Жаңалықтар

Қаламгер Мұхаметсәлім Кәшімовтің тілдік-стильдік ерекшелігі

Қазақ көсемсөзінің алыбы
Қаламгер Мұхаметсәлім Кәшімовтің тілдік-стильдік ерекшелігі
15.09.2017 12:58 6740

Әрбір жеке тұлғаның қолтаңбасы мен жазбаларындағы жанрлық ерекшелік әралуан. Мұндай айырмашылық, көбінесе, қаламгердің ұстанған позициясы мен ол қатысқан басылымныңжарық көру мерзімі т.б. факторларға байланысты.Кәшімов жазбалары мен ол қатысқан «Айқап» журналының тілдік-стильдік  ерекшеліктерін де өз кезеңінің саяси-қоғамдық жағдайларынан бөле қарауға болмайды.

«Стиль» ұғымы сол басылымдағы лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерінен бастап, жазу мәнері, жеке шығармалардың немесе жазушы шығармашылығының тілдік ерекшелігін анықтайды.

Газеттің 1923 жылғы 9 мамырда, яғни, 36 нөмірінде жарық көрген шығарма осы басылымды стильдік жағынан ерекшелендіріп тұр. Ең әуелі, жайма шуақ, жаздың жаңа шығып келе жатқан кезі сипатталады. «Халықтың бәріне жаққан бұл мезгіл тек үш адамды қиялға жетелеп, қайғыртады», – деп келтіреді автор. Сөйтсе, бұл үш адам жалғанды жалпағынан басқан, кезінде елді қанаған, ешкімнің алдында басын иіп көрмеген екен. Әрине, әр шығарма сол сәттегі оқиғалар мен заманның ағымына байланысты жазылатындықтан мұнан да патшалық кезеңдегі утопиялық арман мен мақсаттың көрінісі, «ескішілдердің дәурені өтті, енді жаңа заман туды» деген ой-сенім менмұндалайды. Автор темір торға жабылған үш парақорды былайша сипаттайды:

«Бұлардың бірі қарны қампиған дүние ақырет көр азабын көрем деп өмірінде есіне келмеген, талайдың еңбегін жалмап жеген, еңбексіз мал тапқан, бейнетсіз ел тапқан малға сенгендер еді. Біреуі мойны бұқаның мойнындай бұрылмайтын ала көзді, азуы алты қарыс, алдына адам салмас сөзі бар, жуан деген паң еді.

Ақырғысы – байдың қарғылы қара тазысы, жуанның қыран қаршығасы. Біреуінің байлығына, біреуінің жуандығына арын сатып күн көрген, түзу тура  жолынан адасқан бір жан еді».Үш сипаттама үш түрлі болғанымен, мінез - болмыста ортақ үндестігі жоқ емес. Ел алдаған, жұрт қанаған тоғышар бейне. Бір-біріне ұйқастыра құрылған тілі жазбаны публицистикалық сипаттан гөрі көркем әдебиет сарынына жақындатып тұр. Шығарманың аяқталуы, шешімі де айрықша. Белгісіздік бар. Бірақ бұл белгісіздік сол кездегі жаңазаманның туғанын, осы кезге дейін төмен саналған «бұратана» жұрттардың енді әділ күнге жеткендігін білдіретіндей.

Көп мәндес стиль Мұхаметсәлім материалдарынан байқалады. Мұндағы себеп «Айқап» жарық көрген 1910-жылдарда көбіне-көп деректі-көркем жанрдың басымдылыққа ие болғанынан болса керек. Жай ғана ақпараттың өзі сараптауға, талдауға құрылған. Мәселен, Баянауылдағы мектепте өткен мерекелік, жаңа жылдық іс-шара туралы жазу үшін автор, ең әуелі, осы аймақтағы мектептің қашан ашылғаны, қазіргі жай-күйі, оқушылар саны мен кездесіп жатқан олқылықтар, қиындықтар туралы сараптап, талдап барып, содан кейін ғана болған іс-шара туралы нақты сөз қозғайды. Мұны бүгінгі жанр талабымен қарастырсақ, ақпараттық заметка, репортаж, проблемалық мақаланың жүгін бірдей көтеріп тұрған күрделі құрылымдық жазба екенін пайымдау қиын емес. Жарияланымның тілдік мәнері мен сөз жүйелеу тәсілінде ой құрмалас сөйлемге құрылып, сабақтаса беріледі. Мәселен, «Сөйтіп, қазақ школы жалғыз өзінің оқытқан балаларымен қоймай, қалада тұрушы бес жастан он жасқа шейінгі оқымайтын мектептен тысқары балалардың есебін алып, оларды көп еңбек қылып, киімі жоқтарын атпен тасытып алдырып, оларды мектеп үйімен таныстырып, қызықтыру үшін ойынына келтіріп, оларға арнап бауырсақ ұсақ-түйек ойыншық, қалта-қалта жидек таратып, оқысаңдар жақсы болады». Осы бір сөйлемнің өзі материалда көсілте баяндау басым екенін аңғартқандай. Тілдік тұрғыдан жазба машықтан гөрі ауызекі баяндау, әңгімелеу түріне жуық. Ой шашыраңқылық пен төселмегендік көзге ұрады. Бірақ газет-журнал ісінде енді-енді кәсібилікке беттеп, тілшілердің қатары көбейе бастаған хх ғасырдың алғашқы он жылдығындағы  ерекшелікті де ескерген лазым.

Басылым материалдарының басым бөлігінде автор бүркеншік есім қолданады. Мұның түпкі себебі «Қазақ», «Айқап» баспасөздерінің заман аңысын дұрыс аңдағандығынан, тар кезеңнің қыспағында қолданған әдісінен деп білеміз. Әрине, «Қазақ», «Айқап» басылымдары бүркеншік сімді көбіне цензурадан, қудалаудан бой жасыру үшін мақсаттық тұрғыда қолданса, кейінгі баспасөз тәжірибесінде бұл қалыптасқан баспасөз дәстүрі ретінде сақталып қалды.

Сөз ұнасымы мен сөздің асылдығы Мұхаметсәлім Әбдірахманұлының «Ақыл», «Үгіт» шығармаларынан да көрінеді. Мақаланың әр сөзі адамның санасына жетіп, зердесіне ұялайды. Жалпы оқырманды оқудың қадірін түсінуге шақырып, өзіндік стильмен үн қатады. Және ешқандай да пафос жоқ. Мәселен, «Тарих жүзінде қандай ғана мәдениеті ілгерілеген жұрттардың жүрген ізіне, басқан қадамына көз салсақ, немен алға басып, қалайша жоғарылап, күшінің молайып отырғанын айқын көреміз. Бұған жеткендігіне жалғыз-ақ жол себеп болды. Ол жол не? Оқу», – деп жазады автор.

Жанр да баспасөз бетінде маңызды орынға ие фактор. Әр мақаланың өз жазылу ееркшелігі, яғни, жанры болады. Белгілі бір оқиғаларды, құбылыстарды жеткізуде газет материалдарының түгел дерлік болмаса да басым көп сандысында деректер мен статистикалық мәліметтер кездеседі. Мысалы, автордың «Күтуді көтермейді, тездету керек» деген мақаласы нақты дәйектер негізіне сүйенген. Қазақ партиясы туралы жазылған мақалада автор: «Уголовный кодекстің 46 бабының 3,4 тармағында һәм сол кодекстің 49, 77, 83 баптарында айтады: егер мемлекетті қорғап, өмір тұрмысты сабасына салып келе жатқан келелі тіршілікті орнату ісіне бөгет салып, қылмысты болған адамдарының қылмысы отырған жерлеріне байланысты болса, халықтың шаруасын күйзелтіп, тыныштығына зиянды болатын болса, мемлекеттің түпкі құрылысы мақсұтына қарсы жиылыстар, топтар құрып, зарарлы істермен шұғылданса я екі нәсілдің (екі тұқымның) арасын шағыстырып, от жағып, шатақ шығарып, тынышсыздық орнатушылар болса, мынадай жазаларға кіріптар етілсін дейді:

Зиянды табылған жерінен 3 жылға дейін екінші жерге жер аударуға;  бір жылдан я екі жылдан қатты қамаумен басшыларын тұтқынға алуға, еліктегіштерін алты айдан кем болмау шартымен тұтқын қылуға; көк ауруы күшті, түзелмейтін қылмысы ірі болса, өлімге шейін бұйыруға», – деп

Қылмыстық Кодекс - нақты құжаттан, ресми ақпарат келтірілген. Ал, «Жер тақырыпты» деген мақалада (№58, 12 июль, 1923) «Көкшетауи» деген бүркеншік есіммен атын жасырып көрсеткен автор «Ауылнай, школдар түзді, шоқындыратын миссионерлер таратты, ішкі Россиядан қазақ жеріне келімсектер жіберді. Қазақ жеріне3 миллиондай келімсектер орнап еді», – дейді. Бұл – сол кездегі мақалалар бағыты мен қазіргі кездегі басылымдардың үндестігі. Өйткені, нақты деректер үнемі ізденісті қажет етеді, тексерген сәтте ол дерек расталуы тиіс. Дерек негізінде мақаланың салмағы артып, оқылымы да артады. Сондай-ақ: «Ақмола, Семей, Орал, Торғай (бұрынғы) гүбірнелерінде қазақтан тартып алып, бос тұрған жерлер еңбекшіл қазақ жұртына қайтсын. Орал, Сібір казак-орыстарының пайдасына деп алынған жерлер қайтсын» деп 1921 жылдың 7 февралінен бастап Қазақстан үкіметі декреттер шығарды. Журналистік зерттеу – журналистиканың пәрменділігін аңдататын,   журналистің ізденісін, тәжірибесін талап ететін жанр. Бұл жанрды таңдаған журналистер батыл екендерін дәлелдейді деген пікір бар. Дегенмен, соңғы кезде ғана дамып келеді деген бұл жанр алғаш Америкада пайда болды деген ұғым қалыптасқан. Батыс әлемінде «Із кесу журналисі» деп аталған бұл жанр елімізде енді дамып келеді. Көптің пікірі осы болғанымен, біз хх ғасыр басындағы газет-журнал бетінен аз да болсын осы жанрға ұқсас материалдарды табамыз.

Мысалы, жоғарыда талданған «Жер тақырыпты» деген мақалада автор жер мәселесіне қатысты, Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшарттар мен мемлекеттік маңызды шешімдерді жан-жақты талдайды. «Семейтау болысында Ертіс бойы Қызылтал деген жерге өткен жаз 40 шамалы үй келімсек мұжықтар келіп орнаған. Ол жерді пайдаланып жүрген 50 шақты үй қазақ биыл жерсіз қалып отыр. Оларды орналастырған кім? Қазақтың өзі. Семейтау елі партия аз жағына ел керек болған. Жүзбасы көбейтеміз деп 40 үй мұжықты жетінші старшынға жазып жіберген. Мұжықтар биыл орнығып алып, жерді өзінікі қылмақ болып, жер бөлімінен ізденіп жүр. 50 шақты үй қазақ жерсіз қалып отыр», – дейді автор. Мұндай ақпаратты жазу үшін алдымен журналист кең зерттеу жүргізуі қажет. Бірақ мақаланы толыққанды журналистік зерттеу деп атай алмағанымызбен, соның элементтері мен сипаты сақталған, бастысы, журналистің факті мен деректі өз ұпайына, мақалада көтерілген мәселенің салмағын арттыруға ұтымды қолдана білгені көрінеді. Мұндай материалдар өткен ғасырдың 20-жылдары баспасөз бетінен көптеп байқауға болады. Өйткені, дәл сол кезде жерге ие болу қазақ ұлты үшін ең дертті мәселелерінің бірегейі еді. Біз мақала мазмұндарынан осыны анық байқаймыз.

Дәл осындай шетін  мәселе «Семей гүбірнесіндегі жер мәселесі» деген мақалада да көрініс табады. Автор толыққанды деректі оқырманның назарына ұсынады: «Семей гүбірнесіндегі жердің ұзын саны 46,104,724 десятина... Жоғарыдағы көрсетілген жердің бөліктері: 57,100 десятина жер қалаларының пайдасына, 2,202,435 десятина жер Ертіс бойындағы он шақырымдық болып, казак-орыстың пайдасына, 1,789,976 десятина жер – қазынанікі, тоғайлық, оброчный статьялар болған. Оған: 4,488,095 десятина жер крестьяндар пайдасына, 37,567,118 десятина жер қазақ елінің пайдасына, 9,564,294 десятина жер тақыр, татыр, сор, көл, өзен, томарлық болған (бұл жоғарғы ұзын саннан тысқары). Семей гүбірнесіндегі халықтың саны көшпелі өмірде жүрген қазақ – 626,786, отырықшылыққа таман айналған қазақ – 13,407, крестиандар – 170,943, казак-орыс – 29,935, қаланың тұрғындары – 86,904 жан болған».

Газеттің No38 санында, 1924 жылдың 16 мамырында жарық көрген мақала – «Қоянды жәрмеңкесінің қазақ шаруасына қандай пайдасы бар?» деп аталады. Бұл мақалада автор оп-оңай алданып қалатын, саудаға жоқ қазақтың хал-жағдайы туралы сөз қозғайды. Жалпы қазақ даласында бар 106 жәрмеңкенің барлығына ортақ қалыптасқан жүйені талдап, енді жаңадан ашылайын деп жатқан Қоянды жәрмеңкесінен зор үміт күтеді. «Егерде бұл жәрмеңке қазақ ортасында болса, оның түрі басқаша болмақ. Мұндай жәрмеңкеде қаладан барған саудагерлердің сататын нәрселері қазақтың өзі жасап шығара алмайтын, бірақ мұқтаж-керек нәрселері болуы керек. Сатып алатыны қазақтың қолында бар, бірақ керегінен артық нәрселері болуы керек. Міне, сонда ғана бұл жәрмеңке қазақтың артығын алып, жетпегенін беріп, шаруасын түзеуіне себеп болмақ» деп қазаққа нағыз пайдасы бар жәрмеңкенің ашылуын қалайды. Өзінің ойын автор: «Қысқасы, Қоянды жәрмекесінің қыр қазағына мағынасы зор. Бұл жәрмеңкеге сатып, керегеніне жаратамын деген малын қыр қазағы алып келіп, тиісті бағасына сатып, неше жылдай шаруасын түзеуге қолына түспей жүрген нәрселерін қаладан гөрі арзанырақ бағаға сатып алып қайтпақ. Қыр қазағы бұл жәрмеңкемен пайдаланып қалуы жөн. Не түрлі жақсы, ыңғайлы оқиғаларды есептеу керек: үкімет те алым-салық турасына жеңілді қылып отыр; үкімет сауда мекемелері алыпсатар арқылы емес, өз қолымен мал алмақ болып отыр; неше жылдай қыр қазағының қолына тимей, биыл бұл жәрмеңкеге апарылғалы отыр. Және де үкімет мекемелері жеуді мақсұт қылмай, мүмкін болғанша қазақтың малына толық баға беріп, өз бұлдарын арзанырақ сатуға тырысады. Қыр қазағы қамданып, бұл жәрмеңкемен пайдаланып қалуы жөн», – деп аяқтаған.

«Қазақ әдебиетіндегі орынды һәм орынсыз сындар туралы» деген мақалада автор осыған дейін жарық көрген сыни материалдарды сынайды. Яғни, сынның артық кеткен орынсыз тұстарын жазады. Орынсыз сынды автордың өзі: «Қисық арба жол бұзар, шала молда дін бұзар» дегендей шала ойланған, шала істелген, миға, ақылға салынбаған нәрселер елдің, жұрттың арасын түзеуден тез бұзбақшы. Һәм тұрмыс картинасында жасамақшы. Ол істің болуы қайсымызға болса да белгілі» дейді. Тереңнен толғағандай сын жазатын азаматтардың көпшілігінің әлі күнге өздері де ешнәрсе жаза алмайтынын,жұрттан асқан сыншыл болуға беталып кеткендігін баса айтады. Орынсыз сыналып жатқандарға кезінде сыналып, соңында лайық бағасын алған Пушкин сияқты біртуарлардың басынан өткен оқиғаларын жазып көрсетеді. Қаймықпауға шақырады.

Деректі-көркем жанры осы кезде баспасөз бетінде көп кездеседі.  Газеттің өз ерекшелігі, ұстанған бағытына қарамастан, бұл сол заманда қалыптасқан заңдылық еді. Мысалы, «Мұңлы Мәриям» деген шығарма. Автор бұл шығарманы жазуда әдеби-көркем жанрды таңдаған. «Ұзыннан ұзақ жылан құсап иіріліп, күміс құсап жарқырап, суы сарқырап ағып жатқан бұлақтары, қаланың маңындағы табиғатының тамашалығы» деген сияқты образды сөздер, теңеулер қолданған. Адамдардың аттары тек бас әріптермен жазылып, жасырын түрде шынайы бейнелер көрсетілген. Оқиға түрінде жазылып, өмірде болып жатқан сайлау науқаны туралы жазылған. Мұны оқырмандар автордың шеберлігі деп бағалайды.

Дегенмен, бір қызығы, ХХ ғасырдың басында, жалпы тақырып таңдауға, оны шеберлікпен әсемдеп жазуға аса мән берілмеген. Қазір "жақсы тақырып - жарты мақала" дейміз. Ал ол кезде мақала тақырыбы да материалда жазылған оймен үндес болуы керек еді. Оның қысқалығы, әлде әсерлі сөздермен жазылуы маңызды болған жоқ. Мысалы, «Ғылым, әдебиет майданынан», «Семей гүберниесіндегі жер мәселесі», «Әр жанның дінбасшы һәм жай адамдарына», «Қоянды жәрменкесінің қазақ шаруасына қандай пайдасы бар?», т.б.

Дәл осы тіл шұрайлылығы бұл кезде тапшы болмаған деуге негіз бар. Жанрлар ерекшелігі мен тілдік-стильдік айырмашылықтарына қарамастан, дәл осы газеттер сол кездің мұң-мұқтажын жоқтады. «Айқап» журналындағы Кәшімов көсемсөздері де ХХ ғасырдан бізге жеткен бағалы мұраның бір парасы.

М. Кәшімовтың өмірі «Айқап» журналымен тығыз байланысты.  Ғалымдар С. Зиманов пен К. Ыдырысов «Айқап» журналы мен М. Сералин жөнінде «Общественно-политические взгляды Мухамеджана Сералина» атты еңбектерінде: «Журнал «Айқап» был основан казахским учителем Мухамеджаном Сералиным, который был не только его организатором и издателем, но и его ведущим составителем-автором и идейном руководителем, редактором. Его историческая заслуга состоит в том, что он был первым, наладившим издание национального журнала демократического направления в Казахстане. Журнал «Айқап» стал окном в просвещенный мир» – деп жазған еді.

«Айқап» журналына саяси-әлеуметтік мақалалар, әдеби шығармалар, оқу-ағарту ісі, мәдени, шаруашылық қазақ әйелдерінің жайы, теңдік, бостандық мәселелері, ішкі-сыртқы жағдайлары жайларынан көптеген мақала, хабарлар жарияланып, көкейкесті мәселелерді халықпен бірлесе шешуге тырысты. «Айқап» журналына әртүрлі ағымның, түрлі топтардың өкілдері жазып тұрды. Ғалым Қ. Ыдырысов көрсеткендей, «Айқап» журналының авторлары мен жақтаушыларының қатарында жергілікті Ғ. Мұсағалиев, С. Лапин, Ж. Тілеубергенов, М. Есенгелдин, Х. Мұхамеджанов, А. Ғалымов, А. Жанталин, С. Ғаббасов, М. Жолдыбаев, М. Кәшімов, Д. Қашқынбаев, Н. Манаев, М. Қалтаев, Қ. Кемеңгеров сияқты зиялы қауым өкілдері болған.

М. Кәшімов 1911-1914 жылдар аралығында «Айқап» журналында тілші (агент) болып қызмет етіп, журнал тапсырмасы бойынша қазақтардың әдет-ғұрпы, тарихы, этнографиясы, шаруашылығы, әдебиеті, мәдениеті туралы мақала, очерктер жазу мақсатында Жетісу, қырғыз, қытай елдерін аралайды. «Айқап» журналында оның ірілі-уақты қырықтан аса мақаласы басылған. Ол бір мақаласында бірнеше мәселені көтерді. Бұл мақалалардың көпшілігі сол замандағы қазақ халқының саяси, шаруашылық, әлеуметтік халі мен болашағы жайында жазылған.

Мұхаметсәлімнің «Айқап» журналына жарияланған ең бірінші шағын мақаласы «Азһар хақиқат» деп аталады. Сондай-ақ ол оңтүстік өмірін (Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Верный, Лепсі, Қапал) аралауының нәтижесінде әлеуметтік мәселелерге арналған бірнеше мақалалар жазды. Ал қазақ жастарын оқыту мәселесіне, ағарту ісіне «Әулиеата хабарлары», «Әулиеата шаһарында Русско-Ассинская школа», «Верный (Алматы) көрген- білгенім» және тағы басқа мақалаларын арнап, мектеп, медресе жүйесін дамыту, мұғалімдермен қамтамасыз етуге аса көңіл бөлу қажеттілігін көтерді, бала оқыту жөнінде нақтылы ұсыныстар жасады.

М. Кәшімов Әулиеата шаһарында мектеп-медреселердің жоқтығын, дәріс беруші ұстаздардың жетіспеушілігін, оқу, ғылым, өнер дегенге мүлдем мән бермейтіндігін жаза келе, осы орыс-қазақ мектебіндегі оқуға көңілі толмағандығына қынжылыс білдірді. «Әулиеатада русско-мусульманский школа 6 жерде, Меркеде 2 жерде, солардың әрқайсысына қазақ кітабы, қазақ мұғалімдері керек еді», - дейді.

Алматыға барған сапарында да халықтың көңілге қайғы түсіретіні оқу, оқыту турасында ойдан мақұрым екендігін баса көрсетіп, оқудың қазақтар үшін өте қажеттігіне  тоқталды. Қазақ жастары оқу-білімге ұмтылып, игі-жақсы азамат қатарына қосылса деп тіледі. Ол үшін ел арасында оқу-білімді, өнерді, ғылымды насихаттайтын газет-журналдарымызды көбейтсек деген ойын «Айқапты үлкейту турасында» атты мақаласында білдірді. Бұл мақаланы 1916 жылы «Алаш» газетін ұйымдастырушы, 1917 ж. «Үш жүз» партиясын құрушылардың бірі болған Көлбай Төгісов пен Қапал шаһарының құрметті азаматы, «Мамания» мектебін ашқан Есенғұл Мамановтармен бірлесе жазды.

«Шура» мысалында «Айқабымыз» тұра берсін, оған жолдас қылып бір газет ашалық. Бұл газетіміздің бір жағы орысша болсын. Өйткені орысша білген жүйрік жігіттеріміз қазақша жазуға ерінеді, екінші алты миллион есептелінген қазақтардың хал-ахуалын сөйлеген газетаның бір торабы орысша болу себепті орыстардың да оқушылары болар еді», - деп жазып, осы газетке редакторлыққа Ж. Сейдалин, Б. Қаратаев, Ә. Бөкейханов сияқты оқыған зиялыларымызды қойсақ, әр пұл мәселесін зиялы жігіттер мен көзі ашық бай, болыстарға міндеттесек деген ұсыныс айтты.

М. Кәшімов халықтың мәдениетті ел қатарына қосылуы, ел арасында оқу-білімді, ғылымды насихаттайтын кітапханалардың болуында деп есептеген. Түркістан шаһарына барған сапарында осындай мұсылман кітапханасының барлығына қуанып «Айқап» журналына хабардар етеді. «Библиотеканың (кітапхана) алдыңғы үйіне сыртқы киімдерімді қалдырып, жоғарғы үйге кірдім. Қатарланған скамеялар, биік, зор үстел, үш жерде үш зор лампы жағылған. Үстел үстінде реттеп қойылған орысша, мұсылманша газеталар, журналдар. Арасында қызыл тысты араб ғаріпімен «Айқап» деп жазылған журналдың тұрғандығы көзіме жылы көрінді. Біздің қазақтың да қатарға кіріп қалғандығы, көзге көрінгендей болып, көңіліме зор қуаныш берді», - деп осы кітапхана жағдайы туралы, орысша, мұсылманша кітап, газет-журналдардың санының көптігін айтып қуанса да, бұл жерге қазақтардың келмейтіндігіне қынжылады.

Мұхаметсәлім Кәшімов қазақ даласындағы саяси өзгерістерді де бақылап отырды. Әсіресе патша өкіметінің жерге қатысты жүргізіп отырған аграрлық саясатын сынға алды. Негізінде ХХ ғасыр басында жер мәселесі қазақ халқы үшін өте проблемалы мәселе болды. Өйткені патша өкіметі орыс шаруаларын қазақтың шұрайлы, жайылымды жерлеріне орналастырып, байырғы тұрғындарын қоныстарынан көшулеріне мәжбүр етті. Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары осы мәселені шешуде баспасөз беттерінде мақалалар жариялап, патша ағзамға петиция (арыз-хат) жазып, мемлекеттік Дума мінберлерінде батыл, ашық түрде ойларын айтып жатты. Осындай өзекті мәселелерді шешуде зиялылар арасында «бас қосу» қажеттігі де айтыла бастады. Жалпы «бас қосу» жайы туралы халық арасына үн тастаған «Айқап» журналының редакторы Мұхаметжан Сералин. Оның бұл ұсынысына қолдау көрсетіп, ең алғаш ой-пікір білдірген Р. Мәрсеков болды. Аз уақыттың арасында Ж. Сейдалин, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Б. Қаратаев, Б. Сырттанов, Ж. Тілеубергенов және т.б. ниеттес адамдар үн қатып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Бас қосқаннан бұрын жер мәселесі төңірегінде қандай ортақ шешім табу керектігі жайында ой бөлісті. Нәтижесінде қазақ бұқарасының арасында «отырықшы болу керек пе, жоқ әлде көшіп-қонып жүрген орынды ма?» деген сұраққа жауап іздеп екі түрлі пікір қалыптасты. Біреулері қазақтарды отырықшылыққа шақырып, егін шаруашылығымен айналысуға үгіттесе, екіншілері қазақ жерінің барлығы отырықшылыққа лайықты еместігін, әрі мал шаруашылығы үшін зиянды екендігін баса айтып жатты.

Ұлт зиялылары қазақтың жерге ие болып қалуын көздей отырып, оны сатуға да қарсылық білдірген. Бұл жайында ХХ ғасырдың басында ірі мәселелерді көтеріп, мерзімді баспасөз беттеріне саяси-публицистикалық мақалалар жазған, заңгер Жаһанша Сейдалиннің «Айқапқа» жарияланған мына бір мақаласында «... ойып алынған жерлерді тастап, қазақ баласының пайдасына қалдырып, орыс ішкі губернияға көшіп кетеді дегенге нанбаймын. Кеткен хахол жерін сатып кетеді һәм ол жер қазақ пайдасына қайтып оралып келмес», - деп келтіреді.

Мұхаметсәлім Кәшімов та осы мәселе төңірегінде заңгер, «Сарыарқа» газетін шығарушы, алаш азаматын Райымжан Мәрсековпен ой бөлісіп, оған бірнеше сауалдар қояды.

«Қазақтың көп жері егін салып, шаруа қылуға көнбейді. Құм, шөл, ащы, тау, тас болады деп ұнатпаушылар бар» деген пікірін айтып, қазақ көшпелі өмір сүру керек пе, жоқ әлде отырықшы өмір сүру керек пе деген сұрақ төңірегінде Р. Мәрсековтен пікір сұрайды. Ол үшін «бас қосу» қажеттігін де айтады. Зайсан уезіне қараған Қараертіс болысының «Бәйгөбек» деген жерінде қала боламын деп талаптанған екі жүз қазақ үйлеріне 16 мың жер кесілгендігін де атап өтеді. Қазақтың көптеген шұрайлы жерлерін қоныстандыру мекемелері «мемлекет меншігіне» алып, хахолдарға беріліп, тіпті келімсектер қазақ жерлеріне еш рұқсатсыз келіп қоныстанып жатқандығын, ұлықтардың қазақ арыздарына рахымсыз көзбен қарап, өздерін істі қылып түрмеге отырғызып жатқан жайттардың орын алып отырғандығын, обзырлық іс-әрекеті мен жер-су мәселесіндегі әділетсіздіктерді батыл әшкерелейді.

Сонымен қатар ол қазақта үкімет қаржысынан несие алып, төлем уақыты келген кезде қиналып, қолда бар малын салып, ақыры бала-шағасын асырауға да жағдайы болмай, қайыр тілеп кететін жағдайлардың кездесетінін қынжыла жазады. Ал ұрлық ісі қазақтардың басындағы көп сордың ең мықтысы деп көрсетеді. Земство мәселесіне келгенде М. Кәшімов Түркістан жағындағы Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқан облыстарында Түркістан генерал-губернаторы Самсоновтың даярлаған заң жобасы бойынша жүргізілмек екендігін, осы земство Ресей земствосындай болмайды деген ойын ашық білдіреді.

М. Кәшімов қазақ арасына жаңадан еніп келе жатқан жаңалықты ризалықпен қабылдады. Ол қазақ даласына әлі тарала қоймаған техникалық бірте-бірте қолданысқа енетіндігіне сенді. Соның ішінде май алатын машинаның қазақ үшін аса маңыздылығын жазып, осы машинаның қолдану тәсілдерін жіктеп көрсетті. Сондай-ақ жалпы тазалық, сиыр күтімі, сүттің әр жанұяға әкелетін пайдасына да «Думакәрлік» деген мақаласында тоқталды. Осы мақаласы арқылы оның ХХ ғасыр басында жаңадан жандана бастаған техника құрылымына деген қызығушылық білдіріп, осы техниканы қарапайым халық та қолданса деген ойын аңғарамыз. Әрине, сол уақытта май алатын машинаның құрылымын егжей-тегжей біліп, оның пайдасы турасында қалың көпшілікке баспасөз беттері арқылы жазып білдіру әр адамның қолынан келмес еді. Қазақ халқы ежелден мал бағумен айналысып, төрт түлік малды өсірген. Өйткені бұл мал көшсе көлік, ішсе сусын, жесе тамақ болғаны белгілі. Сондықтан малдың күтіміне ерекше көңіл бөліп, көктемде көктеуге, жазы жайлауға, күзде күзеуге, қысы қыстауға апарып бағып қаққан. Қыстың азығын даярлаған. Осы мәселе төңірегінде қалам тартып бұзаудың күтімі, азықты қанша мөлшерде беру қажеттігіне тоқтала келе төрт түлік малды асыраудағы негізгі қолға алатын істерді түсіндірмек болды.

Мұхаметсәлім Кәшімов ХХ ғасырдың басында ел арасында ақын ретінде танылған. Алайда бізге жеткені оның екі-ақ өлеңі. Екеуі де «Айқап» журналына жарияланды. Солардың бірі – «Жаз мезгілі» өлеңі. Бұл өлеңде ызғар, көңілсіздіктің орнына жадыраған жаз келіп, айнала әсемделіп, жайнап гүлге толғанын жырға қосады. Жаздың әсем табиғатын, сұлулығын сол қалпында көз алдына әкеледі. М. Кәшімов көлдегі аққу мен көлді торыған аңшылардан үркіп келе алмай қиқу салған құстардың үні де жыр жолдарына сыйғызған. Ал «Күзетшілерге» деген өлеңінде қазақта бұрыннан қалыптасып қалған әдет-ұрлықты сынға алып, одан сақтану қажеттігін көрсетеді.

Қорыта айтсақ, Мұхаметсәлім Кәшімов ХХ ғасыр басында болашақ жастарды жаңаша тәрбиелеп оқытуда әдеп, этика, адамгершілік ой-толғамдарды түйген педагогикалық, философиялық туындылар жазып, қазақ қыздарының бас бостандығы жолында кертартпа әдет-ғұрыпқа ұшқыр қаламымен қарсы шыққан жазушылардың бірі. Сондықтан оның жазған еңбектерін жинақтап, академиялық еңбек етіп шығару, жазбаларына ғылыми талдау жасау өзекті тақырып ретінде өз зерттеушісін күтіп отыр. Оның өмірінің де зерттелетін тұстары көп. Бұл – болашақтың ісі. Ақынның артта қалған мұралары толықтай жинақталып халыққа ұсынылар деген сенімдеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға