мөлдір дарханбаева

Желтоқсаншылардың жанды тарихы

Тарихқа кері шегінсек: 1986 жылдың 17-19 желтоқсанында қазақ жастары КСРО-ның отаршыл, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы жаппай наразылық танытып, Алматыдағы Л.Брежнев атына берілген (қазіргі Республика алаңы) алаңға шықты. Бұл көтеріліске негіз болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшылығына ешкімге есімі белгісіз болған Колбиннің келуі еді. Алаңға жиылған жастардың саяси талап-тілектері аяқасты болып, «бұзақыларды» басу үшін КСРО Ішкі істер министрлігі бұйрығымен «Бұрқасын-86» операциясы ұйымдастырылып, 20 мыңнан аса желтоқсаншылар аса қатігездікпен басып, жаншылды. Желтоқсан көтерілісіне Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясының (КОКП) Орталық Комитетінің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады.
Тура бес жылды араға салып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғары Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдады. Бұл күн – 1986 жылы алаңға шыққан барлық жастардың күш-жігері мен күллі қазақ жұртының арманы орындалған күн еді.
El.kz сайты сол «ызғарлы» желтоқсандағы көтерілістің нақ ортасында болып, артынан жазалауға ұшыраған азаматтармен сұхбаттасқан еді. Құрманғазы Айтмырза, Гүлжамал Байменова, Нұрлан Есқалиев секілді сол оқиғаның белді қатысушылары басынан өткергендерімен бөлісті.
Кішкентай ғана көбелектің қанатынан толқындар пайда болатыны сияқты, кеңестік билікке қарсы ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан іштегі наз, өкпе, жастарды көтеріп, алаңға алып шықты. Осы бас көтеруден кейін, басқа да автономияларда дүмпулер болып, ақыры соңында КСРО-ның қабырғасының сөгілуіне алып келді емес пе?
– дейді Гүлжамал Пернебайқызы.
Иә, бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші болған жастардың көп бөлігі ауылдық жерлерден келген еді. Олар ата-бабадан келе жатқан жанайқайды алаңда жеткізіп, тек солақай саясаттың дұрыс жүргізілуіне назар аудартқысы келді.
Желтоқсаншылардың жанды тарихы
Бір күні біздің Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі – ҚазҰУ-авт.) заң ғылымдарының докторы, қазақ ұлтты оқытушы лекция оқыды. Оның айтып жатқаны, менің ғана емес сондағы барлық студенттің намысына тиді. Себебі, ол: «болашақта қазақ, грузин, латыш деген ұлт болмайды, барлығымыз – Совет халқы боламыз. Тіл тек орыс тілі үстемдік етеді» дейді. Мен оған қарсы сөйлеп, арамызда дискуссия болғаны бар еді, – дейді Нұрлан Есқалиев. Ол алаңға жастар саналы түрде шыққанын, бәрінің көңілінде тоталитарлық жүйемен келіспеушілік болғандығына нық сенімді.
Желтоқсан көтерілісі тарихта ерекше орын алатын оқиға екенін айтады Құрманғазы Зейноллаұлы.
Дініміз бен ділімізге қауіп төніп, ана тілімізде көшеде еркін сөйлесуге ұялатындай жағдайға кетіп бара жаттық.
Себебі, бұл жайт қазақтың ұлттық санасының оянғанының көрінісі болды. Желтоқсан көтерілісі тарихымызда орны бар ерекше құбылыстың бірі деп бағалауға болады. Бұл көтерелістің түпнұсқасы Ресей империясының және социализмнің идеологиясының құрбаны болған халық болғандығымыздан шығып отыр. Дініміз бен ділімізге қауіп төніп, ана тілімізде көшеде сөйлесуге ұялатындай жағдайға кетіп бара жаттық. Бір қалада жалғыз қазақ мектебі қалды. Әрине, көтеріліске себеп Қонаевтың хатшылықтан түсіп қалуы дегеннің өзінде, арғы жағындағы мәселелер жастардың ұлттық санасының оянуына алып келді. Оның түбі немен аяқталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер.
Желтоқсаншылардың жанды тарихы
Атамның қолында өскен бала едім. Ол кісілер 1929 жылы ашаршылықтың алдында Түркіменстанға үдере көшкен. Атам көрші елге не үшін кеткенін, қалай барғанын, қандай қорлық көргенін талмай баяндайтын еді. Үлкендердің айдалғанын, бастан өткерген азаптарын естіп өскен менің де ішімде империяға деген ыза-ашу пайда бола бастады. Біздің аталарымыздың 90 %-ын ұстап әкеткен екен. Сол бала күндері ауылға келген орыс адамдарын көрсем, менің аталарымды ұстап кеткен дәл солар секілді зығырданым қайнап кететін. Талдың түбінде тұрып, өтіп бара жатқан көліктеріне тас лақтыратын едім. Бұл – саяси көзқарасы қалыптаса қоймаған балалық бір ішкі қарсылықтан туындаған іс шығар, – дейді Қ.Айтмырза.
Оның желтоқсан көтерілісіне белсене қатысуына тағы бір түрткі болған жайт әскерде жүргенде орын алыпты. 1981 жылы әскер қатарына алынып, Шешенстан астанасы Грозныйда борышын өтеген Құрманғазы Зейноллаұлы әскери полкымен бірге ұлтаралық қақтығыстың бел ортасына түседі.
Шешен-ингуштар мен осетиндер арасында үлкен ұлтаралық қақтығыстар болған екен. Біз-әскерилер сол кезде өкімет үйін қоршап тұрдық. 2-3 сағат сайын алмасамыз. Бір күні шептегі уақытымызды өткеріп, әлгі ақ үйдің артындағы үлкен саябақта демалып тұрғанда, осетин ұлтының 2-3 әйелі келді. Олардың қалай өтіп келгенінен хабарым жоқ. Қолындарында бізге деген азын-аулақ тамақтары бар. Сонда, бір әйел тұрып: «Сіздер, қатардағы жауынгерлер жоғарыдан келген бұйрықты ғана орындайтындарыңызды білеміз, сіздерге ешқандай өкпеміз жоқ, тек біздің балаларға оқ атпасаңдар екен. Олардыкы дұрыс, неге біздің жерде сырттан келген адам билік жүргізу керек?» деді. Тау халқы әйелінің осы бір сөзі жадымда жатталып қалды. Расында да, неге бір ұлтты сырттан келгендер билеп, жерін меншіктеуі керек?
«Ал 1986 жылдың 16-желтоқсанындағы жоғарыдағылардың Қонаевтың орнынан түсірген шешімі – жанайын деп тұрған отқа сіріңке тастап жібергендей болды» дейді желтоқсаншы. Сейтімбет Үсіпхан, Иманғожаев Бақтыбек, Қанетов Аманбай және Құрманғазы Айтмырза плениум болған күннің кешінде Алматы қаласындағы барлық оқу орындарының жатақханаларын аралап, ертең сағат 9:00-да алаңға барамыз деп үгіт-насихат жүргізіпті.
Оқу орындарының әрбір жатақханаларына кіріп, студенттердің басын қосып, «Неге халықпен санаспайды?», «Сырттан хатшыны неге алып келеді?» деген сұрақтарды ортаға тастап, алаңға шығуға үгіттедік. Киров зауытының жұмысшыларына да соғып, түнделетіп, жаяу жатақханамызға келіп, «Ленин – ұлт саясаты» деген кітапты қарап отырып, цитаталардан ұрандар жазып, ертеңгі күнге дайындық жүргіздік. Келесі күні өз жатақханамызда тұратын 200 студентті сапқа тұрғызып, үлкен жоспармен алаңға бастап бардық. Біздің Театр және көркем сурет институты (қазіргі – Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА) сол көтерілістің бір ошағы болғандай...
— Қ.Зейноллаұлы
Ол оқу орнының жастары жаппай алаңға бет алғанда, қатарында Гүлжамал Пернебайқызы бар Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі – ҚазҰПУ) студенттері де қарап қалмай, шеруге қосылады.
Біз, ҚазПИ-дің студенттері таңға дейін сол алаңда тұрдық. Бір айта кетерлігі, алаң бос қалмау үшін студенттер алмасып, келіп-кетіп жүрді. Үш күн бойы қақаған қыста далада тұрудың өзі оңай емес қой. Таяқ жегендері бірін-бірі сүйреп әкетіп жатты. Батыр ұлттың қайсар өрендері жарақат алса да, бастарын байлап, беттері қан-қан күйде қайта шеруге қосылып жатқандарын көрдік. Біз бірінші күні және екінші күні таңға дейін тұрдық. Қолымызға ағаштарды сындырып алып, өзінше қаруланған болдық. Топ басшысы болғандықтан, көрініп қалсам керек, мені екінші күні жатақханадан алып кетті. Ұстауға келгенде, жеңіл киіммен жүргем, бөлмеге күртеше мен бәтеңке киіп келуге сұрандым. Сол аралықта басқа студенттер «қашып кет» деп ақыл айтты. Сыртыма ілген күртешеммен жүгіріп екінші қабатқа барсам, жатақхана түгелдей әскерилердің қоршауында. Ары-бері шығар есік іздеп жүріп, уақыт жоғалтып алдым. Сонымен не керек, қалпақсыз, аяғымдағы жеңіл тәпішкеммен ұсталып кеттім, – дейді Г.Байменова.
Оны көтерілісшілерден аузы-мұрнына шығып жатқан изоляторға қамайды. Шағын жерде, 28 қыз бір-біріне сүйеніп тұрған. «Мен және тағы үш қызды «аса қауіпті қылмыскер» ретінде бөлек алып кетіп, ұзақ тергеу жүргізді» дейді желтоқсаншы.
Төртеумізде бір бас киім. Біреуінің басы жарылған екен. Әлгі қалпақты ауысып киеміз. Су-тамақ деген мұң. Тағы бір әйелдің үлкен тоны бар. Тоңған аяғымды сол тонға салып жылытамын. Содан не керек, сұраудан сұрау, тергеуден тергеу. Бір түнгі мезгілде қазақ тергеуші келіп қалып, менің қашып шығуыма ықпал жасады. Өзі 5-6 қадамдай жерге барып, мені көрмегендей темекі тартып тұрды. Көрсеткен есікке емес, мен жертөлеге қарай жүгіргем ғой. Әлгі тергеушім «Тоқта!» деп тоқтатып алды да, неге олай бара жатқанымды сұрап, ұрысты. Бас киім менде болғандықтан, соны қалған қыздарға апарып бергім келетінін айттым. Онымды тыңдамай, ақшам бар-жоғын сұрап, өзіндегі соңғы 5 рубльді қолыма ұстатып, «кет» деп шығарып жіберді. Ал мен қыстыгүні аяғымдағы тәпішкемен қаштым. Жатақханаға келсем, темір есік салып тастаған. Бұл оқиғадан кейін де мені қамап, сұраулар жүргізді. Бірақ, бәрі жақсы аяқталды. Айтпақшы, ол кісі менің іс-қағазымның сыртына тегімді Баймирова деп жазып кетіпті. Содан да көп тергеуге түспедім-ау деп ойлаймын. Желтоқсан оқиғасының суығы басылған соң, менің қашып шығуыма жәрдемші болған тергеушіні іздеп, мақала жарияладым. Тек Оржанов деген тегі есімде қалыпты. Сөйткенімше, өзім қызмет жасайтын мектепке жастау жігіт іздеп келіп, соның ұлы екенін айтты. Өзінің түрі айнымай әкесіне тартыпты. Кейін ол кісімен кездесіп, естелікке сағат ұсындым. Ал изоляторда қасымда болған үш қыздың тағдырынан еш хабарым жоқ. Тек бір қыздың тарихын менің оқиғаммен байланыстырады. Өкінішке қарай, оған сол кезде көп дәрі егілгеннен, есі кіресілі-шығасылы дейді, – деп еске алады Г.Байменова.
Желтоқсаншылардың жанды тарихы
Әскери дайындық сабағында тобымен бірге алаңға тартқан Нұрлан Есқалиев көтерілістің бірінші күнінде белсенділік танытқан. Бірақ, топ басышысының есімі ректоратқа жетіп, келесі күні-ақ, қара тізімге ілініп, тергеуге шақырылған.

Бұл оқиғадан кейін партиядан шығарып, оқудан шеттетті. Атырауға барып екі жыл мұнайшы болып қызмет жасадым. Одан кейін, оқуды сырттай жалғастыруға мүмкіндік алдым, – дейді өзі.

Желтоқсаншылардың жанды тарихы
Ал Құрманғазы Зейноллаұлы өзінің бірінші кезекте ұсталып кеткендігіне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жатақханаларды аралауым себеп деп біледі.
Студенттер үйіне кіргенде студенттік билетімізді беріп, аты-жөнімізді, кіріп, шыққан уақытымызды жаздыртамыз. Әлгі төртеуміздің есіміміз барлық жатақханаларда кездескен соң, құрыққа бірінші іліндік. 21 желтоқсан тергеуге шақырды. Тек бір айдан кейін абақтыға толықтай қамады. Біз мойындауға мәжбүр болдық. Алты айдай уақыт тергеуде болып, бір жылдан соң барып, сот болды. Ақыры маған ҚазССР ҚК 60-65-баптар бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бізді ұзақ ұстаудың бірден-бір себебі – жоғарыдағылардың ықпалы болған деп ойлағандары екен. Тергеушілер 5-6 адамның суреттерін алып келіп, «сендерді айдап салған осы кісілер ғой, мойындаңдар» дейді. Біз шынымен де оларды танымаймыз. Құдайдың сақтағаны соншалық психологиялық қысымнан аман шықтық. Күн сайын таңғы 9:00-ден бастап, кеш батқанша 4-5 тергеуші отырып алып, тергейді кеп.
Күніге қайталанатын тергеу қорқыту, үркітуге дейін жалғасады. Желтоқсаншылар сол азаптан құтылу үшін біреуді нұсқай салмай, соңына дейін күресіп, төтеп бергендігі көтерілістен кейінге екінші үлкен ерлік емей, немене. Егер бір адамның есімі айтылса, желтоқсан оқиғасы тіптен басқаша рең алар еді дейді Қ.Айтмырза..
Сот залында тұрғанымда, әйелім босанғаны туралы жаңалық естідім. Бірақ, ұлымды түрмеде жүргенде көру бұйырыпты. Сонымен, төрт жыл арқалап, Мордовияға кеттім. Оған жетуіміздің өзі мың қайғы. Неше қаланың абақтысын аралап, талай таяқ та жедік. Мордовияға жеткен соң, сұрау салып, әке-шешем мен ұлымды көтеріп әйелім келді. Ақыры, құдай қосқан жарым, елге баламызды тастап, артымнан барып, бірге тұруға рұқсат алдық. Химияға шығып, зауытта жұмыс жасап жүріп, әйелім екінші рет босанып, елге қайтты. Сол жылы қолыма «босату туралы» қағаз келіп, бір айдан соң, 1990 жылдың қаңтарында еркіндікке шықтым. Алматыға оралып, бітпеген оқуымның бес айын тәмамдап, Павлодар қаласының театрында он бес жылдай қызмет еттім, – дейді желтоқсаншы.
Қазірде Құрманғазы Айтмырза жеке кәсіпкерлікпен және қоғамдық жұмыстармен белсене айналысса, Нұрлан Есқалиев 50-60 жұмысшысы бар астанадағы жиһаз зауытын құрып, басқарып отыр. Ал Гүлжамал Байменова елордадағы №77 мектеп-гимназияның директорлық қызметін адал атқарып келеді.
(Материалдағы суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)