Жаңалықтар

Бақыт бізден қашқан емес, балам...

Әзілхан Нұршайықовтың ой өрнегі
Бақыт бізден қашқан емес, балам...
23.02.2017 16:43 8629

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы Жарма ауданының Ақбұзау ауылында дүниеге келген. ҚР халық жазушысы, соғыс ардагері. Махаббат, достық, ерлік тақырыптарын жырлап өткен жазушы Әзілхан Нұршайықов мейірбан мінезімен көпшіліктің есінде қалды. Өмірге ғашық жандарды сүйсінткен «Махаббат қызық мол жылдар» (1970) атты туындысы оқырман қауым арасында ерекше танымал. Ондағы бір-бірін сүйген ғашықтар Ербол мен Меңтай арқылы жастар мен келер ұрпаққа адамгершілік, иба, әдеп қағидаларынан сыр шертеді. Жазушының әр жылдарда жазылған шығармаларынан алынған ойларының бір парасын ұсынып отырмыз.

Үміт бар жерден бәрі де табылады.

Шірік жіпті беліңе байлап құдыққа түспе.

Өзің сұлу болмасаң қойсын, ақылың артық болсын.

Саңырау саңырау емес, естігісі келмеген саңырау.

Майлы жамбасқа құрт түскіш келеді.

Қарға қияға ұя сала алмайды.

Алтынды тот басса, темірге не жорық.

Бақыт бізден қашқан емес, балам. Бақыт деген – осы жер, осы тау, осы ел.

Бақыт жүгіріп келеді, бақытсыздық ұшып жетеді.

Ашу көзге тұман жаяды, ақыл нұр шашады.

Ашудан ақыл тумайды.

Бала – адамның нағыз жанды суреті.

Адам қиялына көз жетпейді, жер астындағы теңіздей шексіз, мұхиттай түпсіз.

Адам адамға айна тәрізді.

Жалаңаш ойды жақсы сөзге орау жазушы – шебердің ғана қолынан келеді. Ең нашар шығарма да шабытыңды қозғайды. Үйткені оның нашарлығының өзі сені жақсы шығарма жазуға үміттендіреді.

Қиялсыз қызыл тіл сайрамайды.

Күйдіретін де, күйрететін де махаббат бар.

Қуаныш көпті, қайғы оңайды ұнатады.

Өзіңе деген сеніміңді жоғалтқысы келетін адамнан без. Ал, жақсы адам саған сенің де жақсы адам болатыныңа қалтқысыз сезім тудырады.

Көп күтіп, зарыққан арман іске асса, ол кенеттен келген олжамен тең.

Қанатың бар да самғам қал.

Басқа кімммен дос болсаң да, мынадай үш адаммен дос болма: ақымақпен дос болма, ол достық істеймін деп қастық жасап алады; зеріккіш жанмен достаспа, қанша сенгеніңмен, ол сені тастап кетеді; өтірікшімен дос болма, қанша сенсең де, ол сені өсекке таңбай қоймайды, оны өзің де сезбей қаласың;

Өзің лаулап тұра алсаң ғана, өзгеге от бере аласың.

Өркөкіректік өшпенділік тудырады.

Адам әрқашан да шын жылайды. Ал, көп жағдайда өтірік күледі.

Тұрмыс-тірлігімен, әрекет-әділдігімен ешкімге пайда келтіре алмаған адамының аты бар да, заты жоқ; Ол мән-мағынасыз айта салған бір ауыз сөзбен тең.

Еркек өзін қанша сұлумын, сымбаттымын деп санағанымен, әйелінің жүрегі кімді артық көріп, ардақтайтынын білмейді.

Ең білімдімін деген еркекті білімсіз әйел алдап кетеді.

Өзі ақылды кісі, өзгенің де ақылына құлақ қояды.

Жүрегінде ғашықтық оты лаулаған адам қандай данышпан, дана болса да, әдеп пен сыпайылықты ұмытып кетеді.

Әйел көзі күлімдеп, қадалғанға дейін ғана еркек ақылды да, сабырлы да, одан кейін бұл қасиеттердің бәрінен айырылады.

Ақылды адам біреудің кемшілігін айтып бетіне баспайды, өзінің артықшылығын айтып мақтанбайды.

Үлкен ағаш өзгеге көлеңке болғанымен, өзі күнде тұрады. Оның жемісі де өзі үшін емес, өзгенің игілігіне тартылады. Жақсы адам да сол үлкен ағашқа ұқсас болады.

Ақылды сөз баланың аузынан шықса да, қабыл алу керек. Ал, ақылды адам қате кеңесті қарт айтса да қабылдамайды.

Білім – адамның асыл жиһазы, көзге көрінбейтін қазынасы; Білім – қуаныш пен бақыттың бастауы, білім – ең үлкен ақылшың және ең адал досың.

Жүз жерден кінәлі болса да, қарт әке мен шешеге, жақсы әйел мен жас балаға қамқор болу қажет.

Саған өз өмірің қандай қымбат болса, басқаларға да өз өмірі сондай қымбат.

Өз өміріңді қандай қастерлесең, басқаның өмірін де солай ардақта.

Алдымен ақшаңды ұқыптап ұста, ақшадан гөрі әйеліңді күтіп ұста, ал әйелден де, ақшадан да, әйелден де анаңды ардақтап ұста.

Ой қандай болса, сөз сондай. Сөз қандай болса іс сондай. Жақсы адамның ойы да, сөзі де, ісі де бірдей болады.

Әйелге жүз туыстан, жалғыз күйеуі артық.

Сұлулық пен сымбат, күлкі мен қуаныш жастықтың серігі. Сиқысыздық пен сырқат, айғай мен ашу кәріліктің серігі.

Ахиллес күшпен ала алмаған Троя қаласын, Одиссей айламен алған.

Сасқанға түйе сиятын есік түлкінің ініндей ғана болып көрінеді. Әділ болу үшін адал болу керек.

Әке баланы сәби шағында жан-тәнімен еркелетеді. Ал, қартайған әкені ержеткен бала дәл солай мәпелемейді.

Қара түннің құшағынан жарқ етіп жақсы күн шықпақ.

Азаптың ақыры – қуаныштың үлкені.

Тамыр болса, жапырақ өзінен өзі өзі өсіп шығады.

Денсаулық пен сырқаулық қарттарға қатарлас пәтерде тұратын көрші тәріздес.

Ішіне қарай сыйлық, жасына қарай құрмет бар.

Арсыздық пен тәкаппарлық тәубасыздықтан туады.

Адамды өлеңге ұқсастырсақ, поэзия тек қана жақсы адамның жаны тәріздес.

Фото: nurshaihov.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға