Жаңалықтар

1 МАМЫРДА АСТАНАЛЫҚ БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТА АЛМА БАҒЫ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

1 МАМЫРДА АСТАНАЛЫҚ БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТА АЛМА БАҒЫ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
26.04.2019 00:00 2272

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елімізде ең мейірлі және жарқын мерекелердің бірі тойланады. Бұл жүз отыздан астам этнос өкілдері тұратын елдегі бейбіт өмір үшін қажетті бірегей достық пен келісімнің мерекесі.

Мереке Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен бекітілген мемлекеттік мереке болып табылады және демалыс күні болып жарияланды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Тәуелсіздіктің бірінші күндерінен бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бейбітшілікті сақтауға көп көңіл бөліп келеді. Соның арқасында бүгінде Қазақстан көптеген елдер үшін келісім мен бірліктің үлгісі болды. Республиканың барлық жетістіктерінде бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қомақты үлесі бар, ал мемлекет елде тұратын барлық этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрлерін сақтау мен дамыту үшін жағдай жасауда.

2018 жылдың 28 сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев республика халқының бірлігі «жаңартылған Қазақстанның басты шарты болды, бұған дейін де болған және бола да береді» деп атап өтті.

«Мен халқыма ризамын, бізге көпэтникалық халық тұратын мекен бұйырған. Өзара түсіністік орнап, сіздер әрдайым мені және әр үйге, әр отбасының әл-ауқатының жақсаруына, бірлікке бағытталған саясатты, мемлекеттің саясатын қолдадыңыздар», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблея мүшелеріне.

Көктемгі жарқын мереке Қазақстанның әрбір қаласының орталық көшелерінде Достық шеруімен, сондай-ақ көптеген салтанатты іс-шаралармен аталып өтеді.

Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын таныстыру үшін мерекеге еліміздің барлық аймақтарындағы этномәдени орталықтардың қатысуы үлкен маңызға ие. Мың бұралған бишілердің билері, спорттық жарыстар – көпшіліктің ең жарқын және сүйікті мерекелерінің бірі.

Сөзсіз мерекенің ең жарқын сәті – этномәдени орталықтардың көрмелері. Орталық алаңдар мен саябақтарда этнос өкілдерінің ұлттық тұрғын үйлері – бірқилы шағын музей тұрғызылады, онда киім-кешек элементтерін, дәстүрлі бұйымдар, әшекейлерді көріп, тамашалауға және түрлі ұлттық ас мәзірінен дәм татуға болады.

Сонымен қатар бұл күні музейлер мен кітапханалар Қазақстанда тұратын халықтар мен мейрамға арналған көрмелер ұйымдастырады. Бұл мереке Қазақстан халқын ел аумағында тұратын түрлі ұлттардың салт-дәстүрімен және мәдениетімен ғана таныстырып қоймай, ұлттардың бірлігін нығайтуға бағытталған жарқын мереке.

Бұл күні елордада «Қазақ елі» монументінің бас алаңында шығармашылық ұжымдардың, филармония әртістері мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды театрландырылған іс-шара ұйымдастырылады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Қазақстан халқы достығы фестиваліне қатысады.

Сондай-ақ осы күні Ассамблея жастары Елбасы – Ұлт Көшбасшысы,  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қатысуымен Ботаникалық баққа алма бағын отырғызу акциясы өтеді деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның елордасында алма бағын отырғызу идеясын «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі, Атырау қалалық Мәслихатының депутаты, «Сарайшық» асыл тұқымды шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, «Республикалық сүт бағытындағы ешкі тұқымдары палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Тамила Розметова Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы 23 қаңтардағы қатысуымен өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде айтқан болатын. 

«Қазақстан алманың тарихи отаны болып табылатыны туралы «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақалаңыздан білдім. Бүгін Ұлы Даланың осы өшпес қырын Атырауда жалғастырып, біз Маханбет алмасының даңқын жаңғыртамыз. Сондықтан Жастар жылы біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, нақты жобаға қолдау көрсеткіміз келеді. Осы көктемде Астанада алма бағын отырғызғымыз келеді. Аяз бен желге де төтеп беретін арнайы алманың төрт сортын дайындап қойдық. Біз бақшаны тамшылатып суарумен толық қамтамасыз ететін боламыз. Астанадан, тым болмаса, бір гектар жерді бөлуіңізді сұраймын», – деген болатын сол кезде Тамила Розметова.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаманы қолдап, Астана әкімі Бақыт Сұлтановқа болашақ алма бағы үшін орын белгілеуді тапсырды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға