Жаңалықтар

А.Кішкентаева: «Өгей бала деген болмайды!»

А.Кішкентаева: «Өгей бала деген болмайды!»
30.10.2019 16:01 1695

Бүгін Қостанай қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысында қостанайлық мұғалім Айтжан Кішкентаева бала үшін бірінші тұлға - ата-анасы болатынын және елдің болашақ азаматтарын отбасында тәрбиелеп, қалыптасыру керек екенін айтты.

«Кейде адамдар «тапқан – ана ма, баққан – ана ма?» деп дауласып жатады. Мен – сол сұрақтың жауабын білетін аналардың бірімін», - деген А. Кішкентаева баланы елжіреп жақсы көрсең, оның сеннен туғаны не тумағанының еш мәні жоқ екенін айтты. 

«Балаң құшағын жайып, «Мамаааа!» деп ұмтылғанда, тұла бойыңды кернейтін қуаныш сезімі бірдей... Ол ауырып қалғанда, жүрек сыздатар уайымың бірдей... Әлдеқандай кешіккенде, көңілдегі алаңның да айырмашылығы жоқ... Өйткені сен – анасың!» деген қостанайлық мұғалімнің өмірдерегі форумға қатысушы аналардың көзіне жас үйірді. 

Ол осыдан он жыл бұрын отағасымен, үш ұлымен ақылдаса келе, балалар үйінен қыз бала асырап алуды ұйғарғанын айтты. Ұзақ іздеуден кейін олар ағайынды үш қыз баланы бірден бауырларына басады. Қазір олардың ең үлкені бірінші кластың табалдырығанан аттапты. Ал екі балақай балабақша тәрбиеленушілері екен. Айтжанның айтуынша, ұлдары қарындастарын жатырқамай, ағалық қамқорлық көрсетіпті. Тіпті оларды бағып-қағуда әке-шешелеріне қолғанат болуға тырысады екен. 

«Біз барлық қиындықтарды отбасымызбен бірге еңсеріп келеміз. Бір отбасы болып, бір мемлекет болып жұмылсақ, біздің кез-келген әлеуметтік дертке тосқауыл бере алатындығымызға сенімдімін», - дейді көпбалалы ұстаз-ана Айтжан Кішкентаева.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға