Жаңалықтар

Өсімдіктердің төл атауын қалпына келтіруге бола ма?

Елімізде өсімдіктердің 15 мың түрі бар
Өсімдіктердің төл атауын қалпына келтіруге бола ма?
28.03.2017 15:16 25938

Өсімдіктердің ғылымға белгілі 500 мыңнан астам түрі бар екен. Оның жартысына жуығы суда, қалғаны құрлықта өседі. Қазақстанда олардың 15 мыңы бар көрінеді. Бұл жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, тауы мен жазығы, ойы мен қыраты,  шөлі мен даласы  Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр алқапты алып жатқан Қазақстан үшін аз болып көрінуі мүмкін. Оған негіз де жоқ емес. 

Ғылыми еңбектерде Қазақстандағы 15 мың өсімдіктің 800-ге жуығы әлемде тек біздің жерімізде ғана кездесетін эндемиктер екені көрсетілген. Өкінішке орай біз басқасын былай қойғанда тек біздің жерімізде ғана кездесетін осы бірегей эндемиктердің  төл атауын түгел білмейміз.

Тибет медицинасының бәйтерегі саналатын «Чжуд-Ши» кітабының кей тарауларын қазақ тіліне тұңғыш аударған Сейітқамза Қалиевтің айтуынша, орыстарда 70-80 мың, ал ағылшындарда 500 мыңнан астам өсімдіктердің  атауы бар екен. Ал қазақ тіліндегі өсімдік атауларының саны уикипедия ашық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша – 848. «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде» – 736.  Тоғыз томнан тұратын «Қазақстан флорасында»  – 350. Әрине бұл көңілге кірбің түсіретін сан. Өйткені кезінде әйгілі этнограф Жағда Бабалыққа  төрт түліктің жайын жетік білетін ағасы Оспан тек Алматы қаласының айналасында өсетін 10 мың өсімдіктің түсін түстеп, қазақша атауын атап берген екен. Өкінішке орай Жағда атамыз қайтыс болған соң, ол кісінің мұрағатындағы құнды деректер зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатыр. Егер мемлекеттік құзырлы мекемелер  қызығушылық танытып, оны жарыққа шығарып, ғылыми айналымға түсіретін болса, бұл  тек Қазақстан ғана емес, күллі әлемнің өсімдіктанушылары үшін  зор жаңалық болары күмәнсіз.

Әрине өсімдік атаулыларының ең алғашқысы қайсы дегенге дәл жауап беру қиын. Өйткені, ол  халықпен бірге жасасып келе жатыр. Ал тіршілігінің қайнар көзі болған төрт түлік малының жағдайына қарап, жылдың төрт маусымында шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеп көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыздың өсімдіктердің қайсысы қайсысы малға жұғымды, қайсысы улы екенін білмеуі мүмкін емес. Ендеше қазақ халқында оның төл атауының болмауы мүлде ақылға сыйымсыз жағдай. Мәселен, өткен ғасырдың бас кезінде Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттеріндегі» «Жер түгі» деп аталатын 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш, 60-қа жуық шөптесін өсімдік атаулары кездеседі.

Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасыр, қызыл қайың, барша, шынар.

Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сарыағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;

Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік
Сықылды ағаштардың талайы бар.
Биікте бітед шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,

Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,

Сүттіген, еңдік, мейіз, киізкиік.
Ақшалғын, көкемарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра, қисық, иық.

Балдырған, уқорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып.
Желкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр,
Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп.

Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ,
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ.

Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып
Бөлінед жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ.

Қазіргі жастар бұл өсімдіктердің кейбірінің атын  мүлде естімегені анық. Өйткені олар күнделікте қолданыста аталмайды. Жалпы өсімдіктер туралы, олардың атаулары туралы шығарма  жазған ақын-жазушылар  елімізде аз емес. Өздерінің туып-өскен жерлеріндегі өсімдіктер дүниесін  К.Әзірбаев «Шөп аттары», Ж. Шантөбетов «Қызылқұм көрінісі», С.Мұсабеков «Шөлдің түгі» деген өлендерінде, ал  Дулат Исабеков «Дермене» повесінде  жан-жақты жазады.

Қазақстан аумағын  ерте замандардан бері тұрақты мекеніне айналдырған қазақ халқының өзін қоршаған ортаны танып-білуде өзгелерден кем қалуы ақылға қонымсыз нәрсе. Мәселе бұл жерде тек қазақтың дәстүрлі дүниетанымының ауыз әдебиетінде ғана көрініс тауып, хатқа түсірілуінің бір жүйеге түспеуінде болып отыр.  Мәселен рауғаш өсімдігін көрген алғашқы еуропалық Марко Поло екен. С.Небесный «Необыкновенное в необыкновенных овощах» (1970) деген кітабында: «Марко Полодан 6 ғасыр кейін Қытайда рауғаш плантациясын алғаш көрген М.П.Пржевальский (1870-1873) болды» дейді. Алайда оның шындыққа жанаспайтынын білетін адамдар әдетте үнсіз қалып жүр. Себебі М.Полодан кейін рауғашты сипаттап жазған Шоқан Уәлиханов еді. Ол өзінің 1856 жылғы «Ыстықкөл сапарындағы күнделігінде» рауғаштың сабағында қымыздық қышқылы болатыны жөнінде пікірін айта келіп, дәмінің анар жемісіне ұқсайтығын жазып, суретін салады.

Өсімдіктер туралы сөз болған кезде, көбіне-көп  оның емдік қасиеті алдымен назарға алынады. Өкінішке орай Қазақстанда өсетін емдік  өсімдіктер тізімінде уикипедия ашық энциклопедиясында 62 өсімдіктің ғана  атауы бар. Ал Сейітқамза Қалиев «Емдік рецептер энциклопедиясы. Қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздері» деп аталатын кітабында дәрілік өсімдіктерді халық емшілерінің төрт рай (суық, ыстық, жылы, салқын), бес дәмге (қышқыл, кермек, тәтті, ащы, сор) бөлетін айтып, 700-ге жуық өсімдіктің атауын мысалға келтірген.

Жалпы дәрілік шөптерді жинап, оны халықтық медицинада қолданудың тарихы өте тереңде жатыр. Зерттеушілердің анықтауынша, адамның ауруға, аштыққа төзімділігін арттыру үшін Шығыс Азия халықтары шай ішсе, Орталық Америка халықтары какао, Оңтүстік Америка халықтары мате жапырақтарын, ал ондағы Амазонка тұрғындары гуараны пайдаланған.

Тарихқа көз жүгіртсек дәрілік өсімдіктермен сауда-саттық жасау біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда-ақ басталғанын байқауға болады. Патшалық Ресейде ХVII ғасырда басталған дәрілік өсімдіктерді іздеу, анықтау жұмысын түрлі экспедиция құрамындағы ғалымдар ХVIII ғасырда Қазақ жерінде де қарқынды түрде жүргізе бастайды. Ал XIХ  ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ жерінен жиналған дәрілік өсімдіктер Еуропа елдеріне экспортталды. Бұл жұмысты кейін Кеңес одағы ары қарай жалғастырып, оның тізімі мен жиналатын көлемін ресми түрде белгілеп отырды. Өкінішке орай халықтың ғасырлар бойы атадан-балаға жалғасып келген дәрілік шөптерді жинау мен оны қолдану өнері өткен ғасырдағы күштеп ұжымдастыру мен қуғын-сүргін науқандарынан кейін тоқырауға түсіп, жинақталған мол білім мен тәжірибе ұмыт бола бастады. Көптеген өсімдіктердің байырғы атаулары ұмытылып,  сырттан таңылған бөтен атауларға ие болды. Өз ұлтымыздан шыққан Ө.Қисықов, С.Арыстанғалиев, Е.Рамазанов, Т.Мұсақұлов сияқты зерттеушілердің бастаған жұмысы аяқталмай келе жатыр. Бұған олардың еңбегін  жалғастырушылар қатарының әлі күнге толыға алмауы өз ықпалын тигізуде. Оған сондай-ақ, бұл шаруаға бас-көз болып, оны жүйелі түрде жолға қоюға мүдделі заңды тұлғалардың жайбасарлығын да  қосуға болады. Соның нәтижесінде жойылуға шақ қалған жан-жануарлары мен өсімдіктеріне қатысты Қазақстанның «Қызыл кітабы» да 1999 жылдан кейін жаңармай отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға