Жаңалықтар

Ұлы адамдар өмірі: Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан жайлы 10 дерек
Ұлы адамдар өмірі: Әлихан Бөкейхан
11.03.2019 21:09 11803

Ол Ахмет пен Міржақыпқа түрмеде жазған хатында «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер...» деп, жігерлендіріп, ақ пен қараны айыратын ұрпақтың келетініне еш күмән келтірмеді... Сондықтан ұлттың азаттығы үшін күрескен қазақ зиялылары түрмеге қамалып, “халық жауы” саналып жатса да, қазақтың аспанынан бұлт арылар күннің келеріне сенді. Бұл сенімді ұялатқан Әлихан еді. Ұлы адамдар өмірінде - Әлихан Бөкейхан.

1. Балалық шағы

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында) дүниеге келген. Әлихан Шыңғысханның ұлы Жошыдан басталатын төре әулетінің жиырма үшінші ұрпағы саналады. Бірақ ол өзінің төре тұқымы екенін айтып, мақтанатындардың қатарынан болмаған. Керісінше, “Хан баласында қазақтың қақысы бар, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын” деп, бар ғұмырын ұлы мақсатқа арнаған. Әлихан ел арасында Мұқан төре атанып кеткен Нұрмұхамед пен Бегімханның тұңғышы болса да, салт бойынша ол атасы Мырзатайдың тәрбиесінде болған. Әлиханның інісі Смахан төре өз естелігінде Әлихан әкесі Нұрмұхамедті “Кесекем” десе, анасы Бегімханды “Бежекем” деп атағаны жайлы айтады. Сондай-ақ Әлиханның тілі тек 6 жасында шыққан деген дерек бар. Әлихан 9 жасқа келгенде әкесі “сабақ алсын” деп Қарқаралыдағы молдаға апарады. Бірақ бала бұл оқуды қанағат тұтпай, орысша-қазақша үш жылдық интернатта білім алып, кейін өз бетімен төрт жылдық кәсіптік училищеге түседі. Училищеден Әлихан “етікші” кәсібін меңгеріп шығады.

2. Өзін журналист ретінде таныстырған

Әлихан Бөкейхан Омбы техникалық училищесі мен Петербордағы орман институтын тәмамдаған. Статистикамен айналысып, біраз экспедицияларға шығып қоймай, қазақтың мерзімді баспасөзінің дамуына үлкен үлес қосты. Қуғында жүрген кезінде бірнеше басылымдарда редакторлық қызмет атқарды. Екі тілді еркін меңгергендіктен, тек қазақ баспасөзінде ғана емес, орыс тілді баспасөз беттерінде мақалалары жиі жарияланып тұрды. Бұл орыс зиялыларының қазақ даласындағы хәл-ахуалға назар аударуларына мүмкіндік бергені сөзсіз.

Әлихан Бөкейхан – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының басындағы көкейкесті мәселелерге еркін қалам тербеген публицист. Оның қамтыған тақырыптары өте ауқымды әрі өзекті. Сондай-ақ, бүгінгі заманда да күн тәртібінен түспей тұрғаны да баршылық.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Орман институтын тәмәмдаса да, 40 жылдай қаламнан қолы үзілмеген. Тіпті, Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағатында табылған Әлиханның өз қолымен толтырған «Тұтқын анкетасында» мамандық бағанына «журналист, аудармашы» деп жазған екен. Демек, Әлиханды тек саяси тұлға ретінде емес, ұлттық журналистиканың кәсіби түрде дамуына алғашқылардың бірі болып үлес қосқан қаламгер ретінде қарастыру керек.

3. “Выборг үндеуіне” қол қойғандардың бірі

1906 жылы Әлихан Бөкейхан І Мемлекеттік думада қазақ халқының мүддесін білдірушілердің бірі ретінде сайланады. Одан бөлек Думада тағы бірнеше қазақ депутат болған. Олар: Ахмет Бірімжанов, Бақытжан Қаратев, Сәлімгерей Жантөрин, Дәуіт Тұндыт, Алпысбай Кәлменов, Төлепберген Аллабергенов және Шәймерден Қосшығұлұлы.

Бірінші Мемлекеттік думада Семей облысы қазақтарының атынан Әлихан Бөкейханның сөйлеуін 176 дауыстың 175-і қолдайды. Осыған орай Семей газеті “21 маусым күні Мемлекеттік дума мүшесі Ә.Н.Бөкейхан әрі қарай Петерборға жол жүрмекке, Омбыға аттанды. Оны шығарып салу үшін кеме маңына көп қазақ пен орыс жиналды”, - деп жазады.

Біраз уақыттан кейін дәл осы газет бетінде “Біз 3 шілде күні депутат Ә.Н.Бөкейхан Омбыдан Петерборға аттанды деген телеграф алдық” деген хабарлама жарияланады. Кейін омбылық газетке сілтеме жасалып, “Бөкейханов мырза Мемлекеттік думаның таратылуы алдында Петерборга жетті. Сол жақтан бірден Финляндияның Выборг қаласына аттанды” делінген. Дума күштеп таратылған соң, патша үкімімен келіспеген 200-ден аса депутат заңсыз түрде Выборг қаласында жиналады. Дәл осы жерде 200 депутаттың 180-і өз наразылығын білдіріп, “Выборг үндеуіне” қол қояды. Оның ішінде Әлихан Бөкейхан да бар. Сол үшін Санкт-Петерборлық сот палатасы оны 3 айға түрмеге қамау туралы үкім шығарады. 1907 жылдың 18 желтоқсанында шыққан үкім 1908 жылы 21 қаңтарда күшіне енеді. Айта кетер бір жайт, Әлихан Бөкейхан Семей түрмесіне өзі келіп берілген екен. Оның түрмеде отырғаны жайлы хабар жер-жерге тарайды. Әлиханның жерлесі Оразбай болса, Семейге биемен келіп, күн сайын Әлиханға қымыз апарып тұрған екен. Бірақ 3 айға қамауға алынған Әлихан тек 8 айдан кейін бостандыққа шығады.

4. Бірнеше газеттің редакторы болған

1905 жылы Әлихан Бөкейхан идеяластарымен бірігіп қазақ тілді газет шығару жұмысын қолға алады. Оған «Қарқаралы петициясы» дәлел. Осы жылы Санкт–Петербург қаласында жарық көрген «Наша жизнь» газеті желтоқсанда жарияланған сандардың бірінде: «17 қазаннан кейін Ә. Бөкейхан қазақ тіліндегі газет шығаруды көздеп, еліне жол жүріп кетті» делінген.

Десе де “Қазақ” газеті жарыққа шықпай тұрып, яғни 1906-1907 жылдары Әлихан «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» газеттерінде редакторлық қызмет атқарған. Іс жүзінде Әлихан редактор болса да, газеттерде редактор ретінде мүлдем басқа адамдардың аты-жөндері көрсетілген екен. Әлихан Бөкейхан екінші Мемлекеттік Дума күштеп таратылған кезде, оған қарсы «Выборг үндеуіне» қол қойғандардың бірі болғандықтан өз есімін көрсетпеуді жөн көрген секілді. Сондай-ақ П.А.Столыпиннің саясатын өткір сынмен аяусыз әшкерелеген адам ретінде оның «қара тізімінде» болғаны тағы бар. Әлихан Бөкейхан редакторлық жасаған бұл үш газет билікті ашық сынағаны үшін жабылып (жойылып) отырған, бұл күні бірлі-екілі саны ғана аман қалған.

5. “Қазақ” газетінің негізін салушылардың бірі

1913 жылдың 2 ақпанында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Қоғамда болып жатқан оқиғаларды сөз қылған басылым сол кезгі қазақтың өмір айнасы іспеттес еді. Өйткені «Қазақ» газеті І дүниежүзілік соғыстың, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, төңкерістердің, патша билігінің құлауының, кейін Алаш Орда үкіметінің құрылғанының куәсі болды. Басылым осы оқиғалардың бақылаушысы ғана болған жоқ, сол өзгерістердің бел ортасында жүрді.

Әрине, жалпыұлттық басылым шығару ұзақ дайындық пен көп адамның ортақ жұмысын қажет етеді. «Қазақ» газеті де бір күнде пайда болған жоқ. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев Алаш ардақтыларының «Қазақ» газетін шығару ойы 1905 жылдан бастап қолға алынғанын айтады. Бұған дәлел ретінде Әлихан Бөкейханның атынан 1905 жылдың 4 қыркүйегінде «Сын отечества» газетінің No173 санында жарияланған «Қазақтар петициясын» (Петиция киргизъов) айтуға болады. 14 500 қазақ қол қойған бұл петиция қазақ халқының басты проблемалары және олардың шешу жолдарын ұсынған 11 бөлімнен тұрады. Басты мәселелер, жер, тіл, дін және сот мәселелері. Өтініш хаттың 3-бөлімінде былай делінген: «Для выяснения текущихъ нуждъ казахского народа необходимо изданіе газетъ на казахскомъ языке, для чего потребуется установленіе явочного порядка на изданіе газетъ безъ предварительной цензуры и на открытіе типографій». Демек жалпыұлттық баспасөз шығарудың тарихы да тереңде жатыр. Алайда, патша манифесінен кейін Ресей империясының аумағындағы қоғамдық - саяси толқулар газеттің жарыққа шығу мерзімін кешеуілдетті.

Сонымен қатар Әлихан, Ахмет пен Міржақып әртүрлі уақытта тұтқындалып, Семей қаласындағы түрмеге тоғытылды. Әлихан Бөкейханды Семей түрмесінен кейін, Самараға жер аударды. Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы Орынборға жер аударылып, кейін сол жақта Әлихан мен Міржақып үшеуі өзара газет шығару мәселесіне бел шеше кірісті. Міржақып Дулатұлы айтпақшы, ««Қазақтың» шығуы толғағы жеткен баланың тойындай» болып, қазақ зиялыларының тынымыз еңбегінің арқасында жарыққа шықты.

6. Қазақ даласындағы бірінші премьер-министр

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің басы қасында тұрған “Алаш” қозғалысы екенін жақсы білеміз. Бұл қозғалыстың басты мақсаты тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1917 жылғы Ақпан, Қазан революциялары өз кезегінде қазақ интеллигенциясының жұмысына қарқын қоса түсті. Осылайша 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында Орынборда өткен Бірінші бүкілқазақ съезінде “Алаш” парти

ясы құрылды. Партия бағдарламасын әзірлегендер - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы бастаған қазақ зиялылары. Бағдарлама 10 тараудан тұрып, толықтай “Қазақ” газетінде жарияланды. Ал дәл осы жылдың желтоқсан айында өткен Екінші бүкілқазақ съезі ұйымдастарылып, жиналғандар бірауыздан Алаш автономиясын құрды қолдады. “Алаш Орда” уақытша үкіметі құрамына 25 адам мүше болып, Әлихан Бөкейхан үкімет төрағасы, қазіргі тілмен айтқанда премьер-министр болып тағайындалды. Съез қаулысы бойынша, қазақ автономиясының құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары мен қазақтар мекен еткен Закаспий пен Алмай губерниялары кіруі тиіс болды. Ал Алаш Орда автономиясының астанасы болып Семей қаласы бекітілді. Сондай-ақ халықтық милиция құру жоспары жасалды. Халықтық милиция құрамын жасақтауға 20 мен 35 жас аралығындағы әскери қызметке жарамды ер адамдар шақырылатын болды. 1919 жылғы азаматтық соғыс кезінде Қызыл әскерге қарсы шайқасқан Алаш автономиясының әскер саны 5000 адамды құраған екен. Азаматтық соғыста жеңіске жеткен кеңес билігі Алаш Орда үкіметін таратып, мүшелері қуғын-сүргінге ұшырады.

7. Әлихан Бөкейханның бүркеншік есімдері

Нақты деректерге сүйенсек, Әлихан Бөкейханның публицистикасы 1889 - 1927 жылдар аралығын қамтиды. 40 жылға жуық аралықта жарық көрген материалдарының көбісі бүркеншік атпен жарияланған. Әлиханның өз атын қолданып, басылымға берген мақалалары некен саяқ. Бүгінде, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы Әлихан Нұрмұхамедұлының 30-дан аса бүркеншік есімі болғандығын айтады. Және олардың көбі орыс тілі басылымдарында кездеседі екен. Ал, Әлиханның қазақ баспасөзіндегі қалың қазаққа таныс, Алаш көсемсөзінің екінші есіміне айналған бүркеншік аты - «Қыр баласы». Басылым бетінде жарық көрген біраз мақала осы есіммен жарияланған. Ал, орыс баспасөзіндегі көп қолданған есімі «Қыр баласының» орысша баламасы - «Сын степей».

Сұлтанхан Аққұлұлының зерттеулеріне сүйенсек, Әлихан Бөкейханұлының қазақ тілді баспасөз бетіндегі бүркеншік есімі «Қыр баласымен» ғана шектелмейді. Қазақ тілді басылымдарда жоғарыда аталған есіммен қатар, «Ғалихан», «Ғ.Б.» немесе «Ә.Б.», «Ә. Н.», «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай» және «V» сияқты бүркеншік аттары ұшырасады. Арасында бұрындары естімеген, таңсық есімдер де бар. Олар көбіне орыс тілінде жарияланған мақалаларға тән. Айта кетсек, «А.Н.», «Мусульманин», «Киргиз», «Степняк», «Киргиз - Степняк», «Дала баласы», «Туземец», «V», «А.Б.», «Статистик», «Киргиз – кайсак», «Алихан», «Ал. Кочевник». Сонымен қатар, «Уак», «Читатель», «Наблюдатель», «Обыватель» және «Н.Ш.» сияқты беймәлім есімдермен жарияланған мақалалар авторының қолтаңбасы Әлихан Бөкейханұлына тән дейді зерттеуші.

8. Абайдың бірінші биографы

Әлихан Бөкейхан бала кезінен Абай, Шортанбайдың шығармашылығымен жақсы таныс болған. Әлиханның анасы Бегімхан көзі ашық, білімді адам болған деседі. Сондай-ақ ол Шәкәрімнің анасы Төлебикенің туған әпкесі. Осының бәрі Әлиханның бала кезден Абайды жақын біліп-тануына әсер етсе керек. Абай дүние салғаннан кейін оның биографиясын алғаш қағазға түсіріп, газетке жариялаған да Әлихан болған. Абайдың шығармашылығы мен өмір жолы жайлы некролог 1905 жылы “Семипалатинский листок” газетінде жарық көрді. Ал 1907 жылы бұл материал Абайдың портретімен қоса “Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбалары” журналында қайта басылып шығады. Әлихан Бөкейхан тек некролог жазумен шектеліп қоймай, Абайдың ұлы Кәктайға әкесінің өлеңдерін жинастыруды тапсырады.

9. Әлихан Бөкейханның отбасы

“Степной край” газетінде жұмыс істеп жүріп Әлихан Яков Севостьяновпен танысады. Саяси ойлары бір жерден шыққан олар, уақыт өте келе жақсы досқа айналады. Кейін Әлихан оның қызы Еленаны ұнатып, екеуі отбасын құрмақ болады. Әкесінен бата алуға келген жастарға Яков Сергеевич “Қызым, саған Әлиханнан асқан жар табылмасын білемін. Бірақ екеуің де кез болатын қиындықтарға дайын болыңдар. Ол дала мәдениетімен өскен қазақ болса, сен орыссың. Сені қандастарың “күйеуі өзге ұлт өкілі екен” деп мұқатса, оны ауылдастары орыстың қызын алды деп кіналайтын болады. Сендерге батамды бердім, бірақ төзімді болыңдар”, - деген екен.

Осылайша 1901 Әлихан мен Елена Омбы қаласында некелерін қияды. Олардың Елизавета (Зейнеп) және Сергей (Үгедей) есімді балалары болған. Елизавета медицинаны таңдап, осы салада көптеген ғылыми еңбектер жазған ғалым, Смағұл Сәдуақасовтың жары. Смағұл мен Елизаветаның ұлы, Әлиханның немересі Ескендір екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. Елизавета 1971 жылы дүние салған.

Ұлы Сергей өте білімді инженер-геолог болған екен. Ол Қаныш Сәтпаевпен әріптес болып, Жезқазғанда біраз кен орындарын тапқан. Мыс және уран кен орындары бойынша көптеген ғылыми еңбектер жазып қалдырған. 1957 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған. Сергейдің ұлы Евгений де ғылым қуған, техникалық ғылымдар кандидаты, доцент. Қазір зейнетте, Мәскеуде тұрады. Оның ұлы Петр Бөкейхан - отставкадағы полковник. Петрдің қызы, Әлихан Бөкейханның шөпшегі Дәрия қазір он жаста.

10. Талдыбейіт

Қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы территориясында Талдыбейіт зираты орналасқан. Бұл жерде Әлихан Бөкейханның ата-анасы мен ет жақын туыстары жерленген. Ал Әлиханның әкесі Нұрмұхамедтің қабірінің жанында өсіп тұрған үлкен ағашты ұлы өзі әкеліп отырғызған көрінеді. Осыдан бір ғасыр бұрын отырғызылған бразилиялық көшет бүгінде алып ағашқа айналған. Сол себепті Әлиханның туыстары жатқан жерді халық “Талдыбейіт” деп атап кеткен.

Әлихан өткен ғасырдың 20-жылдары өзінің туған топырағына соңғы рет келеді. Ол кезде әйелінен айырылған ол саясаттан алыстаған деседі. Біраз уақыт інісі Смаханның үйінде жатып, ауылдастарына ақыл-кеңесін айтқан көрінеді. Өз сөзінде ол қиын-қыстау кезеңнің келе жатқанын, тек малға сенбей, жер шаруашылығының қыр-сырын үйренуді тапсырған екен. Он жылдан кейін Әлихан айтқан тар заман келіп, 2 миллиондай қазақ ашаршылықтан опат болады.

Бүкіл қазақ “Ұлт көсемі” атап кеткен Әлихан Бөкейхан 1937 жылы 27 қыркүйек күні ату жазасына кесіледі. Оның денесі Мәскеудегі Дон зиратында жерленген. Ел аузында "Әлиханның інісі Смахан төре ағасын жоқтап, Талдыбейітте Әлиханның бас киімін көмген екен" деген аңыз жиі айтылады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға