Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа сайты таныстырылды

24.01.2020 414

«El.kz» интернет порталы Қазақстан халқы Ассамблеясының басты ақпараттық-танымдық платформасы болады. Бүгін «Қазконтент» АҚ-ы төрағасының міндетін атқарушы Зарина Құлұмбетова Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының «assembly.kz» сайтымен біріктіріліп, жаңартылған «el.kz» ақпараттық-танымдық порталын жаңа форматта таныстырды.

Аталмыш екі интернет портал өз жұмысын жаңа форматта осы жылдың ақпан айының орта шегінде бастайды деп жоспарланып отыр.

Жаңартылып, толықтырылған «еl.kz» сайтында оқырман Қазақстанның көптүрлі мәдениетімен, әр ұлттың салт-дәстүрімен, еліміздің бай табиғатымен, ел ішінен шыққан тұлғалар есімдерімен таныса алады. Сондай-ақ, порталда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қатысты және еліміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени ақпараттық сипаттағы материалдар жарияланып отырады.

Таныстырылым барысында «assembly.kz» интернет порталы Ассамблеяның ресми парақшасы ретінде корпоративті нұсқада сақталатындығы да айтылды. Корпоративті сайтта негізінен ақпараттандыру қызметіне басымдық беріледі. Мұнда дербес сайт ретінде Ассамблеяның басшылығы, құрылымы, нормативті-құқықтық базасы, сессиялық жұмысы мен күнделікті қызметіне байланысты ақпараттар жарияланатын болады.

Ұқсас материалдар