Жаңалықтар

Ғалымжан Әлеуханов – бейбіт күннің батыры

Батырдың батыл қадамы
Ғалымжан Әлеуханов – бейбіт күннің батыры
05.05.2018 09:40 10390

7-мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күні мерекесі қарсаңында Елбасы ақордада әскер сапында қалтқысыз қызмет етіп жүрген 35 әскери шенді азаматқа жоғары әскери сондай-ақ арнаулы атақтар мен медальдар табыс етті. Саналы ғұмырын Отан қорғау атты асыл ұғыммен байланыстырған осынау әскери мамандардың арасында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі, екі бүлдірішінді отқа оранған пәтерден алып шыққан қайсар жауынгер Ғалымжан Әлеуханов та бар.

Ерлігі елге үлгі Ғалымжандай батыл азамат Мемлекет басшысының қолынан марапат алыпты деген жақсы жаңалықты ести салысымен, хабарластық. Салтанатты шарадан кейін Отар қаласында өткелі жатқан жауынгерлік шеруге аттанғалы отырған кейіпкерімізбен сапар алдында El.kz интернет жобасының редакциясында жүздесудің сәті түсті.

Шынашақтай ғана қазақ баласының қарапайымдылығы бізді бірден баурап алды. 2011 жылы әскер қатарында Отан алдындағы абыройлы міндетін атқару үшін 61993 әскери бөліміне түскен Ғалымжан әскери міндетін ойдағыдай өткеріп, болашағын Отан қорғау саласымен байланыстыруға түбегейлі шешім қабылдаған екен.

Қазір Ғалымжан Әлеуханов десанттық шабуылдау-әскерлеріне қарасты 61993 әскери бөлімінде барлау-шабуылдау батальонының бөлімше командирі болып қызмет жасайды.

– Ғалымжан, сол оқиға қашан және қалай болған еді?

– 2017 жылы шілденің 28 күні Алматы қаласында жауынгерлік кезекшіліктен шығып, қаннен-қаперсіз үйіме қарай бет алған сәтім болатын. Сағат 16:00 шамасы еді, «Көкжиек» ықшам ауданының маңынан өтіп бара жатып, көп қабатты үйдің қызыл жалынға оранғанын байқадым. Өртке оранған тұрғын үйдің маңында өрт сөндіру көліктері мен мамандары, полиция қызметкерлерінің жүргенін аңғардым. Айналаға көп адамдар жиналыпты, жалын өршелене түскен сәт болса керек. Мұндай қайғылы жағдайға мән бермей өтіп кету мүмкін емес қой, көлігімді тоқтатып, көптің арасына мен де қосылдым. Өрт сөндіру мамандары қолынан келгенше жәрдемдесіп, отты ауыздықтауға барын салып жатты. Түрлері қобалжулы көпшіліктің арасында ерлі-зайыпты екі адамның етегі жасқа толып, жылап тұрғанын байқадым. Қолдан келер қайран жоқ, алайда пәтер ішінде қалып қойған екі бүлдіршінді қалай құтқарамыз деп өрт сөндіріп жүрген мамандарға жалынып, екі балапанынын аман қалуларын сұрап тұрғанын көрдім. Сұрастырып едім, екі бала пәтерде қалып қойған екен. Жалынның күшейгені соншалық балаларды құтқару мүмкін бе, мүмкін емес пе деген үрей бәріміздің де жанарымыздан аңғарылып тұрды. Уақытым тығыз болғандықтан әрі жан-жақты қол ұшын созған арнайы мамандардың жұмылдырылғанын көріп, көп бөгелмей кете беруге оқталдым. Көлігіме отырғаным сол еді, бәлкім құдіреті күшті Жаратушының маған берген белгісі ме, әлде жалынның ортасында қалған екі бүлдіршіннің періштесі қақты ма көлігім аяқ астынан оталмай қалды. Әлгінде ғана еш ақаусыз жүріп келген көлік өзінен-өзі оталмай қойды. Жүрегім әлденені сезгендей болды да, көліктен қайта түсіп, көптің арасына қайта бардым.

Жалынышты жүздерін үрей билеген ата-ананың өрт сөндіру мамандарына жалынып, жылап тұрғандарын көргенде әрекетсіз қала алмадым. Неге десеңіз, қазір біз қолымызды байлаған мобильді құрылғыға тәуелді заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Қалың көпшіліктің арасында осы болып жатқан оқиғаны алаңсыз телефондарына түсіріп тұрған адамдарды көргенде қатты намыстандым. Олай көмектескенше, қолымнан келсе де, келмесе де талпынып көруге бел будым. Екі баланың тағдыры, екі баланың өмірі дәл сол сәтте мен үшін ең маңызды еді, қалай да балаларды алып шығып, ата-анасының қолына тапсырсам деп бекіндім. Көп ойланып тұруға уақыт жоқ еді. Жылдам айналаны барлап, өртке оранған пәтердің қай тұста екенін қарап алдым. Әп-сәтте 4 қабаттан бастап, 12 пәтер жалын құрсауында жанып кеткен екен. Қанша дегенмен де әскери сапта жүргендіктен, физикалық дайындығымыз бар дегендей бірден жоғарыға жетелейтін өрт сөндіруге арналған арнайы саты арқылы көп қабатты үйдің шатырына шығуды көздеп, лезде жоғары өрмелеп кеттім. Абыр-сабырдың арасында мені ешкім байқамай да қалса керек, тіпті ешкім көрмеген. Үйдің төбесіне саты арқылы шықтым. Енді шатырдан үйге ену үшін аяқпен шатырды теуіп-теуіп жібергенде опырылып сынып кетті. Бәлкім Алланың жәрдемдескені болар, ішке құлап түстім. Жалма-жан шатырдың ішінен үйге түсетін темір есік іздедім. Бағыма қарай үйдің ішіне жетелейтін  темір есік ашық болып шықты. Жоғарыдан подьезге түскенде іштегі жалын бет қаратпай тұрды. Көк түтіннен ештеме көрінбей тұрған еді. Үстімдегі кеудешемді басыма орап, 4 қабатқа түстім. Әр пәтерге кіріп, бөлмелерді аралап жүргенде үйдің жүз пайыз жанып кеткенін көрдім. Осы көріністен кейін балалардың өмірі туралы ойлаудың өзі қорқынышты еді. Сол жердегі жалынның температурасы мен көк түтінге өкпем қысылып, дем жетпегендіктен қайта-қайта жоғары көтеріліп, ауа жұтуға тура келді. 4 қабаттағы бөлмелердің бірінен су ағатын кранды тауып алып, басыма ораған кеудешемді сулап алдым. Сәл болса да жалыннан қорғануға дем болар деген үмітпен дымқыл киімді басыма қайта орап, астыңғы қабатқа қайта түстім. Болжамым бойынша отқа оранған пәтерге еніп, балаларды іздей бастадым. Алайда балалар 4 қабатта жоқ болып шықты. Белді бекем буып, бесінші қабатқа көтерілдім. Соңғы үмітім сол қабат болатын. Барлық есіктер ашық тұр екен, бір ғана есіктің жабық тұрғанын көргенде екі бүлдіршін осында болар деген үмітпен солай беталдым. Өкінішке қарай есік құлыптаулы болды. Қолымда ешқандай құрал жоқ, жалма-жан қайта сыртқа жүгіріп, темір тауып әкеліп, есікті шұқылап біраз әуреге түстім. Қос балапанның періштесі қақты дегенге өзім нық сенімдімін, есік ашылып, ішке ендім. Есік ашылғанда бетке ұрған оттың жалынын сөзбен айтып жеткізу қиын. Күйген кірпіктерім мен қастарым сөзіме дәлел. Қос бүлдіршіннің «Көрер жарығы» бар екен, бөлме түгелдей жанып кеткен. Тек есіктің артында аяқ киім шешетін орын бар екен, дәл сол жер ғана өрттен аман екен. Екі бала дәл сол орында ес-түссіз жатыр. Алайда қызыл жалын мен көк түтіннің арасынан балаларды бірден көру мүмкін емес еді. Мен екі бүлдіршінді бөлме ішінен іздеп, таба алмағандықтан пәтерден қайта сыртқа шығуды көздеп беталғаным сол еді, аяғыма баланың денесі тигенін байқадым. Есікті орынынан қозғап қалғаным сол еді, балапандардың ес-түссіз жатқанын көзім шалды. Бірден жуынатын бөлмеге жүгіріп, үлкен өлшемдегі сүлгіні жұлып алып, 5 жасар Бақдәулетті жалма-жан орап, арқама таңуға тырыстым. Күнделікті әскери қызметте үйренетін сөмкені қалай байлау керек деген сынды жаттығулар дәл сол сәтте менің кәдеме жарады. Бақдәулетті қысып-қымтап арқама орадым да, Бекжанды қолыма көтеріп сыртқа шығуға оқталдым. Келген ізіммен қайта кері жүріп, өрт сөндіруге арналған саты арқылы сыртқа беттеп, шатырдың төбесіне шықтық. Сыртқа шыққан кейіннен біраз уақыт өкпені қысып әкеткен жөтелмен жағаласып, ес жинауға талпынғандықтан, қолымдағы қос бүлдіршінге шыны керек қарауға мұршам жетпей қалды. Отқа оранған бөлмеде көп жатып қалғандықтары сонша балалардың дін аман екеніне күмәнім зор болды. Балалардың тірі екеніне сенімсіз едім.

Ендігі міндет – қос құлыншақты ата-анасына табыстау болды. Біз жоғарыдан төмен түскенде қалың қарашаның арасында беттерін жас жуып тұрған ана баласына жете алмай жол ортада есінен танып қалды. Баланың біреуін жәдел жәрдем дәрігеріне ұстатып, екіншісін әкесінің қолына табыстадым.

Балаларды дәрігерлер ауруханаға алып кетті, мен сәл дамылдап, салқын сумен беті-қолымды жуып, көлігіме беттедім. Ең қызығы, оталмаған көлігім бірден қосылып, жүріп кетті. Өзім асығыс болғандықтан үйге тартып кеттім.

Өрт болған жердегі абыр-сабырдан кейін көпшілік адам мені іздесе керек, мен балалардың аман қалғанынан да хабарсыз едім. Кезекті жұмыс күнім жалғасып, келесі күні қызмет орынымда жүргенде әскери бөлімге мені іздеп келген бір топ адамнан Бақдәулет пен Бекжанның аман қалғанын естіп, қатты қуандым.

Өрттен кейін қараша қауым мені іздеген. Ешкім танымайды. Көпшіліктің айтуынша, сол жерге жиналған адамдар: «Бір әскери бала елес ретінде келді де, қызыл жалынға қорықпай кіріп, балаларды алып шықты да, ғайып болды» деп қауесет таратыпты. Мұндай әңгіме құлағыма жеткенде еріксіз жымидым.

Әскери бөлімге іздеп келген адамдардың арасында жергілікті газет-журнал мен телеарна журналистері де болды. Артынша екі құлыншақтың ата-анасы да келді алғыс айтуға.

Ол кісілер мені әскери бөлімге іздеп келгеннен кейін бір апта өткенде қал-жағдайларын білу үшін өзім іздеп бардым. Үй жанып кеткендіктен ол кісілерді бірден табу оңай болмады. Көрші-қолаңынан сұрастырсам, «елес қаһарманның» ерлігін дәріптеп, өзіме әңгіме қылып айтып тұр. Әлбетте сол жігіттің мен екенін олар сезген де жоқ.

Бақдәулет пен Бекжанның әкесі Мәлік ағам мен тәтем бүгін де туғанымдай болып кетті. Қазір өте жақсы араласып тұрамыз. Үнемі қалдарын білуге барып тұрамын.

3 мамыр күні Елбасының қолынан марапат алып, «Ерлігі үшін» медалін кеудеме таққан бойда бірінші болып, Мәлік ағама хабарласып, сүйінші сұрадым. Ол кісілердің қуанышында шек жоқ. Енді елге келгенімді күтіп отыр.

Осындай көзсіз ерлігі үшін Мемлекет басшысының қолынан марапат алған Ғалымжанды қалай мақтасақ та жарасады. Ақордаға жиналған салтанатты шарада Елбасы: «Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі – баршажұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деген болатын.

Алайда, өзінің батыл қадамын батырлық деп санамайтын Ғалымжанның қарапайымдылығы бізді өзіне тәнті етті. Неге десеңіз, сол оқиғадан кейін болған жағдай туралы ешкімге тіс жармаған. Шынымен де өзінің өмірін қатерге тіге отырып, қайсарлыққа барған жауынгер қос бүлдіршінге қайта өмір сыйлады. Десе де мұны қалыпты әрекет деп санайтын Ғалымжан кез-келген азаматтың қолынан келетін іс деген пікірде. Баласының ерлігін Ғалымжанның туғандары арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана, Ғалымжанның есімі «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген кезде БАҚ беттерінде айтыла бастағанда ғана біліпті. Ұлының батыл әрекетіне риза болған анасы бүгін де «Ғалымжан менің ғана балам емес, ол халықтың баласы» дейді екен. Ғалымжанның шаңырақ көтеруге ниетті сүйіктісі де болашақ жарының батырлығын кейіннен тек телеарнадан естіп, «Бізге неге айтпадың»,- деп ренжісе керек. Бұл – қарапайымдылық емей немене? Жақында ғана отау құрып, шаңырақ көтерген жұп қазір Алматы қаласында тұрып жатыр. Ғалымжан Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында туып-өскен. Ғалымжанды тек жерлестері ғана емес, барша өскелең ұрпақ үлгі тұтуы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға