Жаңалықтар

Коллекторлар қызметі: қорқыту ма, қорғау ма?

Борышкер, бопсалауға бойсұнбаңыз!
Коллекторлар қызметі: қорқыту ма, қорғау ма?
29.10.2019 11:51 8124

Биылдың өзінде борышкерлерді бопсалап, «Коллекторлық қызмет» туралы Заңды белден басқан агенттіктер 4 млн 075 мың 878 теңге көлемінде айыппұл төлеген. Сондай-ақ, несиесін төлей алмағандарды түрлі әдіспен алдаған, шектен тыс мазалағандарға 68 шектеулі шара қолданылыпты. Бұл Ұлттық Банктің ресми мәлімдемесі. Ал «қорыққанға қос көрінеді» демекші, қоғамда агенттіктердің бопсалауына бойсұнып жүрген борышкерлер көп. Оларға жасалатын психологиялық қысым мен алдау фактілері өндіруші мен қарызы барлардың телефонындағы әңгімеден тысқа шықпайды. Әйтпесе, бірінші деңгейлі банктің сандық статистикасы еселене түсері сөзсіз.

Өтімсіз өзгеріс

Елімізде коллекторлық агенттіктердің жұмысы Ұлттық Банктің қарауында. Аталмыш заң жобасын да депутаттар талқысына салып, оны үкіметке ұсынған да осы банк. Ал 2016 жылы бұл заңға өзгерістер енгізу туралы шешім депуттардың наразылығын тудырып, заңның алғашқы нұсқасынан еш өзгеріс жоқ деп кері қайтарғаны көптің есінде. Негізі, ақжағалылардың ашуын тудырған агенттіктердің жұмысындағы заңбұзушылықтар болатын. Ал аталған заң осы олқылықтың орын алуына мүмкіндік туғызып келген. Соның салдарынан қарызға белшеден батқан борышкерлерді бопсалайтын жайттар жиілеген. Десе де, «алмақтың да салмағы бар». Қарызды қайтарудың мұндай әдісі қайдан келді, ол қаншалықты нәтиже береді және заң кімнің жағында?

Коллекторлық қызмет осыдан 59 жыл бұрын АҚШ-та пайда болған. Сол уақыттан бері америкалық банктер борышкерлермен тікелей жұмыс жасамайды. Бұл қызмет коллекторларға жүктелген әрі мұнда мыңдаған агенттік бар. Батыс Еуропада қарызын өтемегендермен коллекторлар сексенші жылдардан бастап айналысса, көрші Ресей 2003 жылдан бері осы әдіске көшкен. Ал бізде ше?

Қазақстанда алғашқы коллекторлық агенттік 2009 жылы ашылды. Бұл кепілсіз несие берумен тікелей байланысты. Өйткені, бұған дейін елімізде коллекторлар қызметіне қажеттілік болмаған. Бүгінде республикадағы 35 банктың 17-сі осындай агенттіктермен тығыз байланыс орнатқан. Ресми деректер бойынша, бізде 165 коллекторлық ұйым бар, алайда соның 59-ы ғана нақты жұмыс жасайды.

Үш жылда коллекторларға қарсы 15 қылмыстық іс қозғалған

Айтпақшы, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес борышкердің әлеуметтік жағдайы, денсаулығы басты назарға алынуы керек. Алайда, аталмыш заң да, оған енгізілген өзгерістер де мәселені шеше алмаған сыңайлы. Өйткені, бас прокурордың аға көмекшісі Қайрат Раисов коллектордың арасында бұрыңғы «бандиттер» бар екенін ашып айтып, соңғы үш жылда коллекторларға қарсы 15 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал былтырғы жылы агенттіктердің озбырлық әрекеттерінің құрбаны болғандардан Ұлттық банкке 230 арыз келіп түскен. Биыл 157 шағым коллекторларға қарсы жазылған.

Осы уақытқа дейін коллекторлар арнайы заң жобасы қабылданбаса да жұмыс жасап келді. Осы ретте, «олардың бұл әрекеттері заңға қайшы емес пе?» деген сауал туындайды. Жоқ! Себебі олардың ҚР Азаматтық кодексінің баптарын негізге алып, жұмыс істеулеріне ерік берілген. Оның үстіне, банктер тапсырма шарты мен талап ету құқығын коллекторларға сеніп тапсырады. Бұл олардың заң жоқ болса да, борышкерлерден қарызды өндіруі заңды деген сөз. Яғни, кодекске сәйкес міндеттеме негізінде кредиторға берілетін құқық мәміле бойынша басқа адамға беріледі және ол құқық заңнамалық құжат негізінде өзге біреуге ауыса алады. Бұл ретте борышкердің келісімі талап етілмейді. Ал заңға енгізілген толықтыруларда бұған жол берілмеуі керек. Сонымен...

Заң кімнің жағында?

Аталмыш заң несие алғандар мен қарызы бар адамдардың құқығын алға тартады дейді заңгер Алия Әскербекова. Негізінен, заңға сәйкес, борышы барларға коллекторлар тарапынан психологиялық қысым жасалмауы керек екен. Сонымен бірге, олардың көлеңкелі кәсіптері шектеліп, жүгенсіз келген компаниялар тәртіпке келіп, ең алдымен азаматтардың құқықтары қорғалуы тиіс. Ал қатаң ескерілетін қағидалар мынадай:

Қарызы бар адамдарға қатысты мәліметтер құпия сақталады;

Банктер борышкер құжатын коллекторларға бермес бұрын олардың келісімін алады;

Коллектор мен қарызгер арасындағы кездесу аудио, бейнетаспаға жазылады;

Коллекторлық компаниялар борышкерді кез-келген уақытта мазалай алмайды;

Бұған қоса, қарызы бар азаматтармен кездесу тәулігіне бір-ақ рет, басқа формаларда болса үш реттен аспайтын болды.

«50 мың теңге төлесең, үкімет несиеңді жауып береді»

Десе де, бұл аталған қағидалар қаперге алынбаған сияқты. Мәселен, қызылордалық жігіт өзін коллекторлардың алдағанын айтады. Асылхан осыдан үш жыл бұрын банктен алған 100 мың теңгелік несиесін өндіру үшін коллекторлар түрлі айла-тәсілге кіріскен дейді. Осыдан жыл бұрын оның ұялы телефонына агенттіктердің бірінен хабарласып, намысына тиген. «Қайыр тілеп болса да, қарызыңнан құтыл» деп кеңес те беріпті. Банк алдында борышкер болған азамат өз ісінің дұрыс еместігін, дау шығармай ақшадан құтылуды ойлап бұл оқиғаны жылы жауып қоя салады. Алайда банкке сан мәрте барып, несиесін жаба алмайтындығын, оның үстемақысын азайтып, жаңа төлем кестесін құрып беруді сұраған. Десе де, бұл мәселені банк әрлі-берлі созып, оның бетін қайтарыпты. Кейіннен ғана банк азаматтың ұсынысына келіседі. Ол уақытта Асылханның қаржылық мүмкіндігі болмай, алған ақыны қайтара алмапты. Енді коллекторлар үздіксіз мазасын алып, туған-туыстарына дейін хабарласатын көрінеді. Тіпті, екі-үш күн бұрын коллекторлар «керемет» ұсыныс айтып, қуантып қойыпты. Алайда бұл агенттіктердің «алаяқтығы» көрінеді.

– Үш күн бұрын ұялы телефоныма белгісіз бір нөмірден хабарласып, өзім қарыз алған банктен екен. Содан сіздің несиеңізді мемлекет төлеп беретін болды. 300 мың теңге есепшотыңызда тұр деді. Мен сендім. Себебі, қазір көп адамның қарызын жауып беріп жатыр ғой. Бірақ менің бір ғана қызым бар. Бұл қалай болғаны. Тек көпбалалы отбасылардың қарызы кешіріліп жатыр еді ғой деген күдік те болды. Бірақ жақсылықтан үмітті болдым. Сіздің барлық шотыңыз жабық. Сол себептен қомақты қаржы несиеңізді жаппай тұр. Оны ашу үшін 100 мың теңге төлеңіз деді. Мен қарыз алып көрейін дедім. Олар бір сағат өтер-өтпестен қайта қоңырау соқты. Ондай соммадағы ақшам жоқтығын айттым. Ендеше, «50 мың теңге төлеңіз» деп ұсыныс тастады. «Бұл недеген батпан құйрық» деп күмәнданған соң банктің өзіне тікелей барып, мәселені анықтадым. Сөйтсем маған банктен емес, коллекторлық агенттіктен қоңырау шалыпты. Ешқандай да 300 мың түспегені де белгілі болды. Олар мені жай ғана алдаған. Осылайша, алынған негізгі сомманы ақтап алғысы келген болса керек, - дейді борышкер.

«Намысымды аяққа таптады»

Дәл осындай жағдай шымкенттік келіншектің де басынан өткен. Отбасының жалғыз асыраушысы болған әйел тұрмыстық қажеттіліктер үшін несие алады. Алғашында алынған соманы ай сайын төлеп келіпті. Кейін ауыр дертке шалдығып, несиені төлей алмай қалады. Банктен үздіксіз хабарласа бергендіктен ұялы байланыс нөмірін өзгертіп тастайды. Дегенмен, Қалдыгүл нөмірін туыстары арқылы анықтап, банктен қайта хабарласады. Ол өзінің басындағы жағдайды қанша түсіндірсе де телефон тұтқасының арғы жағындағы адамның еш түсінбей қойғанын, оған «ауырсаң өз шаруаң» деп дүрсе қойыпты.

– Мен күтпеген жерден қатты науқастанып қалдым. Ақшаның бәрі менің еміме жұмсалды. Бұны банкке барып бірнеше мәрте түсіндіргім-ақ келген. Алайда мүмкіндігім болмады. Содан бір әйел звондай берді. Өзім ауырып жүргенде хабарласқанына жүйкем жұқарды. Мен алынған соманы 1,5 жыл төлеп келдім. Небәрі бір ай төлей алмай қалып едім, айтпағандары жоқ. Бір күні «Қызым-ай, мен бұл дерттен аман қалмайтын сияқтымын. Өтініш, мен әзір төлей алмаймын. Мазалай бермеші» деген өтінішіме «ендеше, неге өлмей жүрсің» дейді. Тұтқаны қоя салдым. Намысымды аяққа таптады. Ертесіне банкке барып, барлық мәселемді, анализдерімді, дәрігердің қорытындысын да апардым. Содан кейін маған күнтізбе шығарып берді. Қазір несиемді ұлым төлеуде, - дейді ол.

Агентіктердің айтары бар

– Коллекторлар туралы қалыптасқан көзқарас бар. Борышкерлерді бопсалайды, қорқытады дейді. Қорқытпақ түгілі, артық ауыз сөз айту да мүмкін емес. Себебі, адамдар сенің қоқан-лоққыңды тыңдап отырмайды да. Коллекторлық агенттік мамандарының басы екеу емес. Біз де Қазақстанның заңнамасына бағынамыз, себебі осы елдің азаматымыз. Мұндай мәселелер бар да шығар? Бірақ көп жағдайда борышкерлер ойдан шығарып, айтпағаныңды айтқызады. Шындап келгенде, адамдардың көпшілігі несиесін қайтарады. Өйткені, одан құтылмай тұрып жақсы қызметке орналаса алмайды. Ал барлық адамның жұрт қатарлы зейнетақы қорына ақша жинақтап, тұрақты қызметпен айналысқысы келетіні белгілі ғой. Басқа агенттіктерді білмедім, бірақ біз ешкімді қорқытпаймыз. Өзі тұтқаны көтермесе ағайын-туысқандарына шығып, нөмірін сұрап, өз жұмысымызды жалғастырамыз. Бұл жерде ешбір заңсыздық жоқ. Керек десеңіз, мекенжайына хабарлама жібереміз, үйіне барамыз. Бірақ сенбі мен жексенбі күндері азаматтарды мазалауға хақымыз жоқ. Ал басқа күндері ол адамның жұмыста болатыны белгілі. Сондықтан телефон байланыстары көбірек нәтиже береді дейді, - біз хабарласқан агенттік қызметкері.

Рас, коллекторлар жұмысы осылай. Бірақ жалған ақпараттармен адамдарды алдап, үздіксіз қоңырау шалып, олардың туған-туыстарын, көршілері мен достарына дейін хабарласуға құқықтары жоқ. Яғни, банктік құпияның, қандай да бір несиенің деректерін үшінші тұлғаға жария қылу заңсыз әрекет саналады. Осындай жағдайға тап болғандар прокуратураға, Ұлттық банкке, әділет басқармасына шағымдана алады.

Бұл мәселеде бір тараптың мүддесін қорғап, сойылын соғуға болмас. Өйткені, «өсімге алған қарыздан, қампаймайды қарының» дегенді қазақстандықтар қаперіне алмайтын сияқты. Себебі еліміздегі несие алушылардың 85 пайызы банктерден алған ақшаны мақсатсыз жұмсайды. Алайда қарызға алынған ақшаның есебі еселеніп қайтатынын ескерген абзал. Әйтпесе, солқылдақ заң да, оған енгізілген өзгерістер де коллекторларды тоқтата алмайтын сияқты.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға