Жаңалықтар

Сұрағы жоқ сұхбат. Ғалымжан Молданазар

Қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген әнші
Сұрағы жоқ сұхбат. Ғалымжан Молданазар
10.11.2017 12:21 13567

Әнші, Алматы

Қазақша болсын дейтіндер тойларына Канье Уэст, Бейонсе, Дженнифер Лопестерді шақырады. Ол жерден домбыра, қобыз көрмейсіз.

Қайрат Нұртасты өз басым сыйлаймын. Оның өз аудиториясы бар. Тіпті сондай үлкен аудитория менде де болса деймін. Қайратты сүйіп тыңдайтын, тыңдап отырып жылайтын жақындарым бар. Ол шынымен де адамдарға бір сезімдер береді. Ол шынымен де адамдарды бір нәрселер туралы ойландырады.

Біз концерттерге көп шыға бермейміз. Себебі көп жердің талабы – фонограмма.

Көбі әндерімді «жылауық» деп айтып жатады. Табиғатымнан көңілді әндерді ұната бермеймін. Және шабытты еш жерден іздемеймін.

Қазақтың барлық тойында адамдар осы синти-поп жанрындағы әндерге биледі. Музыкант өзінің синтезаторын алып келеді де, ән айтады. Бұл - нағыз синти-поп. Мен соған фанкты, электронды дыбыстарды қосып жүрмін. Бірақ сол 80-90 жылдары әрбір үйімізде болған той синти-поп стилінде болатын

Көбі «неліктен ағылшын тілінде өлең айтпайсың?» деп жатады. Біріншіден, ағылшынша түсінбеймін, сөйлей де алмаймын. Орысшаны енді ғана үйренгенмін.

Студияма біраз әншілер келді. Айтатындары: «Сенің әнің ұнайды. Бірақ, мен онымен ақша таба алмай қаламын».

Бір адам түрін тыржитып тұрса, мен ол жерде өнер көрсеткім келмейді. Ал, тойда ондай нәрсе көп болады.

Әкем қатал, әскери адам. Бірақ іштей еркін адам. «Білгеніңді істе. Ең бастысы, жұртты алдама» дейді.

Өнер дегеніміз ақша табудың құралы болмауы керек. Бізде осылай ойлайтын әншілер көп.

«Тойың құтты болсын!», «Ұл-қызың көп болсын!», «Айналайын, ақ жеңешем»… Әннің бәрі осындай болып кетті.

«Сен Американ музыкасын насихаттайсың. МузАРТ, Қайрат Нұртас – міне бұлар біздікі» деп ұрсады кейде. Мен түсіндіруге тырысам: «МузАРТ пен Қайрат Нұртас электронды гитарамен, синтезатормен айтады. Қазақ электронды гитара тартып па еді?».

Үлкен кісілер отыратын тойға шықпаймын. Өзіңіз ойлап қараңыз, тамақ ішіп, арақ ішіп, қызып алған халықтың алдында өлең айтқанның өзі мен үшін шынын айту керек, жиіркенішті.

Осы жанрды білетін, электр музыканы түсінетін адам пікір білдірсе, мен оны қабылдаймын. Ал осы жанрдан хабары жоқ, әнге жалпы қызықпайтын адамдардың көз бен құлағын жауып алып сынай бастауы жүгіріп келіп, жағадан алғанмен бірдей болады екен.

Менен де мықтылар бар, бірақ әзірге олар ешкімге керек болмай жатыр. Мен баяғыдан ән шығарып келем, бірақ ол әндер керексіз болып Интернетте жатты. Сосын Ресейде біреулер «О, бір қазақ күшті синти-поп жасап жүр» деді. Сосын біздікілер «О! Біздің бала Еуропада бірдеңе ұтып алды» деді. Бірақ мен оған дейін де болғам негізі.

Оқушы кезімде жұлдыз болғым келді. Кейін Алматыға келіп, композитор ретінде әншілерге ән жазып, осы салада жұмыс істеп көргеннен кейін ойымнан айнып қалдым. Шыны керек, эстрада маған ұнаған жоқ. Бәрі жалған, фонограмма, барлығы өтірік…

Ресейге бірнеше рет шақырды. Бірақ барғым келмеді. Өйткені, Алматыны өте қатты жақсы көрем. Бұл жерден ешқайда кеткім келмейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға