Жаңалықтар

Соғылды соңғы қоңырау (ФОТО)

El.kz редакциясының фотографы Нұрбек Әлманбетовтың фоторепортажы
Соғылды соңғы қоңырау (ФОТО)
Фото: Нұрбек Альманбетов 25.05.2017 15:34 16728

Бүгін, 25 мамыр түлектер үшін – алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасқан күн. Бала шақтан болашаққа қанат қағып, соңғы қоңырау соғылды. Егемен еліміздің ертеңі дәл осы жастар екені сөзсіз. El.kz редакциясының фотографы Нұрбек Әлманбетов Астана қаласы, №7 мектеп оқушыларының соңғы қоңырауына қатысып қайтты.

Биылғы түлектер мектеп директорының алдында – барлық күш-жігерін еліміздің экономикасын көтеріп, ғылымын дамытуға жұмсаймыз деп уәде берді.

Білім және ғылым министрлігінің берген ақпаратына сүйенсек – биыл Қазақстанда 137 мың түлек мектеп бітірген.

Соңғы қоңырау соғылғанымен, түлектерге босаңсуға болмайды. Оларды ҰБТ деген үлкен сынақ күтіп тұр.

Жыл сайынғы мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтиханы саналатын Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру ережесіне біршама өзгеріс енгізілген. Биылдан бастап түлектер әуелі мектепте аттестат алу үшін бес пән - міндетті төрт пән және өзі таңдаған бір пән бойынша емтихан тапсырады.

"Алтын белгі" осы емтихандардың қорытындысы бойынша беріледі. Бұл емтихандар биыл 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді.

Жаңа үлгідегі ҰБТ биыл 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Түлектер ҰБТ-ны бес пән - үш міндетті және екі салалық пән бойынша тапсырады.

Былтыр Қазақстанда 120 мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, олардың 87 мыңға жуығы ҰБТ тапсырған.

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,

Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.

Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,

Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.

Мектеп қайта есігін ашпас енді,

Өмір – ұстаз, ақылды, ақ шаш өңді.

Басқаша енді үйретер бар сабағын,

Қоңыраулар соғылар басқаша енді!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға