Жаңалықтар

Абдурахман Зайнутдинов: қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін сақтау – қазіргі ұрпақтың ортақ парызы

Сәуір айында Президентіміз өзінің алғашқы іссапарларының бірін Өзбекстанға арнағаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік іссапарды Өз­бекстаннан бастауының өзіндік себептері бар – былтырғы жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы жария­ланса, биыл өзбек елінде Қазақ­стан жылы деп жарияланды. Екі елдің арасындағы бауырластықтың мәңгі болатынының кепілі іспеттес бұл жылдар аясында қос тараптың мәдениеті, тарихы, өнері, саяси-әлеуметтік әлеуеті дәріптеліп жатыр.
Абдурахман Зайнутдинов: қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін сақтау – қазіргі ұрпақтың ортақ парызы
30.04.2019 00:00 3367

Сәуір айында Президентіміз өзінің алғашқы іссапарларының бірін Өзбекстанға арнағаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік іссапарды Өз­бекстаннан бастауының өзіндік себептері бар – былтырғы жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы жария­ланса, биыл өзбек елінде Қазақ­стан жылы деп жарияланды. Екі елдің арасындағы бауырластықтың мәңгі болатынының кепілі іспеттес бұл жылдар аясында қос тараптың мәдениеті, тарихы, өнері, саяси-әлеуметтік әлеуеті дәріптеліп жатыр.

Бұл тарихи сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлы Абайдың қазаққа бауырлас өзбек халқының еңбекқорлығын, қайырымды істері мен қа­рапайымдылығын үлгі етіп, үйрену­ге шақырғанын жеткізді. Себебі, өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзиеёвтің «Қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен оқу мен насихаттау туралы» Қаулысы аясында көрші республикада бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылуда.

Іссапары барысында Мемлекет басшысы біздің елдің барлық өңірінде өзбек этномәдени бірлестіктері ашылып, өзбек тілі Қазақстанның медиа саласында, білім жүйесінде және мәдени өмірінде орын алғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар екі өзбек театры табысты жұмыс істеп келе жатқандығын атап өткен Президент ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін сақтау – қазіргі ұрпақтың ортақ парызы екендігіне де тоқталып өтті.

Тарихи тұрғыдан алғанда, түркітілдес қазақ пен өзбек халқының тілі ғана емес, діні мен ділі, мәдени құндылықтары да ұқсас келеді. Ал осы тамыры терең рухани байланыстан өзара дос­тық, бауырластық пен сыйластық қарым-қаты­нас­тары қалыптасқаны талас тудырмайды. Осыған байланысты және 1 мамыр  – Қазақстан халқының бірлігі мейрамына орай  Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдиновпен сұхбаттасқан едік.

Өзбек этномәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін барлық іс-шараларға белсенді қатысып, өңірдегі этнос өміріне қатысты өзекті мәселелерді шешеді. Сонымен қатар мәдениетті, салт-дәстүрлерді, рухани мұраны насихаттауға, сондай-ақ қоғамдағы жалпыұлттық келісімді нығайтуға бағытталған қызықты, мазмұнды іс-шараларды өткізеді.

Тағы бір айта кететін жайт – Тараз қаласында өзбек тілінде оқытатын М. Сұлтанов атындағы №4 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда балалар тарихи мұраны зерттейді. Тілін, әдебиеті мен мәдениетін үйренеді.

Облыста өзбек ұлттарының саны көп. Олар ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап, өз мәдениетін дәріптеуде.

— Абдурахман Юлдашұлы, бауырлас екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Жамбыл жерінде нендей жұмыстар қолға алынған?

— Бүгінгі таңда Қазақстанда белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты Ұлы Далада тағдыры тоғысқан жүз отыздан аса этнос өмір сүріп жатыр. Олар үшін ұлан-ғайыр өлкеміз екінші үйі саналады. КСРО ыдыраған соң көптеген ұлт өкілдері өздерінің тарихи отанына көше бастады. Әйткенмен де өз өмірлерін Мәңгілік Елмен байланыстырып, тамырын тереңге жайғаны қаншама. Олар Ұлы Дала елінің тағдырына бей-жай қарай алмады. Бүгінде осы этностардың барлығын Елбасының салиқалы саясатымен құрылған  Қазақстан халқы Ассамблеясы бір шаңырақ астына біріктіріп отыр.  Сондықтан 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен өмірге келген консультативті-кеңесші органның көпұлтты елімізде алар орны ерекше. Өйткені Ассамблея әрбір этностың өзіндік тармақталған құрылымын тең дәрежеде ұстап отырған орта. Бұдан өзге мұнда Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім, ғылыми сарапшылар мен жастар топтары, медиация кеңселері, тіпті қолөнершілердің шығармашылық шеберлігін дамыту сияқты орталықтар да жұмыс істейді. Ондағы басты мақсат – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығын сақтау және дамыту болып табылады.

— Күні кеше елордамыз – Нұр-Сұлтандағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан  Назарбаев қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбымен XXVII сессия өтті. Жалпы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін ауқымды іс-шараның қоғамға берері не?

— Мұндай отырыс жылда ұйымдастырылады. Онда өткен кезеңнің қорытындысы шығарылып, болашақтың міндеттері бағдарланады. Әрбір сессия жүріп өткен жолға есеп беру іспетті. Алқалы жиында қандай мақсаттар мен міндеттер қойылса, халқымыз сол бағытта жүреді. «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбы айтып тұрғандай, мұндай сессия біздің ертеңге деген сенімділігімізді арттырады. Әртүрлі этникалық топтардың достығын нығайтады және елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болып табылады.

— Ертең 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мейрамы. Мейрамның ұлттарды жақындастырудағы рөлі қандай?

— Осы орайда мейрамның өткен тарихына бір сәт үңілсек, 1 мамыр мейрамын алғаш ойлап тапқан  Чикагода ереуілге шыққан жұмысшылар емес, большевиктер екен. Нақтырақ айтсақ, үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы, әйел құдай Майяға табынған. Соның құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, тойлар жасайтын болған.  

1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-тың жұмысшылары он бес сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, зауыт басшыларынан жұмыс күнін сегіз сағат деп белгілеуді талап еткен. Наразылық білдіру әрекеттері төрт күнге созылыпты. Нәтижесінде ереуілшілерден жүздеген адам тұтқындалып, алты жұмысшы мерт болды, елуі жарақаттанған. Жұмысшылар үшін мұның өзі де тосқауыл бола алмайды.

1889 жылдың маусымында Париждегі Екінші Интернационалдың І Конгресі 1 мамырда сегіз сағаттық жұмыс күні бекітілсін деген мақсатта Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп атау туралы шешім шығарды. 

Ресей империясында бұл мейрам 1890 жылы жұмысшылардың ереуілге шығуы ретінде атап өтілген. Бір жылдан кейін Петербург қаласында бірінші «маевка» ұйымдастырылды. Бұл туралы жазған «Қазақстан тарихы» сайтының ескертуінше, төңкеріске дейінгі Ресейде еңбекшілердің революциялық құпия жиналысы осылай аталған. 1897 жылдан бастап «маевкалар» саяси сипатқа ие болып, жаппай демонстрациялармен қатар өтті. 1917 жылдың 1 мамырында бұл мереке алғаш рет ашық тойланды. Елдің барлық қалаларындағы миллиондаған жұмысшы Коммунистік партияның «Барлық билік кеңестерге берілсін!», «Министр-капиталистердің көзі жойылсын!» деген плакаттарымен алаңға шықты.  Кеңес Одағында Еңбекшілердің ынтымақтастық күні мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтілді. 1 және 2 мамыр күндері демалыс күндері болып белгіленді. Қазіргі таңда Ресейде бұл мейрам өзінің бастапқы саяси мағынасынан айырылып, Көктем және еңбек күні болып аталып кетті. Қазіргі таңда 1 мамыр мерекесі 1990 жылдан бастап Еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде тойланады. 

Тәуелсіз елімізде бұл мейрам 1996 жылдан бастап атап өтіліп келеді. 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі мейрамы деп жариялау туралы бұйрыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойып, Еңбекшілер күнін тойлаудан бас тартты. 

Бұл күні республикамызда тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа шақыратын мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері  өздерінің әсем әндерін шырқап, ұлттық сән-салтанатымен мың бұрала би билейді, этномәдени көрме ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылады. Олардың мақсаты –  Қазақстан халқын өзге халықтардың дәстүрлерімен таныстыру, ұлт тұтастығын нығайта түсу.

— Абдурахман Юлдашұлы, былтыр Өзбекстанның Қазақстандағы  жылында аймақта қандай  жұмыстар жүзеге асты?

— Өткен 2018 жылы екі ел президенттерінің бастамасымен Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланып, елімізде ауқымды іс-шаралар өткізілді. Өздерінің ұлттық әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін, жөн-жоралғыларын  тереңірек зерттеу, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзбек халқының ұлттық мәдениетін сақтау және дамыту мақсатында біздің аймаққа Өзбекстаннан көрнекті қонақтар келіп, түрлі деңгейдегі кереметтей кездесулер ұйымдастырды. Осы ретте былтыр 27-28 наурыз аралығында Түркістан қаласында ұлы қолбасшы Әмір Темірге қатысты өткен «Біз біртұтас халықпыз» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ерекше атап өтуге болады. Таразда да көрші мемлекеттің тарихшылары, әдебиетшілері мен өнертанушыларының қатысуымен ғалымдар мен атақты тұлғалардың  өмірінен сыр шертетін фильмдер мен бейнематериалдардың көрсетілімі өтті.

Ал Қазақстанның бауырлас республикадағы жылына байланысты биыл елімізде,  оның ішінде Жамбыл өңірінде өтетін іс-шаралар жоспары қандай?

— Алтын Орда құлдыраған XV ғасыр «өзбек-қазақ» халқының қанат жайған дәуірі саналады. Себебі, ешбір ұлт өздігінен пайда болмаған. Әр адам секілді кез келген ұлт та ата-анадан, яғни, ортақ бабаларымыздан тараған. Кез келген ұлттың биологиялық күші тіл мен жазудың, сондай-ақ салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптар мен мәдениеттің сақталуы болып табылады. Бұл ретте бауырлас қос ұлт тек тарихи тамырлар мен тілдерді ғана емес, осы биологиялық құндылықтарды да сақтай білген ел. Сәйкесінше биыл да осы бағыттағы межелі міндеттер мен сүбелі жұмыстар өз жалғасын тауып, қарқынды түрде жүзеге аса бермек.

Абдурахман Юлдашұлы, әңгімеңізге рақмет, орталықтың жұмысына және өзіңізге табыс тілеймін!

 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға