Жаңалықтар

Ақжол Түменбай: «Ақындық ардың ісі»

Жас ақынмен сұқбат
Ақжол Түменбай: «Ақындық ардың ісі»
16.01.2020 11:46 6832

Бала күннен ауыл қарттарының аузынан жыр-қисса, дастандарды естіп өскен, киелі дала мен туған өлкенің тылсым табиғатынан өн-бойына тазалықты сіңіре білген жас қалам иесі Ақжол Түменбайдың поэзия әлемі өзінше өрнектерге толы. Өзінің «өлеңге таласы бар» екендігін ерте аңғартқан оның есімі өлеңсүйер қауымға әлі етене таныс болмаса да, ол жазған жырлар мыңдаған тыңдарманның құлағында. Жас ақынның қаламынан туған туындылар эстрада әншілерінің хит әндеріне айналуда. Қазірдің өзінде "Әке", "Сүйемін" сынды әндері халық арасында кеңінен таралған.

Ақжол өз өлеңдерін, әлдекімдердей күшпен құрастырып, әсіре әдемі сөздер мен ерекше теңеулер іздеп өз ойы мен оқырман ойын ауырлатқысы келмейтін ақын. Жастыққа тән албырттықтан да болар, бірде жүрегі от шашып, бірде көңілі судай басылып, бірде тіпті өмірден баз кешкендей болады. Әйтсе де, Ақжолдың өлеңдері қазіргі көп жастардың шығармаларындай тым жасық емес. Айтар ойын ашық жеткізе білетін жас ақын қажет тұста іркілмей, кесек түйіндерді шымыр шумақтарға сыйғызуға бейім. Ендеше, өлең өлкесіне өзінше өрнегімен келген жас ақынмен cұқбатты оқи отырыңыз. 

Ақжол, оқырмандарға өзіңді таныстырып өтсең. Өскен орта, туған жерің туралы аз-кем...

– Мен қасиетті Сыр елінде дүние есігін аштым. Осы өлкеде өсіп, ер жеттім.  Қызылорда облысында Қазалы деген құтты мекен бар. Сол ауданнан 19 шақырым жерде Ақтан батыр деген ауыл менің кіндік қаным тамған жер. Қарапайым отбасының баласымын. Әкем механизатор болып істейді, ал анам үй шаруасындағы әйел. Ар мен намысты биік қоятын, қазақы тәрбие көріп, көнекөз қариялардың өсиетін өмірлік тағылым еткен ауыл ағайындарының ортасында өсіп жатырмыз. Тұнығы лайланбаған қазақи ауыл талай талапты ұл мен қыздың түлеп ұшқан құт мекені.

«Бұрыңғы өлеңдерімді жоғалтып алдым»

– Алғаш жазған өлеңің есіңде ме?

– Осы сұрақты кейде өзіме де қоямын. (күлді) Жалпы, алғаш жазған өлеңің қандай, қашаннан бері өлең шығара бастадың деген сұрақтарға жауап беру қиын. Өйткені, оның бірде-бірі есімде қалмапты. Көп нәрсені ұмытып қалады екенмін. Оның үстіне, ол кездегі жазғандарымды өлең деуге келе ме деген сұрақ та тасада қылтияды. Бірақ поэзияға беттей бастағанда жазғандарымның көбісі алғашқы махаббат тақырыбына арналды. Сондықтан алғашқы өлеңім де осы тақырыптың айналасында болды деп топшылаймын. Негізі, өлеңді 7-8 сынып аралығында жаза бастадым. Бірақ сол өлеңдерімді абайсызда жоғалтып алдым. Негізі, бойымда бір кемшілігім бар. Мәселен, біреуге арнап шығарған өлеңімді сол адамға беріп кетем немесе әр жерде қалып жатады. Содан бір күні Махи Зерхан деген апайым «Ақжол, мыналарды жинақтап, бір дәптер арнасаң» деп кеңесін айтты. Сөйтіп қалың бір дәптерді алып, өлеңдерімді соған шимайлап жүрдім. Мектеп кезінде жазғандарым бар, студент күнімде де шығарған өлеңдерім сол дәптердің ішінде еді. Бір күні қойын дәптерді таксидің ішінде ұмытып кетіп, өлеңдерімді жоғалтып алдым. Асығыс жатақхана алдынан түсіп қалдым. Бала күнгі өлеңдердің басым бөлігі сол таксиде кетті.

– Өлең туралы сөз болғанда шабыт дейтін дүние айтылады. Сөз құрауға шама келмей, қаламың құрғап қалатын кездер болып тұра ма? Жалпы, өлең қайдан келеді?

– Шабыт қай кезде, қай тұстан келетінін ешкім білмейді. Көзбен көріп, қолмен ұстаған адам жоқ. Оны тек сезіну керек. Ал шығармашылық адамының бәрі сезімнің адамдары. Сәл нәрседен күш алып, болмашыға көңіл түсетіндігі де сондықтан. Десе де, сол шабыт дейтін дүниенің бар екені рас. Ал өзіме келер болсам, шабытты түннен іздеймін. Өйткені, іңір түскен уақыт тылсымға толы. Жалпы, шабыт деген адамның өзін қоярға жер таппай, жанартау атқылағандай беймаза күй кешіп, өмірге бір туынды әкелу ғой. Әлгінде айтқанымдай, шығармашылық адамдары ой үстінде жүреді. Оған тіршіліктегі әрбір қозғалыстың өзі үлкен соққы не шабыт әкеліп жатады. Кейде көңілің түсіп, ойыңдағыны дәл жеткізе алмай, қиналатын сәттер болып тұрады. Жалпы, ақын мен жазушының шығармашылығында тоқыраудың болып тұратын кезеңі болады, бұл заңдылық та. Үнемі керемет туынды шықпасы да анық. Әрбір өлеңнің өз құны болады.

«Поэзия махаббатан басталып, парасатпен аяқталады»

– Өлеңдеріңнің басым бөлігі махаббатқа арналады. Басқа тақырыптарға ойысу болып тұра ма?

– «Поэзия махабаттан басталып, парасатпен аяқталады» деген сөз бар ғой. Сол сияқты, сезім, махаббат менің ең жиі қалам тартатын тақырыбым. Әлі талай жыр-шумағы да шығатын болады. Бірақ ара-тұра басқа тақырыптарға да қалам тартып тұрамын. 

Бүгінде ақын-жазушылар қоғамдық маңызы бар жайттарға үн қосып, қарашаға бас болудан, жол сілтеуден қалып бара жатқандай. Әлде құлақтың тыныштығы бірінші орынға шығып кетті ме?

– Бұл сұрақтың ауқымы кең. Десе де, қазір өткіртілді, мәселені айтып халық ортасында жүрген, өзінің азаматтық позициясы бар ақындар жоқ емес, бар. Елдің сөзін сөйлей алатын, қарашаның қалың ортасынан шығып топ бастайтын да, бұқараны баса алатын айтыскер ақындар да, жазба ақындар да көп. Оларды түбегейлі жоқ деу ағысқа кері жүзгендей.

– Шығармашылыққа цензура жасала ма?

– "Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ" деп атамыз қазақ бекер айтпаған ғой. Есті сөз айтып, елді ұйытсаң оған қысым жасалмауы тиіс. Ақиқатты айтып, ағайынның айталмағанын билікке жеткізу міндет. Бірақ мұндай мәселе жеке басымда болмапты. Сондықтан бұл сұраққа жауап беру қиындау. 

– Поэзияның табалдырығын жаңа аттағанда алдыңнан кім шықты? Саған жол көрсетіп, бағыт беретін адамдар бар ма?

– Поэзияға бағыт беру, өлеңді «былай жаз» деп кеңес берудің өзі қате түсінік. Ақын өзінің жан жүрегіндегісін, қалауын жазуы керек. Жалпы, шығармашылық адамға "мынаны жаз" деп арнасына сыйдырып алу дұрыс емес. Әрине, алдыңғы толқын ағалардың жас ақындарға кеңес беріп, пікір алмасып отырғандары орынды. Бірақ түбегейлі қалыпқа құйғандай етіп жас ақынға қалай өлең жазу керектігін ешкім үйретпегін жөн деп ойлаймын. 

– Өлеңдеріңе айтылатын сынды қалай қабылдайсың?

– Өте жақсы қараймын. Менің өлеңдеріме сын айтса екен деп күтіп жүрмін десем де артық айтқаным емес. Өз замандастарымнан болсын немесе қалыптасқан ақын аға-апаларымыздың сынын әркез қабылдауға дайынмын.

– Оқырман талғамына ойыссақ. Өлеңі өтімсіщ ақын-жазушылар бар кінәні оқырман талғамымен байланыстырады. Қалай ойлайсың, оқырманның талғамсыздығына қаламгерлердің өздері кінәлі емес пе?

– Өлеңіңді ешкім түсінбесе, оқымаса ол ақынның деңгейінің жоғары не төмендігін білдірмейді деп ойлаймын. Ал халық арасында сол қаламгер сияқты ойлана алатын, сөз қадірін ұғынатын адам болмауы мүмкін емес. Бұл тұрғыда, жазғаныңды жұртшылық ұқпаса өлең өзімдікі дей салу керек деп түсінем. Халықтың өресі турасында сөз қозғап, олардың пайым-парасаты төмен деу қате түсінік. Ал оқырман қауым өлеңнен өз қажеттілігін таппаса ақынды сынауы да жөнсіз. Өйткені, кезінде ұлы ақын Абайды да ешкім түсінбеді. Қазір де түсінбейтіндер бар.

– Осы ретте, сапалы-сапасыз кітаптардың қалың нөпірінен керегіңді адаспай таба алып жүрсің бе? Кімдерді оқисың?

– Қалыптасқан ақын болмайды дейді ғой. Жалпы, ақындар ғана емес, кез-келген адам үнемі даму үстінде болады. Десе де, алдыңғы толқын ағалардың өлеңдерін оқып, оймақтай ойларын ой елегінен өткізіп отырамын. Әсіресе, Сыр елінің құрметті азаматы, ақын Шаһизада Әбдікәрімов ағамыздың өлеңдерін көбірек оқимын. Светқали Нұржан көкемізді, Серік Ақсұңқарұлы, одан берігеректе Ерлан Жүністі сүйіп оқимын. Өлеңдерінен рухани демалыс, жаңа бір дем алғандай күй кешемін. Қазіргі өзімнің замандастарымнан Батырхан Сәрсенхан, Биболат Сәтжан деген жас ақындарды оқып тұрамын.  

– Қарап отырсақ, әдебиеттегі қарымды қаламгерлер, өміршең шығармалар саяси дүрбелеңдер тұсында туған екен. Бұған Ахмет пен Міржақып, Мағжан ақындардың шығармашылығы дәлел. Шетелге көз тастасақ, Гете, Шекспир, Байронды да толқулар мен төңкерістер шыңдаған. Олардың бәрі де әдебиетке өлмес туындылар берді. Тұғырлы роман, ғұмырлы өлең тууы үшін біздің қоғамға не жетпейді? Әлде дүмпу керек пе?

– Дүмпуден сақтасын! Жалпы, кез-келген қоғамның өзінің Абайы, өзінің Мұқағалиі немесе Әуезові болады ғой. Сол сияқты арамызда сондай қазақтың маңдайына біткен азамат жүрген болар немесе дәл осы сәтте дүние есігін ашып жатқан шығар?! Бірақ ондай біртуар ерлердің қай қоғамда да болатыны анық. Ал тұғырлы роман, ғұмырлы өлең тууы үшін біздің қоғамға қажеттінің бәрі бар. Мүмкін ондай шоқтығы биік шығарма жазылып жатқан да, бәлкім жазылып біткен де шығар?!

– Өзің өлеңге ғашық болып өссең де, мұнай-газ саласына оқуға түскен екенсің? Неге? 

–​ Барлығы біз қалағандай болса, Шерхан көкеміз айтпақшы, «Бір кем дүние» болмас еді ғой. Филология факультетіне оқуға түсе алмадым да, содан мұнай-газ саласын меңгердім. Тұрмыс билеп, шығармашылықтан алыстап, қарайып қалған кездерім де болды. Қазір сол шығармашылықпен айналысып жүрмін. Шығармашылық ортаның белуарында жүрмін демесем де, ақындық дейтін жолдамыз. Әрине, әттеген-ай, тіл мамандарынан, мүйізі қарағайдай ғалымдардан дәріс алсам Ақжол мүлде бүгінгісінен әлдеқайда жоғары, ойы мен пікірі толыққан ақынға айналған болар ма еді дейтін ой да арагідік туындайды. Дегенмен, Тәңірдің бұйыртқаны осылай болды.

– «Поэзия – жастарға тән». Өлең өлкесінде жастар не іс тындырып жатыр?

– Елімізде әдебиет пен поэзия саласында атқарылып жатқан ілкімді істердің барлығын ауылда отырсақ та көріп, оқып, біліп отырамыз. Ішім жылып, қуанып қаламын. Жалпы, ағалар болсын, жастар болсын өлең өлкесінде шама-шарқынша жазып, шығармашылықтарын дамытып жатыр. Бұл өнердің ғұмырлы болуы үшін, жолын жалғау үшін қаншама жас ақын тырысып бағуда. Әрине, бәрі бірдей іс тындырып жатпаса да, уақыты келгенде, арасынан топ бастайтындары шығады.

– «Ақындық жолды таңдайтын болса, оны таңдамаған болар едім» дейсің...

– Ақын, ақындық жол, өлең дегеннің иісі мұрынға бармаған кезде, ақындықты бір мәртебе көріп, шумақтарым ұйқасса соған мәз болушы едім. Қазір поэзия, әдебиет деген ардың ісі екеніне көз жетті. Бүгінгі күні әрбір сөзіңнің мән-мағынасына бас ауырту тұрмақ, ол үшін жан ауыртып, күйзелесің. Мына қоғамдағы дүниенің барлығана жаның сыздайды, жүрек ауырады. Сәл дүниеге сынып қаласың. Бұның бәрі ақынға, шығармашылықпен айналысатын адамға тән қасиет.  

– Жазу қаншалықты қиын болса, жазғаныңды жарқыратып көрсету, насихаттаудың да машақаты аз емес. Бұл тұрғыдан ғаламтордың тілін тапқандардың жолы болып тұр. Сенің шығармаларыңның ғаламтордағы жарнамасы қалай?

– Жарнама жасап, үздіксіз өзіме пиар жасайтындардың қатарынан емеспін. Мен үшін оның қажеттілігі де жоқ. Оқырман қауыммен етене таныс болғанға, әрине, не жетсін?! Сол мақсатта әлеуметтік желідегі парақшаларымда өлеңімді салып тұрамын. Кейде бір жерде оқыған өлеңдерімді әлемжеліге бөлісші деп сұрайтындар болады. Сол кезде өлеңдерімді жариялап тұрамын. Кейбір адамдар оны өз парақшасына бөлісіп, алып кетіп жатады. Қуанып қаламын.

– Кітап қашан шығарасың?  

– Ешқашан кітап шығару мақсатында өлең жазған емеспін. Олай шығармашылығымның, өлеңдерімнің қазіргі деңгейін төмендеткім келмейді. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Сол кезде ол кітаптың шығатыны анық. Қазір барымды баспалауға ойым болған емес. Сирек жазатынымнан бұрын, кітапқа көп сараптама, зор талғам қажет деп ойлаймын.

– Сұқбатыңа рақмет. Жазарың таусылмасын.

– Рақмет!

(Видео авторы: Кенжатай Аксейтов)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға