Жаңалықтар

Медиа-Мектеп білікті журналистердің жаңа легін дайындамақ

Астанада практикалық журналистиканы үйрететін Медиа-Мектеп ашылды
Медиа-Мектеп білікті журналистердің жаңа легін дайындамақ
11.04.2018 16:55 7048

Соңғы уақытта журналистика мамандығын университетте оқыту керек пе, осы салаға мамандар дайындау үшін жоғарғы оқу орындары қандай талаптарға сай келуі тиіс деген сұрақтар жиі қойылуда. Дегенмен елге танымал, төртінші биліктің белді мамандары соңғы уақытта академиялық білім емес, практикалық білім арқылы шыңдалғанын айтады. Себебі қазіргі заман медиасының талаптары осыдан 20, тіпті 10 жыл бұрын қойылатын талаптардан өзгеше. 

Бүгінгі таңда журналист тек мәтін жазумен, тақырып іздеумен шектелмейді. Ол өзі фотограф, өзі видеомонтаждаушы, өзі үйдестіруші, СММ-маман және басқа да көптеген машықтарды меңгеруі тиіс. Сондықтан да қазіргі журналистерге теориялық біліммен қатар практикалық білім мен кәсіби машықтарды меңгеру маңызды. MediaNet Халықаралық Журналистика Орталығы осы мақсатта Медиа-Мектеп ашқан болатын. Ең бірінші Медиа-Мектеп 2005 жылы Алматы қаласында құрылды. Осы 13 жыл аралығында Медиа-Мектепте мыңнан астам шәкірт білім алды. Бүгінде олар елге танымал журналистер, редакторлар, тележүргізушілер және медианың басқа да саласында қызмет ететін мықты мамандар. 

Енді Медиа-Мектеп Астана қаласында да ашылып, журналистерді дайындамақ. Медиа-Мектеп ұстаздары ақпарат майданының алғы шебінде жүрген нағыз кәсіби мамандар. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, ізбасар шәкірттер дайындайды. Бұл курсқа қатысушылардың жас мөлшеріне, мамандығына, дайындық деңгейіне шектеу жоқ. Мұндай тамаша жолдауға қолдау білдірген Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігінің директоры Томас Хельмнің айуынша “бүгінгі қоғамның басты проблемасы журналистер мен саясаткерлердің арасында сенімді қарым-қатынастың болмауы". Ал Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті дриекторының орынбасары Бекзат Рахымов "мемлекет үшін сапалы журналистерді даярлау, қоғамды сапалы медиаконтентпен қамтамасыз ету бірінші кезектегі мміндеттердің бірі. Сондықтан мұндай жобалардың құрылуы бізді әрқашан қуантады", - деді. 

Medianet Халықаралық журналистерді қолдау орталығының бұл Астана қаласындағы алғашқы жобасы емес. 2016 жылы бұл ұйым Internet4you жобасы аясында астаналықтарды интернет сауаттылыққа тегін үйреткен болатын. Medianet ХЖҚО директоры Адиль Джалилов Медиа-Мектептің артықшылықтары туралы айтып, тренерлер мен білім беру бағдарламасы жөнінде әңгімелеп берді.  Бұл мектепте нағыз кәсіби журналистер дәріс оқиды. Оқу тегін, мерзімі 3 айға созылады. Кейін білім алушылар 1 ай аралығында тәжірибе жинайды. Биыл Астанадағы Медиа-Мектепте шамамен 120 aдaмды оқытaмыз деп жоспaрлaп отырмыз», - деді ол.   

Медиа-Мектеп Қазақ гуманитарлық заң университетінде өтеді. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. 

- Медиа-Мектеп бүгінгі таңда өте өзекті жоба, ол біздің заңгер студенттерімізге практикалық журналистиканың машықтарын үйренуге мүмкіндік береді. Ақпаратты сауатты пайдалану, фактчекинг - бұл юриспруденция ғана емес, журналистикада да кәсіби іскерлік негізі. Сондықтан да осы жобаның Астанадағы алғашқы серіктесті болу біз үшін қуаныш, – деді КАЗГЮУ Университетінің Жоғары құқық мектебінің Директоры Сергей Пен.

Дүниежүзінде демократияның, құқықтық мемлекеттің және әлеуметтік нарықтық экономиканың дамуына өз үлесін қосуды мұрат ететін Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігінің қолдауының арқасында Астанадағы Медиа-Мектепте білім алу тегін. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға