Жаңалықтар

Оқушылар робот құрастырудан жарысты

Озат оқушылар
Оқушылар робот құрастырудан жарысты
21.02.2017 17:35 7804

Таяуда елордадағы Тәуелсіздік сарайында астаналық оқушылар арасында екі күн қатарынан робототехника чемпионаты өтті. Бұл дода жастар мен балалардың жоғары технологиялық және инновациялық қызығушылықтарын арттыру мақсатында өткізді.

Ережеге сәйкес чемпионатқа оқу орындарынан категория бойынша үш құрама команда  қатысты. Олар: сызық бойындағы жарыс, тапсырманы орындау және робосумо. Қатысушылар деңгейлері бойынша тапсырмалар орындап, қолдарымен  роботтарды жинап, оларға жан бітірді. Бұл чемпионаттың ерекшелігі – оқушыларды ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар мен  ғылыми-техникалық шығармашылық жұмыстарға баулу.

 

Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған чемпионаттың қатысушысы, №70 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Айдана Шілдебаеваның робот құрастырумен айналысып жүргеніне бір жыл болыпты.

–  ХХІ ғасыр технологияның қарыштап дамыған ғасыры болғандықтан, болашағымызды да озық технологиясыз елестету мүмкін емес. Үлкен жұмыс күшін талап ететін алпауыт зауыттарда адамның орнын роботтармен алмастырып, уақыт үнемдеудің тиімді тәсілін қалыптастырар едік. Әсіресе, химия өнеркәсібінде адамның денсаулығына зиян келмес үшін де адамдардың орнына роботтарға жұмыс істетуге әбден болады, – дейді ол.

Дәл осы мектептің тағы бір оқушысы Әділ Әлімхановтың пікірінше, роботтардың қызметі машина өндірісіне ауадай қажет.

–  Қаламызда бірінші рет өткізілген бұл чемпионат мен үшін өте қызықты болды. Сабақтан тыс уақыттарда информатика пәні мұғалімінің жетекшілігімен роботтар құрастырумен айналысамыз. Өткізілген жарыс бұл әуестігімізді әрі қарай жалғастыруға деген қызығушылығымызды арттырғандай. Менің ойымша, машина жасау барысында ұсақ бөлшектерді құрастыру, медицина саласындағы түрлі лабораторияларда роботтар адам айтса нанғысыз қызметтерді атқарып бере алады, – дейді чемпионатта үшінші орынға ие болған Әділ Әлімханов.

– Бұл додадағы қарсыластарымыз да мықты болды. Роботтың қызметіне әр салада жүгінуге болады. Мәселен, экологиялық ластанудан арылу  мақсатында адам аяқ басып бара алмайтын жерлерді роботтардың қызметі арқылы  тазартуға болар еді. Ғарыш айлақтарына да роботтар ұшырылады. Біздің ойымызша, робототехника – уақыт үнемдеудің таптырмас тәсілі, – дейді №38 мектеп-лицейінің оқушылары Асанәлі Нүркенов пен Диас Қамалов.  

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде өткен салтанатты жиында марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға