Басты мақсат – әскери міндетімізді абыроймен атқару

Бір ту астына біріккен сарбаздардың әңгімесі

Әр сарбаздың жақыны, жанашыры әскердегі ата-анасы – старшина десек, қате айтқанымыз емес. Әскер қатарына келген жас сарбаздың аяқ алысынан бастап, тәртібіне, өзін қалай қалыптастыру тұрғысындағы барлық жағдаяттарына жауап беретін де сол старшина.

Біз старшинаның қызметі туралы не білеміз? Сарбаздар не дейді? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап іздеп, Нұр-Сұлтан қаласы 6636 әскери бөліміндегі байланыс ротасының старшинасы Бақытжан Қамысбековпен әңгіме өрбіттік. Жұмысы қауырт болғанымен, өз қызметінен рахат тапқанын айта келіп, «қандай мереке, демалыс күні болса да жұмысыма барғым келіп тұрады» – дейді ол.

IMG_6163.JPG

(Суретте: старшина Бақытжан Қамысбеков)

–     Бізде күн тәртібі бірқалыпты, өзгермейді деуге болады. Бірақ сарбаздармен өткізетін күннің өз ерекшелігі бар. Олар таңғы алтыдағы «Рота, ұйқыдан тұр» пәрменімен оянып, таңғы жаттығуға кіріседі. Таңғы жаттығу уақыты аяқталысымен жуынып, төсек орындарын жинай бастайды. Жеке құрамның кезекшілікке бекітілген сарбаздары таңғы асқа жіберілсе, қалған бөлігі үй-жайдың тазалығына кіріседі. Аптаның жеті күнінде үш мезгілден тамақтанамыз. Қай күні, қай мезгілде қандай ас ішетінімізге дейін жаттап алғандаймыз, – деген Бақытжан Райымбекұлы аптасына екі рет күні-түні сарбаздардың жанынан табылатын көрінеді.Ол сарбаздарға кейде өз баласындай көріп, жанашырлық танытса, кейде тәртіпке бағындыру үшін ұрсып алатынын да жасырмады.

–         Жалпы әскер қатарына әртүрлі жігіттер келеді. Бірі мектеп қабырғасынан шыға сала Отан алдындағы борышымды атқарамын десе, енді бірі жоғары оқу орнын аяқтап болған соң келіп жатады. Балалығы қалмаған жас жігіттер алғашқы күннен-ақ тәртіпке көшкен кезде еркеліктерін де ұмытып қалады. Олардың алаңғасарланған іс-әрекеті де бір жағынан қызық. Ал университет аяқтап келгендер біршама ақыл тоқтатқан, оң-солын аңдап басып, сөзіне мұқият келеді. Арнайы тапсырма жүктесең, сұрақтар қойып, тапсырманы нақтылап алады. «Құп болады», «дәл солай» деп жүгіріп кетіп, тапсырманы атқару барысында қиындықтарға тап болып өзіңе қайта келіп тұратын көбінесе жастау сарбаздар. Әрқайсының ішінде небір таланттар жасырулы жатады. Мен рота старшинасы ретінде әр сарбаздың киімінің жеткілікті болуына, тазалығына,жыртылмағанына жауап беремін. Содан да болар әр сарбазды өз балаңдай көріп тұрасың. Киімі бүтін болмаса, аяқ киімі тарлау болып жатса барыңды беріп көмектесесің. Шашы өсіп кетсе ұрсып ескерту жасаймын. Сарбаздардың ішінде шаштаразда жұмыс істеп, тәжірибе жинағандар да болады. Сол үшін де сарбаздар бірінің шашын бірі алып береді. Кейде менің де араласып кететінім бар. Жалпы айтқанда, тазалыққа қатты мән береміз.

IMG_6157.JPG

(Суретте: Бақытжан Қамысбеков сарбаздарымен бірге)

Сарбаздар басқа әскери қызметшілерге қарағанда старшинаға жақын болады екен. Мұның себебін Бақытжан Райымбекұлы былай түсіндіреді:

–         Біз сарбаздарды қателіктері үшін ұрсамыз, жазалаймыз. Бірақ артынан ақыл ретінде түсіндіріп жөнімен сөйлесеміз. Сабақ болсын деп түрлі өмірлік мысалдар келтіріп айтамыз. Жырақта жүр десек те, олар да біреудің мәпелеп отырған баласы. Олар да соны түсінеді. Кейде еркелейді, өз орындарын да біледі. Олармен бірге бір күнде қаншама жұмысты атқарып тастауға болады. Негізгі қызметтерінен бөлек арнайы берілетін бос уақыттарында да жандарынан табылып, тәрбиелік жұмыстар жүргізгенді жөн санаймын. Сондай бос уақытта өз өнерлерін де ортаға салып жатады. Бірі музыкалық аспапта ойнаса, енді біреуі қолөнерге епті.

Бәрінен де старшинаның жақын болатын себебінің бірі – дұрыс тамақтануына, жылы киінуіне, қызметте сергек әрі қырағы болуы үшін уақытылы ұйықтауына баса назар аударып жүреміз. Яғни, қамқорлық танытамыз. Старшина көп жағдайда сарбаздардың сөзін сөйлейді. Мүмкін сол да әсер ететін шығар. Үйінде айтылатын жылы сөздерді де айтып қаламыз. Олардың да жанды жері сол болар, кейде үйіне сағынышы оянса ішіндегісін ақтара салатындары болады.

Бақытжан Райымбекұлы әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздардың түрлі қызық оқиғаларды да бастан кешіретінін жеткізді. Старшинаның айтуынша, қаншама сарбаз борышын өтеп кеткенімен, әрқайсының есте қаларлық өзіндік ерекшелігі болады. Тіпті, бір ауыз сөзімен ойландырып қоятын сарбаздар да кездесіпті.

–         Сарбаздардың әскерге келгендеріне көп уақыт бола қоймаған кез еді.Жас сарбаздар әлі бейімделіп үлгермеген. Бірде олардан әскерге не үшін келгенін сұрадым. Әркім әртүрлі жауап беріп жатыр. Бірі Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім десе, бірі әскери билет үшін, енді бірі ақша төлемеу үшін деп жауап берді. Арасындағыбір сарбаздың жауабы таң қалдырды. Ойланып сөйлейтін әлгі сарбаз басқалардан үнемі дараланып тұратын.

– Қай жақтан келдің?

– Ақмола облысы, Көкшетаудан келдім.

– Не үшін келдің әскерге?

– Жұмыс іздеп келдім.

Осы жауаптан кейін қасымызда отырған сарбаздардың біразы «әскерге жұмыс іздеп келгені несі?!» деп күлген еді. Расымен, бүгінде ол сарбазымыз келісімшарт бойынша әскери қызметші болып жұмыс істеп жүр. Шаруасына өте жауапкершілікпен қарайтын ол, жаңа келген сарбаздарға менің старшинам деп айтып жүреді. Менде «менің сарбазым» деп мақтанышпен айтамын.

Меніңше, қандай қызмет болса да өз жұмысыңды жақсы көріп істесең көңілің де жай, басқаларға да қуаныш сыйлауға болады. Әскерде жарғының орны бөлек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, барлығы қатаң тәртіппен орындалады.Бірақ соған қарамастан мен әрқашан сарбаздарымның жанынан табылуға дайынмын. Олар менің қолғанаттарым.

Бақытжан Райымбекұлы айта кеткендей, «қолғанаттардың» арасында өзге ұлт өкілдері де қызмет етеді. Нұр-Сұлтан қаласы 6636 әскери бөлімінің сарбаздары «тұрақты мекенге айналған Отанымыз – Қазақстанның алдындағы азаматтық борышты қатар өтейміз» дейді.

GVK_9120.JPG

(Суретте: Виктор Сивенков пен Юрий Нумалов)

-    Қазақ халқы қашанда қонақжай, көпшілдігімен әйгілі. Мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарып жатқаныма қуаныштымын. Ұлтым белорусь болса да, мені бұл жерде ешкім бөлектеп жатқан жоқ. Бәріміз бірдейміз, тәртіп ортақ. Жарғы бойынша қызмет атқарамыз. Аз уақыттың ішінде көп достар таптым. Соның ішінде қазақтар да бар. Ең жақын достарым ретінде қатардағы Әділбек Мұқажанов, Бауыржан Аманқұловтарды айта аламын. Мен бір істе үлгермей жатсам, үнемі көмек қолын созуға дайын тұрады.Кейде қазақ тіліндегі сөздерді түсінбесем, көмектесетін де осы ұландық достарым, – деп қатардағы Виктор Сивенков ағынан жарылды. Ол өзімен бірге қарауыл қызметіне шығайын деп тұрған орыс ұлтының өкілі Юрий Нумаловты да сөзге тартты. Юрий Викторға қарағанда жарты жылға ерте шақырту алған. Сол үшін де үнемі жанында ертіп, білгенін үйретіп жүреді екен. Тағы бір украин ұлтының азаматы қатардағы Евгений Козанченко болса:

-    Мен Қазақстанда дүние есігін ашқаныма қуанамын. Ал өкініштісі, қазақ емеспін. Алайда мектеп қабырғасында жүргенде де, осында, яғни, әскер қатарында да ешкім ұлтқа бөлген емес. Біз үшін бәрі ортақ. Үнемі бізге бағыт-бағдар сілтеуші жан ретінде автомобильді ротаның старшинасы Ерлан Жорабековті айта аламын. Білмейтін тұстарымызды түсіндіріп отырады. Нұр-Сұлтан қаласына азаматтық борышымды атқаруға келгенде бойымда аздаған үрей болған еді.Осындағы сарбаздардың арқасында ойым өзгерді, жақын достар да таптым. Атап айтсам, Қайрат Бердімұратовтың көмегі көп тиді. Бәріміз бір шаңырақ астында қызмет атқарып жүргендіктен, ешқандай араздық жоқ, – дейді.

Ұландықтардың қатарына Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қушоқы ауылынан күзгі шақырылым кезінде келіп қосылған қатардағы Никита Зубец те өз ойымен бөлісті. Қазақ тілінде сөйлей алмаса да, түсінетін Никита, достарының арасында үнемі құрметке бөленіп жүретін көрінеді.

-    Басында Орталық Қазақстаннан келген қатарластарыммен ғана араласатынмын. Әйтеуір бір облыстан келдік қой, жалғыз тастап кетпейтін шығар деп ойлаған едім. Бұл ойым қате екен. Оралдан келген, Шымкенттен, Солтүстік Қазақстан облысынан келген жас сарбаздардың ішінде де жанашыр достар табылды. Бір жұмыс болса да бірге атқарып, бір нанды бөліп жейтін бұл азаматтармен әскерден кейін де байланысымды тоқтатқым келмейді, – деп сөзін аяқтады қатардағы сарбаз.

Ұлттық ұлан менің өмірімде ерекше орын алады. Келешекте де өмірімді әскери қызметпен байланыстыруды жоспарлап отырмын. Нұр-Сұлтан қаласы қарқынды дамып қана қоймай, жалпы еліміздің дамуына мықты серпін жасап келеді. Ал мен Елбасы қызмет бастаған Теміртау қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына келіп азаматтық борышымды атқарып жатқаныма ризамын. Ұлттық ұланның көркейгенін қалаймын, – дейді Тимур Бексұлтанов.

Бексултанов.JPG

(Суретте: Тимур Бексұлтанов)

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы орталығынан келген жас сарбаз Виталий Брусенский:

Еліміздің күші – дені сау жастар. Спортпен шұғылдану арқылы біз өзімізді танимыз. Менің мақсатым – сарбаздарға көмектесу, тәрбие мен салауатты өмір салтын қатар алып жүру. Отанымыздың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскеріміздің күш-қуаты мықты болуы керек. Сол үшін спортты жаныма серік етіп жүремін, – деген ойда.

Брусенский.JPG

(Суретте: Виталий Брусенский жаттығу үстінде)

Еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерде де өзге ұлт өкілдері отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар деп бөлінбей, бәрі бір тудың астында тату-тәтті қызмет етіп жатқанына қарап сүйсінуге болады. Осыған дейін, еліміздегі коронавирус індетіне байланысты сарбаздар үйіне кешігіп баруы мүмкін деген ақпарат та болды. Алайда олар, «Біздің әскерге келгендегі басты мақсатымыз – әскери міндетімізді абыроймен атқару еді. Біз бар болғаны өз парызымызды орындап жатырмыз. Дәл қазіргі сәт елге қызмет ету үшін керек екеніміз сөзсіз. Ендеше бәріне дайынбыз» дейді. Осындай азат ойлы сарбаздарға қалтқысыз қызметтері үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды)