағы  стратегиялық маңыздылығына байланысты арал Осман империясының да көз құрты болды. Осы арал үшін Осман империясы мен Мальта қорғаушылары арасында көптеген шайқастар болған. Бірақ 1565 жылғы шайқас – ең әйгілісі. 4 ай бойы үзбей шабуылдағанымен, қамалды ала алмай, Сүлеймен І  кері шегінеді. Мальта мемлекетінің астанасы осы шайқаста айрықша көзге түскен, қамал басшысы  Жан Паризо де ла Валеттың атымен аталады.

Веллингтон

Веллингтон 1865 жылдың шілдесінен Жаңа Зеландияның астанасы мәртебесіне ие. Оған дейін бұл елдің астанасы Окленд еді. Оңтүстікте алтын өндірісінің жедел дамуы олардың өз алдына отау болып бөліну қаупін тудырғандықтан ел үкіметі астанасын Веллингтонға ауыстырды. Ал Веллингтон Ұлыбритания теңіз күштерінің генаралы, ақсүйек князь Артур Вэлслидің құрметіне аталыпты.

 Морсби порты

Папуа-Жаңа Гвинеяның астанасы атанып отырған портты қаланы ең алғаш 1873 жылы ағылшын теңіз шолғыншысы Джон Морсби ашқан еді. Өз әкесі адмирал Фэйрфакс Морсбидің құрметіне Морсби  порты деп атаған осы қала арал бөлігімен бірге 1884 жылы Ұлыбританияның құрамына қосылды. 1875 жылы тәуелсіздік алғанымен, елдің астанасы Морсби атауы әлі қолданып келеді.   

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға