«Криминалистика – полиция қызметіндегі ең маңызды сала»

Құқық қорғау қызметкері, аға криминалист, полиция капитаны Әділ Мұхаммедтің бір күні

23 маусым – Қазақстан Республикасы Полициясының күні. Бүгінде еліміздегі тыныштықты, халқымыз бен азаматтарымыздың конституциялық құқығын сақтау мақсатында құрылған салаға биыл 28 жыл толып отыр. Тәртіп сақшыларын төл мерекелерімен құттықтай отырып, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап, қайсарлық пен батылдық танытып жүрген адал қызметкерлерімізге шексіз алғыс білдіреміз. Мереке қарсаңында біз қылмысты ашып, күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған айғақ заттар арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажыратумен айналысып келе жатқан криминалистің жұмысымен танысып қайттық.

IMG_8280.JPG

Криминалистика қандай сала?

Құқық қорғау қызметінде криминалистика саласынсыз қылмысты ашу мүмкін емес. Қылмысты кім жасады? Ол қашан, қай күні, тәуліктің қай мезгілінде болды? Осы және өзге де сұрақтардың барлығын анықтау криминалист мамандарының міндеті болып табылады.

IMG_8282.JPG

Криминалистика ең басты назарын попелиярлық заттармен құрылатын рельефке, әсіресе саусақтардың тырнақ тұсындағы өрнектерге аударады. Попелиярлық өрнектерді зерттеуге дактилоскопия, яғни трасологияның бір тарауы арналған. Жалпы дактилоскопия –жеке ілім болып ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғылымға енген сала.

– Криминалистің негізгі мақсаты оқиға болған орынды тиянақты қарап, дәлелдемелерді, іздерді жинап, суретке түсіру және тіркеу болып табылады. Мысалы ретінде ол саусақ іздері, қылмыс орнындағы қару-жарақтар болуы мүмкін. Оларды біздер арнайы зерттеу жүргізу үшін зертханаға әкелеміз. Одан кейін маман ретіндегі қорытындымызды шығарып, іске тіркейміз, – деді аға криминалист Әділ Мұхаммед.

2X5C0395.JPG

Криминалист мамандығын меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі маманды дайындау барысы да күрделі. Олар арнайы білім алғаннан кейін де кәсіби біліктілікті арттырып отыруы керек. Криминалистер бүгінгі таңда суық қаруларды тану, дактиолоскопиялық зерттеу, оқиға болған жерді анықтап, қылмысты ашуға ерекше өзіндік үлестерін тигізіп келеді.

«Полиция қызметкері болу – бала күнгі арманым»

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа аудандық ПБ аға криминалисті Мұхаммед Әділ Әдебиетұлы 1991 жылы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында дүниеге келген. Мектептен кейін ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясын 2011 жылы жедел криминалист мамандығы бойынша тәмамдаған. Төрт жыл академияда білім алып,оқу аяқталғаннан кейін дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық және суық қаруды зерттеу бағыттары бойынша зерттеуге рұхсатнама алған Әділ Мұхаммед 2015 жылы Өскемен қаласының жедел криминалистика бөліміне жұмысқа орналасады. Құқық қорғау қызметіндегі маңызды саланың бірі криминалистиканың қыр-сырын сол жерде меңгеріп, 1,5 жыл қызмет етеді. 2016 жылдан Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа ауданының ПБ криминалисті болып ауысып келеді. Сол уақыттан осы кезге дейін аға криминалист қызметін атқарып келеді. Осы жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласы ПД, Сарыарқа аудандық ПБ тарапынан марапаттарға ие болған аға криминалист өз ісіне тиянақты білікті маман.

IMG_8229.JPG

Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының Жедел-криминалистикалық басқармасы 1998 жылы қаңтар айында құрылған. Басқарманың бірінші болып, Ресей Федерациясы ІІМ Волгоград заң институтының түлегі, полиция подполковнигі Е.А. Қадыров басқарған. Оның басшылығымен жедел-криминалистикалық бөлімшелер құрылып, кейіннен елордамызда ІІБ аудандарының жанындағы бөлімдер қайта жасақталған. Қазіргі таңда аға криминалист, полиция капитаны Әділ Мұхаммед қызмет етіп жүрген Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа ауданының ПБ Жедел-криминалистикалық бөлімін полиция майоры Мырзахметова Ғазиза Берікқызы басқарады. Бөлімдегі қызметкерлердің барлығы  –білікті мамандар.

2X5C0244.JPG

– Бала күнгі арманым – полиция қызметкері болу еді. Ең бастысы бүгінде құқық қорғау саласында ел тыныштығы жолында қызмет етіп келемін. Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы. Сондықтан өзіме жүктелген абыройлы міндетті әрі қарай үлкен жауапкершілікпен атқаратын боламын, – деді аға криминалист.

IMG_8185.JPG

Жалпы криминалистердің қызметі таңғы 8:30-да басталады. Олардың бірі қылмыс болған орынға шығатын жедел-криминалистік топпен тәуліктік кезекшілікке шықса, екіншілері Тергеу басқармасындағы зертханада қылмысты ашу үшін қылмыскерлер қалдырған іздерді бекітіп, жүйеге енгізіп, зерттеу жүргізеді. Жалпы криминалистердің практикасына ашылған қылмыстар жөнінде мысалдар өте көп.

Күнделікті зерттеу жүргіземін. Бізге зерттеуге арнайы материалдар мен тапсырмалар беріледі. Солардың барлығын зерттеп, қорытынды жасаймыз. Әр түрлі деңгейдегі қылмыстар орын алып жатады, – деді тәртіп сақшысы Әділ Мұхаммед.

«Қызметке адал болу  – кәсіби парызымыз»

Криминалистер күнделікті тәуліктік кезекшілікке түсіп отырады. Шақырту кезінде кезекшіден жедел ақпарат түскен бойда тез арада оқиға орын алған жерге жедел-тергеу тобының құрамы жетеді. Онда тергеуші, криминалист, жүргізуші және жедел уәкіл болады. Әр маманның өз саласы бойынша жұмыс істейтін бағыты бар. Оқиға болған жерде қылмыскер міндетті түрде өзінің соңынан бірқатар көрінер-көрінбес іздер қалдырады. Ал криминалистер қылмысты ашу үшін сол қылмыскер қалдырған іздерді бекітіп,көшіріп алумен айналысады. Криминалистің айтуынша, қылмыскерлер көбіне қол, аяқ киім, бұзу құралдарының іздерін, көліктердің дөңгелек бедерлерін, иіс, биологиялық өзге де іздерді қалдырады екен. Сондай-ақ, жәбірленушілердің, куәгерлердің айтуымен күдіктінің фото портреті жасалып, «Образ++» арқылы есепте тұрған адамдардың ішінен оларды саралау арқылы күдіктіні танып, сол арқылы қылмыстың ізін суытпай ашады. Сонымен бірге тыйым салынған қарулар арқылы қылмыстар орын алған кезде криминалистердің міндеттеріне аталған қаруларға балистикалық, суық қару зерттеулерін жүргізіп,қарудың атыс немесе рұқсат етілмеген қаруға жататын-жатпайтындығын анықтау кіреді.

(Суретте: Аға криминалист, полиция капитаны Әділ Мұхаммед)

– Бір тәулікте орта есеппен 6-8 шақырту түседі. Алайда карантин кезінде қылмыстардың саны азайды. Осыдан бірнеше ай бұрын құрылыс обьектілерінің бірінде белгісіз азаматтың денесі табылғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына барғанда азаматтың тұлғасы анықталмаған еді. Кейін қорытынды барысында ол жерде кісі өлтіру орын алғаны белгілі болды. Себебі зерттеу қорытындылары мен денесіндегі белгілерге қарап, белгісіз азаматты зорлықпен, күшпен өлтіргені туралы анықталған болатын. Кейін белгісіз тұлғаның саусақ іздерін «Папилон» базасына енгіздік. Сол зерттеу барысында жүйеден ол адам туралы мәліметтерді анықтап, мәйіттің тұлғасын анықтадық, – деді аға криминалист Әділ Мұхаммед.

Сонымен бірге аға криминалист күнделікті қарбалас қызметіндегі тағы да бір оқиғаны баяндап берді. Ұрлық орын алғаны туралы азаматшаның шағымнан кейін Әділ Мұхаммед зерттеу жүргізеді. Ұры киоскінің терезесін қатты соққымен бұзып, ұрлық жасағандығы анықталған. Кейін сол терезедегі қалған саусақ іздері оң нәтиже беріп, криминалист қылмыскердің кім екені белгілі болды.

2X5C0238.JPG

Қазіргі таңда криминалистика саласында соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар баршылық. Олардың ішінде әсіресе «Папилон», «Образ++», «Трасология» автоматтандырылған жүйелерді атап өтуге болады. Себебі, осы жүйелердің қылмыстарды ашуға септігі көп. Күдікті тұлғалардан саусақ іздерін сапалы алу үшін «Папилон» тірі сканері қолданылады, – дейді криминалист.

Бүгінгі таңда аға криминалист Әділ Мұхаммедтің іскерлігінің нәтижесінде көптеген зерттеулер жүргізіліп, бірқатар қылмыстық істің беті ашылды.

IMG_8248.JPG

Бір күндік репортаж барысында біз Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа аудандық ПБ жедел-криминалистикалық бөліністерінде өз кәсібін терең меңгерген, кәсіби мамандар қызмет атқарып жүргеніне көзіміз жетті. Себебі олар кез-келген оқыс жағдай мен қылмыс орын алған мезетте де криминалистикалық зерттеу жүргізіп, шырғалаңы толы жұмыстарды криминалистиканың түрлі әдістерін пайдалана отырып шешеді. Сонымен қатар, қылмыстың ашылуына жол ашатын дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық, одорологиялық және суық қаруды зерттеу арқылы қылмыс орнын және қылмыскерлерді анықтап келеді.

Жыл сайын мыңдаған ауыр қылмыстарды ашуда түрлі криминалистік есептерді жүргізіп, қылмыстың жедел ашылуына септігін тигізіп жүрген криминалистердің қызметіне сәттілік тілей отырып, барша тәртіп сақшыларын бүгінгі төл мерекелерімен құттықтаймыз! Ел қорғаны бола білген тәртіп сақшыларының қызметтеріне сәттілік пен абырой тілей отырып, Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында табысты қызмет ете берулеріңізге тілектеспіз! Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз аз емес, еңбектеріңіз әрқашан жемісті де табысты болғай!

(Суреттер автордыкі)

Ұқсас материалдар