Жаңалықтар

Ұстаздық еткен жалықпас...

«Үздік оқытушы – 2019» Сәулеш Айтуғанова туралы не білеміз?
Ұстаздық еткен жалықпас...
04.03.2020 16:57 5541

Барлық мамандық иесін білім нәрімен сусындататын – ұлы ұстаздар. Олар әрбір жанның өміріндегі жол сілтер шамшырақ сияқты. Сондықтан да, тілінен бал тамған ақын да, ел қорғаған батыр да, тегеуріні темір балқытқан тергеуші де, бар ғаламның сырын ашқан ғалым да – бәрі-бәрі ұлағатты ұстазға құрметпен бас иеді. Жазушы, педагог Константин Ушинский: «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті»,– деп орынды айтқан.

Осы орайда, біз «ЖОО үздік оқытушысы – 2019» конкурсы жеңімпаздарының бірі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәулеш Шамшақызымен кездесіп, сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

22822.jpg

( Суретте Сәулеш Айтуғанова )

Үздік оқытушылар қалай анықталды?

  Жыл сайын дәстүрге айналған жоғары оқу орындарының арасындағы үздік оқытушылар конкурсы 2019 жылды қорытындылады. Байқауға республикамыздағы 81 жоғары оқу орнынан 471 үміткер қатысты. Солардың ішінде 48 жоғары оқу орнынан 200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді. Иегерлердің құрамында 56 ғылым докторы, 68 ғылым кандидаты, 58 PhD докторы мен 18 магистрант бар.

Бұл – Білім және ғылым министрлігі жыл сайын жариялайтын республикалық конкурс. Жоғары оқу орындарындағы 5 жылдан кем емес ғылыми-педагогикалық өтілі бар оқытушылар байқауға қатыса алады. Негізі сайыс екі кезеңнен тұрады. Олар оқу орны ішінде және республикалық болып бөлінеді. Жоғары оқу орны ішіндегі кезеңде конкурсқа қатысушы үміткерлер әр жоғары оқу орнының ғылыми кеңестерімен іріктелсе, республикалық кезең барысында жеңімпаздарды ҚР БҒМ, басқа мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі заңды тұлғалар бірлестіктерінің, жетекші ғалымдар мен мамандардың өкілдерінен тұратын комиссия анықтайды, – деді профессор Сәулеш Айтуғанова.

Оқытушының айтуынша, бес жыл уақыт көлемінде оқытушылардың жасаған жұмыстарының сандық-сапалық көрсеткіштері бойынша бағаланады. Оның ішіне ғылыми жетістіктері, студенттің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарына басшылық ету, ғылыми зерттеулерді орындау, ұйымдастырушылық және ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстар, тәрбие жұмысы бойынша атқарған жұмыстарының нәтижесі кіреді.

73ec6e52-d31d-47e7-bfd2-bfaefdc762b6 (1).jpg

(Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған) 

Аталған грант оқытушыларға әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жыл бойы ғылыми зерттеу тақырыбы мен оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың, симпозиумдардың, конгрестердің жұмыстарына қатыса алады. Ол Түркияның Измир қаласындағы Еге университетіндегі «Түркі дүниесін зерттеу» институтында тағылымдамадан өтуді, Еуропа жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуды және шетелде ұйымдастырылған халықаралық конференциялар мен конгрестерге қатысуды жоспарлаған екен.

Қазіргі таңда үкімет тарапынан ғылым мен білім саласына айтарлықтай қолдау көрсетіліп келе жатқаны белгілі. Осы конкурста соның бір дәлелі болып табылады. Бұл ҚР БҒМ тарапынан талапқа сай нақты көрсеткіштерге сәйкес нәтиже көрсетіп жүрген ЖОО оқытушыларына қолдау көрсету деп ойлаймын. Бұл ойымызда жүрген жоспарларымызды жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндік. Өзіңіз білесіз, монография, оқулық шығару болсын, шетелдік ЖОО тәжірибе алмасу болсын, мұның бәрі айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Оған біреудің мүмкіндігі болса, енді біреудікі бола бермейді. Осы жағынан алғанда ғылым саласында жүрген оқытушылардың жоспарларын іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз , – дейді оқытушы.

Ұстаздың шыңдалу мектебі

   – Мектепте оқып жүрген кезімізде біздің буын көбіне мұғалім болуға ұмтылатын едік қой. Біз үшін мұғалім ең ардақты, ең керемет мамандық болып көрінетін. Ұстаздарымызға қарап, осындай болсақ қой деп қызығушы едік. Ол кезде мұғалімнің беделі өте жоғары болатын. Содан қызыққан болармын. Сонымен қатар отбасынан алған тәрбиеміз де әсер етті. Біз әкемізді өзімізге үлгі тұтып, сол кісіге қарап өстік. Әке-шешеміз біздің білім алып, оқуымыз үшін барлық жағдайды жасады. Мектеп қабырғасынан көп ізденіп, түрлі олимпиадалар мен сайыстарға қатысып жүретінмін.

88479eec-7d7a-4f16-91f5-b8795a7fb176.jpg

 ( Cурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған )

Сәулеш Айтуғанова қазақ білімінің қарашаңырағы, өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласы мен ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол, бірден-бір оқу ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. Білім ордасын филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 1996 жылы аяқтайды. Одан кейін осы университеттің аспирантурасында білімін жалғастырады. 2000 жылы ҚР ҰҒА академигі Рымғали Нұрғалидің жетекшілігімен «Адам және табиғат концепциясы шағын прозада» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. 2004-2006 жылдар аралығында Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияның иегері атанады. 2007 жылы Әдебиеттану мамандығы бойынша доцент атағына ие болады. Осылайша, ұстаздық жолда шыңдалған оқытушы «Үздік ғылым кандидаты – 2019» төсбелгісінің иегері атанды.

Мектеп қабырғасында алғаш сауатымызды ашқаннан бастап, мектеп бітіргенше білім нәрімен сусындатқан Арзыгүл апай, Күләш апай, Серік ағай, Ғалия апай, Әлиша апай т.б. мұғалімдерімнің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ұстаздарыма деген алғысым шексіз. Ал студент, одан соң аспирантурада оқығанда академик Зейнолла Қабдолов басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқыдым. Университет қабырғасында оқып жүргенде бізге З.Қабдолов, Т.Кәкішев, З.Ахметов, Р.Нұрғали, Ж.Дәдебаев, Ж.Түймебаев, Р.Әміров, Х.Каримов, Б.Майтанов т.б. қазақ әдебиеттануы мен тіл білімінің басында тұрған, елге танымал белгілі академиктер мен профессорлар дәріс оқыды. Ұстазым болған С.Негимов, Қ.Алпысбаев, Р.Тұрысбек сияқты профессор ағайларыммен қазір әріптеспін. Университетте оқып жүргенде осы ұстаздарымнан тек білім алып қоймай, олардың бойларынан адалдық, әділеттілік, даналық, мәрттік, жауаптылық сияқты жақсы қаситеттердің бәрін көрдік, үлгі алуға тырыстық, көп тәлім-тәрбие алдық. Осындай ұстаздардан тәлім алған, олардың жанында жүріп ақылын тыңдаған, тәрбиесін көрген өзімді өте бақытты шәкіртпін деп есептеймін.

Ғылым жолындағы ұлы белес

Сәулеш Шамшақызы алғашында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы болды. Одан қазақ және шетел әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, кейінірек қазақ әдебиеті кафедрасының доценті болып жұмыс істейді. 2013 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры болып қызмет атқарып келеді.

18115_1.jpg

(Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған)

Көптеген халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған, 100-ден аса ғылыми мақаласы жарияланған профессордың көптеген ғылыми еңбектері бар. Атап айтар болсақ, «Адам және табиғат концепциясы шағын прозада», «Қазақ лирикалық прозасы» атты монографиялары шыққан. «Шағын прозадағы адам және табиғат мәселесі», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» (проф. Қ.М.Байтанасовамен бірге) оқу құралдары, «Қазіргі қазақ әдебиеті» (авторлар ұжымымен бірге) оқулығы, «Қазақ прозасы» атты электрондық оқулығы жарық көрген.

Сонымен қатар, Сәулеш Айтуғанова Джон Стейнбектің «Қаһар романының», Шмуэль Агнон мен Шолом Алейхумнің хикаяттары мен әңгімелерінің, Марк Твеннің «Гекльберри Финнің басынан кешкендері», Алан Маршалдың «Мен шалшықтан секіріп аттай аламын» кітаптарының алғысөздерін жазған, арнаулы редакторы. Филология ғылымы бағытындағы әдебиеттану мен фольклортану саласы бойынша «Қазіргі айтыстың интеграциялық сипаты», «Жаңа инновациялық пайымдаудағы М. Әуезовтің ғылыми еңбектері және олардың қазіргі әдебиеттану үшін маңызы» , «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының қазақ халқының батырлық-эпикалық жыр-аңыздауларында көркем бейнеленуі» тақырыптарындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жобаларының аға ғылыми қызметкері. Қазіргі таңда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалар жариялап келеді. Жоба тақырыбына қатысты жарық көрген ұжымдық монографиялардың авторы, «Тілтолғау», «Айтыстану» т.б. ғылыми жинақтардың құрастырушысы.

Сонымен қатар, ол ҚР БҒМ «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығында оқу әдебиеттеріне сарапшы. Сонымен қатар, жалпы білім беру орындарының 11, 12-сыныптарына арналған бағдарламалардың, әдістемелік нұсқаулықтың, оқулық пен хрестоматияның авторы. Бірнеше жылдан бері «Жарқын болашақ» республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасында қазылар алқасының, Астана қаласының білім басқармасы «Астана Дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы МКҚК жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ (қалалық) кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен, әдебиеттану секциясы бойынша жоғарғы сынып оқушыларының ғылыми жұмыстарына және «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсында қазылар алқасының құрамында қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар республикалық ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орын алған оқушыларға ғылыми жетекші болды. 2017 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ жүйесінің сарапшы, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығында оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін бейінді магистратурада білім алу үшін кешенді тестілеуге (GMAT, GRE тестеріне ұқсас) тест тапсырмаларын әзірледі.

Және де «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім бакалаврының, «Әдебиеттану» мамандығы бойынша докторантураның оқу бағдарламасы мен оқу жұмыс жоспарын жасаған комиссияның мүшесі.

Өнерлі отбасының өнегесі

   Бүгінде ұстаздың ғылыми салада жүргеніне 22 жыл. Ал оқытушы болып, шәкірт тәрбиелеп, педагогтық салада жүргеніне 20 жыл болған.

Әкем мен анам Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы аудандық газетте жұмыс істеген. Анам Күлшат Дауылбаева аудандық газетте корректор болып қызмет істеп, зейнетке шыққан. Әкем – Айтуғанов Шамша мамандығы бойынша математик, экономист. Еңбек жолын ағаш ұсташының көмекшісі болып бастап, аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер, еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамы аудандық басқармасының төрағасы, аудандық Тіл басқармасының бастығы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы болып жалғастырған. Зейнетке шыққаннан кейін де аудандық газеттің бас редакторы болып қызмет атқарған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,–деді профессор.

Көптеген жылдар халыққа жасаған абыройлы қызметі үшін Айтуғанов Шамша «Еңбектегі ерлігі үшін», еліміз егемендік алғаннан кейін «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», медальждарымен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», бірнеше мерекелік төсбелгілермен, Республикалық, облыстық Құрмет грамоталарымен, дипломдармен және бірнеше рет Қазақстан Журналистер Одағының бөлімшелерінің, тағы басқа қоғамдық ұйымдардың, облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған.

 – Әкем кітап оқығанды, жинағанды жақсы көреді, жаңадан жарық көрген кітаптың бәрін сатып алуға тырысады. Үйде кітап көп болатын. Біз де бала күнімізден кітапқа қызығып, көп оқыдық. Менің ұстаздық жолды таңдап, ғылым саласына келуіме бірден бір ықпал еткен әрі себепкер болған сол кісілердің тәлім-тәрбиесі деп білемін.

Сәулеш Айтуғанова бүгінде атұстары мен кестетігерін тәрбиелеп отырған аяулы ана. Ұлы мен қызы өзі білім беріп жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері. Назарбаев зияткерлік мектебі мен Қазақ-түрік лицейінің түлектері.

       Шәкіртсіз ұстаз тұл...

   Оқытушы студенттер мен магистранттарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу бағытында салмақты жұмыстар атқарып, бірнеше дипломдық жұмыстарға, магистрлік диссертацияларға жетекшілік жасап келеді. Жетекшілік етуімен жыл сайын студенттер мен магистранттар республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр.

TEMA9409.jpg

( Сәулеш Айтуғанова шәкірттерімен )

– Әр жылы бөлінген жүктемемізге байланысты сабақтар береміз. Негізінен бірнеше жылдан бері «ХIХ ғасыр әдебиеті», «Хандық дәуір әдебиеті», «Қазақ прозасы», «Қазақ балалар әдебиеті» пәндерінен филология және қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының 2, 3 курс студенттеріне дәріс оқып келе жатырмын. Магистранттарға «Көркемдік әдістер мен тәсілдер», «Салыстырмалы салғастырмалы қазақ әдебиеті», «Фольклорлық проза», «Аңыздық проза», «Автор және кейіпкер» т.б. сабақтардан оқу бағдарламасына сәйкес сабақ беріп келемін, – деді.

Кейіпкеріміз Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты Нұрғалым Ұларбектің «Жазушы-драматург Әкім Тарази прозасындағы ұлттық болмыс» тақырыбындағы «Өнертану» мамандығы бойынша қорғалған магистрлік диссертациясына ресми оппонент те болған.

TEMA9416.jpg

(Профессор Сәуле Шамшақызымен сұхбаттасу барысында)

Сәулеш Шамшақызы өзі 20 жылдан астам уақыт білім беріп келе жатқан университет қабырғасында жүріп ғылыми-педагогикалық және қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысады. Жыл сайын халықаралық конференцияларды, республикалық пәндік олимпиадаларды т.б. іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Өзіне тапсырылған жұмыстарды жауапкершілікпен, тиянақты атқарады.

– Оқытушылық қызметімдегі жылдар ішінде көптеген шәкірттерге білім бердік. Олардың ішінде тек ғылым саласы емес, әр түрлі салада жүрген студенттеріміз бар. Олардың жетістіктері туралы естіп, телеарналардан көргенде қуанып, мақтан тұтып отырамыз. Басқа саланы айтпағанда осы білім ошағында әріптес болып, ғылым саласында жүрген шәкіртеріміз де баршылық. Атап айтсақ, қазіргі филология факультетінің деканы, ғылым кандидаты, доцент Ардақ Бақытұлы, өзіміздің кафедрада жұмыс істеп жүрген жас ғалым, PhD докторы Гүлназ Сағынадин де біздің шәкірттеріміз. Мұнан басқа университетіміздің өзге факультеттерде, басқа да жоғарғы оқу орындарында, мектептерде сабақ беріп, жетістіктерге жетіп жатқан шәкірттеріміз де көп. Олар қазақ әдебиетін әрі қарай жалғап, жас ұрпақты білім ошақтарында тәрбиелеп жүр.

Оқытушының жеткен жетістіктері көп. Университеттегі түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны және қатысқаны үшін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының Алғыс хаттарымен, факультет деканының дипломдарымен марапатталған. Кәсіби біліктілігін көтеруде отандық және шетелдік конференциялар мен курстарға қатысып, сертификаттар алған.

Біз ең алдымен ұстаз болғаннан соң, басты мақсатымыз – шәкірттерді өз шамамызша білім нәрімен сусындату және қызметімізді адал, абыройлы атқару. Содан соң әрине, ғылым саласында жүргеннен кейін жоспарлар өте көп. Ең бастысы осы жылы тағылымдамалардан өтіп, жоспарлаған еңбектерімді шығарып, жоспардағы міндеттерімізді уақытында атқарып, грантымды игеріп, есебімді абыроймен тапсырсам деп ойлаймын, – дейді оқытушы.

С.Айтуғанова өз ортасында беделді, ұйымдастырушылық қабілеті жақсы. Өзіне тапсырылған жұмыстарды жауапкершілікпен, тиянақты атқарады.

Әдебиет – ардың ісі

   Үздік оқытушыдан әңгімеміздің соңында әдебиет туралы сөз қозғадық.

Әдебиеттің әр кезеңде өзіндік дамуы бар. Ол үнемі дамып, жаңару үстінде. Өткенмен салыстырғанда, қазіргі тәуелсіздіктен кейінгі әдебиетіміздің ауқымы әлдеқайда кең деп ойлаймын. Қазіргі әдебиеттің жаңашылдығы да көп. Әлем әдебиетінде болып жатқан түрлі құблыстар, әдістер, ағымдар мен бағыттардың барлығы біздің қазақ әдебиетінде де өзіндік көрініс тауып жатыр.  Әрине, барлық кезеңде де сәтті және сәтсіз шығармалар да болады. Енді оның барлығы заңдылық. Әлемдік үлгідегі әдебиетпен салыстырып, ауыз толтырып айтуға болатын шығармалар жоқ емес. Ал олардың ғылыми тұрғыдан зерттелуі әдебиеттану ғылымының үлесі болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда әлі де зерттеуді қажет ететін мәселелер өте көп. Ол көп еңбекті талап етеді және алдағы уақыттың еншісі, – деді профессор.

( Суретті түсірген: Артем Чурсинов )

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға