Ешкім сізге ештеңе жасауға міндетті емес

Ирина Хакамаданың кеңестері

Былтыр Астанада белгілі ресейлік саясаткер, қоғам қайраткері Ирина Хакамаданың «Драйв, кайф и карьера» атты семинары өткен болатын. Хакамаданың айтқан кейбір кеңестерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. 

  • Өзіңіз ұйықтайтын бөлменің қабырғасына ми мен адам қаңқасының суретін іліп қойыңыз. Мидың суретін көргенде, адамға ми ойлану үшін, жұмыс істеу үшін берілгені есіңізге түседі. Ал, қаңқаның суретін көргенде, «бұл дүниеде ештеңе де мәңгі еместігі» басыңызға сап ете қалады.
  • Мен осы уақытқа дейін қаншама семинар өткізіп жүрсем де, ешбір әйелдің аузынан «кайф дегеніміз – әлемді тану» дегенді естімеппін. Қымбатты қыз-келіншектер, өмірді, айналаңызды танып-білуге құштар болыңыздар! Бұл өте маңызды. Мәселен, дәл қазір көпшілігіңіз әлемнің әр түкпірінде қандай елеулі оқиғалар болып жатқандығынан бейхабар болуларыңыз мүмкін. Жан-жақты болыңыздар, үнемі ізденіп жүріңіздер! Ер адамдардың бізден бір артықшылығы,
    олар айналасын тануға құштар боп жаратылған. Сондықтан, азаннан кешке дейін «Аңшылық», «Балық аулау», «Жануарлар әлемі» сияқты телеарналарды көреді.
  • Есіңізде болсын, ешкім сізге ештеңе жасауға міндетті емес.
  • Мен бір үй күтушісін білемін. Оның жұмыс іздегенде қоятын ерекше талабы бар: ол тек әдемі бөлмелерді ғана жинайды! Көрдіңіз бе, адам өзінің жұмысын жақсы көреді, әдемі бөлмелерді жинағаннан ләззат алады. Сол сияқты, сіз қандай іспен айналыспасаңыз да, оған деген ықыласыңыз үлкен рөл ойнайды.
  • Бәрі де уақытша. Бақыт та, бақытсыздық та, жайсыздық та, бәрі де өтеді. Сол себепті, кез келген жағдайда өз балансыңызды жоғалтпас үшін, үнемі өзіңізді «жаңартып» отыруға тура келеді. Яғни, өзіңіз күтпеген жаңа дүниелерге тезірек бейімделуге тырысу…
  • Ер адамдар үшін:
  • Өзін-өзі дамыту;
  • Хобби;
  • Әйелі.

Қымбатты қыз-келіншектер!

Жоғарыдағы тізімде ешқашан алдыңғы орынға шығып кетем деп ойламаңыздар! Ер адам үшін хоббиі мен өзінің жан-жақты дамуы әрқашан бірінші орында тұрады.

Ал, әйелдер үшін:

  • Өзін-өзі дамыту;
  • Күйеуі, балалары;
  • Хобби.
  • Егер ұйқыңыз келмей тұрса, ең құрығанда жарты сағат сүйікті ісіңізбен айналысыңыз.
  • Білесіз бе, қай кезде бәрін қайтадан бастауға болады? Қатты ашынғанда… Адамның әлдебір депрессиядан шығуы үшін аз дегенде 3 ай кетеді. Осы уақыт ішінде жаныңыз қалайтын жақсы іспен айналысыңыз. Қаншалықты қиын болса да, өткен жағдайға үңіліп, ойша талдау жасаңыз. Өзіңіз тезірек ұмытқыңыз келетін адамның тек жаман қылықтарын еске алыңыз.
  • Кейде қолынан түк келмейтін болса да, жаныңда күйеуіңнің болғаны жақсы. Әлдебір әйгілі әйел айтпақшы, «шуршит и хорошо».
  • 30 жасқа дейін өзіңізге керекті тәжірибені жинамайынша, жұмыстың кез келген түріне келісе беріңіз. Құлша жұмыс істеңіз. Бұл сізді 30 жастан кейін өз ісіңіздің шеберіне айналып, басшылыққа талаптарыңызды қоя алатын дәрежеге жеткізеді.
  • Жұмыс барысында:
  • «Сен» деп дөрекі сөйлемеңіз!
  • Болмашы нәрсеге бола өз энергияңызды жоғалтпаңыз! Көп нәрсеге қалжыңмен жауап беріңіз. Кез келген агрессия сіздің энергияңызды азайтуға үлес қосады. (Мысалы, мен кез келген нәрсені көңіліме алмауды үйренгенмін. Өздеріңіз білесіздер, ана жақта менің жанымда Жириновский жүр!).
  • Түскі ас уақытында жақсылап тамақтаныңыз!
  • Егер, сіздің басшыңыз әйел адам болса, одан гөрі қарапайым киініңіз! Сіздің сөмкеңіз оның сөмкесінен қымбат боп кетпеуін қадағалаңыз!
  • Саңқылдап, сұңқылдап, дабырлап, айғайлап сөйлемеңіз. Әйел адамның даусы айналасындағыларға әрқашан жағымды естілуі тиіс.
  • Даусыңыз жақсы естілуі үшін деміңіз дұрыс болуы керек. Деміңіздің жиілігі қалыпты болу үшін Шекспирді дауыстап оқысаңыз болады. Егер, сіз айғайлап сөйлесеңіз, жігіттер сізді тыңдаудан қалады.
  • Қыздар, естеріңізде болсын: біз еркектерді ешқашан өзгерте алмаймыз. Олармен тек келісім жасай аламыз. Болды!
  • Мен өзім тұрмысқа ерте шыққан адаммын. Қазір бұл істе ешқандай асығыстық жоқ. Қыздар 25 жастан кейін де күйеуге тиіп үлгереді деп ойлаймын.
  • Біз неліктен өткен шағымызды жиі сағынамыз? Өйткені, өткен шақ ұлтты біріктіреді. Ал, бұл қасиет болашаққа тән емес.
  • Сіздің балаларыңыз – сіздің айнаңыз. Егер, өзіңіз Тарковскийдің фильмдерін көрмесеңіз, «Война и мирді» оқымасаңыз, балаңыздан не талап ете аласыз?
  • Билік дегеніміз – бұл, зорлық-зомбылық.
  • Баяғыда мен түнгі қарауыл болып істедім. «Мына әлемде ешкім сені де, сенің дипломыңды да қажет етпейді. Сен жұмыссызсың. Сен Гегельді оқып отырсың. Бұл – кітап оқитын уақыт»…Осылайша, бұл жұмыс маған пауза жасауды үйретті. Мысалы, жүгіріп келе жатырсың, жүгіріп келе жатырсың… Кенет… Сен қолыңа «Война и мир» романын алдың да, оқи жөнелдің! Ғажап емес пе?!
  • Егер, менің қолымнан келсе, әлемдегі барлық адамға күн сәулесін тегін таратар едім. Сондай-ақ, ешқандай соғысқа жол бермес едім.

  • Өзіме қатысты ақпарат:
  • Мені айналамдағылар «беспредельщица» деп атайды. Өйткені, мен жұрт «қол жеткізе алмайсың» деген жетістіктің бәріне жеттім. Депутат, министр, вице-спикер, ел танитын саясаткер болдым. Бір кездері менен осындай қайраткер шығатынына ешкім сенген жоқ. Барлығы – өз қолымызда. Әйелдердің қолынан көп нәрсе келеді.
  • Саясатқа қайта оралмаймын.
  • Суды көп ішемін.
  • Тауық етін мүлде жемеймін.
  • Аптасына төрт рет жаттығу залына барамын. Соның арқасында қазір алдарыңызда 3 сағат бойы тікемнен тік тұрып сөйлеп тұрмын.
  • Қысқа шашым өзіме ұнайды. Маған осылай жүрген ыңғайлы.
  • Әтір таңдамаймын. Жұрт не сыйлайды, соны сеуіп жүре беремін.