Жаңалықтар

Қайнар ҚАТПАЙ: Халықтық әуеннің иірімдерін эстрадаға бейімдегім келеді

Әнші-сазгер
Қайнар ҚАТПАЙ: Халықтық әуеннің иірімдерін эстрадаға бейімдегім келеді
15.05.2017 11:47 11298

Бүгінде эстраданың жұлдыздары «самсап» тұр. Оларды біз тойшыл қазақтың көңілін елітіп, думанын асыратын той әншілер, бәйге атындай жарысқа салсаң сүрінбей көмбеге жететін байқаудың әншілері, махаббат әндерін жиі орындайтындарын «жылауық» әншілер, киелі сахнаның иесі де, киесі де болып жүрген танымал жұлдыздар, т.б. деп бөліп, жіктеп те қойғанбыз. Сол эстраданың лирикалық бағытын берік ұстанып әншілікпен қатар, сазгерлігімен де танылып келе жатқан жаңа есім бар. Ол – Қайнар Қатпай. Әндерін танымал эстрада жұлдыздары орындап жүрген жас әнші-сазгердің өткен аптада ғана  «Айтпады бәрі де» деген екінші бейнебаяны көрерменге жол тартты. Халық әндерін эстрадаға икемдеп жүрген лирик әншіні әңгіме тартқан болатынбыз.

– Қайнар, жақында ғана жарық көрген «Айтпады бәрі де» атты жаңа бейнебаяның құтты болсын! Әңгіменің әлқисасын ән өнеріне қадам басуыңнан бастасақ...

– Рахмет! Әншілікке қызығуым, әрине бала кезімнен басталды. Мен ҚХР Іле қазақ автономиялы облысы Текес ауданы Шиліөзек деген аядай ғана ауылда дүниеге келіппін. Отбасындағы алты баланың кенжесі болған соң анама жақын өстім. Анам керемет әнші болмаса да, ауыл арасында өтетін жиын-тойдың думанын бастап, ән айтып жүретін. Қоңыр дауысымен халық әндерін әдемі орындаушы еді. Сол кісінің жанында жүріп ең алғаш домбыра үйрендім. Анамның әуені көкейіме терең ұялағаннан болар, мектеп табалдырығын аттаған соң өнерге жақын болып мектеп сахнасында ән айтып, домбыра шертіп, би де биледім. Бұдан бөлек, нағашы жұртым  мен өз аталарым да өнерден құр жаяу болмады. Әкемнің ағасы Әлімжан Қатпаев Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін салған жазушылардың бірі болса, туған ағам Думан Бәзілжанұлы қазіргі таңда Қытайдағы белгілі қазақ ақындарының бірі. Қанмен келген қасиет мені басқа салаға бұрғызбаған болар, мектеп бітірген соң Ербосын Нұрмұхан ағамыздың шақыртуымен Шыңжаңдағы ең алғашқы продюсерлік серіктестік «Жаңа әуенге» жұмысқа тұрдым. Онда қазақ тыңдармандарына танымал болған «Гакку» тобында екі жыл өнер көрсеттім. Өнерімді шыңдап, жоғарылап оқу мақсатымен 2008 жылдың аяғында атажұртқа оралдым. Келе салысыммен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының дәстүрлі ән мамандығына оқуға түстім. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, Абзал Қуаныш сияқты ұстаздардан сабақ алдым.

– Дәстүрлі ән мамандығы бойынша білім ала тұрып эстрадаға не үшін бет бұрдың?

– Мен дәстүрлі әннен алыстаған жоқпын. Яғни, халықтық әуеннің иірімдерін эстарадаға бейімдеп, лирикалық бағытта ән айтып, ән жазып жүрмін.

– Сенің сазгерлігіңе әншілердің «көкесі» атанған, композитор Алтынбек Қоразбаев жақсы бағасын бергенін білеміз. Әндеріңді танымал эстрада жұлдыздары орындап жүр. Қанша ән жаздың?

– Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Алматыға қар жауды» деген әніме Алтынбек Қоразбаев көкеміз жақсы бағасын бергені бар. Композиторлық қасиет әр адамның бойында бола бермейтін болса керек. Сазгерлікті ең алдымен Алланың берген сыйы, екіншіден анамның ақ сүтімен келген талант деп есептеймін. 15-тей ән жаздым.  Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Сүйеді екем» деген әнімді қазақ эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаров алды. Жақында ғана «Сағынбасқа амал жоқ» атты ән өмірге келген болатын. Сөзін жазған ақын Мақпал Мұса. Сиясы кеппеген туындыны әнші Роман Майғазиев орындап жүр. Әлімжан Қатпаевтың сөзіне жазылған «Білеме екен» деген әнім Айдарбек Рысбектің ән қоржынында.

– Әндеріңнің орындаушысын өзің іздейсің бе, әлде тапсырыспен жазасың ба?

– Жоқ, тапсырыспен жазбаймын. Ең алдымен әуен өмірге келеді. Менің тұрақты ақыным бар. Ол жан дүниемді жақсы түсініп, тамаша өлеңдер жазып беріп жүрген туған ағам Думан Бәзілжанұлы. Қазір Іле облыстық Тіл комитетінде қызмет істейді. Сол кісіге хабарласып, жаңа бір әуен туып жатқанын айтамын. Негізінен барлық әнімнің сөзін жазған Думан ағам екен. Сосын тың туындының табиғатына қарай орындаушысын өзім іздеп, әншіге ұсынамын. Әзірге кері қайтып, орындалмай қалған әнім болған жоқ. Ал менің бағытыма сай болып туған әндерді өзім орындаймын. Қазір санап отырсам, әнімнің бес-алтауын өзіме тиесілі етіппін. Тырнақалды туындыларымның бірі «Астана аруы» әніне өткен жылдың басында бейнебаян түсірілген болатын.

– Бүгінгі заманда бейнебаян түсіру кез-келген әншінің қолынан келе бермейтінін білеміз. Жылына бір бейнебаян түсіруің қалтаңның қалыңдығынан ба?

– Шығармашылық адамы үшін ол еңбектің нәтижесі. Шынымен де бейнебаян түсіру оңай шаруа емес. Өмірге келген туындыға сыншы көп. «Сын түзелмей мін түзелмейтіні» де бар. Бірақ сол жұмыстың артында қаншама еңбек пен уақыт, қыруар қаржы жатады. Алғашқы бейнебаянымды Ерлан Дәлел деген өнер жанашыры түсіріп берген болатын. Екіншісін өз күшіммен түсірдім. Ендігі бейнебаянымды марқұм анама арнаған «Апашым» деген әніме арнасам деп отырмын. Ол уақыттың еншісінде.

– Қателеспесем, сол «Астана аруы» әніңмен «Дала дауысы» халықаралық ән фестивалінің жеңімпазы атандың?

– «Астана аруы» өзімнің орындауымда 2014 жылы өткен «Дала дауысы» халықаралық ән фестивалінде жаңа есімдер бойынша жүлделі болды. Сол ән, сол жүлде мені Алматыдан Астанаға Қазақ радиосына жұмысқа алып келді. Қазірге дейін қарашаңырақ Қазақ радиосында дыбыс режиссері болып жұмыс жасап жатырмын.

– Жеке концертіңді өткізу ойыңда бар ма?

– Жеке концерт беруге әлі ерте ғой деп ойлаймын. Ол үшін халыққа еңбегі сіңген тұлға болу керек сияқты. Әнімді ел айтып, халықтың есінде ұмтылмастай болып жатталған кезде жеке концерт беру жайлы ойланармын. Арманым да сол – әншілікпен атым шықпаса да, сазгер ретінде тамаша туындыларды өмірге әкеліп, халық композиторы деген даңқты атқа ие болсам деймін. 

– Өнер жолындағы ұстанымың қандай?

– Қазақ қана емес, жалпы әлем жеңіл-желпі дүниеге жақын болып барады. Қазір лирикалық жанрды тыңдайтын тыңдарман аз деп есептеймін. Буынға әсер ететін, еліткіш әндер тез хит болып жатады. Менің ұстанымым – дәстүрлі әннің қоңыр әуенін, халық әнінің иірімін эстрадада бейнелеу. Өзімнің дауысым да сол бағытта. Халықтың көңілінен шығу үшін де сол қоңырлықтан, халықтық әуеннен алыстамау керек деп ойлаймын. Билеп шошаңдап ән айта алмаймын.

– Қалай еңбектенесің?

– Менің іздену жолымда, ең алдымен өзім жұмыс жасайтын шығармашылық ұжым менің шабытымды қанаттандырады, одан бөлек ақын, күйшілермен тығыз қарым-қатынастамын. Достарымның көбі өнер адамдары. Поэзияны көп оқимын. Бос уақытымда гитара, домбыра, пианиноны серік қыламын. Бұлар адамның жан дүниесін байытып, шабытты арттыратын дүниелер ғой. Анамның айтқан ақылы әлі құлағымда. Сол жолмен жүріп келемін. «Адамның ақылы басында болса,  бақыт та, табыс та қасында болады»,  «Ақылды болсаң, ақылды жар ал» деп отыратын анам. 

– Ақылды жар кезікті ме?

– Кезікпей жатыр (күлді). Қыздар маған талап қоймаса, мен қыздарға көп талап қоймаймын. Тек иманды, қазақы, қарапайым болса болғаны. Қарапайым деген ұғымның астарында үлкен тектілік пен тереңдік, адамгершілік жатыр ғой.

– Әңгімеңе рахмет! Өнерде де, өмірде де сағың сынбасын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға