Жаңалықтар

Астаналық өзбек этносының орталығы жаңа оқулықтар мен музыкалық аспаптармен толығады

Биылғы жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өтуіне байланысты бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
Астаналық өзбек этносының орталығы жаңа оқулықтар мен музыкалық аспаптармен толығады
21.02.2019 01:52 2399

Биылғы жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өтуіне байланысты бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Осыған сәйкес Өзбекстанның Бұхара қаласында Тұңғыш зиярат туризмінің үшкүндік халықаралық форумы өтуде. Оған қатысып қайтқан Астана қаласының «Өзбек этномәден орталығы» қоғамдық бірлестігігің төрағасы Шерзод Пулатов сапары кезінде тіл, әдебиет және тарих ғылымдарының танымал ғалымдарымен кездесті. Анығын айтқанда, Өзбекстан Республикасы Тарих институты ғылым академиясының директоры, тарих ғылымдарының докторы Ровшан Абдуллаев және аға ғылыми қызметкер Равшан Назаровпен кездесті.

Оның барысында ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Тараптар өзбек тілін оқыту бойынша жексенбілік мектептерге арналған арнайы оқу құралдарын, әдебиет, тарих және мәдениет оқулықтарын шығару жобасын жүзеге асыруға келісті. Жобаны алдағы айларда іске асыру жоспарлануда. Алдағы уақытта қазақстандық өзбек этносының балалары жексенбілік мектептерде арнайы әзірленген оқу құралдарынан білім ала алатын болады.

Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы ұлттық мәдениетін дәріптеу үрдісін тамаша ұйымдастырып отырған орталық. Онда кез келген адам музыкалық ұлттық аспаптарда ойнап үйрене алады. Бұл Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің қолдауымен іске асырылып отыр.

Орталықта жуырда жастар ансамблі құрылған болатын. Оны музыкалық аспаптармен жабдықтау мақсатында Ш. Пулатов Ташкент қаласындағы ішекті және үрмелі аспаптарды жасайтын шеберлермен кездесті. Ол кездесуде Өзбекстанның «Наво» аспапты халық ансамблінің жетекшісі Абдуфотих Тешабаев та болды. Екі ел өкілдерінің арасындағы достық кездесуде өзбек шеберлері Елорданың өзбек этномәдени орталығына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді және орталық ансамблі жаңа музыкалық аспаптармен толықтырылды.  

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға