Жаңалықтар

Серілердің сарқыты

Бүгінгі заман серісінің жан-сыры
Серілердің сарқыты
14.08.2018 13:50 10092

 

"Ит адамның досы ғой талас бар ма?

Ортамыздан хақың жоқ аластауға

Компасың боп  үйіңе алып келер,

Борандарда, түндерде адасқанда" деп Свет Оразаев ағамыз ит жайлы өлеңін бастаған екен. Мұхит бабамыз да әніне "Қоянды шалмай алар қара қаншық" деген сөздерді бекер қоспағаны анық.  Қазақ үшін жүйрік ат, қыран бүркіт және құмай тазының жөні бөлек. "Жеті қазының" біріне баланған құмай тазыға киіз үйінен орын берген де осы қазекең. Біздің буын өкілдері ішінде ат жүгіртіп, соңына ит ертетіндер  некен-саяқ. Әрбір ауылда аңшылықпен әуестенетін жігіттер бар болғанымен, түпкілікті айналысатын,  осы салаға жан-тәнімен берілген азаматтарды табу қиын. Серілердің сарқытындай болған, өне бойынан қазақылықтың иісі есіп тұратын  Құрманғазы Әлиманов  атты жігітпен құмай тазы жайлы ой қозғау көптен ойымда жүрген еді. Өзі асаба, өзі атбегі жігітпен әңгімелесу кімге болса да жақсы көңіл-күй сыйлары анық. Сәті түскен бұл әңгімені Құрманғазының өз ауызынан естігеніміз дұрыс болар.

– Жүйрік ат пен құмай тазы десе делебесі қозатын қазақпыз ғой. Мен сол ортадан табылғаныма, сол қатарда жүргеніме қуанамын.  Осындай дүниені көзбен көріп, ләззатын жан-тәніммен сезіне алғаныма қуанамын. Бала кезден осылардың барлығын көріп өскендікі болар, әлде, атадан балаға дарыған қасиеттен болар осы ортада жүргенім. Бабаларымыздан "Ораза-намаз тоқтықта" деген тәмсіл қалған. Ат баптап, ит жүгірту үшін тоқшылық керек. "Бөрінің Тәңірісі болса, иттің иесі бар" демекші итің мен атың аштықтан бұралып жатса, киесіне ұшырап кетесің. Ат пен иттің бабын табу, күтімін жасау оңай дүние емес. Қазір ат мініп, ит ерткен жастар көп секілді болып көрінуі мүмкін. Бірақ, қиыншылығына төзбей, соңын сұйылтып жіберіп, соңында иті мен атының қайда қалғанын білмейтіндер де бар.

 

Жалпы, шашасына шаң жұқпайтын жүйрік ат та, ауызымен құс тістеген құмай тазы да әуелі адамның босағасына бітеді. Қазір қолымда үш тазы бар. Егер,  мен оларға дұрыс қарамасам, күтімін жасамасам, нағыз аңға салар мезгілде, қансонарда жаңағы иттер жүгірмей қалуы да мүмкін.

Ит күтімі дегеніміз - иттің қарыны тоқ болып, уақытылы атқа мініп, итті соңыңнан ертіп отыру. Міне, нағыз ит күтімі деген осы. Ит өз формасын жоғалтпауы керек.  Әйтпесе, аспаннан алып, ит күтімі былай болуы керек деп жаңадан әлденені ойлап тауып жатқан жоқпыз. Аталарымыздан бізге жеткен дүниелерді жасап жатырмыз. Баяғыдан келе жатқан, итті баптау, иттің қоясын түсіру, итті ауыздандыру деген дүниелер бар. "Иттің қоясын түсіру" деген әртүрлі жағдайларда жүреді. Қоясы түспеген ит жүгірмейді, көңіл-күйі болмайды. Қоя деген - жеген тамағынан, жүн-жұрқасынан иттің асқазанында түйіншіктің түйіліп қалуы. Оны түсіру үшін сарымайға немесе тоң майға аттың қылын орап жұтқызып жібереді. Содан кейін  ит құсып, өзінің қоясын тастайды. Орынды орынсыз жерде қолдана беретін "Иттің ішіне сары май жақпас" деген мақал осыдан шыққан болуы керек. Ал, кейбір иттер көк шөп жеп, өз қоясын өзі түсіріп жатады. Бірақ та ол тура саған керек кезде болмауы мүмкін. Сондықтан да өзің керек кезіне ыңғайлап отырасың.

Ал, құмай тазыны қайдан алу керек, жақсы иттің тұқымын табу деген мәселеге келсек. Жақсы иттер көп. Осы ортада жүрген жігіттердің көбінен "Міне, мынау таза қазақы ит" деп жұртқа көрсететіндей махаббат көріп тұрғаным жоқ. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Өзімнің араласатын, қазақы тазыға еңбегі сіңіп жатқан, жора-жолдас, аға-інілерім бар. Дей тұрғанымызбен мынандай мәселелер де бар. Қасқырды ұстап әкеліп, қасқырға ит салу, қалай айтсам екен... Былайша айтқанда шоу жасау. Елдің бәрі қазір шоуға құмар болып кетті ғой. Қасқыр ұстайтын ит жасап шығарамыз деп түрлі әрекетке бару, неше түрлі қанды араластыру... Мен өзім осыған қатты наразымын және қарсымын. Тазы тазы болуы керек, дөрегейі - дөрегей, төбет - төбет болып қалуы керек. Енді, тазының да түр-түрі бар ғой. Жарғақ құлақ тазы, шашақ құлақ тазы дегендей. Менің тазыларым шашақ құлақты. Шашақ құлақ пен жарғақ құлақты араластырады. Нәтижесінде түсініксіз бейнедегі иттер пайда болады. Одан да сорақысы төбетті алып тазыға салу, әйтеуір бірдеңені бірдеңеге салмаса, араластырмаса жүре алмайтын топтар пайда болды.

Өзі менің пайымымдағы, осы уақытқа дейінгі көріп келе жатқан тазылар, сонау ата-бабаларымыз ұстаған тазылардың құлағы салпаң құлақ, шашақ құлақ, құйрығы дөңгеленіп  "Ит құйрық" оюындағыдай бір қайрылып тұрады. Құйрығында селдір-селдір шашақтары болады. Кейбірінің аяқтарында балақ жүндері болады. Қырғыздың тайғанындай салақтап кетпеген, өзіне жарасымды балақ жүндері болады. Мен сондай иттерді көріп өскенмін. Кейіннен техника дамығаннан соң, заман көші ілгерілей бергеннен кейін  көз алдымызда неше түрлі иттер пайда бола бастады. Арабтың салюкиіне, қырғыздың тайғанына, ағылшынның грейхаундына қол жете бастады. Осылардың барлығы араласып-араласып, түсініксіз тұқым пайда болды. Былай қарасаң тайғанға ұқсайды. Былай құарасаң тазыға ұқсайды. Енді, соны айтып "мынау қандай тұқым?" деп сұрасаң нақты ақпарат бере алмайтын итұстарлар шықты.

Өзімнің әкемнің әкесі өмір бақи ат жүгіртіп, ит ұстаған кісі екен. Ол кісіні біз көрген жоқпыз. Әкемнің, шешемнің айтуы бойынша бала кезден құлаққа сіңген әңгімелер ғой. Сол атамның Ақкиік және Сұркиік деген екі тазысы болған екен. Өзіміздің Өспен ауылының төңірегінде 56-разъезд деген жер бар. Тұқымы сол жақтан деседі.  Қарағанды төңірегінде жүріп, аққасқа, көкқасқа иттер көрсем, өз ауылымның иттерін көргендей боламын. Тоқсаныншы жылдары, дағдарыстың алғашқы толқындарында барлық қазақ ауылдарындағыдай біздің ауылдың көп жігіттері де аттан түсуге мәжбүр болғантын. Ер-тұрмандарын қораға іліп, өздері үлкен қалаларға құрылысқа кетіп, болмаса қалада тәшке итерген, жол бойына жұмысқа тұрған кездерде біздің ауылдың қаншама иттері де жан-жаққа кетті. Көзіме жылы ұшырап, сол иттердің тұқымы деп кейде расымен танып жатамын. "Мына ит қайдан келді?" деп сұрасам "Пәленбайыншы жылы Өспен жақтан Түгенше деген жігіт келіп еді. Соның иттерінің тұқымы ғой" деген жауаптар естимін. Өзіңнің ауылының адамы тұрмақ итін танып тұрғаныңа осындай сәттерде іштей қуанып қаласың.

Қазіргі таңда мемлекет те осы салаға ептеп көңіл бөле бастады ғой. "Қансонар, "Салбурын" секілді іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алды. Осы дүниелердің насихаттала бастағанына, жан-жаққа таныла бастағанына көңілім марқайып, шынымен қуанамын.

Кейде, әлдебір дүниелерді жылдам жасап, жақсы нәтижелерге қысқа мерзімде қол жеткізгің келеді. Мысалы, мен биыл осы иттерім ерте күшіктесінші, күшіктерімді алғашқы қарда жүгіртіп, ауыздандырып үлгерсем деген үмітпен қаншықтарыма қылығын келтіртетін, жылдам күйлететін дәрі ектім. Иттерімнің қылығы келді. Жақсы арлан тазылар тауып, ұйықтырып алдым. Бірақ, соның барлығы бос әрекет болып қалды. Иттің ішіне күшік бітпеді. Енді міне, аңның уақыты тақалып қалды-ау деген тұста, иттерді қамауды қолға алған кезде, тамыз бен қыркүйек бойы иттерді баптауды бастаған мезгілде, нағыз жондандырып, атқа жайлап-жайлап ерітетін тұста, менің иттерім енді күйлеп тұр. Күйлеп тұрған итті тағы да ыңырсытып қоя алмайсыз. Қазір ұйыққан ит тура аңшылық мезгілінде күшіктейді. Ал, күшіктеген иттің сізге аң алып беруі екталай. Міне, осындай дүниелерден кейін менің түсінгенім, табиғи жолға ештеңе жетпейді екен. Бұрынғы ескі баптан артық ештеңе жоқ екен. Атаның айтқан әңгімесі, ағаның жеткізген насихаты бойынша ит ұстап, ат баптап жатырмыз десек те болады. Бұл тұрғыда жаңашылдыққа ұрына бермеген дұрыс екен.

Қазір нарық заманы болғандықтан ит сату деген, ит сатып алу деген бар дүние. Бірақ, мен осыны түсіне алмадым. Ол қанша жерден жүйрік тазы болсын, оның арғы атасы ит қой. Ит сатқаны несі? Әркім осыны ескерсе екен деп ойлаймын. Бұл енді менің жеке пікірім ғой. Онымен келісуге де келіспеуге де болады. Біреулер осыдан нәпақасын да тауып жатқан болар. Десек те, ит сатып нан тауыпты деген тұрпайы естіледі мен үшін. Нақты тазының жанашыры болса, "мен тазыны ұстаймын, қазақтың төл өнеріне қиянат жасамаймын" деген адамға тазыны тегін тарату керек. Мен ешқашан тазы сатып, тазыма құн қойған емеспін. Келген адам, дәстүрлі ырым бойынша қарғы бауын қалдырып, таңдаған күшігін алып кете береді. Биыл күшіксіз қалғандықтан тура осы жақсылығымды ешкімге жасай алмадым.

Қаны таза иттер қаймағы бұзылмаған ауылдарда әлі де бар ғой. Біздің Өспен ауылында қаны таза. ескі тазылар табылады. Маңайдағы Еркіндік, 56-разъезд, Айса, Ортау,  Босаға сынды елді мекендерде әлі де бар. Бұл енді өзімнің көзіммен көрген жерлерім ғой. Осындай ауылдар еліміздің әр аймағында бар.

 Айғыржал деген шағын ғана ауыл бар. Сол ауылда ат шаптырып, ит жүгірткен, саналы ғұрырын ат пен итке арнаған Қайыржан, Әділ сынды ағаларымыз бар.  Ол кісілердің ұзақ жылғы еңбегі бұл күндері нәтижесін беріп отыр. Сол кісілерден жақсы иттердің тұқымын алуға болады.

Аңға баулу мәселесіне келсек, қазақта "жетелеп қосқан тазы түлкі алмас" деген мақал бар.  Итті сүйрелеп жүріп баулымайтынымыз анық. Жалпы, иттің бойында аңшылық инстинкт болады. Күшігінен әлденені қуып, соны ұстауға бейімделген ойындар ойнайды. Иттеріңнің арасында ауызданған үлкен иттер болса, сол иттермен қоса еріп жүріп ауызданады. Тазы қашқан аңның бойын алыстан көргеннің өзінде тұра жүгіреді. Ұстамаған, шалмаған күннің өзінде қумай қоймайды. Бастысы лекке ілесу. Үлкен иттермен қатарласып, алған аңды бір тістесе болды. Ауызданды деген сол.

Қазақ тазыға төрінен орын берген деп жатамыз ғой. Ол - рас. Жеті қазынаның бірі ғой. Өзім тазы деген тұқым ит ішінде бойына сұлулық пен тектілікті, паң мінезді жинай білген,  Алланың ерекше бір назары түскен тұқым шығар деп ойлаймын. Менің анам келін болып түскен кезде атам елуге таяп қалған кісі болса керек. Анамның  айтуы бойынша атамның тайыншадай ақ тазысы үйде, көрпенің үстінде жатады екен. Ол кісінің осы әулетке енді келген кезі. Ит әлі жете тани қоймайды. Үй шаруасын істеп жүрген келінге әлгі тазы қимылсыз, тек көзбен ғана қарап, әр іс-әрекетін бақылап отырады екен. Көзінің суықтығы соншалықты, көзіне көзің түсіп кетсе істеп отырған ісіңді тастап далаға шығып кеткің келеді, жүріп келе жатсаң тоқтап қалғың келеді дейді. Сол тазысымен атам қасқыр алған екен. Қасқырдың да қасқыры бар ғой. Десек те, қасқырды жеке алғаны иттің сырттандығын білдірсе керек. Қашқан қасқырды қуып жетіп, тірсектен алып, иесінің қасқырды жеңіл ұстауына  ықпал жасап, ыңғайлап беретін ит болған екен.

Атам  ұлдарын жиып алып аңға шығады екен. Қоржынына қазы-қартасын салып алып тоспаға кетеді екен. Қазы-қартасын кертіп жеп тоспада ыңғайлы сәтті күтіп жатады. Бала-шағасына "Түлкі, қоян секілді аңдар қашса айғайлап, шуламаңдар. Егер де шулайтын болсаңдар жіліктеріңді сындырамын. Қасқыр көрсеңдер ғана айтақтаңдар" деп тапсырма береді екен. Содан балалары қасқыр қашса ғана  атойлап, ит айтақтайды деседі. Сол кезде ғана атамның Ақкиігі мен Сұркиігі қосылады екен. Атамыз қасқырдың бағытын ғана көрсе болды дейді. Өзі басқа бағытқа беттеп кете береді. Сөйтіп, қасқырды алдынан тосып алып, бүйіріне мелкашкасын тіреп атып алады екен. Ақадыр мен Айсаның ортасында Аяқбосаға деген жерде атамның  Жекен ақсақал деген ағасы болыпты. Серілігі мен аңшылығы қатар жүретін кісі болған.  Бұл кісінің аңшылық ерекшелігі - қашқан аңның аталық, я болмаса аналық екендігін жазбай танитындығында. Ол кісінің  соңында он шақты тазы жүреді екен. Алдынан қашқан аң құтылмайтын кісі болса керек. Түлкі, қарсақ, қоян, қасқыр сынды аңдарды қабына салып алып, қанжығасына байлап жүре береді. Кезіккен кісіге қолын қабына сұғып жіберіп, іліккенін байлап жіберетін адам болыпты. Үлкендерден "аңдарын қапқа салғаны несі?" деп сұрасақ, "Ойбай-оу, баламысың деген. Андағы қаншама аңның бүргесі үстіне жұғады ғой әйтпесе" деп жауап беретін. Міне, осындай әкелердің қаны бойымда болған соң мен аңшы болмағанда кім аңшы болады?

Иттің бабы жоғарыда айтқанымдай адамның әлеуметтік жағыдайына байланысты. Өзің аш жүріп, иттіңнің жонын астаудай қыламын деу бекершілік. Енесін еміп жүрген күшік, енесінің төсінен айрылған сәттен бастап неше түрлі ауруға шалдыға бастайды. Күйі кетеді. Күшік екі айдан асысымен егіп тастайтын өзінің вакцинасы болады. сол уколды міндетті түрде егу керек.

Мен қазір өзім Қарағанды қаласының жанындағы Южный кентінде тұрамын. Осы жерде Лебедкин Николай деген адам болды. Ол кісі қазір Ресейге көшіп кетті. Ол кісінің тазыға деген махаббаты анау-мынау қазақты жолда қалдыратын. Николай ағаның итті таңдауына, ит күтіміне дән ризамын. Сол кісінің күшігінен таңдаған тазыларының әдемі болмағаны, жүгірмегені жоқ. Ол бойына біткен қасиет пе, тәжірибеден келген дүние ме білмедім. Өзі қазақтармен араласып, мал бағып, аңға ит қосып, қазақы өмір салтын ұстанған кісітін. Заты орыс демесеңіз тірлігінің барлығы қазақша еді. Күшікті баптау, тамақтандыру, күшігінен күту жағынан ол кісінің алдына түсетін  қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Себебі, орыстар әрбір ұсақ-түйекке мән бергіш халық қой бізге қарағанда. Жас күшікке ақуыз аса қажет. Оны ірімшікпен, сиырдың жаңа сауылған сүтімен бересіз. Осындай өзіме керекті дүниелерді Николай ағамыздан үйрендім. Ірімшік пен таңғы сүттен беріп отырса күшіктің жілігі майлы болады.

Мінекей, менің ит күтімі мәселесінде айтарым осы. Тазы асыраймын, аңға ит қосамын деген жігіттер болса, айтқан әңгімемде іліп алар дүние болса алсын. Ондай жігіттер бар болса қуанамын. Тек қана бір айтарым мынау. Қазақтың тазысына енді-енді көңіл бөліп жатқан тұста, оны көрінген қанмен араластырмай, таза ұстап қалуға ат салысқан дұрыс.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға