Жаңалықтар

Жапан түздегі контейнерде өтіп жатқан өмір

Алаңсыз қарттар үйінен түздегі еркіндікті артық көретін қария
Жапан түздегі контейнерде өтіп жатқан өмір
21.05.2018 09:14 7531

Оңтүстікқазақстандық 69 жастағы Сапар Әбдірасилов  тағдырдың мұндай ауыр сынағына ұшыраймын деп ойламады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданына қарасты Қазыбек би ауылдық округі, Құрбан ата ауылының маңында үй-күйсіз, ас-ауқатсыз қиын жағдайда күн кешіп жатыр.

–  Қарапайым отбасында дүниеге келдім. 1966 жылы мектеп бітірген соң алты айлық шопырлықтың курсын оқыдым. Одан кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Екі жылдан соң оралып, малдәрігерлік оқуға түстім. Үйленіп, үй болдым. Бірақ әйеліммен сегіз ай ғана тұрдым. Ол ауырып, дүниеден  озды. Жарымның  мезгілсіз өмірден қайтқаны маған қатты ауыр тиді. Жаспыз ғой. Қалың қайғыдан шыға алмай қалдым. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады дегендей, күнкөрістің қамымен шапқылап жүріп, жол апатына түстім. Көліктің тізгінінде өзім едім. Бір жолаушы қайтыс болды. Мені түрмеге қамады. 4 жыл отырып шықтым, – дейді Сапар ақсақал.

Одан кейін өзінің айтуынша, Шардараның құмды ауылдарына кетіп қалып, сондағы бір шалдың өкіл баласы болып, 20 жылдай қой баққан.

– Ата-анам өмірден озды. Құмды ауылда жүре берер едім. Бірақ жасым жер ортасына ауды. Өлсем, өзімнің кіндік қаным тамған жерде өлейін дедім. Осында ата-бабамның қасында жерленейін дедім. Әйелім қайтыс болған соң қайта шаңырақ көтермедім. Бала-шағам жоқ. Бауырларым бар. Бірақ ара-қатынасымыз өте нашар. Жетісайда тұратын ініммен отбасылық жағдайға байланысты 35 жылдан бері араласпаймын. Астанада тұратын қарындасым ғана анда-санда ауылға келгенде киім-кешек әперіп, қолыма он-он бес мың ұстатып кетеді. Бауыр қымбат қой, бірақ әркімнің өз тіршілігі, өз өмірі, өз қиындықтары бар. Маған көмектесуге қауқарсыз, – деп мұңын шақты.

Ауылға қайта оралған соң, інімнің  қолында тұрдым. Бірақ ол көшіп кетіп, барар жер, басар тауым болмаған соң, қолдан кепе жасап алдым, – дейді өзі. Үш жыл сонда өмір сүреді. Бірақ ол өртеніп кетіп, екі жылдан бері ауылдан 1,5 шақырым жердегі мына аңғал-саңғал  контейнерде өлместің күнін кешіп жатыр.

 – 20 мың теңге зейнетақы аламын. Азық-түлікке, киім-кешекке жұмсаймын. Кейде ол жетпей де қалады. Сол кезде керек-жарағымды ауыл дүкенінен қарызға жаздырып алып кетемін. Кейде ішімдік ұрттап алатынымды жасырмаймын. Бірақ салынып ішкен емеспін. Ішпесем азынаған мына контейнерде үсіп өлемін ғой. Көктем шығып, күн жылып, жер қызса да темір пешке от жағып отырмын. Түнде салқын болады. Азық-түлік болса, бір мезгіл өзім тамақ пісіріп жеймін. Екі-үш күн ыстық тамақ іше алмай, жүретін кездер болады. Ол кезде ауыл ішіне барамын. Ауыл адамдарынан әлі мейірім, жылылық кетпеген. Үйлеріне кіргізіп тамақ береді. Құдайы астарда ас-ауқатты сөмкеге салып жібереді. Суды арықтан тасып ішемін. Күннің көзін бұлт сәл көлегейлесе сай-сүйегім сырқырайды. Денсаулығым да мәз болмай қалды, – дейді мұңайып.

Ауылдағы ағайындар контейнердің қасындағы егістік жерді уақытша беріпті. Көктем шыға салысымен кетпен, күрегін қолына алып, тырбаңдап жер аударады. Аядай жерге орамжапырақ, асқабақ, жүгері пияз егеді. Жер астын қазып, шағын бөлме жасап қойған. Мақтаралдың аптап ыстығында сонда жан сақтайды.

«Қазақ радиосы» мен «Шалқарды» қосып қойып, күнделікті жаңалықтар мен бағдарламаларды тыңдайды.

Арманы – мемлекет тарапынан жер берілсе, бір бөлмелі болса да, баспана тұрғызып алу. Таңнан қара кешке дейін бар өмірін айдаладағы контейнерде өткізіп жатқан Сапар ақсақал мемлекет қауқарсыз қарияларды далаға тастамайтынына, көмектесетініне үмітті.

– Басқалар «Елсіз жапан далада қиындықпен күн кешкенше қалаға барып қарттар үйінен пана таппай ма?» деп ойлайтын шығар. Барғым келмейді. Таза ауада, тыныштықта, еркін өмір сүрген ұнайды. Қарттар үйіне барсам, бостандығым шектеліп, тынысым тарылатын сияқты. Сол үшін осы ауылда өмір сүремін, осы жерде өлемін, – дейді жүзін мұң торлаған қария.

Осы ретке билік тарапынан қандай көмектің беріліп жатқанын білмек болып, Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Дәулет Оразовпен тілдестік. Ауыл әкімі әңгімесін қарияның өткен өмірінен бастады.

– Ауыл адамдарынан айтуынша бұл кісі адам өлтіргені үшін 15 жыл темір тордың ар жағында отырып шыққан. Содан кейін әйелі мен балалары одан сырт айналған деседі. 2009 жылы мемлекет тарапынан тұрғын үй салуға 15 соттық жер де берілген болатын. Алайда, ішімдік ішіп, жерді сатып жіберген. Заң бойынша әрбір адамға бір рет ғана жер беріледі. Демеушілер есебінен айына бір-екі рет азық-түлік әперіп, көмектесіп тұрамыз. Бізде қазір қол ұшын соза алатын бір ғана нұсқа қалды. Ол – қарттар үйіне орналастыру. Бұл туралы алдын өзіне де айтқанбыз. Бас тартып, көнбеді. Ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, мәжбүрлі түрде апарамыз деген шешімге келдік. Былай айтқанда ол кісі қоғамға зиян. Ақыл-есі орнында, тек кейде ішеді. Қазір құжаттары жинастырылып жатыр. Мамыр айының соңына дейін дайын болып қалады, – деді ауыл әкімі Дәулет Оразов. 


Ал тағдырдың теперішін көріп, талай қиындықты артта қалдырған қария «қарттар үйіне барғанша, контейнерде, далада жападан-жалғыз күн кешкенім жақсы» деп қол бұлғап қалды.

Фотосуреттерді түсірген автор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға