Жаңалықтар

Білімдіге бес сауал | Бекен Қайратұлы

Біз бәріміз тек Аллаға құлшылық қылу үшін жаратылғанбыз
Білімдіге бес сауал | Бекен Қайратұлы
22.05.2017 10:14 11034

Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітәбінан дәлел көрсет деймін, (демеймін ?  Ж.Ж) тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын бәрібір, бірақ жауап қазақ тілімен жазылсын, яки, қазақша тәржіме етілсін. Бірлі-жарым араб, парсы, яки, орысша сөз кірсе, қазақша тәржімесі жазылса екен. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен һәм не «Айқап» арқылы, не тура өзіме төмендегі адрес бойынша хатпен жіберілсе екен. Екеуінің қайсысына жазылса  да, қол қойылған болып, адресі көрсетілу тиіс, себебі, құдай жеткерсе, бұл туралы жазылған сөздердің бәрін жинап кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын. Ол ойымды дұрыс көрсеңіз жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміт етемін.

Бес сауал мынау:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?

Шаһкарим Хұдайберді оғлы

Адрес:

Ст. Аркат, Семипалатинская обл. Чингизской волости,

Шахкариму Худайбердину

(«Айқап». 1912.  №5,  96-бет)

Шәкәрім атамыздан аманатқа қалған бұл бес сұрақтың мәні мен маңызы қазіргі заманда да артпаса, кеміген жоқ. Сол бес сұрақты біздің заманның білімділері  мен ұлт зиялыларына қоюды жөн көрдік. Әрбір адамның екі өміріне бірдей керек бұл бес сұраққа жауап берушілердің бірі ─  белгілі журналист Бекен Қайратұлы

─Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым (Зарият сүресі, 56 аят). Құран кәрімде осылай деп тұр. Адам баласы өтірік айтуы мүмкін, Алла өтірік айтпайды. Демек, біз бәріміз тек Аллаға құлшылық қылу үшін жаратылғанбыз. Нақты шындық осы. Осыны біле тұрып, теңдессіз ақиқат сөзді ести отырып, оны басқаша түсіндіруге (ұрпақ өсіру үшін, елін қорғау үшін т.б. деген сияқты) бола ма? Ал құлшылықты кім қалай орындап жүр ол басқа әңгіме.

─ Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Жоғарыда адамды Алла құлшылық ету үшін жаратты дедік. Демек адамға тіршілік - Аллаға құлшылық жасау үшін керек. Оны Абай айтады: адамға керегі - ыстық қайратнұрлы ақылжылы жүрек. Мұнымен тағы іс бітпейді. Осы ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау керек. Абай:

 Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек...

Осылай болсаң толық адам боласың. Толық мұсылман болмай толық адам болмайсың (Абай). Бұ дүниедегі адамға керегі осы.

Қазір керісінше қажеттіліктің орны айырбасталған. Аса қажет дүние ысырылып, жай бір қажет дүниелер (дүние, ақша, мансап т.б.) аса қажеттің орнына шығып алған. Қысқасы, Абай айтқан үш тұғыр: ақыл, қайрат, жүректің алдына нәпсі түсіп кетті. Бұрынғылар Құдайдан "нәпсі және шайтанмен бірге тастап қойма" деп қатты тілейтін болған. Өйткені нәпсіге жол ашқан адам шайтанмен дос болады. Адамға тіршіліктің бір керегі - шайтанмен дос болмау.

Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Болғанда қандай. Өйткені Алла адамды құлшылық ету үшін жаратты. Кім Аллаға құлшылығын Алла бұйырғандай етіп орындаса, оған сый бар. Фатиқа сүресінде: "Тек саған ғана сиынамыз, тек саған ғана құлшылық етеміз"  деген бар. Осыны кім орындамаса оған жаза бар. Кім осыған сенбесе, ислам ғалымдары ол адамды күпірге (Аллаға сенбеуші) шығарған. Алла күллі тіршілік иесін жаратты. Бір жан иесі сиыр болды, бір жан иесі қоңыз болды, бір адам баласы бай болды, біреуі мүгедек болды, біреуі сұлу болды... араздасты, көмектесті, соғысты, достасты... Осының бәріне бір есеп болмай ма? Осы есеп-қисап қиямет күні, яғни өлген соң болады. Құранда осылай деп көп жерде айтылады.

─ Ең жақсы адам не қылған кісі?

Хадисте айтады: сендердің ең жақсыларың - іс-әрекеттеріңнен, сөздеріңнен ешкім зиян шекпегендері дейді. Екінші бір хадисте: ең жақсы адам ата-анасына қайыр жасаған адам. Ал пайғамбарымыз с.ғ.с. жақсы адам болудың басты шарты ретінде: көркем мінезді болу, сабырлы болу, жомарт болу, мұсылмандарды жақсы көру деген. Осы сөздерден кейін «ана философ, мына ғалым айтты» дегеніңнің бәрі даһра.

─ Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Ислам ғұламаларының аят-хадиске сүйене отырып айтқан ортақ пікірі бар. Ол мынадай: қиямет жақындаған сайын дүниеде бүлік көп болады, адамдардың адамгершілігі (ұяты) жоғалады, әділеттік азаяды, өтірікшілер көп болады деген. Қазіргі адамдардың адамгершілігі әрине күн өткен сайын бұзылады. Ол бұзылайын деп бұзылмайды. Алла үкім еткендей қияметтің белгілерін орындау үшін бұзылады.

─ Атамыздан қалған аманат сұрақтарға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға