Жаңалықтар

Адасқан ғалымдар

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ...
Адасқан ғалымдар
10.01.2018 10:20 7941

Қазақ тіліндегі «ғалым», «ғұлама» деген сөздер көбіне – еш қателеспейтін, абсолют данышпандар мағынасында айтылады. Мұны - білімді адамды қастерлеу, ардақтаудан шыққан өзінше бір ерекшелігіміз деп білеміз.

Алайда, адамзатқа тамаша жаңалық сыйлаған адамдардың ғылымның басқа саласында нағыз қараңғылық көрсеткен тұстары бар. Ендеше, данышпандық пен надандықты ұштастырған ғалымдар мен ұйымдарды бір шолып шықсақ.

Джозеф Райт. «Философиялық тасты іздеген алхимик фосфорды ашты» ©willamette.edu

Джозеф Райт. «Философиялық тасты іздеген алхимик фосфорды ашты» ©willamette.edu

Исаак Ньютон мен метеорит. Мектеп бағдарламасында міндетті Ньютон талайымызды кабинеттен портреттегі ойлы көзбен шығарып салғаны анық. Тек қана Жердің тартылыс күші мен оптикадағы еңбектерінің өзі бір кісінің өмірі жетпестей жетістік көрінеді. Ал бұған математикадағы, механикадағы еңбектерін қоссақ – бірдеңеден қателесетін адамың Ньютон емес.

Алайда, Ньютон ... метеориттердің бар екеніне сенбеді! Оның ойынша, «метеорит жоқ, себебі  ол шығатын жер де жоқ» екен. Сонымен бірге, Ньютон Жер планетасының жасы әрі кеткенде – 6 мың жыл болады деп тұжырымдады.

Фрэнсис Бэкон мен мыстандар. Жаңа дәуірдің ұлы философы Фрэнсис Бэконның даналығына ешкім шүбә келтірмейді. Ғылымды және ғылыми әдісті дәріптеген ол адамзаттың есінде – сыни ойлауды жетілдіру, гуманитарлық ілімдерде болжалды емес, дәл әдістерді пайдалануды уағыздауымен есте қалады.

Бірақ Фрэнсис Бэкон сонымен бірге – егіннің шықпауына әлдебір мыстандардың қарғысы себеп екеніне сенімді болды.

Юстус вон Лейбиг пен ашытқы. Химия саласында үлкен практикалық жұмыстар жүргізген, тыңайтқыштар жасаудың негізін қалаушылардың бірі болған Юстус вон Лейбиг тарихтағы ғылым тұғырынан әлдеқашан орын алып қойған.

Дегенмен вон Лейбиг – кәдімгі ашытқының тірі организм екеніне ақыры сенбеді.

Роберт Бойль мен сайтандардың ұясы. «Газдың массасы мен температурасы тұрақты болған кезде, оның  қысымының өз көлеміне көбейтіндісі - тұрақты шама». Иә, есіңізге түсті: мектепте миды әбден талқан қылған изотермиялық процесс тақырыбы мен Бойль-Мариотт заңы осы. Бәлкім, физика кітабындағы портретінен сіз бұл ғұламаны ғұмыр бойы қателеспеген жан деп ойлап кеткен боларсыз.

Амал не, Роберт Бойльдің де ғалымға жараспайтын бір қылығы бар. Ол кен қазушыларға жер астында сайтандардың ұясын кездестірген жағдайда өзіне айтуын сұраған!

Бюффон мен эволюция. Француз натуралисі Бюффон өз заманының ғұламаларына тән әмбебаптық танытып, математикадан, өнертапқыштықтан, биологиядан да еңбектер жасаған. Бұған жазушылығын қосыңыз. Алба-жұлба болған табиғат пен жануарлар әлемі туралы түсініктерді жүйелеп, бір ізге түсіруге ат салысқан адам.

Әттеген-айы сол: Бюффон Америка құрлығында эволюция бауялау жүреді деп есептеді. Сонысымен өзінің «Жаратылыс тарихы» атты еңбегіне көлеңке түсіріп тұр.

Тихо Браге мен «өзінше боп тұрған» Жер-ана. Дат жұлдызшысы Тихо Брагенің түнұзаққа аспанды бақылауының нәтижелері астрономиядағы кейінгі жаңалықтардың барлығына дерлік көмек болды. Бірағы сол: Күнді – Жерден басқа планеталардың барлығы айналып жүреді, ал Жер – орнында қақшиып тұрады деп есептеді.

Иоганн Кеплер мен Ай тұрғындары. Ұлы неміс астрономы Кеплер Күн жүйесіндегі планеталардың қозғалыс заңын ашып, біржола бекіткен ғалым. Ал оның – оптиканың да ғылым ретінде дамуына түрткі болғанын есепке алсақ, адамзаттың ұлылар тұғырнамасынан орын бермеске амалымыз жоқ.

Бірақ Кеплердің де «кейде-кейде» адасып кететін жерлері болған. Мысалы, ол Ай бетіндегі кратерлерді... Айдың тұрғындары салған құрылыстар деп есептеді! Бұған қоса, Кеплер бояуды (түсті) – жарыққа байланыссыз болатын дүние деп есептеді. Қайтеміз, дұрыс жасаған дүниелерін пайдаланып жүре береміз.

Галлилей мен судың тасу-қайтуы.Телескопты алғаш пайдаланған, әрі, шіркеу сотында «Жер күнді бәрібір айналады» деп, доқ көрсетіпті делінетін Галлилейдің қазіргі технологиялық әлемді қалыптастыруға үлесі өлшеусіз. Бүгінде оның атымен аталған нысандар өте көп.

Алайда бірде данышпан болсаң, бірде ақымақ боласың. Галлилей де бұл кеселден кенде емес. Ол – жоғарыда аталып кеткен Кеплердің, судың тасуы мен қайтуы Айға байланысты дегенін ақымақтық деп есептеді. Уақыт көрсеткендей, Кеплердің айтқаны дұрыс болып отыр.

Коперник пен хрусталь аспан. Гелиоцентристік ұстаным мен жүйенің негізін қалаушы, поляк ғалымы Николай Коперникті өте-мөте ақылман шимайларына қарап, бұл бір данышпандықтың емені дерсіз. 40 жыл бойы жасаған еңбегінің нәтижесі адамзаттың ғылыми жетістігінің жақұты екені даусыз. Солай бола тұрса да, ол антикалық ғалым Клавдий Птолемейдің, аспан 80 қабат хрустальдан тұрады деген тұжырымын тастай алмады. Тіпті Птолемейдің қатесін шығарып, қабаттар санын 30-ға дейін қысқартты. Сөйтіп, өзінен мың жарым жыл бұрын өмір сүрген ғұламаның қатесін қайталады да қойды.

Вирей мен қаранәсілділердің тері. Француз ғалымы Жан-Жозеф Вирей XIX ғасырдың ортасына таман шыққан «Адам нәсілінің шынайы тарихы» атты кітабы дүниетану жөнінен озық үлгідегі еңбектердің бірі болды. Бірақ кітап жазу – дүниені танып болды деген сөз емес екен. Әйтпесе сол Вирей мысалы, қаранәсілді адамдардың тер тамшыларының түсі де қара болатынына кәдімгідей сенген.

Эрнест Резерфорд пен атом. Ядролық физиканың атасы Эрнест Резерфорд, «ешкім көзбен көрмеген, бірақ бар екені белгілі» атомның сырын ашуымен физиканы төңкеріп түсті. Бүгінгі күндері атомды – айналасында протондар мен электрондар айналып жүрген бөлшек ретінде елестетуіміз – осы Резерфордтың арқасы.

Дегенмен, Резерфордтың өз жаңалығына неге сонша скептик болғаны белгісіз. Себебі, «атомдағы процестерді коммерциялық мақсатта пайдалану тіпті мүмкін емес» деп, кесіп айтқан өзі. Тағы он шақты жыл өмір сүргенінде, бұл ойынан қайтар ма еді бәлкім.

Христиан Гюйгенс пен Юпитер планетасындағы жіп мәселесі. Голланд ғалымы Христиан Гюйгенстің ғылыми жаңалықтарын тізудің өзі оқырманға қиянат болар еді. Ғылыми жаңалықтары да, ғылымдарға қосқан үлесі де бір төбе Гюйгенстің айналысқан ғылымдары да «механика, математика, астрономия, оптика, физика, геометрия...» деген ұзын-сонар бір тізім болады,

Сондықтан да Гюйгенстің мына бір тұжырымына күлмеске шара жоқ. Оның заманында Юпитердің төрт серігі белгілі болатын. Гюйгенс логикаға салып, «ендеше Юпитердегі теңіздер қатты толқиды. Сәйкесінше, Юпитердегі теңіз флоттарында(!) желкендерді байлайтын берік жіп тапшы болуы мүмкін» деген ой айтты! Енді ұялмай, бөгдепланеталықтарға сіз де сене берсеңіз болады!

Готфрид Лейбниц. Техникалық оқу орнының түлектерінің әлде студенттерінің шекесі шымыр ете қалды, білем. Иә, математикалық анализ бен дифференциалдар мен интегралдардың авторы тап осы ғұлама. Әттеген-айы, Лейбниц Ньютонның тартылыс күшіне сенбеді! Осындай, данышпандық пен қараңғылықты бір бойында ұстаған тағы да бір ерекше жан.

Никола Тесла мен Марстан сәлемдеме. Миллиардер Илон Масктің пірі, арман қуған адамның ісі алысқа баратынының жарқын үлгісі. Дегенмен, бір эксперименттердің нәтижесінде Марстан сигнал алдым дегені де рас. Қайтеміз, байқағанымыздай, ғұламаға бәрі жараса береді.

Луиджи Гальвани мен зомбилер. Гальвани мен электр машинасына жалғанған құрбақа - біздің жадымызда ғылыми жанкештіліктің үлгісі боп қала беретін болар. Ал Гальвани болса,  өмірінің аяғына дейін өліні тірілтетін «электр флюидін» тапқанына сенімді боп кетті.

Француз Ғылым Академиясы. 1775 жылы «Академия мәңгі мотордың жобасын қарамайды!» деген хабарландыру іліп қоюға мәжбүр болған бұл ғылым ордасының беделіне күмән жоқ. Осының өзі – әлемнің түкпір-түкпірінен perpetuum mobile жобасымен түрлі романтиктер мен алаяқтардың Парижге ағылғанын көрсетіп тұр.

Бірақ академияның «сүйекке таңба болатын» қылықтары да жетерлік. Сонымен, академияның кейбір «қылмыстары»: нажағайды жерге жіберетін жайтартқыш жасауды қиял деп есептеді; жоғарыда аталып өткен Лейбництің дифференциалдық теңдеулерін мойындамады; телеграф жасауды мүмкін емес деп тапты; метеориттердің болуын жоққа шығарып, олардың үлгілерін музейлерден алып тастауды талап етті. Осылайша, әлемнің ең озық ғылыми ошағы да әбден адасуы мүмкін.

Сипатталған жәйттер бізге іздене берудің, беделді ғалымның да, ұйымның да пікіріне іркілмей, білім мен ғылым жартасын қопара беру керектігін көрсетіп тұрса керек. Өз кезегінде, аталған ғұламалардың адасуынан гөрі тапқандары көп екенін, бүгінгі жаңа дәуір жетістіктері сол данышпандар салған жолмен келгеннін де естен шығармай, құрмет тұту парыз.

Авторы: Ерлан Оспан

Деректер А.Г. Невзоровтың лекцияларынан алынған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға