Жаңалықтар

«Жаңа сөздердің» баспасөзде қолданылуының 3 кезеңі

немесе қазақ терминологиясын жетілдірудің 2 қағидаты
«Жаңа сөздердің» баспасөзде қолданылуының 3 кезеңі
03.09.2017 16:18 13147

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңалыққа толы болған қоғам өміріне енген әрбір өзгеріс өзінің жаңа атауымен, шет тіліндегі ұғымымен келіп, тілімізге «жат» элементтер – кірме сөздер түрінде енді. Алғашқы кезең, 1991-1995 жылдарды шет тілдері терминдерінің «тасқыны» деп сипаттауға болар еді. Ал, 1996-2000 жылдары ел экономикасындағы, саясаттағы өзгерістердің біртіндеп қалыпқа түсіп, халықтың тұрмысы түзеліп, материалдық қажеттіліктер біршама өтеліп, реттелген соң, рухани жағымызға, ғылым мен білімге, өнер мен мәдениетке мән беріле бастады.

Осы тұста тіліміздің де мемлекеттік мәртебесіне жаңаша көзқарастар пайда болып, оны көтеруге тілші-ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер ғана емес, сала мамандары, қалың көпшілік ат салыса бастады. Осы кезеңде тілімізге бастапқы кезеңде стихиялы түрде еніп кеткен көптеген кірме сөздер ерекшеленіп, сараланып, жарыспалы түрде қолданылып жүргентерминдер мен атаулардың өз тілімізден алынған төл нұсқаларына басымдық беріле бастады. Мысалы, бастапқыда өте белсенді (жаппай) қолданылған «рынок» сөзін, бұрынырақта бір заттың, тауардың құнын білдіру үшін жұмсалып жүрген «нарық» сөзі алмастырды.

Үшінші кезең, яғни, 2001-2005 жылдар. Бұл кезеңде алдыңғы кезеңдерде қабылданған көптеген атаулар мен ұғымдар тұрақтанып, көпшілік құлағына сіңісті болғаны байқалады. Көптеген ұғымдар мен атаулардың орысша нұсқасының жақшада берілуі де азайған. Мұның өзі қоғамымызда тіл мәселесінің біршама шешіліп келе жатқанын байқатқандай. Дегенмен, жаңа құбылыстар мен жаңалықтарға атау беру бар да, ол атаулардың тұрақтанып, қоғам өмірінде актив қолданылатын сөздік қордан тиесілі орнын алып, кең айналымға түсуі бар. Көптеген жаңа қолданыстардың тұрақтану, тұрақтанбау себептерін іздегенде мынадай тұжырымдар жасауға болатын сияқты: Жаңа қолданыстардың жасалу механизмі: ең алдымен жаңа атаулардың шығу тегін (өзіміздің төл сөз бе, әлде орыс тілінен немесе сол арқылы өзге шет тілдерден келген лексема ма) анықтау керек. Бірқатар жаңа қолданыстардың қолданылу аясының тар немесе кең болуының бірнеше себептері бар.  Айталық, мағынасының күңгірттенуі, белгілі бір дәрежеде дыбысталуы қиындық туғызуы, тегі бөтен болғандықтан тілімздегі үндестік, түрлену заңдылықтарына бағына бермеуі, белгілі бір сала мамандарына (арнайы кәсіптік білімі барларға) ғана түсінікті болуы, БАҚ-та салыстырмалы түрде сирек қолданылуы, қоғамның тілдік сахнасында тұрақтанып орнығуға мүмкіндігі аз болғандықтан «сәтсіз» таңдалған кірме сөздердің болуы сияқтылар қолданыстан тез шығып қалады. Ал мағынасы анық, бұрыннан қолданыста бар, дыбысталуы қиындық туғызбайтын, тлімздегі үндестік заңына бағынатын, қолданылу аясы кең (жалпыхалықтық сипатта жұмсалатын) БАҚ-та жиі (актив) қолданылатын «сәтті» алынған кірме сөздерді көпшілік қауым тез қабылдап, олар тұрақтана бастайды. Сонымен қатар бастапқыда сырттан енген жаңа атауларға тілімізден балама табылса да, екеуі жарыспалы түрде қолданылуы мүмкін. Оның өзіішкі семантикалық әлеуетінің (потенциалының) күштілігіне және сала мамандарының, БАҚ өкілдерінің күш салуының арқасында тұрақтанып, екі немесе бірнеше нұсқаның, ішінде төл сөзге басымдылық берілуіне байланысты. Мысалы, приоритет – басымдық – артықшылық деген үш нұсқадан қазіргі кезде басымдықтың тұрақтанғаны байқалады. Потенциал – әлеует – қуат (қуаттылық) дегендерден әлеует активтеледі. Сол сияқты әуелде жарыса қолданған кредит – несие – қарыз сөздерінен несие нұсқасы тұрақтанып, жаппай айналымда жүр. Бір кезде көпшілік үрке қараған пайыз (%) да қазір процентті біртіндеп ығыстырып келеді. Бастапқыда баламасы табылып, төл сөзбен жарыса қолданылып жүрген кірме сөз уақыт өте келе екі түрлі негізгі себеппен төл сөзден басым түсуі мүмкін.

Біздіңше, ең алдымен кірме сөздің семантикалық аясының кеңірек болуы, оның мағынасын құрайтын семалардың көп болуы және оның әрбірін әртүрлі контексте қолданылу мүмкіндігінің болуы. Оған балама ретінде ұсынылған сөз оның барлық контексте бірдей алмастыра алмауы мүмкін.

Екіншіден,алама ретінде ұсынылған сөздің кірме сөзді ауыстыруға (әлеуеті) күш-қуаты жетіп тұрғандығына қарамастан, тіл қолданушылардың енжарлығының немесе жасанды сөзге басымдық беріліп орнығуы мүмкін.

Сондай-ақ кірме сөздердің тұрақтануына ол ұғым атауының (алғаш) елбасы-дуалы ауызынан шығып, зиялы қауым өкілдерінің сөздік қорнынан нық орын алып, аса жиі қолданылатын (сәнді) сөзге айналуы да үлкен бір себеп болады.

Төл сөздерді пайдалана отырып, қоғам өміріне еніп жатқан жаңалықтарға, өзгерістерге атау беруде ең басты назарда болуға тиіс нәрсе атаудың уәжділігінде.

Бүгінгі сөздік құрамнан нық орын алған көптеген атаулардың (сәттілігі) халық игілігіне айналуында басты рөл атқарған (аса маңызды) фактор осы – уәжділік (мотивированность). Мысалы, Зейнет сөзі тірек болатын бірнеше ұғымды алайық.

Зейнеткер – еңбек өтілі жеткілікті болып жасы келген, арнайы ақы тағайындалған, құрметті демалысқа шыққан еңбек адамы. Зейнетақы т.б.

Бұл жаңа атауды бұрын-соңды қазақша білетін, сөйлей алатын белгілі бір дәрежеде қазақша тілдік білімі бар кез келген тіл иесі түсіне алады. Өйткені қазақша «Бейнет түбі – зейнет» деген мәтел бар. Осы мәтелді түсінген адамға зейнет сөзінің мағынасын ешбір қосымша түсініктемесіз-ақ (комментарий) аңғару қиын емес. Ал тілімізде қалыптасқан, сөзжасамда әбден орныққан –кер (адамға қатысты), -ақы (ақша, төлемге байланысты) форманты мен сыңарының қолданысы тіл қолданушының жаңа ұғымды көп ойланбай-ақ түсініп, қабылдауына негіз болады.

Бұл арада жаңа енген сөздер мен атаулардың тілде ұтымды немесе қоғамда тұрақтануда психолингвистикалық фактордың орны ерекше. Жаңа сөздің мағынасын түсіну бар да, оны жан-дүниесімен, яғни тілдік қана емес, когнитивтік сана арқылы да қабылдау (восприятие) бар. Сол сананың екі түріне орныққан, толық ұғынылған мәнді енді коммуникант (мейлі ол ауызша, мейлі жазбаша коммуникацияға қатысушы болсын) жиі және орынды етіп қолдана білуі тиіс. Ұғым қанша түсінікті, ұғынықты болғанмен қолданысқа түспесе, сөздік құрамнан тиісті орын ала алмайды.

Термин мағынасының ұғынықтылығы мен тұлғасы таныстығы ғылым-білімді игеру кезінде ғана емес, онық ұзақ уақыт есте сақталуына, оңайлықпен ұмытылмауына да себеп болады.

Жалпы қазақ терминологиясын дамыту мен жетілдіруде төмендегі негізгі екі қағидат басшылыққа алынып, терминологиялық жұмыстардың барлығы осы бағытта жүргізілуі қажет деп ойлаймыз.

Бірінші қағидат. Ұлттық терминком қалыптастыруының ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану. Оның ең негізгі себебі – ұлттық терминқорымызды ұлт тілінде қалыптастырамыз десек, ең алдымен, сол тілдің өзінің лексикалық байлығы мен сөзжасам, терминжасам тәсілдерін ұтымды пайдаланып, ұлт тіліндегі термин шығармашылығын дамытуға міндеттіміз. Жалпы ұлт болашағы, тіл мүддесі тұрғысынан келгенде, қазақ тілінің өз лексикалық байлығы мен сөзжасам мүмкіндіктерін барынша ұтымды пайдалана отырып ұлттық терминологиялық қор қалыптастыру – бет алған негізгі бағыт-бағдарымыз ұстанатын басым бағытымыз, терминологиядағы басты қағидатымыз болуы керек деп санаймыз. Бұл қағидат қазақ терминологиясы дамуының бұған дейінгі жасалған қағидаттарының да негізі болған.

Терминге және терминологияға қойылатын талаптарға жауап беретіндей атауларды сұрыптап алып, барынша ұтымды пайдалануға тиісті қазақ тілінің ішкі лексикалық қоры – жалпы қолданыстағы сөздер, көнерген сөздер, кәсіби сөздер мен диалектизмдер сияқты лексикалық қабаттар мен өзге де өнімсіз көздер болуға тиіс.

Екінші қағидат. Терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі болып табылатын өзге тілдерден термин қабылдау. Өзге тілдердің барлығы да біз үшін терминологиялық лексикамызды толықтырудың сыртқы көзі болып табылады. Алайда оларды пайдалану мәселесіне келгенде түрлі пікірлер бар.  Біріншісі – ғылым мен экономикасы жақсы дамыған ықпалды еуропа мемлекеттерінің тілдерінен термин сөздерді көптеп қабылдау арқылы терминологияны халықаралықтандыру, батыс ғалымдарымен кәсіби қарым-қатынасты жеңілдету мүмкіндігіне ие боламыз дейтін көзқарас та, екіншісі – генетикалық таралуы жағынан жақын, туыстас тілдер арасындағы терминалмасуы бірінші кезекке қою қажет дейтін көзқарас. Тілдің дыбыстық-құрылымдық, ұлттық-танымдық генетикалық және типологиялық жіктелісі тұрғысынан қарағанда терминқор қалыптастырудың сыртқы көзін кәдемізге жаратуда туыстас тілдерге басымдық беру дұрыс. Сыртқы көзді пайдалануда алдымен түбі бір туыстас тілдерге жүгініп, содан кейін өзге тілдерден терминалмасу осы қаидатты басшылыққа алудың реті болуға тиіс. Қазақ тіліне қай тілден сөз (термин) қабылданса да олар тіліміздің дыбыстық алынуы қажет.

Бұған дейін де, қазіргі кезеңде де терминтану саласындағы зерттеулерде әртүрлі елдердің ғалымдары тарапынан негізінен екі түрлі үрдісті ұстану қажеттігі айтылып келеді. Оның біріншісі – терминологияны халықаралықтандыру (интернационализация) да, екіншісі – терминологияның ұлттық сипатын арттыру (деинтернационализация).

Алайда ұлт тілдерінің бәрі терминологияларын дамытуда осы екі бағыттың бірін ғана қатаң басшылыққа алып отыр екен деген түсінік тумауға тиіс. Ғалымдар атап көрсеткен бұл бағыттар ұлттық тілдердің терминологиясын дамытуда көбінесе жалпы басшылыққа алынады. Жекелеген елдерде кейде түрлі экстралингвистикалық факторлардың әсерінен бір үрдіске басымдық беріліп жатуы да мүмкін. Біздің терминологиямыздың 30-90 жылдар аралығындағы даму кезеңінде терминологияны халықаралықтандыруға үлкен маңыз берілді. КСРО халықтарына ортақ жалпысоветтік терминқор қалыптастыру арқылы көпұлтты елдегі ғылыми, кәсіби қарым-қатынасты жақсартамыз дедік. Мұндай таңдау біздің терминологиямызды дамытудағы басым бағытымыз ретінде танылды. Терминологиямызды халықаралықтандырудағы негізгі үлгі тұтқан тіліміз орыс тілі болды. Қазір ол көзқарасымызды өзгерттік. Орыс әліпбиін латын әліпбиімен алмастыру мәселесі күн тәртібіне қойылып, тілші ғалымдар мен салалық мамандардың көбі орыс тілінен енген терминдерді түгелдей өз тілімізге аударайық, балама табайық деген пікірге келіп отыр. Сонымен, төл сөзімізден жасалған (жаңаша мәнге ие болған) атаулар мен ұғымдарды актив (белсенді) қолданысқа түсіріп, тұрақтандыру үшін әрбір тіл қолданушы 3 процесті (сөз мағынасын тсіну, ұғыну-қабылдау, тілдік және когнитивтік санасына сіңіру, орнықтыру – іс жүзінде актив қолдану) мүмкіншілігіне тең дәрежеде меңгерілуі тиіс.

Қазақ тілінің сөз байлығы халықтың сан ғасырлық мәдениеті мен шаруашылығы, тарихымен астасып жатыр. Халықтың, елдің өсіп-өркендеуі, экономикалық және әлеуметтік дамуы оның тілі мен мәдениетіне де ерекше әсер етеді. Мұндай құбылыстың қоғамдық санаға да ықпалы зор. Себебі, тілдегі жаңа қолданыстар мен атаулардың тілдің коммуникативтік қызметі мен қазақ тілінің сөз байлығын дамытуда рөлі үлкен. Соңғы уақыттарда қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесінде жаңа тың қолданыстар белсенді мәнге ие болып келеді. Оның негізгі белгілері көркем әдебиеттер мен бұқаралық ақпарат құралдарында анық байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде баспасөз беттерінде қазіргі уақытта жаңа атаулардың қолданылу белсенділігі жоғары. Қазақ баспасөздерін республикалық және аймақтық деп бөлетін болсақ, осылардың қай-қайсысында болмасын әлеуметтік, қоғамдық пікір жоғары. Яғни барлығы да қоғамдық сананы қамти алады. Дегенмен көптеген атаулар кірме сөздердің еншісінде екендігі де даусыз. Мысалы, миссионер, банкрот, мониторинг, инвентаризация, коалиция, мандат, мобилизация, монополист, референдум, конвенция, бюллетень, меценат, бюджет, фракция, терроризм, инвестиция, бартер, инновация, имиджмейкер т.б. бұл атаулардың көпшіліг қолданыста ешқандай баламасыз, осы күйінде қолданылып жүр. Яғни интертерминдер деп аталатын бұл атаулар қазақ баспасөзіндегі өзіндік қолтаңбасы бар «Жас алаш», «Алтын орда», «Қазақстан әйелдері» т.б. басылымдарда жиі кездеседі. Мұндай құбылыстарға мысал келтірер болсақ: Оның ішінде әйелдер трафигінің айы оңынан туып тұр. Қазақстанның басқа өңірлерінде де осы жағдайдың, яғни суицид көрсеткішінің азайып тұрмағандығы ақиқат. Cонымен қатар бұл орталықтан лизинг бойынша техника алуға болады. Алайда, АҚШ деспотияға демократия орнатамыз деп өз халқын да, әлем халқын да үрейлендіріп алды. Дәл осы мәселені зерттеп жүрген джеймс Рэнди медиумдардың ісіне сын көзбен қарап, дүдәмалдығын жасырмай мұның барлығы аруақтарға деген ізгі ниеттердің жиынтығы ғана деген пікір айтады. Бірақ бұл терминдердің түсіндірмесі, жалпы білдіретін ұғымы газет беттерінде нақты көрсетіле бермейді. Негізінде белгілі бір тілдік орта болмаса, мұндай атаулар қоғамдық сананың барлығына түсінікті деуге тағы болмайды. Өйткені кадастр, демпинг, маркетинг, апробация, сайт, файл, олигарх тәрізді терминдердің мәнін біреу білсе, біреу біле бермейтіні де рас.

Соңғы жылдары қазақ баспасөзінде өзіндік орнымен танылған «Дала мен қала» газеті өзінің әрбір санында мақалаға тірек болған терминдердің мағынасын ашып, талдап көрсетіп келеді. Мысалы, Файл – компьютердегі ақпараттар қорының жүйесі. Сайт – интернеттегі жүйеленген ақпараттар жүйесі. Репертуар – белгілі бір қойылымның, пьесаның сахнада қойылуы туралы бағдарлама жиынтығы. Мониторинг – белгілі бір қорытындыға жету мақсатында үздіксіз қадағалау. Кадастр – сирек кездесетін өсімдіктердің халықаралық тізімі. Инновация – металлургия саласына немесе басқа ғылым саласына енгізілген жаңа әдістеме т.б. Баспасөз бетіндегі кездесетін мұндай терминдердің мағынасы мен мәнін көрсетіп отыру тілдің коммуникативтік қызметінің мақсатынан туындаған үрдіс.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейнігі кезеңде елімізде түрлі өзгерстер болды. Мұндай өзгерістер ұлттық тілімізді де айналып кетпеді. Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді, ауқымы кеңейді. Оның дамуына екіжақты (оң әрі теріс) жайлар әсер етті.

Біраз жылдар есімізді жиып алғаннан кейін тілші-ғалымдарымыздың неше жыл шұбарлануға ұшыраған тілімізді тазартуға кірісті. Олар кірме элементтердің орнын толық баса алатындай ұғымдар мен атауларды өз тілімізден табу, ол табылмаған жағдайда туыстас түркі тілдерінің тәжірибелеріне арқа сүйеу, тіпті қиын деген жағдайларды шеттен келген сөздер мен атауларды «өгейсітпей» сырт пішінін өзгертіп (дыбыстық өзгеріске түсіріп) барып «қазақыландыру». Мысалы, минуттың – минөтке, секундтың – секөндке айналуы. Әрине, бұл ең ұтымды тәсіл емес, дегенмен шапанын теріс айналдырып киген кірме сөздердің ендігі жерде «мен мұндалап» тұрмасы анық еді.

Сөздердің жаңа лексикалық мағынасы бар бірлік ретінде тілімізге енуі үшін әдеби норманың талаптарына сай болып, көпшіліктің дұрыс қабылдауы керек. Сол себептен де 1985 жылы тұңғыш рет жинақталып «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» деген атпен жарияланған сөздік «Жаңа сөздер» деп аталмай, «Жаңа қолданыстар» деп беріледі. Өйткені аталған тұлғалардың бәрі де «жаңа сөз» деген дәрежеге лайық па, жоқ па, әуелі осыны анықтап алу керек болды. Мәселен, халықтың жаппай қолдауына ие бола алмаған мүлікбасы – «товаровед», жүрісші – «пассажир», күлдеуіш – «пепельница», амалшы – «иллюзионист» сынды сәтсіз аудармаларды айтуымызға болады.

Жаппай бұқаралық санада ғалам бейнесін қалыптастыру үшін қоғамдық-саяси ұғымдарды білдіретін терминологияның маңызы зор десек, баспасөз арқылы таралып, көпшілік назарына ұснылатын қоғамдық-саяси терминдер арқылы социум мүшелері ақиқат болмысты концептуалды деңгейде интерпретациялайды. Осындай коммуникативтік салада жүйелі түрде қайталанып отратын сөзқолданыс бірте-бірте контекстсіз-ақ түсінілетін танымалдық деңгейге жетеді. Бұл екі-үш күнде бола салатын нәрсе емес. Мысал нарықтық қатынастардың пайда болып, орныққанына он жылдан астам уақыт болса, онымен бірге келген «несие», «өсім», «түсім», «жарғы», «жарналық қор», «пайыз», «үстемақы», «төлемақы» т.б. сияқты экономикалық терминдердің тілдік айналымда еркін жұмсала бастағанына бес-алты жылдың жүзі болды. Бұған банктер қызметін жарнамалап, қалың көпшілікке нарық экономикасындағы бағдаршам сияқты жол сілтеп отырған газеттердің де қосқан үлесі қомақты болды. Сөйтіп, газет индивидті қоғамдағы сан сипатты өзгерістерден хабардар етіп қана қоймай, әртүрлі салалар бойынша білім қорын толықтырып, сауатын ашушы рөлін де атқарады.

Жаңа қолданыстардың әдеби тіл қорына көшіп, нормалану процесі уақытты және тәжірибені қажет етеді, әсіресе көпшілік күнбе-күн пайдаланатын газет, журнал, радио, теледидар сиқты ақпарат ақпарат құралдарында жиі қолданылуының мәні айрықша. Қолданылу жиілігі – нормаланудың ең пәрменді факторы. Кейбір сөздер өте жиі жұмсалғандықтан, тілдің құрылымдық нормасына да, мағыналық дәлдігінежауап бермейтініне қарамастан, нормаға айналып, әдеби тіл қазынасынан орын алып отыр не орын ала бастады. Мысалы, «трезвость» ұғымын беретін «салауаттылық» сөзі, «отбасы» мағынасындағы жанұя деген нағыз жасанды тұлғалар, «космос» ғылыми терминінің «ғарыш» аудармасы, космодром сөзінің ғарыш айлағы, аэродромның әуежай болып өте жиі қолданылуы – соңғы айтылған пікіріміздің айғағы.

ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басы ақпаратық коммуникация (қарым-қатынас) мен жаңа ақпараттық технологияның қарқынды өсуімен ерекшеленеді. Дәстүрлі БАҚ-тың қарқынды дамуы – баспа, радио, теледидар, әлемдік ғаламтор – Интернеттің (ғаламтордың) пайда болуы мен таралуы – бірыңғай ақпаратық кеңістіктің, ерекше үздік те озық ортаның, көптеген медиаағымдар жиынтығының пайда болуына алып келді. Осының бәрі сөздің пайда болуы мен таралуына, сөздік қолданыстың ерекшеліктеріне, тілдегі өзгерістердің сипатына ықпал етпеуі мүмкін емес еді. Осындай сөз қолданудың ауқымды ағымы бүгінгі бұқаралық ақпарат саласына да келіп жетті. А.Байтұрсынов мұны «Әдебиет танытқыш» еңбегінде баспасөз стилі деп атап кеткен болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға