Жаңалықтар

Алеппо әлегі немесе әлем тарихындағы жойқын жер cілкінісі оқиғалары

Алепподағы жер сілкінісі туралы не білеміз? 
Алеппо әлегі немесе әлем тарихындағы жойқын жер cілкінісі оқиғалары
11.10.2017 10:15 6300

Көрмек түгілі естіген адамның денесін тітіркендіріп жіберетін оқиғалардың бірі – жер сілкінісі. Әсіресе, сейсмикалық аймақтар саналатын әлемдегі мұхитқа жақын және тау-тасы көп мемлекеттер жыл сайын жер дүмпуінен зардап шегіп  жататыны айтпаса да белгілі. Біздің елімізді мысалға алсақ, Алатау бөктерінде, Алматы қаласы және оған жақын аймақтарда ара-тұра жеңіл-желпі жер сілкінісі орын алып тұратыны бар.

Әрине, үлкен апаттың бетін аулақ етсін деп тілейміз. Десе де, бейбіт заманда табиғи апаттарға жиі ұшырап жүрген мемлекеттерге қарап жаның ашиды. Үлкен дауыл, су апаттарын былай қойғанда соңы цунамиге ұласып кеткен 2004 жылы Индонезияда және 2011 жылы Жапонияда орын алған жер сілкінісі оқиғаларын еске алудың өзі қорқынышты. Рихтер шкаласы бойынша 9,3 баллды көрсеткен Индонезиядағы апат күштілігі жағынан дүниежүзі тарихындағы екінші, ал, магнитудасы 9,0 баллға жеткен Жапониядағы жер дүмпуі бесінші оқиға.

 

    Жер сілкінісінен кейінгі Жапония. 2011 жыл

Бұл санат бойынша 1960 жылы 22 мамырда болған Чили мемлекетіндегі Вальдивия оқиғасы ең жойқын жер сілкінісі саналады. 9,3-9,5 баллдық жер дүмпуі әлемдік мұхитпен шектесіп жатқан Чилидің 6 мыңға жуық тұрғынының өмірін қиса, жалпы шығын сол кездегі валюта бағамы бойынша 500 млн. АҚШ долларын құрапты.

 

АҚШ демекші, араға төрт жыл салып Аляскада жер сілкінді. 1964 жылдың 27 наурызында Алясканың солтүстік аймағы Анкориджада күн еңкейген уақытта жер дүмпуі басталып, 9,2 баллды көрсеткен апаттан 139 адам қайтыс болған.

 

Адамзат тарихындағы жойқын жер сілкіністерінің төрттігін 1952 жылы 4 қарашада Камчатка мен Куриль аймағында орын алған үлкен апат қорытындылап тұр. Ресми мәлімет бойынша 2336 адам көз жұмып, үш мыңнан астам адам зардап шеккен десе де, кейбір бейресми деректерде КСРО тарихындағы ең жойқын сейсмикалық оқиғадан 10 мыңнан аса тұрғынның жаны қиылғаны айтылады.

 

830 мың адамның өмірін жалмаған «Цзяцзиннің ұлы жер дүмпуі»

 

Бүгінгі таңда Қазақстанда екі жыл ішінде 800 мыңдай сәби дүние есігін ашады десек, XV ғасырда болған апаттан осынша адам қайтыс болған екен. Қытайдың Шэньси аймағында 1556 жылдың 23 қаңтарында орын алған табиғи апаттан ұзын саны 830 мың адам ажал құшқан. Император Цзяцзиннің тұсында болғандықтан, бұл апатты қытайлықтар «Цзяцзиннің ұлы жер дүмпуі» деп атайды екен.

Таншаньдағы апатқа байланысты қойылған ескерткіш

Қытайдың киноиндустриясында 2010 жылы «Жер сілкінісі» атты фильм пайда болды. Көркем фильмнің сюжеті 1976 жылдың 28 шілдесінде Қытайдың Таншань қаласында орын алған табиғи апатқа қатысты құрылғанын киносүйер қауым жақсы білсе керек. Ал, туындыға арқау болған апаттан 242 769 адам қайтыс болса, шын мәнінде 655 мың тұрғын жермен жексен болған деген бейресми дерек те жоқ емес.

Құрбан болғандар саны ең көп жер сілкінісі оқиғаларының бірі 525 жылдың 21 мамырында Византия Империясында орын алған. Бүгінде Түркияға қарайтын Антиохия аймағында болған сейсмикалық жағдай 250 мың адамның тағдырын талқан еткен. Ал, жоғарыда атап өткен осыдан 13 жыл бұрынғы Индонезиядағы цунамиден 230 210 адам қайтыс болған.

 

11 қазан – Сирия тарихындағы ең ауыр күн

Адамзат тарихындағы ең жойқын және құрбандар саны едәуір көп жер сілкінісі оқиғаларының бірі Сирияның Алеппо (Халеб деп те аталады) қаласында орын алды. Бүгін аталмыш оқиғаға – 879 жыл. Сирия тарихындағы ең ауыр күн – 1138 жылдың 11 қазанында Алеппо қаласының астан-кестеңі шығып, 230 мың тұрғын бақилық болған. Зерттеушілер араб дүниесінің сол кезеңде өмір сүрген жазушы-шежірешісі Хамза ибн әл-Каланисидің «...Күшті жер дүмпуі 1138 жылдың 11 қазаны, сәрсенбі күні орын алды. Құрбандар саны – 230 мың адам» деген дерегіне қарап, Алеппо оқиғасын адамзат тарихындағы ең жойқын әрі қасіретке толы сейсмикалық жағдайларға қатарына қосады. Бірнеше этапқа созылған жер дүмпуі Түркияның оңтүстік шығысы, Иран мен Әзербайжан мемлекеттеріне дейін жеткен.

Алеппо қаласы ХІХ ғасырдың басында қалпына келгенімен 1822 жылдың 24 тамызында қайта жер сілкінеді, бес жылдан кейін тұрғындары жаппай оба ауруына шалдықса, 1832 жылы қала тұрғындары биологиялық қарудың құрбанына айналады. Тағдыр Алеппоны қанша әлекке салса да, мың өліп, мың тірілген тарихи қала 2012 жылға дейін Сириядағы әлемдік маңызы бар қалалардың бірегейі болатын.  Соңғы бес жылда болған «Азамат соғысы» секілді түрлі қақтығыстар, төңкерістер тұрғындарының босып кетуіне дейін апарды. Жер қозғалса да, уланып жатса да туған қаласынан қашпаған алепполықтар бүгінде шетел асуға мәжбүр. Ең өкініштісі, 2,5 миллион халыққа қысқарып қалған Алеппода соңғы деректерге сүйенсек, 2 миллионға жуық тұрғынның таңы үреймен атып, кеші қорқынышпен батып жатыр...

 

Материалға пайдаланылған суреттер ru.wikipedia.org, thinglink.com, mag.relax.ru және elenapyyhtia.blogspot.com сайттарынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға