Жаңалықтар

Ән Аға – Шәмші Қалдаяқов

Бүгін қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні
Ән Аға – Шәмші Қалдаяқов
15.08.2020 09:54 11000

Биыл қазақтың аса көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Бүкіл ғұмырын ән әлеміне арнаған аса дарынды сазгер бойындағы тума талантының арқасында қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі атанды. Өміршең Шәмші әндері тәуелсіз қазақ аспанында әлі де қалықтап жүр. Еліміздің қазіргі әнұранының сазын жазған авторды күллі қазақ жұртшылығы ерекше құрмет тұтады.

   Есімі – Жәмшид

Ел тарихында есімі қалған Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың дәл осы күнінде (15 тамыз) қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеге анасы Сақыпжамал Жәмшид деп есім береді. Алайда кейін Шәмші деп атап кеткендіктен, барлық құжаттарына да солай жазылыпты.

Айта кетерлігі, ұлы композитор бірден өнер жолына түспеген. Алдымен Сарыағаштағы Қапланбек мал дәрігерлік техникумын аяқтап, кейін Қиыр Шығыста әскери борышын өтейді. 1955 жылы Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесіндегі музыка теориясы факультетіне қабылданған. Ал тура бір жылдан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы аяқтап шығады. Белгілі бір себептермен композитор диплом ала алмай, ғұмырының соңына дейін әуесқой сазгерлердің қатарында жүріпті.

190396-preview-image.jpg

Шәмші Қалдаяқов 1992 жылдың 16 қарашасында ауырып, ауруханаға түседі. Сол жылдың желтоқсан айында композиторге «Қазақстанның Халық әртісі» атағы беріледі. Өшпес өнер туындыларын қалдырған ұлы композитор 1992 жылдың 29 ақпанында дүние салған.

Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер

Бүгінде Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ сұңқарым», «Ақ бантик», «Қара көз», «Қайықта» секілді әндері жұртшылық арасында кеңінен танымал. Оның жазған әрбір әнінің өзінің шығу тарихы барын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мысалы, Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Тамды аруы» көрші Өзбекстандағы қазақтарға арналған болса, «Қыз сағынышы» белгілі актер Асанәлі Әшімовтың жары Майра Аймановаға арналады. Ал «Арайлым ақ Келес», «Сыр сұлуы», «Ақ ерке – Ақ Жайық» секілді әндері сол өңірлерге барған сапарларында дүниеге келіп отырған екен.

Сазгердің әндері құлаққа жағымды әрі жүрекке жылы қабылданып, қазақ жұртының сүйіспеншілігіне бөленген. Музыка өнерінің ән жанрына ерекше леп алып келген Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларының тақырыптық әрі мазмұндық ауқымы өте кең. Елге, жерге, Отанға, жарға, ата-анаға, дос-жаранға деген махаббаты –   композитор шығармаларының ең негізгі тақырыбы. Оның Қазақстанның кең байтақ даласын жырға қосатын «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Байқоңыр», «Талдықорған – әнім менің», «Ырысты өлке – Шардара», «Отан», «Теріскей», «Отырардағы той», «Көгілдір Көкше», «Өмір өзен», «Мойынқұмда» және тағы басқа әндерін халық ерекше ықыласпен қабылдаған. Сондай-ақ, сазгердің жігерлі әрі марш екпінді және қуанышпен шырқалатын «Бақыт құшағында», «Менің Қазақстаным», «Бәрінен де сен сұлу», «Теңіз құшағында» секілді әндері жұртшылық арасында кең тараған болатын. Оған қоса, «Қайдасың», «Қуаныш вальсі», «Әнім сен едің», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик», «Қыз сағынышы», «Қайықта», «Сағынышым менің», «Ақсұңқарым», «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр», «Еркежан» әндері Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова және тағы басқа әншілердің репертуарынан берік орын алған. Жалпы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін еліміздің елуінші жылдардағы мэтр әншілерінен бастап осы кездегі буынға дейін шырқап келеді.

Елімізде 1992 жылдан бастап Қалдаяқов атындағы халықаралық деңгейдегі фестиваль-байқау өткізіліп тұрады. Сондай-ақ Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі-ірі қалалардағы негізгі көшелердің біріне, туған жері Шәуілдір ауылындағы музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқовтың есімі беріліп, республиканың өңірлерінде ескерткіштер де ашылды. Қазақ даласын сазбен әлдилеген сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Шәшмі-ғұмыр», «Қайран Шәмші» атты деректі фильмдер де түсірілген болатын. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов жайында бірқатар естелік кітаптар да басылып шыққан.

Композитордың қазіргі күні тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әні қазақ жұртшылығының ең бір тарихи сәттерінде дүниеге келген. Кеңес Одағы тұсында еліміздің солтүстіктегі бес облысты Ресейге біріктіру жайында хабар шыққанда «Менің елім, менің жерім...» деп бүтін бір ұлттың ішкі жан айқайын сырлы әуені арқылы жеткізген болатын.

Шәмші әндерінің іздеушісі

Биыл өмірден озғанынан тура 28 жыл болған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер жетерлік. Солардың бірі – сазгер Қалдыбек Құрманәлі.

– Мен композитордың өмірі және шығармашылығын зерттеумен 1992 жылдың 29 ақпанынан бастап айналысып келемін. Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озған күні төрт жылда бір-ақ рет келетін күн. Сол күні Шәкеңнің қайтыс болғанын естіп, Шымкент қаласынан Алматыға ұшақпен ұшып келдім. Сол ұшақта ойланып отырғанда ойыма «Ән-аға» немесе «Шәмшімен сырласу» деген ән келді. Ұшақтан түскеннен кейін әнді ұмытып қалмас үшін алғашқы сөзін өзім жаздым. Сол күні қазақтың ұлы композиторын жер қойнына тапсырған соң, ақын-композиторлармен бас қосып, сағынышқа толы әңгімелер айтып, еске алдық. Сол кезде қазақтың белгілі ақыны Ибрагим Исаев «Ән-аға» немесе «Шәмшімен сырласу» атты әннің мәтінін жазған болатын, - дейді сазгер Қалдыбек Құрманәлі.

Композитор.jpg

Кейін бұл ән Сәкен Қалымовтың орындауында Қазақстанның түкпір-түкпіріне таралып, жұртшылықтың жылы ілтипатына бөленді. Жалпы бұл әнде Шәмші Қалдаяқовқа деген күллі халықтың сағынышы, махаббаты жатыр.

– Осы ән шыққаннан кейін Шәмші әнінің жанашырларынан, замандастарынан, елге белгілі академиктертерден, қоғам қайраткерлерінен «Ұлы композитордың өмірі мен шығармашылығын неге зерттемейсің?» деген сарында ұсыныстар келе бастады, сондай-ақ өзімнің тарапымнан да үлкен қызығушылық болды.

Осылайша Қалдыбек Құрманәлі Шәмші Қалдаяқов кешін 1992 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырып келеді. Биыл сазгердің шығармашылығымен айналысып жүргеніне 28 жыл болады екен. Айтуынша бұл істі қолға алған кезде жасы 26-да болыпты.

– Әлбетте, қаржының жоқтығы, концерт ұйымдастыратын сарайды жалға алу мәселесі сынды түрлі қиындықтар да кездесті. Алайда, сол уақыттары кешті өткізуге ниеттес болған азаматтар да болды. Шәкеңнің кешінің өтуінің тоқтамауына ықпал жасаған адамдарға алғысымды білдіремін. Кештерде Шәмшінің әндерін аға буыннан Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов, орта буыннан Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков және жас буындардан талантты әншілер шырқап, ұлы композитордың кештерін жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырдық. Әлбетте, 28 жыл бойы кешін өткізіп отыру оңай іс емес... үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Ол кешті Шымкент, Алматы, Ақтөбе және елордада өткізген кездер де болды.

Биыл Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Соған орай Қалдыбек Құрманәлі еліміздің 12 қаласында кешін өткізуді жоспарлағанын айтады.

– Өздеріңізе мәлім, күллі әлемге таралған жұқпалы індетке байланысты көптеген жоспарларымызды тоқтатуға тура келіп отыр. Биыл Шәкеңнің тек Алматы қаласындағы Студенттер сарайында бір кешін өткізіп үлгердік. Менен басқа да өзге азаматтар сазгердің 90 жылдығына орай көптеген істер атқаруда. Жалпы биылғы жылы көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды елдердің әншілері Шәмшінің әндерін өз тілінде шырқап, онлайн форматта мерекелік кеш өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұны Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтеу басқармасы ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ, композитордың туған жерінде де онлайн форматта бірқатар іс-шаралар өтіп жатыр. Бұлардан бөлек, күзге таман Алматы қаласында да біраз іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар.

Көпшілік қауым Қалдыбек Құрманәліні Шәмші Қалдаяқов әндерінің іздеушісі ретінде жақсы біледі.

– Жалпы көбісі Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озған кезде газетте  жарияланғанындай 300-ге жуық ән жазған дейді. Бірақ композитордың өмірі мен шығармашылығын зерттеген соңғы 28 жылдан бері мына нәрсеге көзім жетті. Ол пікір асыра айтылған деп есептеймін. Себебі қазіргі кезде сазгердің таза жиналған әнінің өзі әлі 100-ге жеткен жоқ. Оның көзі тірісінде 43 әні Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген екен. Сол 43 әнімен әлемге танымал болған. Ұлы композитордың көзі тірісінде жазған, бірақ жарыққа шықпаған әндері де бар. Жалпы біздің тапқан әндеріміздің өзі аз емес.

Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде «Қайран, Шәмші» деп аталатын деректі фильм түсірілген болатын. Бұл фильмнің режиссері – Тілеген Ахметов.

– Бұл фильм Тілеген Ахметовтың үлкен азаматтық қажырлы еңбегінің арқасында түсірілген. Одан бөлек, осыдан 10 жыл бұрын Шәкеңнің 80-жылдығына орай 52 минуттық деректі көркем фильм де түсірілген болатын.

Өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көркем фильм

Осыдан үш жыл бұрын ұлтымыздың аса көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқов туралы төрт бөлімнен тұратын «Ән-аға» телехикаясы көрерменге жол тартқан болатын. Мұнда ұлы композитордың туғанынан бастап дүниеден өткенге дейінгі өмірінің ең елеулі сәттері қамтылған. Ал телехикаяның режиссері –   «Күләш», «Парыз» сынды көптеген кинотуындылар түсірген Жасұлан Пошанов.

11353437_1583844091888825_1884442385_n.jpg

– Жалпы, тарихи немесе өмірде болған атақты адамдардың ғұмырын суреттеу өте қиын жұмыс. Тіпті қиынның қиыны деуге болады. Сол себепті екінің бірі оны қолына ала бермейді. Фильмді түсіруді қолға алмас бұрын өзімді байсалды ұстағаныммен, іштей сәл де болса сенімсіздіктің болғаны рас. Оны жасырмаймын. Бірақ бір-екі күн ойлана келе, «Неге түсіріп көрмеске?», «Неге нар тәуекел етпеске?» деген ой келді. Менің ойымша, осындай қазақтың ұлы адамдарының өмірі қазіргі жастарға үлгі болуы керек.. Басты мақсат – мұндай жандардың сәл де болса талантының бір қырын көрсетіп, олардың тағдырларын шағын телевизиялық форматта жеткізу болды, - дейді кинорежиссер Жасұлан Пошанов.

c1dfa0f4-b0e4-4907-a115-cd9ea2f37f64.jpg

Жалпы бұл телехикаяның сценарийінің авторлары – қазақстандықтарға танымал «Жаужүрек мың бала» фильмінің желісін жазған Мұхаммед Мамырбеков пен Жайық Сыздықов. «Мені осы жобаға режиссер етіп бекіткен соң композитор Қалдыбек Құрманәлі ағамызға хабарластық. Ол кісі осы «Ән-аға» телехикаясының кеңесшісі болды. Шәмші атамыз туралы он шақты кітап әкелді. Солардың барлығын оқып шығып, сценарий жазуға өзім де қатыстым» дейді режиссер.

– Әлбетте, телехикаяны түсіруді бастамас бұрын Алматы, Шымкент және Шәмші Қалдаяқовтың туған жерінде кастинг өтті. Біз барынша кейіпкерлерімізге ұқсас актерларды іздедік. Өйткені Шәмші атамыздың өзі өмір сүрген кезеңін, ортасын яғни араласқан замандастарын барынша дәл сол қалпында көрсеткім келді. Оның ішінде Мұқағали Мақатаев сынды көптеген атақты адамдар бар. Жалпы бұған өте талантты актерлар жиналды деп есептеймін.

Телехикаяда Шәмші Қалдаяқовтың жастық шағын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрының әртісі Дәурен Серғазин сомдаса, егде тартқан шағын Мейірбек Қауымбаев ойнады.

187e9c7c-8495-4531-97ec-8db35dcc64d8.jpg

Бір айта кетерлігі, телехикаяда бүгінгі күні көзі тірі түлғалардың бейнесі де көрінеді. Ұлы композитор пен ақын Мұхтар Шахановтың дос болғаны баршамызға мәлім. Олар «Ақ бантик», «Арыс жағасында» және тағы басқа әндерді бірге жазған. Осы фильмде сазгер мен ақынның достық әрі шығармашылық қарым-қатынасы да бейнеленеді. Ал ақынның рөлін жас әртіс Жандәулет Батай ойнаған екен.

Жалпы түсірілім жұмыстары Алматыда, Түркістан облысы Шәуілдір ауылында, Сырдың бойында жүргізілген. Ал бұған шамамен үш айдай уақыт кеткен. «Біз нағыз қыс уақытына тап болдық. Өте суық... Әсіресе, даладағы түсірілім уақытында көптеген актерларымыздың жаураған кездері болды. Сондай бір қиындықпен түсірілген сериалдардың бірі болды», - дейді режиссер.

Бұл төрт сериялы телехикаяны тамашалау арқылы ұлы композитордың музыкаға деген құштарлығы бала кезінде оянғанын байқауға болады. Фильм сазгердің әндерімен өріліп отырады. Ал телехикаяның лейтмотивіне Шәмші Қалдаяқовқа арналған үздік әндердің бірі сазгер Қалдыбек Құрманәлінің ақын Ибрагим Исаның сөзіне жазылған «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» әні алынған.

– Жалпы өмірде болған адам туралы, қайтыс болғанына небәрі 28 жыл өткен адам туралы тарихи фильм түсіру өте қиын. Кеше ғана өмірден өткен. Шәмшінің көзін көрген адамдар ортамызда жүр. Бұл деректі емес, көркем фильм. Туынды өзіме ұнағанын айта кеткім келеді. Жалпы алдағы уақытта да Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты атқарылатын жұмыстар әлі де көп, - деп сөзін түйіндеді Қалдыбек Құрманәлі.

Иә, қазақ жұртын ғажайып әндерімен тербеткен Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Ұлы композитордың бүгінгі 90-жылдығымен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз.

(Суреттер сұхбат берушілердің жеке мұрағанынан және ашық ғаламтор көзінен алынған)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға