Жаңалықтар

Ашық аспан астында өткен «Аида» операсы

Әлемдік композитор Джузеппе Вердидің операсы
Ашық аспан астында өткен «Аида» операсы
16.06.2017 12:16 7057

Әлемдік композитор Джузеппе Вердидің «Аида» операсы әлемдік танымалдылыққа ие. Бұл әсем саз сарынындағы салтанатты шерулер, билер мен әнұран аясында шиеленіскен қайшылықтарға толы адам тағдыры өрбитін көркем әрі ауқымды спектакль.

Жүз жылдан астам тарихы бар Джузеппе Вердидің «Аида» операсы әлемдік опера театрларының барлығында қойылған. Опера музыкасы арқылы Аида мен Радаместің жан сұлулығы мен өнегелі қажырлығын асқақтатады. Олардың махаббаты барлық сынға төтеп беріп, өлім алдында да тізе бүкпейді.  Бұл опера адам баласының асқақ сезімінің әнұраны іспетті.

Спектакль «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне орайластырылып ұйымдастырылған. Алдыңғы қатардағы орындарға билет құны 25 мың теңгеге дейін жетті.

Алаңда ине шаншар орын болған жоқ. Елордамыздағы Бейбітшілік және келісім сарайы арнайы осы опера үшін салынғандай әсер қалдырды. 

«Көпшілік қауым опера тек театрларда шырқалатынына үйреніп қалған, ашық аспан астындағы опера – қазақстандықтар үшін айтарлықтай жаңа жанр. Сахна алаңын ауыстыра отырып, біздің ұстанатын негізгі мақсатымыз – жастарды өнерге баулу, асқақ өнерді насихаттау» - дейді ұйымдастырушылар.

Опера кешінде табиғат та таңқалдырды. Ашық аспан астында өткен қойылымда көрермендерге барлық жағдай жасалды. 

«Аида» операсы жанды декорацияға айналған Пирамида етегінде өрбиді. Сахналық бұйымдарды әйгілі сценограф әрі режиссер Франко Дзеффиреллидің үлгілері бойынша жасалған.

Басты партия Аиданы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина орындайды. Радаместің партиясын — сарай күзетінің басшысын болгарлық тенор Камен Чанаев, Египед патшасын  — Болат Есімханов, перғауынның қызы Амнеристі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, жоғарғы абыз Рамфизді Арменияның  халық әртісі Барсег Туманян, Эфиопиның патшасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев шырқады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға