Жаңалықтар

Ең табысты адамдардың күнделікті өмір салты

Моцарт, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс және тағы басқалары...
Ең табысты адамдардың күнделікті өмір салты
20.12.2018 17:31 10406

Өмір сүру салты әр адамда әр түрлі. Сол себепті ғаламторда жарияланған «өмір сүруді жеңілдетудің жолдары» секілді лайфхакерлерге сенудің еш қажеті жоқ. Біздің мақсат қарапайым адамдардың тарихы арқылы олардың қалай жоғары жетістіктерге жеткендігін көрсету. Ешкім бір күнде атақты болып кеткен жоқ. Әр жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр. Мүмкін олар ерінбей күн сайын өз-өзімен жұмыс жасаған болар? Бұл тізімдегі жандар бір істі әдетке айналдырған екен. Үлкен жетістіктер сол дағдыдан шығып отыр.

1. Вольфганг Амадей Моцарт, австриялық композитор және ұлы музыкант

Өмір сіз құрған кестеге икемделмейді. Уақыт  табыңыз.

Моцарттың атағы жер жармай тұрғанда, бай-бағлан қолдаушылары болмай жатып, күнделікті өмір сүруі үшін жатпай-тұрмай еңбек еткен. Ол бір күнде бірнеше рет фортепианодан сабақ берген. Көрермендердің ыстық ықыласына бөлену үшін күнара болатын концерттердің барлығына қатысып жүрген. Жұмыс табудың қамымен Вена қаласын күнде шарлаған. Мұнымен қоса, болашақ жарына да көңіл бөлуді ұмытпаған. Моцарт осындай қиындықтарға қарамай, түнгі 11-де үйіне қайтып келе жатып, музыка жазып, тағы бір-екі сағатын өткізген. Ал күйбең тіршілікті жалғау үшін таңертең 6-да оянады екен.

2. Бенджамин Франклин, саяси ағартушы, өнер тапқыш, жазушы

Кестеден ауытқудан қорықпаңыз.

Франклин айналасындағыларға ақыл-кеңес беруді жаны сүйген. Оның айтқандарымен жүріп, жетістікке жеткен адамдардың жоқ-бары белгісіз. Алайда, оның ақылшы болуы қартайған шақта ерекше 13-апталық жоспар құрып, «моральды кемелділікке» жетуіне ықпал еткен. Бұл «ұтымды» жүйенің сыры – әр аптада бір әдетті қалыптастыруда жатыр. Ол тазалықтан басталып, ерік-жігер күшін жаттықтырумен аяқталған. Франклин мұның бәрін сынақтан өткізіп, оның нәтижесіз екенін түсінеді. Өз жеңілісін мойындаған жазушы әр минутын есептеп жаңа мінсіз кесте құрады. Өмірінің соңына дейін сол жоспарды өзгертіп, толықтырып, жетістікке жету үшін сан құбылтқан. Оның нәтижесіз болмағанын аңғарып отырмыз.

3. Джейн Остин, ағылшын жазушысы

Ойды бөлетін факторлар ақталуға себеп емес. Олармен күресе біліңіз.

Ешқашан некеде болмаған Джейн Остин өзінің шулы туысқандарымен бір үйде тұрған. Бұл жағдай да оның шығармашылығына кері әсерін тигізіп көрмепті. Джейн күн сайын бәрінен ерте оянып, отбасындағылар үшін таңғы ас әзірлеумен айналысқан. Бұл – жазушының үйде істейтін жалғыз тірлігі.  Остиннің тынымсыз сіңлісінен жеке қалудың сәті осы еді. Сонымен қатар, Джейннің ешкім көрмей тұрғанда қағаз қиқымдарына хат жазып қалдыратын әдеті болған. Табиғатынан ұялшақ, онымен қоса сынды жүрегіне қатты қабылдайтын ол көпке дейін жазушылығын жасырын ұстаған. Ол біреудің жазғыруынан қатты қорыққан екен.

4. Томас Манн, неміс жазушысы

Толық жүмысқа берілетін уақытты белгілеп қойыңыз.

Томас Манн үшін таңғы 9:00-ден түскі уақытқа дейінгі мерзім ең өнімді болған. Ол күн бойы сол уақыт ішінде не жасайтынын жоспарлап жүрген. 8:00-де оянып, әйелімен кофе ішіп, үйдегі ісін тәмамдаған соң, толықтай жұмыспен шұғылдануға отырған. Оның күн тәртібіндегі жұмыс уақыты бар болғаны үш сағатты құрапты. Осы сағаттар ішінде жұмыстан басқа ештеңеге басын бұрып қарамайды екен. Манн жанталаса жүріп, 180 минуттың ішінде бір күндік жоспарын аяқтауға үйренген. Егер бітпей қалған шаруа болса, ол келесі күнге қалып отырыпты. Ол күннің қалған уақытын демалысқа арнап, жұмыс туралы мүлде ойламайды екен.

5. Карл Маркс, неміс философы, саяси және қоғам қайраткері

Мақсат қойыңыз, соған жету үшін барыңызды салыңыз.

Лонданға қоныс аударған Карл Маркс өзін ревалюциямен күресуге арнаған.  Оның өмірдегі басты мақсаты – «Капитал» еді, тек мезгілсіз жеткен ажалы ғана сол еңбектің төртінші, қорытынды бөлігін жазуға кедергі болыпты. Жұмысының басты қозғалтқыш күші мен үлкен ынталандырушысы – кітабын аяқтау идеясы-тын. Маркс таңғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін үзіліссіз Британдық мұражайдың оқырман залында жұмыс істепті. Оны бауыры мен асқынған көздері көп мазасын алғанына қарамай, тоқтамай еңбектене берген. Карл Маркс соның арқасында әлемді өзгертіп, тарихқа өз атын жазып қалдырды.

6. Вольтер, философ-ағартушы

Жұмыс істеуге ыңғайлы орын табыңыз. Сосын оны күнделікті «мекеніңіз» етіңіз.

Төрткүл дүниеге танымал француз философының мұндай «мекені» төсегі болған.  Дәл осы жерде ол әр таң мен кеште оқып, жұмыс жасап, болашаққа жоспар құрған. Вольтер төсек-орнын жалқау болғандығынан емес, жалғыздықты ұнатқанынан және уайымшылдығынан таңдаған. Өз жатын орнында ол ештеңеге алаңдамай, нақты бір нәрсеге бас қоя алады екен. Бұл ретте, философтың сопы болғанын айта кету керек. Жұмыстан тыс уақытын өз отбасысы мен атпен серуендеуге арнаған. Алайда, әр кеш сайын өзінің сүйікті «мекеніне» оралып, шамамен 15- 18 сағатын сонда өткізген. Вольтердің жұмыс жасауына ең жайлы жер осы – төсегі.

7. Лев Толстой, орыс жазушысы әрі ойшыл

Бір күнді де өткізіп алмаңыз.

Сіздерге «жад бұлшықеттері» деген тіркес таныс болар.  Ол не жасау керегін біледі, себебі сіз бұған дейін бірнеше рет сол істі жасағансыз.

Толстой жанама мағынада пайғамбар болған секілді: өйткені оның жұмыс істеу тәсілі дәл жоғарыдағыдай. Ол әдіссіз жазушы «Соғыс және бейбітшілік» кітабын жазып бітіре алмас еді. Оның шығармаларын оқыған адам аяқталмайтын сөздер мен сөйлемдер ішінен адаса жаздайды. Соның бәрін ойлап тауып, жазып шыққан адамды айтыңызшы!

Күн сайын міндетті түрде жазып отыру керек, ол бір табысқа жету үшін емес, жолдан шығып кетпеу үшін аса маңызды. Лев Толстой

Әрдайым жазып отыру дағдысы секілді оның күн тәртібі де өзгермеген: таңғы 9-дар шамасында ояну, отбасымен таңғы ас және кешкі ас бергенше жұмыс жасау. Толстойдың табысқа жетуі сол бірізділіктің астарында жатқан сыңайлы. Ол санасын басты жұмысынан бөлек нәрселерден толықтай тазартып отырған.

8. Марк Твен, американдық жазушы, журналист

Сізге ұнайтын нәрсені тауып, соны зерттеңіз.

Әр жаз сайын Марк Твен Нью-Йорктың солтүстігінде орналасқан фермаға аттанып, арнайы құрған күн тәртібін берік ұстанған. Ол таңертең жақсы тамақтанып алып, жазу үшін лайықтап жабдықталған бөлмеге кіріп кетеді екен. Кешкі асқа дейін осында өз ойларымен жеке қалып, еркін жұмыс жасаған. Ешқандай да ланч, үзіліс, сылтау оның жұмысына кедергі келтірмеу керек. Оның тек жалғыз назарын аудартатын бір жағдай болып қалғанда сыртқа шығуға берілетін кернейдің дыбысы.  Жұмыс уақыты аяқталған соң, Твен отбасымен кешкі ас ішіп отырып, сол күні не жазғанын дауыстап оқып беретін болыпты. Дәл осындай күн тәртібін сақтай отырып, жазушы көптеген туындысын өмірге әкелді.

9. Винсент Ван Гог, нидерландық суретші

Өз мақсатыңызды тапсаңыз, уақытыңыз өте жылдам өте береді.

Ван Гог өмірін толықтай жұмысқа арнаған адам. Ол мольберт алдында күн шыққаннан кеш есінеп кіргенше тапжылмай тұра беретін болған. Оның еңбекке деген энтузиазмы құрметтеуге әбден лайық. Ван Гог жұмысқа қатысы жоқ нәрсенің бәрінен бас тартқан. Тіпті шығармашылықпен айналысқан уақыттары тамақ ішуді де ұмытып кетеді екен. Жұмыс ол үшін есірткімен тең.

10. Уильям Фолкнер, американдық жазушы

Жұмыс жасау үшін керемет жағдай ешқашан болмайды

Фолкнер электростанцияда кешкілік ауысымда жұмыс істеген. Сол себепті, ол өз еңбектерінің біршамасын түнгі уақытта жазған. Кейде түске дейін жазып, өнімді жұмыс жасауға мүмкіндігі болған екен. Алайда,сұрқы кеткен ескі қожалықты жөндеу оның шығармашылықпен айналысуына көп кедергі келтірген секілді. Нобель сыйлығының иесі ешкім кіріп, мазасын алмау үшін үйдің ескірген ұстағышын өзімен әкетіп отырыпты. Оның сүйікті ісімен шұғылдануына ешқандай жағдаят әсер етпеген. Оның үстіне, бос уақыттың аздығы әр сәтті тиімді пайдалануға үйретсе керек.

11. Чарлз Дарвин, натуралист және саяхатшы, эволюция теориясының авторы

Өз өміріңіздің ісіне адал болыңыз.

Дарвинның Лондоннан тыныш ауылдық жерге кетуінің үлкен себебі бар еді. Оның теориясына үрке қарағандар тым көп болды. Қоғам ішінде өз орнын нығайтып,  ғылыми атағын арттыру үшін ғалым қызықты тәсіл ойлап тапты.  Ол ғылыми қоғамда 17 жыл бойы бәрінен таса, ғылыми көзқарасын нығайту үшін еңбек етті. Дарвин ұлулардың мықты сарапшысы ретінде танылып, үш томдық ғылыми еңбегі үшін Корольдік Лондон қоғамының медалін алды. Алайда, оның тоериясы туралы өзі танитын орта ғана білетін еді. Осылай аз-кем адамдарға айта жүріп, тарихи жаңалықтар ашып, бірден-ақ әлемді аузына қаратты.

12. Эрнест Хемингуэй, американдық жазушы

Жетістігіңізді бақылаңыз, өз-өзіңізді алдаушы болмаңыз.

Хемингуэй әуесқой адам болса да, жұмысына қатал қарап, талапшылдығымен танылған. Ол түнімен ішкеніне қарамай, таң шапағы біліне бастағаннан оянып, ойына келгеннің бәрін жазып отырыпты. Ал баспа машинасына ісі оңға басқанда ғана жақындаған екен.  Барлық идеясы таусылған кезде Хемингуэй міндетті түрде бір күнде неше сөз жазғанын санап шығатын болған. Әдебиеттен Нобель сыйлығын алған жазушы иллюзияға алданбай, тек нақты жұмыстарына ғана қанағаттанған. Сөздерін санап шыққан соң, ол «жазушылық өмірдің ауыртпалығынан» арылып, өзін еркін ұстапты. Өз-өзіне көңілі толған соң, қалған жұмысты ертеңге қалдырып отыру да Хеменгуэйдің бір әдеті.

13. Фрэнсис Скотт Фицджеральд, американдық жазушы

Уақыттың жетіспеуі терең көңіл қоюды талап етеді.

Фицджеральд Принстонда оқып жүріп, қорытынды емтиханға өтпей, өз еркімен әскерге аттанады. Көп ұзамай оның дебютті романы «По эту сторону рая» 120 мың тиражбен жарыққа шығады. Бар болғаны үш айда жазушының барлық кітабы сатылып, атақ-абыройы артып, табысқа жеткізді.

Роман жазу барысында Фицджеральд әскерде болғандықтан, оның еркін шығармашылықпен айналысуға ешқандай уақыты болмаған еді. Ол қолы қалт еткенде әскер оқулығында жасырын сақтаған блокнотына роман жалғасын түртіп жүрген. Кейінірек бұл ісі әшкере болған Фрэнсис басқа кестеге көшеді: сенбі сайын түскі сағат 1-ден, түн ортасына дейін, әр жексенбіде таңғы сағат 6:00-ден кешкі 18:00-ге дейін бас алмай жазыпты. Бірнеше жылдан кейін, нақты дедлайнсыз және қатаң талапсыз Фицджеральд уақытын босқа өткізіп, әскерде жүрген сәтін сағынышпен еске алған болар.

14. Джеймс Джойс, ирландық жазушы әрі ақын

Кемелдікке жеткізіңіз.

Алкогольді сусын ішуден алдына жан салмайтын, көңіл көтеретін кештердің бірін қалдырмайтын Джеймс Джойс тарихқа өз атын басқалай қалдырды. Оның есігінің алдында қарызын қайтаруға келгендер күн сайын тізіліп тұрыпты. Джойс табысы орташа жұмыста  жасаса да, әр кеште барға қарай құстай ұшатын. Оның отбасысы жазушының бұл әдетіне әбден үйренген. Тіпті, сол түні үйге орала ма, жоқ па оны дәл айту қиындық туғызатын. Ертеңгі тамаққа ақша қалып-қалмауы да белгісіз еді. Осыған қарамай, Джеймс шығармашылық қырынан әлемге таныла білді. Оның «Улиссі» нағыз қошеметке лайық туынды. Жазушының айтуынша, ол кешкі отырыстарға келесі күн үшін ішкі жан дүниесі мен санасын тазалауға барады екен. Кітабын аяқтаған соң, ол осы туындысына 7 жыл уақытын, оның ішінде 20 мың сағатын жазуға арнағанын айтыпты.

15. Пабло Пикассо, испан суретшісі және мүсіншісі

Зейін қойып үйреніңіз.

Өз студиясында түскі 14:00-де кіріп кететін Пикассо шамамен кеш түскенше жұмыс істейтін болған. Ал кешкі аста отбасы мүшелері не достары арнайы сұрақ қоймаса, ол мүлде аузын ашпайтын. Суретші өзінің томаға-тұйықтығымен танылған адам. Құрбысы Фернанда мұндай жаман мінез-құлқының себебі дұрыс ұсталмаған диета деп ойлапты. Бұл нәрсенің суретшіге түк те қатысы болмағанын байқау қиын емес. Пикассо айналасына көңіл аудару концентрациясын жоғалтады деп түсінген. Егер жақын жандары оны әлеуметтік өмірге тартпаса, Пикассо 3-4 сағат бойы мольберттің алдында тұра береді екен. Бір күні отбасыдағы маңызды оқиғаға да қарамай, өз студиясында қамалып отырыпты. Нағыз зейін қойғанның арқасында әлем көз тіккен жұмыстар жасаған  болар, кім білсін?

16. Чарльз Диккенс, ағлышын жазушысы

Серуен – жан дүниеңізді емдеуші.

Диккенс өмір бойғы бір күндік кестесін өзгертпеген деуге болады: ерте ояну, таңғы ас, отбасымен бірге ланчқа дейінгі жұмыс. Сосын түскі асқа дейінгі және кейінгі жұмыс. Оның соңы көптен күткен сананы тазалауға арналған үш сағаттық серуенмен бітеді. Бұл хоббиі оны жаңа идеялар мен энергияға байытып, келесі күннің шаруаларын дайындауға өз көмегін тигізеді. Әрдайым Диккенс серуеннен шабыттана оралып, жұмыс күнін асыға күтеді екен.

17. Виктор Гюго, француз жазушысы

Барлық жерден шабыттануға болады, блокнотты өзіңізбен ала жүріңіз.

Францияға жақындау аралға жер аударылғаннан соң Гюго көп уақытын жұмысқа арнай бастайды. Әр таң сайын көрші форттағы атылған қарудан шыққан дыбыстан оянатын жазушы шамамен 11-ге дейін жазған. Одан кейін ол келушілермен әңгімелесуге міндеттелген. Жағажайдағы екі сағаттық серуен оның шаршауын басып, санасын тазартуға көп ықпал еткен. Күнделікті шаштаразға бару да оның жанына жаңаша шабыт сыйлап, сергек сезінуге сеп болған. Сонымен қатар, Гюго әр күн сайын пойызбен көңілдесіне барып, кешкілік уақытын өз отбасына арнаған. Осындай көпқырлы істерде ол  жанынан кішкентай блокнотын тастамай, барлық ойына келген сөздерді жазып жүріпті. Кейінірек өзі айтқандай «ешнәрсе жоғалған жоқ, бәрі баспаға кетті».

18. Агата Кристи, ағылшын жазушысы

Сізді елеу үшін ғана жұмыс жасамаңыз.

Агата Кристи Джейн Остин секілді өз жетістіктеріне ешқашан сенбейтін болған. Ол тіпті, 10 кітап жазса да, өзін «шынайы» автор ретінде қабылдамаған екен. Оның кей шығармалары өте жақсы бағаланып, атын бүкіл әлемге паш етсе де, өзін «қарапайым әйел» ретінде көрген. Жазушы сөгістер мен басқа жандардың жаратпаушылығына ұшыраудан қорқыпты. Ол біреулер «сіз кітаптарыңызды өзіңіз жазатыныңызға тіпті сенбеймін, себебі, сізді жұмыс барысында көрмеппін. Сіз жазу үшін асығып бара жатқаныңызды да байқамаппын» деп айтады деп, сескенген.  Осыған байланысты ол көпшілік жиналатын орындардан бойын алыс ұстап, баз біреулер ілгерідегідей пікірлер айтып қалмас үшін тасаланып жүрген. 

19. Луи Армстронг, атақты джаз сырнайшысы

Жұмысыңыз соған тұратын болса, уақыт аямаңыз.

Луи бала кезінен жұмыс көп құрбандыққа баруды талап ететінін білген. Ол өзін 20 мың ғұмыр кешкендей сезініп, ұшақ немесе пойызбен әлемді аралаудан шаршамаған.

Музыка – бұл өмір, бірақ оны бұқараға ұсына алмасаң құны бір тиын.(Луи Армстронг)

Ол ешқашан біреуге бірнәрсені дәлелдеуге тырыспаған. Жай ғана өз өмірін өнер әлеміне арнаған адам. Музыка Армстронг үшін әрқашан бірінші орында тұрған, сол себепті өз талантын әлемге көрсетуді міндетті санапты.

20. Майя Энджелоу, американдық жазушы әрі ақын

Өзіңізбен жеке қалыңыз.

Майя ешқашан үйінде жұмыс істемеген, оның арнайы «офисі» болған. Таңертеңгілік ерте оянып, күйеуімен кофесін ішкен соң, үйіне жақын орналасқан қонақ үйдегі, жұмыс істеу үшін арнайы алып қойған нөмеріне баратын болыпты. Ол бөлменің алып бара жатқан ештеңесі жоқ: тек кереует пен қол жуғыш қана бар-тын. Майя таңғы 7:00-ден түскі 14:00-ге дейін өлі тыныштықта, ештеңеге көңіл аудармай жұмыс істейтін болыпты. Кейде ол өзімен сөздікті, Библияны және херес бөтелкесін ала кіреді екен. Ал уақыты өз мәресіне жеткенде жазушы жұмысты басынан мүлде шығарып тастайды.

21. Герман Мелвилл, американдық жазушы

Өз дзеніңізді табыңыз.

«Моби Дик» кітабын жазу барысында Мелвилл жұмысқа әр күн сайын сегіз сағатын арнаған. Ал жазудан көңілін басқа жаққа бөлу үшін ол шығармашылыққа қатысы жоқ хобби іздейді. Осылайша, Массачусетс штатындағы Беркширге көшіп келген соң, керемет айналысатын жұмыс тауып алады. Ол – ауыл шаруашылығы еді. Әр таң сайын Мелвилл төрт түлігін қоректендіріп, фермерлік жұмыстарға уақытын бөлді. Бұл оның тіршілікті сезінуіне көп көмегін тигізген екен. Күндізгі уақытын роман жазуға арнаған соң, кешкілік соның бәрін басынан шығарып тастау үшін тағыда егістіктегі мал-жайына аттанған. «Моби Диктен» бір сәтке алыстау мақсатында жазушы айналасында болып жатқан жұмыстарға терең кіріскен. Ал жатар алдында сол күні не жазылғанын тағы бір рет қарап шығатын болыпты. Жазушы ауыл шаруашылығы арқылы өз дзенін тауып, біршама көңілін бөлуге мүмкіндік алған.

22. Айн Рэнд, американдық жазушы

Өз-өзіңізді алдамаңыз, жасырын нәрсенің бәрі әшкере болады.

Кей жанпидалықты талап еткен іс-әрекет міндетті түрде жеңіске жеткізеді. Айн Рэндтің көзі бұған толық жеткен. «Дереккөзді» бітіру кезінде оның алдында көптеген кедергілер тұрған еді: жазушы созылмалы шаршау мен күйгелектікке шалдығып, соның кесірінен кітапты ешқашан жазып бітіре алмайтындай сезінген.

Рэнд көмек сұрап дәрігерге жүгінеді, медицина маманы өз кезегінде белсенділікке ынталандыратын бензедринді жазып беріпті. Дәріні іше бастаған Айн шынында күндіз-түін жұмыс жасап, тіпті кейде бірнеше күндеп көз ілмейтін болады. Оның жемісі ретінде бірнеше жыл талап ететін кітабын бар болғаны 12 айда жазып бітіреді.

Осыдан кейін Рэнд отыз жылдан аса осы типтес дәрілерді ішіп жүрген. Таблеткалар оның нағыз сүйенішіне айналады. Әрине, олардың тек пайдасы емес зияны да шаш етектен еді: жазушы көңіл-күйінің жиі құбылуына, орынсыз қызбалық пен паранояға ұшырайды. Айн Рэнд сондай дәрілердің кесірінен баяғы қалпына келе алмай қалды.

23. Александр Грэхем Белл, телефонды ойлап тапқан өнер тапқыш

Ақиқаттың уақыты келгенде, өткізіп алма.

Белл жас кезінен күндіз-түні жұмыс істеуге әбден бейімделген. Ол басына келген идеяларды тәжірибеде жылдам сынап көруге асыққан. Жұмыс кестесі көбінесе 22 сағатқа созылып, ұйықтау үшін тіпті де уақыт қалмайды екен. Ғалым кішігірім үзіліс те жасамай, барлық уақытта жаңа нәрселер іздеумен отырыпты. Кейінірек, аяғы ауыр әйелі күніне ең құрығанда үш сағатын бірге өткізуді өтінеді. Белл сүйіктісінің сұранысын қабыл алғанымен, сол уақытта да идеялар ойлап жүріпті. Жұмыс оның жүрегін жаулап алушы десе де болғандай. Ол әйеліне миының «тынымсыз кезеңі» орын алғанын ашып айтыпты. Идеяларға толған ми, одан басқа ештеңені ойлауға қауқарсыз болған.

24. Лаймен Фрэнк Баум, американдық жазушы , балалар әдебиетінің классигі

Қызығушылықтар идеяны түрлендіреді.

Баумның жазушылықтан бөлек, екінші қызығушылығы бау-бақша болды. Ол голливудтық үйінің артында, өз қолымен бақша өсірген. Оның көркемдігіне көз тоймайтындай еді. Жазушы әр таңда арнайы сыйлық алатындай ағаш немесе гүл өсіруді армандап оянған екен. Тіпті, кітап жазу жоспары да бұл арманының артында қалып қойыпты.

Таңғы 8:00-де оятқыш күн сайын шырылдайтын. Баум өте көп мөлшерде кофе ішіп, өзінің сүйікті бақшасына аттанған. Ланчтан кейін ғана аз-кем жазуға отырыпты. Оның жұмыс орны, әрине – бақша іші. Жазушы гүлдер оған күш пен энергия беріп, шабыттандыра түсетінін айтқан. Сол секілді міндетті атрибуттардың бірі сигара еді.

Баум аз уақыт қана жазуға отырып, өте нәтижелі жұмыс жасаған. Бірер сағаттар арнаса да жазушы кереметтей 14 кітап жазып қалдыра білді. Оның ішінде Оз елінен сиқыршылар мен басқа да кереметтей оқиғалар бар.

25. Стивен Кинг, американдық жазушы

Өз дағдыларыңыздың жанкүйері болыңыз.

Көптеген таңғажайып кітаптардың авторы бола тұра, Кинг әр күнін жазуға арнады. Тіпті демалыс болсын, мейрам болсын, туған күн болсын жазушыға еш әсер етпепті.  Ешбір сылтау оның бір күнде екі мың сөз жазуына кедергі келтірмеген. Жұмыс күнін таңғы 8:00 не 9:00-де бастап,  сәтті болса шамамен түскі уақыттарда аяқтап отырған. Алайда, мұндай күндер сирек кездеседі. Оны жұмыс үстінде күн батқанға дейін көруге болады. Бос кешкі уақыттары Стивен Кинг Red Sox ойынын қарап, шаршауын басқан. Сонымен қатар, күн сайын келіп отырған хаттарға жауап беріп, серуенге шыққан. Ол бұндай нәрселерді маңызды уақытын жоғалтып алудан қорықпай, шын жүректен жасапты.

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға