Жаңалықтар

ТОП-5. Астанадағы мистикалық орындар

Өз қорқынышыңызбен бетпе-бет кездескіңіз келсе...
ТОП-5. Астанадағы мистикалық орындар
31.07.2017 11:43 7182

Астананы жас қала дегенімізбен қала тұрғындарының айтқан мистикалық әңгімелеріне құлақ түрсеңіз, кей жерлерінде көптеген жылдар бойы жаны тыныш таппаған елестер, аруақтар кезіп жүргендей. Осындай мистикалық орындарды  El.kz тілшілері аралап, өз бестігін жасады.    

                                                                                                                                                                         

«Қараөткел» қорымы

Сапарымызды ең алдымен Кравцова көшесінің бойында орналасқан «Қараөткел» мұсылман мазарынан бастадық. Ел аузында жүрген кейбір деректерге сүйенсек, мұнда бұрындары оба мен тырысқақ ауруына шалдыққан науқастарды тірідей көмген екен. Сол үшін қорымды басқа жақа көшіруге ешкім білек-сыбана кірісе алмай жүрген екен-мыс.

Бұл орын жергілікті тұрғындардың зәре құтын қашырып жүргелі қашан. Жақын маңда тұратын адамдар қорым айналасында жиі жүретін аруақтарды жиі жолықтыратынын, мұнда суицид және қылмыс жасау фактілерінің жиі орын алатынын айтып береді.

Осы маңға жақын 5 қабатты үйлердің бірінде орналасқан мекеменің қызметкері басынан өткерген қызық оқиғасымен бөлісті.

 – 7-8 жыл бұрын осы мекемеде күзетші болып жүріп, түнгі кезекшілікке түстім. Шамамен сағат он бірлер шамасында ұзын дәліздің бойында тұрған бір кабинетке кіріп, көз іліп алайын дедім. Барлық есіктерді кілттеп кіргенмін. Бірер минутта ұйықтап кетсем керек, жүріп келе жатқан адам аяғының дыбысынан шошып ояндым. Басында әзілдескісі келген қызмкеттестерімнің біреуі шығар деп ойлағам.

Әлгі жүрген аяқтың дыбысы жақындай түсті. Мен де кім екенін біле қояйын деп есікті ашып қалдым. Ешкім жоқ. Бір орынан қозғала алмай тұрым да қойдым. Есімді әрең жинап, далаға атып шықтым да, содан таңға дейін мекеме табалдырығын аттап баспадым.

«Свечки» тұрғын үй кешені

Сарықарқа мен Бөгенбей батыр көшелерінің қиылысында адам сүйектерінің үстіне салынған 25 қабатты тұрғын үй кешені бар. Ол халық арасында «Свечки» аталып кеткен. ХІХ ғасырда бұл жерде православ бейіті болған деседі. бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, 2009 жылы осы үйлердің қарсы бетіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда, экскаватор жер астынан төрт табытты қазып алған екен. Бұлар өткен ғасырда қорымға жерленгендер болса керек.

Мұндағы тұрғындар өздігінен ашылатын есіктерді, үй ішіндегі белгісіз дыбыстарды, есті алған елестер туралы оқиғаларды жарыса айтып отырады. Бұл тұрғын үйде бірнеше суицид факісі орын алған екен.

 – 2001 жылы медицина академиясында оқитын студент қыз жігітмен ұрысып қалған соң, 10 қабаттан секіріп, қаза болғанын естігенмін, сондай-ақ 16 жасар бала да өзіне қол жұмсапты, – дейді жергілікті дүкеннің сатушысы. – Дүкенге келушілер үйлерінде болып жатқан түрлі мистикалық келеңсіздіктерді айтып отырады. Біреулерінің есіктері не терезелері өздігіннен ашылып жабылса, кейбіреулері түнгі уақытта беймәлім дыбыстарды естіп зәрелері қашады екен.

Осында түнгі ауысымда істейтін кей қызметкерлер де түсініксіз жайтттардың орын алатын айтып, шағымданып жатады. Мәселен, кейбір заттардың орындары өздігінен ауысып кетеді екен. Осында жұмыс істеген Наталья есімді сатушы қыз дүкенді әскери жауынгердің аруағы қорғап жүреді дейді. Мүмкін, солдат бір кездері осы жерде орналасқан мазарға жерленген шығар. 

«Незнакомка» кафесі

Өткен ғасырларда осы кафе орналасқан ауданда алғашқы қалалық мазарлардың бірі болған деседі. Оған 1830 жыл мен 1915 жылдың аралығында, Ақмола құрылғаннан бастап, адамдар жерленген. Кейін қалалық билік аталған қорымды жауып, түрме тұрғызу үшін орнын сырып тастаған. Сол себепті де, «Незнакомка» кафесіне келушілерді астында жатқан адамдардың аруақтары мазалайтын шығар.

Мұнда алғаш құрбыларыммен түскі ас ішуге келген едім. Қыздар арасындағы қызу әңгіме жүріп жатты. Бір уақытта, бізден екі үстел ары тұстан ер адамның артқа қарап отырған бейнесін көрдім. Оған ешқандай даяшы жақындаған жоқ, тіпті ешкім байқамайды да. Үздіксіз тесіліп отыру мүмкін болмағандықтан, тағы бір назар салғанымда әлгі бейтаныс бейне жоғалып кетті. Анық-қанығын түсінбей, абдырап қалдым. Белгісіз бейне қайда кетті? Қайдан пайда болды? Түсініксіз. Ол елеспен тағы кездесу үшін «Незнакомкаға» қайта соғатын боламын, – дейді өз есімін атамауды сұраған кейіпкеріміз.

«Мәскеу» тұрғын үй кешені

Уәлиханов пен Иманов көшелерінің түйісер тұсында орналасқан тұрғын үйдің жыры көп. Алғашында бұл үйді эксплутацияға (үйдің іргетасында жарықша бар болғандықтан) ұзақ бере алмаған, одан соң адамдардың өміріне аса қауіп төндірген өрт шыққан. Жергілікті тұрғындар мұндағы келеңсіздікті бір кездері болған моншаның, қалалық аурухананың кір жуатын орнының үстіне салынғандығынан көреді.

Жергілікті сұлулық салонының қызметкері былай дейді:

 – Жақсы жер емес, моншаның үстіне үй салуға бола ма? Бір жылдары осы үйдің лифтінде театр әртісі қаза тапқанын білемін. Ол жедел сатыны шақырғанда, лифт едені болмағынын байқамай мініп кеткен. Әлі күнге дейін сол әртіс әйелдің аурағы бұрынғы көршілеріне тыным бермейді дейді.

Өткен жазда кешкілік кіреберісте дамафон басып тұрған едім. Үйдегілер бірден жауап бере қоймады. Осы сәтте артқы жағымнан біреу «жол бер» деп, түрткендей болды. Мен баласы бар көршіміз екен деп қалдым. Бұрылсам, жан адам жоқ. Басқаларды алаңдатпау үшін бұл оқиғаға аса мән бермеген едім. Қызықтың бәрі түнде басталды. Ұйықтап жатсам,  біреу мені түртіп оятады. Ол адам емес, елес қана. Тыным бермейді. Мен көзімді аша алмай, тіпті көрші бөлмеде жатқан анамды шақыра алмай әбден қиналдым. Бұл азабым анам бөлмемнің жарығын жағып, жаныма келгенше жалғасты. Анам болса ас бөлмеге су ішуге бара жатқанда, мен жақтан түсініксіз дыбыстар естіп келген екен – деп, таныс құрбымыз өз басынан өткен жағдайымен бөлісті.

Қалалық жұқпалы аурулар емханасы

Аталған емхана 1967 жылдан бері жұмыс жасайды. Алғашында балалар жұқпалы аурулары үшін құрылғанымен, кейін келе ересектер ауруханасына айналды. Бұрынғы емделушілерден мұнда жүретін кішкентай балалардың елесі жайлы әңгімені жиі еститінбіз. Солардың бірін баяндап берейік.

– Бұл желтоқсан айында болған оқиға еді. Мен жоғары температурамен ауруханаға түстім. Алғашқы екі күн мүлде көз іле алмадым. Тек келесі күні ғана қызуым төмендеп, ұйқыға тартты. Палатада бес адам жаттық. Түнге таяу, емханада өлі тыныштық орнап, қасымдағылар тәтті ұйқыға кеткен екен. Мен де солардың соңы болып ұйықтап кеттім. Түннің ортасы болса керек, біртүрлі шудан шошып ояндым. Біреу есікті ашып, палатаға кіріп келе жатыр. Бөлмеге дәлізден жарық аздап түсетін, соның сәулесімен белгісіз қонақтың кішкентай бала екенін байқадым. Ол мұнда неғып жүр деген сұрақ туды, себебі балаларға кіруге рұқсат жоқ. Бір қызығы, оның түрін анық көру мүмкін болмады.

Ол  сәл әрірек жатқан емделушінің қасына барып, ұзақ қарап тұрды, қаншалық ұзақ екенін нақты білмеймін. Содан соң басқа емделушіге бағыт алды. Бір кезде мен жақа келе жатты. Осы сәтте демімді ішіме тартып, көзімді тарс жұмып алдым, оның келіп, қарап тұрғанын анық білемін. Бір уақытта көршім әлсіреп, дыбыс бере бастады. Бала асықпай бұрылып, соған қарай кетті.

Бір уақытта кішкентай бейне палатадан шығып, есікті тарс жапты. Ол барлығымызды жеке-жеке анықтап қарап кеткеніне қарағанда, біреуді іздеп жүрген секілді.

Ертеңгілік бәрімізде осы бір түсті көргеніміз белгілі болды. Олар да мен секілді көздерін тарс жұмып, дыбыс шығармай жата берген. Бұл оқиғадан соң, мұнда артық қала алмайтынымды біліп, шығып кеттім.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға