Жаңалықтар

Тұлпарды тұяғынан таныған сыншы

Толыбай сыншы жылқы малының болмысын сынап, қандай міні бар екендігін жазбай айтып бере алатын жан болған
Тұлпарды тұяғынан таныған сыншы
24.07.2017 16:56 6632

Толыбай сыншы қанжығасына байлаған қу бас

 Өмірі көшпелі тұрмыспен байланысқан біздің қазақ үшін жылқы малы киелі, орны ерекше. Жылқының мінезін, қасиетін жазбай танитын сыншылар да қадірлі болған ел ішінде. Туылмаған бие ішіндегі құлынның сәйгүлік болатынын көрмей болжаған сыншылардың бірі Толыбай еді. Оның көзі түсіп, мақтауына ие болған жылқылар бәйгелерде алдына ат салмаған деседі.     

 Толыбай Дәуленұлы 1603-1680 жылдар аралығында өмір сүрген. Әрі батыр, әрі сыншы Толыбай орта жүз ішінде керей руының ашамайынан тараған. Қазаққа ортақ Толыбай қазіргі Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы.

 Толыбайдың сыншылық қасиеті бала жастан байқалады. Ол бірде, үлкендермен еріп, сыр бойына қонаққа барады. Жол бойы үлкендердің абыр-дабыр әңгімелерін үндемей тыңдап келе жатқан ол, бір кезде анадай жерде жатқан жылқының қу басына қарай шаба жөнеледі. Жолаушы серіктердің бірі адасып қалмасын деп оған ере шабады. Келсе Толыбай қу басты қолына алып қарап отыр екен.

 -Ей, қу бастан не көрдің бала?-деп сұраған серігіне:

- Е, мынау не де болса айтулы жүйріктің басы екен. Тұмысығы имек, бөкен тұмсық. Көзінің ойығы  терең, жар қабақ. Алысқа шабатын, ұзаққа сілтейтін жануар екен. Шықшытын қара! Екі жақтың ортасы алшақ жатыр. Тістері асыл тастан жаратылғандай, әлі жалтырап тұр. Өлсе де өңін бермеген. Байқаймын, өзі онша қартаймаған. Тоғыздан асып, онға қараған дер шағында кеткен екен, жануар, - дейді. Одан жылқының он жасар екенін қалай білгенін сұраған серіктеріне:

- Ит бір жылда төрт жасайды. Ал жылқы бір жылда үш жасайды. Айтайын, ол сүт еміп, бір жасаған. Шөптің уыз болып тұрған кезінде үзіп жеп, екі жасаған. Шөптің буыны қатып, дәні толғанда күш жинап, қуат алып, үш жасаған. Ал, қыс пен шілде есепке қосылмайды. Сонда бұл ат не бәрі отызға келген. Жас қой, жас деп,– деп қамшының сабымен қу басты тық-тық ұрып қалады. Сонда серіктері:

- Шырағым өлген малдың басын сабап не болды саған,–деп сынай қарайды.

- Сүйегі шықылдаған, қандай асыл еді! Мына тұмсыққа қарағанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні мол, сіңірлі мал екен. Әсіресе, мына Сырдың жері тәрізді құмшауыт, босаң, көбелең жерде шабыс бермейтін ат қой бұл. Аттың өлгеніне үш жыл болған. Сонда бұл кімнің аты екен? – деп қанжығасына байлап алып кетеді. Мұндағы мақсаты тұлпардың иесін анықтау болатын.

  Толыбай жол-жөнекей кездескен елге қу басты көрсетіп, «Мына басты танисыңдар ма?» деп сұрайды екен. Мұнысынан кейбіреулер «есуас жын соққан» деп үрке қашыпты. Осылайша жыл бойына күллі Қаратау мен сырдың бойын шарлайды. Ақыры табады. Сөйтсе, бас теріскейлік (қазіргі Созақ ауданы)  Малдыбайдың Құндызқарасының басы екен. Құндызқара осыдан төрт жыл бұрын сыр бойында болған бір аламан бәйгеде шауып келе жатып, жыңғыл ішіндегі жылан ініне аяғын тығып алып қалағанда мойыны қайырылып өлген екен.  

Осы естіген Толыбай Малдыбайды іздеп тауып алады. Ол кезде Малдыбай қартайып, үйде отырып қалған екен. Қолына қу басты ұстап кіріп келгенде, ақсақал өз атының қу басын танып, еңкілдеп тұрып жылап жіберген екен. Екеура ұзақ сырласып Малдыбай Толыбайға бата береді. Толыбай ауылдан аттанарда Малдыбай:

- Шырағым жассың, жас болсаңда құдірет қасиетін қондырған жан екенсің, маған не айтасың?- дейді. Сонда Толыбай:

- Құндызқара қыл құйрықтың жүйрігі екен. Мұны құрметтеп, басын далаға тастамай биік жерге қойғызыңыз,-дейді.

Көзінің нұры кетіп, өзінің тауы шағыла бастаған Малдыбай шал қу басты құшақтап жылай-жылай, оны арулап керегесінің басына іліп қойған екен.

Алайда, Толыбай жарты жолдан кері қайтып, Малдыбайдан:

- Осы Құндызқарадан қалған кіндік бар ма? – деп сұрайды.

- Е,... шырағым қайбір оңған кіндік дейсің. Өрісте бір жетім қалған қотыр құнан бар еді, бишараны қасқыр жалмап қоймаса, жүрген, - дейді. Толыбай өріске қарай беттейді. Толыбай өріске келсе Көсегеннің көк жонын басып жатқан көп жылқыға тап болады. Бірақ ешқайсысына қарайламай, әріде саяқтар жүрген топтан қотыр-қотыр қара сұр құнанды бірден таныпты. Бас пішімі Құндызқараға тартқан. Малдыбайдың үйінен алып келеген қу басты құнанға иіскетеді. Сол кезде қотыр құнан тұмсығын көкке қаратып, жерге қарай оқыранып қойыпты. Өзінде көрерге сыйық жоқ екен дейді. Оның үстіне қотырының үстінен еріккен саяқтар тістелеп, теуіп, құйрықтан, жалдан да тұқыл қалдырмапты.

  Толыбай осы құнанды Малдыбайдан қалап алып, елге қайтады.  Бір жыл бағып, дөнен шыққанда бәйгеге қосыпты. Жүні шыққанда көрсе, құнан шымқай қара екен. Құйрық, жал бітеді. Құндызқараның нақ баласы Шымқара осыдан кейін он-он бес жыл беделінде Қаратау мен Сыр, Күнгей мен Теріскей төңірегінде бәйге бермей, аты күллі елге танылады.

Әрине, аты аңызға айналған Толыбай сыншының қазақ даласындағы қаншама сәйгүліктер мен тұлпарларды танып, жаратуда сіңірген еңбектері жетерлік болса, бұл айтылған солардың біреуі ғана.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға